Қоғам • 23 Қазан, 2020

Жаны қазақ орыс қызы немесе тың игеруге келгендердің ұрпағы тіл үйретіп жүр

1051 рет көрсетілді

Былтыр Павлодар қаласында 13 көшенің атауы қазақшаланды. Кеңестен мұра боп қалған атаулардың қандай қиындықпен ауыстырылғанын осы істің бел ортасында жүрген тіл жанашырлары жақсы біледі. Қоғамдық талқылаулар да ын-шыңсыз өтті дей алмаспыз. Көпшілік жиналған осындай жиындардың бірінде мінбеге көтеріліп, көшелердің қазақшалануына қарсы ат төбеліндей аз ғана топтың мысын басып, аузына құм құйған сұңғақ бойлы сары қызға сүйсінбеген адам жоқ. Ол қоғамдық талқылауға қазақ тілінің намысы үшін Екібастұздан арнайы келген орыс қызы Виктория болатын.

Виктория – Баянауылдың тумасы. Құн­­дыкөл топырағында кіндік қаны там­ған. Балалық шағы да осы өл­кеде өтіпті. Кілең қазақтың ортасында тәр­бие­леніп, тілі де қазақша шыққан. 

– Өткен ғасырдың 50-жылдары ата-әжем тыңды игеру үшін Ресей мен Украи­надан көшіп келіпті. Екеуі Баянауылда бас құрап, тамыр жайған. 1982 жылы шыр етіп біз келіппіз өмірге. 1991 жылы Екі­бастұз қаласына қоныс аудардық. Қазақ сыныбына бардым. С.Торайғыров атындағы №22 қазақ мектеп-гимназиясында оқыдым. Түрім орыс болғанымен, жаным – қазақ. Бұл пафоспен айтылған жай ғана сөз емес. Шын мәнінде солай. Қазақ екенімді сөзбен ғана емес, нақты іспен де дәлелдеп жүрмін, – дейді Виктория Камалетдинова.

Қазақ тілінің жанашыры Виктория Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтын (қазір университет – автор) тәмамдаған. Мамандығы – қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Он жыл­дай журналистикада еңбек етті. Екі­бастұз қаласының телеарнасында, радиосында өз қолтаңбасын қалдырған. Кейін Екібастұз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қызметке ауыс­ты. Қазақ тілін үйретудің авторлық әдіснамасын әзірлеп, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге үлесін қосты. Бүгінде Екібастұз қалалық «Отарқа» және «Голос Экибастуза» газеттерінің басын қосқан «Екібастұз дауысы ақпараттық орталығы» ЖШС-ын басқарып отыр.

– Мектеп қабырғасында қазақ тілі мен әдебиетіне деген махаббатымды оятып, осы жолға жетелеп әкелген ұстазым Гүлбаршын Арқалыққызына алғысым шексіз. Өмірімде бұл кісі кездеспесе, басқа саланың өкілі болар ма едім, бәл­кім, кім біледі. Сондай-ақ ұлттық аспа­бымыз домбыраны үйреткен ұстазым Мәдина Боранқызын аузымнан тастаған емеспін. Осындай қамқор жандардың арқасында қазақ тілінің өмірімдегі ең басты құндылық екенін ұғындым. Тілдің арқасында елге танылдым, еңбек етіп келемін. Жолымды ашып, жұлдызымды жаққан қазақ тіліне өлгенше қызмет етемін, – дейді Виктория.

Оның мемлекеттік тілді үйрету әдіс­на­масы ешбір жерге ресми тіркелме­ген, арнайы курс ретінде арнайы сертификат та берілмеген. Соған қарамастан Екі­бастұзда Викториядан тіл үйренгісі келетіндер көп. Тіпті ел алдында жүрген лауа­зымды шенеуніктердің өзі орыс қызының алдына келіп, қазақшаға тілін сындырған.

– Мен қазақ тілінің грамматикасын үйретпеймін. Өйткені оның өзге ұлт өкіл­­деріне қиынға түсетінін білемін. Ең арты қазақ тілін жетік білемін деген адам­ның өзі грамматикадан ақсап жа­тады. Сондықтан ереже ежіктеп, тіл үйрену­шілердің миын ашытпаймын. Мен оларды ауыз екі тілде сөйлеуге үйретемін. Көбінесе ситуациялық жағдайлардан шығудың жолын көрсетемін. Бұл істі 2010 жылы бастағам. Ерікті түрде, ерекше құлшыныспен қолға алған ісім өзіме ләззат сыйлайды. Он жыл ішінде ондаған өзге ұлт өкілінің қазақша түсініп, ауыз екі тілде сөйлеуіне ықпал еттім деп сеніммен айта аламын, – дейді кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, арнайы бағдар­ла­мамен оқытатын кейбір тіл орта­лық­­тарының, тіл курстарының тиімді­лігі төмен. Олар мұндай мекемелер­дің жұ­мысын тілге деген шын жанашыр­лықтан емес, табыс табу мақсатында жал­ғас­тырып келеді.

– Тілді үйрену үшін орта, қажеттілік керек. Ал қазақ тілін енді үйрене бастаған он-он бес адамды жинап алып, ереже жаттатып, сабақ өткізгеннен түк өңбейді. Қазір елімізде қазақ тілін үйрететін жүз­деген орталық жұмыс істейді. Ал солар­дың жиырма жылдан бері көрсеткен нә­тижесі қайда? Қазақша сөйлеуді армандайтын өзге ұлт өкілдері әлі деп көп. Жұмыстан қолым босай бермейді. Сон­дықтан тіл үйретуді доғарған едім. Алайда биыл волонтерлер жылы болғандықтан, кешкілік, кейде демалыс күндері ниет білдіргендерді жинап, ерікті түрде тіл үйретуге уақыт тауып жүрмін, – дейді ол.

Виктория – екі баланың анасы. Қызы Уәсила Екібастұздағы қазақ қыздар гимназиясында оқиды. Ұлы Исламнұр қазақ тіліндегі даярлық тобына барып жүр.

– Дінім – Ислам, мұсылманмын. Қайың жұртым – татар. Үйде үш тілде – қа­­зақша, орысша, татарша сөйлесеміз. Қазақ­­тың салт-дәстүрін ұстанамыз. Десе де, қанша жерден қазақша сөйлеп, қазақ­тармен аралассам да, түрімді айтпағанда, мінезімнің өзінен орыс екенім байқалып қалады. Кейде бетің бар, жүзің бар демей ойыма оралғанды айтып тастаймын. Мұн­дайда анам «Осы бір орыстығыңды қойсаңшы» деп ұрсып та алады. Иә, кей­де тура сөйлеп, тік жүретін мінезіме ба­сып кететінім рас. Өзім жайлы теріс пікірлерді де естіп қалып жатамын. Бас­тысы қан­дай екенімді айналамда жүрген қазақ­тар жақсы біледі, – дейді ол.

Әңгімеміздің әлқиссасын көше атауларын қазақшаландырудан бастадық қой. Соңын да Викторияның осыған қатысты пікірімен түйіндейік.

– Қазақтың жерін мекен етіп отырған кез келген ұлттың өкілі жергілікті халық­тың тілін жетік білуі тиіс. Аса бір терең­демей, қарапайым ғана қисынға салсақ та, солай емес пе. Өкінішке қарай, көбі мұ­ның дұрыс екенін білсе де, білмеген кейіп танытады. Меніңше, тілге деген талапты әлі де күшейту керек. Ал көше атауларының қазақшаға ауыстырылуы – заманның талабы. Сондықтан картада жоқ Кеңес одағынан қалған атаулар қазақ­­шалануы керек және бұл хақында еш­қан­дай талас тумауға тиіс, – дейді Виктория.

Тыңды игеруге келгендердің ұрпағы бүгінде қазақ тілін үйретіп жүр. Ұлттың намысын жыртып, жоғын түгендесуде. Ұлтқа деген жанашырлығын сөзбен де, іспен де дәлелдейтін Викториялар көп болсын!

Соңғы жаңалықтар

Бір аптада 221 қылмыс

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар