Аймақтар • 25 Тамыз, 2020

Нұралықтардың нәсібі мол

59 рет көрсетілді

Нұра – Жармола жазығындағы Торғай мен Телғара өзендерінің тоғысындағы ауылдық округтің орталығы. Ауылда ел аузында есімі қалып, тарихы түгенделмеген тарихи белгілер, қорымдар мен мешіттер және бесаспап бабаларымыздың қолтаңбасы қалған құнды дүниелер аз емес. Оның әрқайсысы бірнеше ғасырдың жүгін көтеріп, осыншама ұзақ уақытта сырын алдырса да сынын сақтап қалғаны таңғалдырмай қоймайды.

Телғара – Торғай өзеніне құятын 1400 шаршы шақырым су жайылатын алқабы бар өзен. Оның су шаятын алқаптары мен жайылмасында қамыс, тал, қоға, жыңғыл, жусан, баялыш, бидайық, тағы басқа да алуан түрлі өсімдіктер өседі екен. Биыл Ырғыз өзені тасымай, тобықтан келетіндей болып қалса да, Нұра бойындағы су­дың арнасы тайыздай қоймапты. Бұл ауыл тұрғындарының балық шаруа­шылығымен айналысуына оң әсерін тигізді. Сулы жер қандай шаруаны дөңгелетіп әкетуге де қолайлы. Нұра ауылдық округінің әкімі Жолау­шыбай Төлебайдың айтуынша, «Дәуренбек», «Атамекен», «Абылай», «Айбек» шаруа қожалықтары көкөніс пен жеміс ағаштары түрлерін өсіруді қолға алған. Өнімді өткізу ісі аудан-облыс орта­лығындағы көтерме сауда орындары мен алдын ала келісімшарт жасау арқылы шешімін тауып келеді. Дәруменге бай жергілікті бау-бақша өнімдеріне сұраныс қай кезде де мол.

«Дертке ем, сауға қуат – дәрі қы­мыз» деп Жамбыл атамыз жырға қосқан­дай, бие байлап, саумал әзір­леп, қымыз ашытып, ұлттық сусын өндіруді өндірістік жолға қоя білген отбасы иелері да бар. Солардың бірі Сақи мен Қазира есімді ерлі-зайып­ты жандардың қолынан дәм таттық. Күн сәулесінен қуат алатын тегін жа­рықты қолданып отырған олардың жаңашылдыққа жандары үйір. Округ аумағы «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты» құрамына кіретіні – еңбекқор ауылдың тағы бір ерек­шелігі. Нұра бойындағы өзендер мен көлдерде аққулардың жұптары жазылмай, қатар жылжып жүргендері, жабайы үйректер мен қаздардың ешкімнен үрікпей айдынға мамырлай ұшып қонып жатқаны – кім кімнің де көңілінің пернесін дір еткізбей қоймайды. Ауыл іргесіндегі жыңғыл мен шіліктің арасынан тұра қашқан қояндар мен қарсақтар, борсықтар да көзімізге ілінді. Аң мен құстардың елді мекендердің жанына жақын жүруі адамдардың жанашырлығын сезінгені шығар-ау деген ойға келдік.

Нұра бойында жұмыссыздық дең­гейі өте төмен. Тіпті жоққа тән. Әри­не бұл мәселеде ауыл әкімді­гінің тұрғындарды тұрақты және уақыт­­ша жұмыстарға және ақылы қоғамдық іс-шараларға, жастар практикасына тартудағы белсенді іс-қи­мылын атап өту керек. Әйтсе де ауыл тұр­ғындарының өздерін өздері жұмыс­пен қамтуға деген талпынысы биік. Нұралықтардың басты кәсібі – мал өсіру. Округке қарасты шаруа қо­жалықтарында да, жеке тұрғындар қо­лында да мал басы әжептәуір. «Төрт түлік төлінің есебінен өседі» деген­дей, мал басы жыл сайын артып келеді. Шағын ауылға 71 бас атан түйе­нің өзі аздық етпесе керек. Әр отба­сындағы сауын сиырдың саны бес-алтыдан кем түспейді. Үй иелері сүт өнімдерінің түр-түрін тұтынып, ар­тығын отбасы бюджетінің есебіне кәдеге жаратады. Қазір көп жерде кез­десетін еріншектік округке қарасты Нұра, Мамыр, Дүкен және Белшер ауыл­дарында жоқ деуге болады.

 

Ақтөбе облысы,

Ырғыз ауданы,

Нұра ауылы

Соңғы жаңалықтар

Саңлақтар сыр бермеді

Спорт • 27 Қараша, 2020

Тұрғын үй алаяғы қолға түсті

Қоғам • 27 Қараша, 2020

Алматы облысында жер сілкінді

Оқиға • 27 Қараша, 2020

Ұқсас жаңалықтар