Қоғам • 19 Қараша, 2020

Қаңтарылған құрылыс, сенделген салымшы көп

668 рет көрсетілді

Ақтауда тұрғын үй нарығы төңірегінде дау-дамай қызып тұр. Соңы сиырқұйымшақтанып кетер деп күдіктенбей, жиған-тергенін біреудің есепшотына аударып беріп, келісілген уақытта салынып бітуге тиіс үйін жылдап күткен үлескерлердің айқайы жер жарады. Бір пәтерді бірнеше тұрғынға сатып масайраған кәсіпкер ылаңы өз алдына бөлек әңгіме. Заңсыз құрылыс жүргізумен айналысатындар да аз емес. Әйтеуір тұрғын үй нарығы мен құрылысқа қатысты мәселе оңып тұрған жоқ.

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбаев, EQ

Ақтау қалалық әкімдігінің мәлі­метіне сүйенсек, қала аума­ғын­­да рұқсатнама құжаттары рәсім­делмей жатып құрылыс жұмыс­­тары басталып кеткен көп қа­бат­ты тұрғын үйлер бар. Мыса­лы, №19 «А» шағын ауданында ор­на­­ласқан «Самғау» тұрғын үй ке­шені жоспарлау жобасына сәй­кес келмейді, №20 шағын ауданда ор­наласқан «Гауһар тас» деген үй автотұрақтың орынына салы­нуда, сондай-ақ «Махаббат» тұр­ғын үй кешені, №16 шағын аудан­да орналасқан «Айсар» тұр­ғын үй кешені де даулы құры­лыстардың санатында.

– Маңғыстау облысы әкімі­нің қаулысы негізінде тиіс­ті рұқсат құжаттарын ресімде­мей, құ­рылыс-монтаждау жұмыс­тарын бастаған 15 компанияға қатысты об­лыстық қала құрылысы және жер­ді бақылау басқармасы тара­пынан қосымша тексеріс таға­йын­далды. Ақтау қалалық сәу­лет және қала құрылысы бөлімі қала аумағында салынып жа­т­қан ны­сандарға тұрақты түрде мони­торинг жүргізеді, – дейді Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бекнұр Балиұлы.

Оның айтуынша, осы мо­ниторинг барысында белгі­лі болған, тиісті рұқсат құжат­тарын рәсім­деместен басталып кеткен құры­лыс-монтаждау жұ­мыс­тары бойынша, Маңғыстау облы­сының қала құрылысы және жерді бақылау басқармасы 2018 жылы 66 әкімшілік іс қозғап, айып­пұл салды. 2019 жылы 130 әкім­шілік іс қозғалып, біраз ком­па­нияға айыппұл салынды. Биыл 30 нысанға қатысты тексеру жұ­мыстарын жүргізуге хат жол­данды. Алайда Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаевтың былтыр жел­тоқ­сан айында шығарылған № 229 Жарлығына сәйкес, шағын кәсіп­керлік субъектілерін тексеру тоқ­татылуына байланысты, жол­данған хаттардың көпші­лігіне қатысты тексеріс тағайын­дал­мады.

Сонымен қатар Ақтау қала­лық сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан, тиісті рұқсат құжатынсыз, яғни өз бетінше салынып жатқан құрылыс­тарды бұзуға қатысты Қазақстан Респуб­ли­касы­ның Азаматтық кодексінің 244-бабы бойынша 2019 жылы – 14, ал 2020 жылы – 9 талап арыз жолданды. Алай­да сот органдары тарапынан бұл талап арыздардың басым бөлігі қанағат­тандырылмады.

«Заңсыз» немесе «құжаттары ресім­делмеген» деген ұғымды анықтау қиын­ның қиыны. Үй салу үшін кәсіпкер жерді әкімдіктен алады. Өзге біреуден сатып алғанның өзінде үй салуға рұқсат алу үшін де талай есікті тоздыруына тура келеді. Барлық баспалдақтан өтіп, жұмысты бастаған кезде, яғни болары болған тұста «заңсыздықтар» қайдан шыға келеді?

Биыл Ақтау қаласы аумағында құ­ры­лыс мекемелерінің жеке қаражаты есебінен жалпы саны 61 көп пәтерлі тұр­ғын үй салынып жатыр. Құрылыс ны­сан­дары қаншалықты көп болса, олар­ға қатысты дау да жеткілікті. Ай­та­лық, «Гауһар тас» тұрғын үй ке­шені­не қатысты әңгіме желдей есуде. «Гауһар тасты» №20 шағын ауданда «Тас­темір ЛТД» ЖШС салып жатыр. Өз бетін­ше салып жатқан компания тапсы­рыс беруші «Маңғыстау облысының қала құ­рылысы және жерді бақылау басқар­масы» ММ тарапынан, ҚР ӘҚБтК 316-бабының 1-бөлігі, 321-бабы және 463-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар Ақтау қала­лық сәу­лет және қала құры­лысы бөлімі тара­­пы­нан Маң­ғыстау облысының ма­ман­­­дан­дырылған ауданаралық эко­но­микалық сотына аталған заңсыз құры­лысты бұзу бойынша жолданған талап арыздың негізінде азаматтық іс қозғалып, бірақ қанағаттандырылмай қалған болатын. Аталған сот шешіміне әкімдік тарапынан Маңғыстау облыстық сотына апелляциялық шағым жіберіліп, сот алқасы тарапынан шағым тағы да қанағаттандырылма­ды. Осыған орай тапсырыс беру­ші Ұлттық экономика министрі­нің «Құрылыс саласындағы құ­рылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдері­нен өту қағида­ларын бекіту туралы» бұйрығына сәй­кес, Ақтау қалалық сәулет және қала құры­лысы бөлімінен жоба­лауға арналған сәу­лет-жос­парлау тапсырмасын алып, тұр­ғын үй кешенінің нобайлық жобасы келісімделді. Алайда Маңғыстау облыст­ық полиция департаменті 2020 жылғы 16 қыркүйекте «Гауһар тас» ТҮК үлескерлерінің өтініші бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы (аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағандығы хабарланды. Артынша полиция депар­таменті «Тастемір ЛТД» ЖШС басшысын тұтқындап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазіргі уақытта іс бойын­ша жедел-тергеу іс-шаралары жүр­гізілуде. Тергеу барысы Маң­ғыс­тау облысының Полиция де­пар­таменті бас­шылығының ба­қылауында. Мәсе­ленің мән-жайын, істің ақ-қарасын тергеу барысы анықтайды.

Бұл Ақтау қаласында тұрғын үй құрылысы саласындағы былық-шылық­тың көп екен­дігінің бір ғана көрінісі. №19 «А» шағын ауданда №32 жер учаскесінде жүргізіліп жатқан «Самғау» тұрғын үй кешенінің де басы даудан арылар емес. Жер телімі бастапқыда шағын ауданның бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес аукцион арқылы жеке тұлғаға әкімшілік ғимаратын салу үшін сатылған. Алайда «Grand Story AST» компания­сы құрылыс салуға рұқ­сат құжаттарын ресімдеместен және де бекітілген жобадан ауытқып, тұр­­ғын үй салуға кірісіп кетті. Оған қа­тыс­ты облыстық қала құрылысы және жерді бақылау басқармасы хат­тама толтырып, айыппұл салуға мәж­бүр болды. Сондай-ақ Ақтау қала­лық сәулет және қала құрылысы бөлімі де Маңғыстау облысының маман­дан­­дырылған ауданаралық экономи­калық сотына, аталған заңсыз құры­лысты бұзу бойынша жолданған талап арыздың негізінде, азаматтық іс қаралып, қанағаттандырылмады. Одан әрі Маңғыстау облыстық соты­­на апелляциялық шағым түсі­ріліп, ол жер де бірінші инс­тан­циялық сот шеші­мін өз­геріссіз қалдырды. Әрі қарай серік­тестік тарапынан аталған жер учаске­сінің нысаналы мақ­сатын тұрғын үй етіп өзгер­тіп беруден бас тарту туралы, Ақтау қаласы әкімдігінің қау­лысын заңсыз деп тану туралы Маңғыстау облы­сының ма­ман­дандырылған аудан­ара­лық экономикалық сотына талап арыз беріліп, бұл жолы шағым қана­ғат­тандырылды. Бұл екі аралықта басы дауға қалып, сотқа сүйрелген кешен­ге 50 адам салымшы болып, қара­жатын салып үлгерген екен. Екі ортада қал­тасындағы барын баспана алуға жұмсаған қарапайым үлескерлер зардап шекті.

