Саясат • 24 Қаңтар, 2020

Жаңа өзгеріс енген заңнан пәрмен күтіледі

972 рет көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қойған «Қазақстан Республикасындағы кейбір заңдылық актілерге қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық заңнаманы жетілдіру мәселесі жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу және жеке адам құқығын қорғауды күшейту туралы» Заңына сәйкес қылмыс жасаған жандардың жауаптылығын арттыру бойынша бірқатар нормалар қарастырылып отыр.

Аталған нормалар, алдымен Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы тапсырмаларды орындауға және азаматтардың құқын қорғауға бағытталғандықтан аталған заңға көптеген өзгерістер мен толықтырулар енді. Көптеген оқырмандарымызды бұл жағдайдан толық хабардар ету үшін жаңа заңға енген өзгерістер туралы тиісті мамандар пікірін білген едік.

  • Өткен жылы статистика дерегі бойынша, спиртті ішімдік ішіп мас күйде көлік жүргізген 26 мыңнан астам жүргізуші ұсталған екен. Бұл он бір айда болған жағдай. Соның салдарынан 495 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 98 адам опат болды. Мыңға жуық адам түрлі жарақат алды. Бұл жай сан ғана емес, бұл қайғылы жағдай екені белгілі. Ал 2018 жылы мас болып көлік жүргізгендер тіптен көп. Ендеше мұндай жол-көлік оқиғалардың алдын алуға болмас па еді? Бұл сұрағымызға Ішкі істер министрлігі Әкімшілік комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов, Мемлекет басшысы өткен жылғы 30 желтоқсанда бірқатар заңға қол қойды. Енді жаңа жылдан бастап мас күйде көлік жүргізгендерге жаза қатаңдатылды, деді.

Оның айтуынша, бұдан былай жаңа заңның күші бойынша, егер жүргізуші көлікке мас күйінде отырып, ешқандай апатты жағдай жасамай, ешкімге зиян келтірмесе де, ол 15 тәулікке қамалып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Ал заң бұзушылық қайталанған жағдайда, ол 20 тәулікке қамалып, 8 жылға жүргізуші куәлігімен қоштасады.

Жүргізуші мас күйінде жол-көлік оқиғасына себепкер болып, аза­маттардың денсаулығына зиян кел­тір­ген жағдайда үш жылға қамауға алы­нып, 10 жылға дейін мерзімге жүр­гізуші куәлігінен айырылады. Жол-көлік оқиғасынан адам қаза тапқан жағдайда, 10 жылға бас бостан­ды­ғынан және өмір бойына жүргізуші куә­лігінен айырылады.

Жүргізуші куәлігінен айырылған адамдар, осындай заң бұзушылықтар жасаса, әкімшілік емес, тек қана қыл­мыс­тық жауапкершілікке тартылып, 10 жылға дейін бас бостан­ды­ғынан, өмір бойына жүргізуші құқығынан айырылады.

Жаңа заң бойынша, жүргізуші құқығынан айырылған адам мас күйін­де көлік руліне отыратын болса, оған міндетті түрде көлік құралын жүр­­гізуге өмір бойы тыйым салу жаза­сы тағайындалады. Көлікті жүр­гі­зу­ші құқығынан айырылған адам бас­­қарып келе жатқаны анықталса, тіпті жол-көлік оқиғасын жасамай, ешбір адамның денсаулығына зиян кел­тірмесе де, оған 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру (бұрын 50 тәу­лікке дейін қамауға алу) жазасы қол­да­нылады.

Абайсызда көлік құралдарының не өзге де мүліктің зақымдануына, сондай-ақ адамның денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекеттер 4 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады (бұрын жауаптылыққа тарту практикасы қолданылды).

Абайсызда адамның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соққан әрекеттер – 5 жылдан 7 жылға дейін (бұрын 2 жылға дейін); көлікті басқару құқығынан айырылған адамның мас күйінде жүргізуі адамның денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіргенде – 6 жылдан 8 жылға дейін (бұрын 5 жылға дейін); абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет – 7 жылдан 9 жылға дейін (бұрын 5 жылдан 7 жылға дейін); абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқса – 8 жылдан 10 жылға дейін (бұрын 7 жылдан 10 жылға дейін) қылмыстық жазалар қарастырылады. Бұл шаралар, яғни жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату көлікті басқару құқығынан айырылғандардың мас күйінде рульге отыруын тоқтатады деген үміт бар.

  • Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл 11 қаңтардан бастап шетелдіктерді бірден уақытша тіркеу жойылды. Елімізде жүрген шетелдіктердің барлық санаттары үшін уақытша тіркеу 30 тәулікке дейін жүргізілмейді. Осы мерзімнен асқан жағдайда шетелдікке уақытша болу рұқсаты ресімделеді. Бұл орайда Қазақстан Республикасы Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов, Ішкі істер министрлігі шетелдіктер үшін міндетті бес күндік тіркеуді жойды, дейді. Енді қонақүйлер шетелдіктердің келгені туралы хабарлайтын болады.

Шетелдік азамат 30 тәуліктен астам болған жағдайда (жұмысқа, оқуға, емделуге келгендерге, бизнес жұмыстары бойынша көшіп келушілерге, отбасына қосылу және тұрақты тұруға келгендерге) елде уақытша болу рұқсаты ресімделеді. Шетелдіктің келуі, елде болуы және уақытша тұруына рұқсатты ресімдеу туралы хабардар ету жөніндегі барлық жауапкершілік оларды қабылдаушы жеке және заңды тұлғаларға жүктеледі. Өз кезегінде шетелдікті қабылдаушы тараптар (қонақүйлер, хостелдер, жалға берілетін пәтерлер, емдеу-профилактикалық мекемелер, жеке тұлғалар және т. б.) үш жұмыс күні ішінде көші-қон қызметін шетелдіктің келуі туралы хабардар етуге міндетті.

Қазір Қазақстанда хабарлау рәсімі барынша жеңілдетілді. 2014 жылдан бастап Визалық көші-қон порталы арқылы, келген шетелдіктер туралы шақырушы тарап (жеке немесе заңды тұлға) электронды-цифрлы қолтаңба болған жағдайда интернет желісі арқылы шетелдіктің келгені туралы полицияны хабардар ете алады. Онымен қоса, мемлекет тарапынан да, қонақүйлердің әкімшіліктері, хос­тел, тағы басқа тараптардан қосымша қаржы шығыны талап етілмейді. Интернет және электронды сандық қолтаңба ғана қажет болып табылады.

2019 жылы Визалық көші-қон порталы арқылы хабарлау қызметін 250 қонақ үй пайдаланып, өздеріне 110 мың шетелдік азаматтың келгені туралы мәліметтер ұсынған. Сонымен қатар осы талаптар орындалмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік көзделген. Қабылдаушы тарап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 518-бабы бойынша (жеке тұлғаларға ескерту жасау, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 10 айлық есептік көрсеткіш, орта кәсіпкерлік субъектілеріне  – 15 айлық есептік көрсеткіш, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу) әкімшілік жауапкершілікте болады.

  • Ал есірткі сататын интернет сайт­тар­дың жарнамасы бар граффити-суреттерді салғаны үшін қылмыстық жауап­кершілік қарастырылады, дейді Ішкі істер министрлігі Есірт­кі қыл­мы­сына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Нұртай Әбілмәжінов. Оның айтуынша, ағым­да­ғы жылдың 11 қаңтарынан бас­тап есірткіні насихаттайтын және сататын интернет-сайттардың сілтемелерін таратуға байланысты қылмыстық заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Қылмыстық кодекске есірткіні насихаттау немесе жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік белгілейтін жаңа 299-1-бап енгізілді. Ол бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Егер осы қылмыс топпен, бірнеше рет, білім ұйымдарында немесе адам көп жиналатын орындарда, бұқа­ра­лық ақпарат құралдарын немесе элек­тронды ақпарат ресурстарын пай­даланып, қызметтік жағдайын пайдаланып жасалса 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айы­ру түріндегі жаза белгіленеді. Бұдан басқа қабылданған заңмен бірқатар қыл­мыстық баптарға «электронды ақпа­раттық ресурстарды пайдалану арқы­лы» деген жаңа саралау белгісі енгізілді.

Бұл шаралар есірткіні таратудың жаңа әдістері үшін жазаның болмай қоймайтындығын қамтамасыз ету үшін қажет. Бұл дегеніміз, интернет технологияларды – сайттарды және электронды әлеуметтік желілерді Инстаграм, Телеграмм, Фейсбук, сондай-ақ электронды төлем жүйелерін (Киви кошелек, Яндекс деньги және т.б.) пайдалану. Аталған қылмыстар ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатқызылған. Электронды ақпараттық ресурстарды пайдалану арқылы есірткі өткізу 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айы­румен жазаланады. Электронды ресурстар арқылы есірткі қолдануға көндіру 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеледі. Олар­дың көмегімен есірткі өндірісінде пай­даланылатын заттардың айналымы үшін 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Демек, мұның бәрін, яғни заңға енген жаңа өзгерістерді біліп жүрген артық етпейді.

 

Соңғы жаңалықтар

Доллар қымбаттап жатыр

Экономика • Кеше

Ұқсас жаңалықтар