Білім • 23 Қазан, 2020

Сұранысқа ие мамандарды даярлауға жағдай жасалды

10 рет көрсетілді

Жуырда «Жас маман» жобасы аясында техникамен жабдықталған Нұр-Сұлтан қаласындағы Политехникалық колледжінің жұмысы таныстырылды.

Колледждерді сұранысқа ие 100 ма­ман­дық бойынша жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу мақсатында «Жас маман» республикалық жобасы іске асырылып жатқаны белгілі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуын­ша, аталған бағдарлама шең­берінде колледждерге техникалық құ­рал-жабдық­тар сатып алып қана қоймай, білім беру бағдар­ламаларын да жаңарту жоспар­ланған.

Қазіргі уақытта еліміздегі 67 колледж­дің оқу-өндірістік базасы жаңартылды. Білім беру ұйымдары студенттерді сұранысқа ие 100 мамандық бойынша­ оқы­ту мақсатында қажетті заманауи құ­рал-жабдықтар сатып алды. Шара «Жас маман» жобасын жүзеге асырудың бірінші кезеңі аясында қолға алынды. Жылдың соңына дейін тағы да 13 колледжге қажетті техника жеткізіледі. Жал­пы, аталған жоба еліміздің 180 кол­леджін қамтиды, олардың барлығы оқу-өндірістік базасын жаңарта алады.

«Қазір «Жас маман» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Биыл шамамен 80 колледж өздерінің тех­ни­калық базасын жаңарта алады. Бүгінде еліміз бойынша 67 колледж озық техникамен жабдықталған. Жоба Елбасының тапсырмасы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін қолдау мақ­сатында іске қосылды», деді Білім және ғылым министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы Astana Polytechnic жоғары колледжінің авто­көлік жөндеу шеберханасында автокө­ліктің толық диагностикасын жасауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтар орнатылған. Студенттер шеберханада жеңіл автокөліктерге қызмет көрсету және жөндеу бойынша тәжірибе жинайды. Сондай-ақ «Жас маман» жобасы аясында колледж алғаш рет оқу электромобилін сатып алды. Оқуын аяқ­­та­ғаннан кейін колледж түлектері қала­лық автопаркте жұмыс істей алады және жаңа электр автобустарына қызмет көрсетуге мүмкіндіктері бар.

Аталған колледждің директоры Қа­сым­хан Сенғазыев бұл бағдарлама бойынша биыл үлкен лабораториялар жұмысын бастағанын жеткізді.

«Соның бірі – автомобильдерге қызмет көрсету зертханасы. Ең алдымен, бұл кабинеттер халықаралық стандарттарға сәй­­кес жасалды. Сондай-ақ жұмыс бе­руші­лердің талабын ес­кердік. Осыған дейін құрылғылар жетіс­пеушілігі болды. Сондықтан жұмыс берушілер түлектерді жұмысқа ал­ған соң қайта оқытатын. Енді жаб­дық­талған құрылғылар арқылы тү­лектер жұмысқа орналасқанда бірден жұмысқа кірісіп кетуіне мүмкіндік бо­­лады. Әр құрылғының өзінің 16-17 зерт­­ханалық жұмысы бар. Бұл – автосервис, ТҚС-қа барған кезде жеңіл көліктерге, автобустарға және басқа да түрлі көлік­терге қызмет көрсетуге арналған зертхана», деді Қ.Сенғазыев.

Елордалық автоорталықтың техника­лық директоры Дмитрий Ганьбаның айтуынша, студенттердің жаңа құрылғы­лармен жұмыс істей алуы автомобильдерге техникалық қызмет көрсету саласы мамандарының кәсіби деңгейін арттырады.

«Осы уақытқа дейін Қазақстанда мұн­дай деңгейдегі техникалық жабдық­талған оқу орындары болған емес. Ен­ді осындай колледждердің мамандарына еліміз бойынша сұраныс артатынына сенімдімін», деп атап өтті автоорталықтың техникалық директоры Дмитрий Ганьба.

Колледждегі барлық шеберхана мен зертханалар «Жас маман» жобасы аясында жаңартылды. Оқу жабдықтары әлемдік жетекші компаниялардан шамамен 230 млн теңгеге сатып алынды. Байланыс, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар кабинеті де жаңа технологиялармен толықтырылды. Енді студенттер желілік құрылғыларды консольде де, графикалық интерфейс­те де басқаруды үйренеді. Жаңа ма­териалдық-техникалық база еңбек на­рығында сұранысқа ие білік­ті кадр­ларды даярлауға мүмкіндік береді. Кол­ледждердегі жабдықтарды сатып алу мен жеткізудің ашықтығын қам­тамасыз ету үшін комиссия құрылды. Оның құра­мында өңірлер мен мәслихат депутат­та­ры, тәуелсіз сарапшылар, өңір­лік кәсіп­кер­лер палатасының және Сыбайлас жем­­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ар­найы мониторингтік тобының өкілдері бар.

«Жас маман» жобасы аясында жаңа жабдықтарды сатып алумен қатар оқу жоспарлары мен бағдарламалар әзірленуде. Сондай-ақ колледждердің шеберхана­лары мен зертханаларында жөндеу жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр. Сұранысқа ие 100 мамандықтың тізімін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жасағанын атап өткен жөн.

Айта кететін тағы бір жайт, Білім және ғылым министрлігінің айтуын­ша, бұған дейін біліктілік санаттары үшін қосымша төлем­дерді тек мек­­теп мұғалімдері ал­ған болатын. «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабыл­дануымен колледж педагогтері де білік­тілік санаты беріл­ген­нен кейін ай сайын қосымша ақы алатын болады.

«Мемлекет басшысының қолдауымен 2020 жылдың қаңтар айынан бастап колледж педагогтерінің жалақысы артты, алдағы жылдары да арта түспек. Білік­тілік санаты үшін педагогтерге қосымша ақы төлеу мәселесі көп жыл бойы кө­теріл­ген болатын. Егер мектептерде мұ­ғалімдер біліктілік санаттары үшін қо­сымша ақы алса, колледждерде мұн­дай үрдіс болған жоқ. Енді колледж пе­да­гогтері де ай сайын лауазымдық жа­лақысының 30-дан 50 пайызына дейін қосымша ақы алатын болады. Өз кезе­гінде колледж директорлары мен директор орынбасарларының атқарған жұ­мы­сының тиімділігіне байланысты өз жалақысының 100 пайызына дейін қосымша ақы алу мүмкіндігі бар. Бұл әріптестеріміздің жұмысқа деген ынта-жігерлері мен жұмыстың тиімділігін арттыра түспек», деген еді министр.

 

Соңғы жаңалықтар

Бір аптада 221 қылмыс

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар