Руханият • 28 Қазан, 2020

Мейірім мен қайырым

13 рет көрсетілді

Отбасындағы дағдарыстың әсері ме екен, Айқыз аяқ астынан жиналып қалаға тартып отырды. Нақты жұмыс жоқ, тұратын пәтері де дайын емес-ті. Өзінше қысылғанда керек болар деп бөлек қойған қаражатын да түгесті. Қалта жұқа, көңіл пәс. Марқұм анасы айтпақшы «шәрлі жер рақымсыз».

Түйіндемесін біршама мекемеге берген. Әзірге хабар жоқ. Кездескен жұмысты істеп жүр. Пәтер иесінің тойханасы бар екен. Соған «кухрабочий» болып жалданды. Бір күн бұрын барып той дастарқанын қамдайды.Түнімен түрлі тағам әзірлейді. Ертесі түстен бастап дастар­қанды да­йындап, кешкісін тойды өткереді. Сапырылысқан қыз-келіншек зыр жүгіріп нешеме тағам түрін дайындап, қонақтарға табақ-табақ ет тартылады. Тау болып үйілген ыдыс-аяқты жуып, тойхананы тілмен жалағандай тазалап тапсырады. Тиесілі ақысы мен «хозяйка тәтей» қылдай бөліп берген сарқытты алып, үйге жеткенде таң қылаң беріп қалады.

Осылай жүріп үш ай өте шықты. Айқыз ақыры жұмысқа тұрды. Тұрақты жалақысы бар мекемеге өз мамандығы бойынша қызметке орналасты. Алғашқы жалақысын алды. Күн жұма еді. «Шүкір Аллаға! Жалақыға да жеттім-ау. Бақилық болған әке-шешеме құран бағыштайын. Садақа берейін» деді. Жалдап тұратын пәтер маңында мешіт жақын. Жағалап келеді. Арбада отырғаны бар, арнайы тақтайшаға есеп-шотын жазып, алақан жайғаны, тізіліп тұрғаны бар – қарасы аз емес. Мешіт ішіне кіріп, молдаға құран оқытпақ. Қалтасына 2 мың теңгені арнайы салып, жолай күлше нан сатып алды.

Кенет мешіт қақпасының дәл алдында үстіне қоңыр пәлте киген кейуанаға көзі түсіп кетті. Дәл осындай пәлте өз анасында болушы еді. Орталықтағы дүкенде «Норковый воротник, драповый пальто, модно апашка!» деп, «подприлавка» сатқан татар келіншегінің сыпылдап сөйлегені, апасының 25 сомдық көкқұлақтардың бес-алтауын беріп алғаны бала болса да есінде. Есесіне әдемі, «модный». Әлгі пәлтені той-жиын, құдалыққа баратын абысындары, көрші апалар сұрап киетін.

Айқыздың көзі кейуананың аяғына түсіп кетті. «Мәсі-галошы да апам киетін «әміркен мәсі». Мына кісі біздің жақтың адамы ғой, дәу де болса». Айқыз соншалық сағынышпен, яки мейріммен кейуананың бетіне қарап еді, ол көзін тайдырып, төмен қарады. Бүкжиген иығы одан бетер бүкірейіп, осы қатарда тұрғанына ұялғандай кейіпте жер шұқына берді. Сөмкесінен жолай сатып алған тандыр нандарды шығарып жатып:

 – Апа, менің 7 шелпек пісіруге көшіп-қонып жүріп, мұршам болмады. Мынау құдайы күлшелер. Мына ақшаны алыңыз, менің әкем мен анама құран бағыштарсыз, мешіт те кісі көп екен.

– Қабыл болсын, балам, оқимын ғой, әрине. Алла разы болсын! Әке-шешеңнің есімі қалай? Айқыз марқұм болған ата-анасының есімін айтып, молдаға беремін деген ақшасын кейуананың қолына ұстатты. Мұп-мұздай боп тоңып қапты. «Тарамыс тартқан қолдары анамның қолдарына ұқсайды екен. Көзінің алды көгіс тартқан кіреуке (шешек жазым еткен сол көзінің қабағы салбырап, жартылай жұмулы тұратын), салбыраңқы қабағы, әжім торлаған жүзі де анама ұқсайды екен».

Айқыздың тамағына тас кептеліп, көңілі босағандай. Ішінде алай-дүлей бір дауыл соққандай аз-кем тұрды да, кейуанамен қоштасып жүріп кетті. Жұмысқа кешікпеуі керек. Қимастықпен артына бұрылып еді, кейуана дорбадағы күлшелерді көршілес қамкөңілдерге таратып жүр екен. «Алла қабыл еткей» деді іштей күбірлеп.

...Сол жылы қыс қатты болды. Айқыз жұма сайын мешітке соғып кетеді. Ғылмани мешіті маңында тұрған қайыршылардың арасынан кейуананы іздейді. Қамкөңіл кейуананың мұздай алақанынан жылу сезінетіндей, бақилық болған анасының алақанының табы бардай...

Жұма сайын осы жерге асығып тұратын. Аяғындағы мәсі-галошы арқаның сақылдаған сары аязына шыдас бермеді ме екен, әлде драп пәлте бұйым болмады ма, «Айқыздың апасы» ол қатардан көрінбей қалды.

 ...Арада екі жылдай өткен. Көктемнің күні еді. Әдеттегідей жұма күні мешіт жақпен келе жатқан Айқыздың көзіне таныс бейне жылы ұшырады. Кейуана алақан жайып отырған жоқ. Адыраспан, кесек тас, оны-мұны сатып тұр екен.

Айқыз қуанды. Әмиянын алып жатып: «Аллаға шүкір, апам аман екен» деді іштей. Бірнеше бума адыраспанды сатып алды. «Бұның бәрін қайтемін, бірақ. Біреуін ғана үйге алып кетейін». «Апа, қалғандарын да алды деп есептеңіз. Мінекиіңіз» деп бес буманың ақшасын беріп жатып қуаныштан жүзі бал-бұл жанды.

«Қарағым, мұның не, қарыз болып қалам ғой, ықтиярыңмен беріп тұрсың ба», деді кейуана. «Жоқ, апа, қарыз емессіз! Әрине, ықтиярыммен». Аз ғана қолқайыр етсе де, үлкен іс тындырғандай Айқыз қуанышты. Өйткені сауаптан азықтанатын оның болмысында иман нұры шуақ шашып тұрған еді.

   

Әтіргүл ТӘШІМ,

журналист

 

Соңғы жаңалықтар

«Каспий» ҚПЛ-да қалды

Футбол • Бүгін, 08:19

«Алаш» – нағыз ұлттық идея

Оқиға • Бүгін, 08:12

Сайлаушыларға үндеу жолдады

Саясат • Бүгін, 08:11

Қайырымдылық дүкені бар қала

Руханият • Бүгін, 08:03

9 жасар баланың өмірін жалмады

Коронавирус • Бүгін, 07:59

Көптен күткен жекпе-жек

Кәсіпқой бокс • Бүгін, 07:53

Плей-офф кезеңіне шықты

Футбол • Бүгін, 07:51

Көрмедегі көркем кітаптар

Аймақтар • Бүгін, 07:45

Алып ағаш

Оқиға • Бүгін, 07:42

Торғай тарихының тағылымы

Таным • Бүгін, 07:39

Қапастағы қарсылық

Руханият • Бүгін, 07:35

Бақбақ тістеген тарих

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 07:31

«Теңізшевройлдан» – 825 көшет

Аймақтар • Бүгін, 07:25

Елбасы дәрісханасы ашылды

Аймақтар • Бүгін, 07:22

Дәуірден озған дара тұлға

Елбасы • Бүгін, 07:20

Ұқсас жаңалықтар