Экономика • 26 Қазан, 2020

Қашағанның газын тұтынатын кез келді

27 рет көрсетілді

Былтыр елімізде 3,2 млн тонна сұйытылған газ өндірілген. Биыл да өнім көлемі осы деңгейде болмақ. Өткен жылы ішкі нарықтың тұтыну көлемі 1,4 млн тоннаны құрады. Ал осы жылдың қорытындысы бойынша 1,5 млн тонна болады деп күтілуде.

Энергетика министрлігі Газ және мұнай-газ химиясы депар­таментінің директоры Зияш Қияқбаевтың айтуынша, ведомство ай сайын ішкі нарыққа таратылатын сұйытылған газдың жоспарын бекітеді. Республика бойынша жеткізу жұмыстары 9 зауытқа жүктелген.

– Елімізде сұйытылған газға белгіленген шекті көтерме баға бар. Бүгінде ол қосымша құн салы­ғын қоса есептегенде тоннасына 43 345 теңгені құрайды. Аталған баға көрші елдердегі экспорттық және көтерме бағалардан көп төмен. Мәселен, Ресейдің шекаралас өңірлерінде сұйытылған газдың бір тоннасы 164 100 теңгеге сатылады. Ал Тәжікстанда 182 750 теңгеге тең, – деді З.Қияқбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Бағадағы мұндай айырмашы­лық өз кезегінде ішкі нарықтағы жетіспеушіліктің туындауына және «көлеңкелі экспортқа» жол ашуы мүмкін. Сөйтіп ішкі на­рықта дефицит орын алуы ық­ти­мал. Мұндай жағдайлар 2017 жы­лы орын алған.

Атап өтерлігі, 7 қазанда Энергетика министрлігінің тиісті бұйрығы бойынша Қазақстан аумағынан сұйытылған мұнай газын автокөлікпен экспорттауға тыйым салынды. Бұл талап алдағы үш жылда қатаң сақталуы керек. Мұндай қадам өнімді ел аумағынан заңсыз шығаруды шектеу және ішкі нарықтағы сұйытылған газдың жетіспеушілігін болдырмау үшін жасалды.

Еске сала кетейік, негізі­нен сұйытылған газды көлік жүргізу­шілері, сондай-ақ тауарлық газ тартылмаған өңірлердің тұ­р­ғындары, мұнай-химия кәсіпорын­дары  тұтынады.

Ел ішінде сұйытылған мұнай газы­ның көтерме бағасын қалып­тастыру электронды сауда алаңы арқылы жүргізіледі. Ондағы мақ­сат – бәсекелестік ортаны дамыту, саланы цифрландыру және әкім­шілік кедергілерді азайту.

– Сұйытылған газды электронды алаңдар арқылы сату өткен жылдың ақпан айынан бері жүзеге асы­рылуда. Өнімнің барлық көле­мін электронды алаңда сатуға толық­тай көшіру 2024 жылдың қаң­тар айына дейін аяқталуы керек. Бұл бағаны түпкілікті тұтыну­шы үшін біртіндеп және қиын­дық­­сыз қайта реттеуге мүмкіндік б­ере­ді, – деді департамент директоры.

Министрлік өкілі Қашаған кен орнындағы ілеспе газды қайта өңд­ей­тін зауыттың құрылысы тура­­лы да айтты. Қазір болашақ з­ауыт­­ты егжей-тегжейлі жобалау жұ­мыс­­тары жүріп жатыр. Зауытта алғаш­қы кезеңде 1 млрд текше метр газ қай­та өңделеді. Кейін қуатты 5 млрд текше метрге дейін жеткізу міндеті тұр.

– Қашаған кең орнынан бола­шақ зауытқа газды 2041 жылға дейін жеткізіп тұру көздел­ген. Осы­ған байланысты Қаша­ған кен орны­ның операторымен өнім­ді бөлу туралы негізгі келі­сім­ге қосымша келісім әзірленді. Қазір­­гі уақытта ұлттық оператор «ҚазТраснГаз» АҚ мен Қашаған­ның операторы NCOC компаниясы арасындағы тиісті келісім 90 пайызға аяқталды. Техникалық, коммерциялық, заңды сипаттағы мәселелер толығымен реттелді, – деді Зияш Қияқбаев.

Қашаған кен орнындағы ілеспе газды қайта өңдеу зауытының құны 860 млн долларға тең. Кәсіп­о­рын тауарлы газдың өндірісін ұлғайтып, Қашағаннан мұнай өндіруді арттыруға жол ашады.

 

Соңғы жаңалықтар

Саңлақтар сыр бермеді

Спорт • 27 Қараша, 2020

Тұрғын үй алаяғы қолға түсті

Қоғам • 27 Қараша, 2020

Алматы облысында жер сілкінді

Оқиға • 27 Қараша, 2020

Ұқсас жаңалықтар