Мұндай кеп «Айсар» тұрғын үй кешені басында да бар. Ақтаудағы №16 шағын аудан №15/2 жер учаскесінде өз бетінше салынып жатқан «Айсар» тұрғын-үй кешеніне де қатысты. «Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі де аталған заңсыз құрылысты бұзу үшін Маңғыстау облысының ма­ман­дандырылған ауданаралық эконо­микалық сотына талап арыз жолдады.

Қарт Каспийдің жағасын­дағы шаһар­дан пәтер алуды армандап қомақ­ты қаржы салған үлескерлерді күндіз күл­кіден, түнде ұйқыдан айырған тағы бір құрылыс – «Қазақметалл» ЖШС-на қарасты «B Group» тұрғын үй кешенінің бір бөлігі. Бұл жерде де үлкен мәселе бар. Құрылтайшы кәсіпкерлер мен әкімдіктің арасында аңтарылса, ақшасы төленген үйіне кіру арман болған жұрт кімге сенерін, кімнен көмек аларын білмей дал. Ал әкімдіктегілер болса бұл кешеннің жұмысымен айналысып жатқанын айтты.

Көріп отырғанымыздай, алақандай Ақтауда заңсыз құрылыс нысандары көп. Оған қаражатын салып сан соққан салымшылардың қарасы тіпті де қалың. Түптеп келгенде, кінәрат заңсыздыққа жол берген әкімдіктерге тіреледі. Әрине, көп қабатты тұрғын үй салу – кез келген кәсіпкер тәуекел ете бермейтін аса күрделі жұмыс. Ал ол іске заңсыздық ара­ласқан кезде «мысық пен тышқан» атты ертегінің кейіпкерлері секілді, бірі құрылыс салып, екіншісі бұзудың қамын күйттеп, екі ортада топырлап жүрген салымшылар әділдік іздеп жүгіріп жүрген жайы бар.

– Өкінішке қарай, қалада заңсыз салынып жатқан бір­неше үй бар. Тұрғындар­дың ақша­сын алып, енді үйді са­лып бітіре алмай жатыр. Қаржы салған азаматтар арыз жазуы керек. Кейін құқық қорғау орган­дары құрылыс салып жат­қан мекеменің басшыларын тексереді. Содан кейін тиісті шараларды қабылдайды. Біз әкімшілік тарапынан бей-жай қалмаймыз. Бұл мәселе қазір тікелей облыс әкімінің бақылауда тұр. Алдағы уақытта заң­сыз құрылыс жүріп жатса, олар­ды тоқтатамыз. Бұл жерде құры­лыс мекемелерімен ғана емес, жарнама беретін компания­лармен де айналысамыз. Егер заңсыз құрылыс болса, оларға жарнама берілмесін деген тапсырма бар, – дейді бұл жайын­да Ақтау қала­сының әкімі Н.Қи­лы­бай. Әкімдік енді есін жиған­дай, әуел басында бейжай қар­амаса мәселе туындамас еді ғой!

Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Б.Бали­ұлының айтуын­ша, қала тұрғындарына үлестік қаты­су тәртібін түсіндіру мақ­сатында әкімдіктің әлеуметтік желі­лердегі ресми парақшаларына 40-тан астам хабарлама мен видеороликтер жа­рия­ланыпты.

– Сондай-ақ қала аумағында орна­ласқан 5 билбордқа жадынама ілінді және бірнеше рет қалалық әкімдікте, халыққа қызмет көрсету және де құқық қорғау қызметтерін көрсету орта­­лық­тарында ашық есік күн­дері де өткізілді. Қала аума­ғын­да жарнама қызметімен айналы­сатын In Aktau, Лада, Тумба, Krisha.kz сияқты мекемелерге құрылысы аяқталмаған тұрғын үйлерді жарнамалауды тоқтату керектігін айтып хат жолда­­дық. Тұрғындардан аталған жар­­намаларға алданып қал­мауын, қара­жат салмауын сұ­рай­­мыз, – дейді ол. Ақпа­раттық жұ­мыс­тың, түсіндіру, алдын алу жұ­мыс­тарының жүргізілгені дұрыс, әрине. Бірақ кез келген іс нәти­жесімен өлшенбеуші ме еді?! Ал нәтиже көңіл көншітпей тұр.

Құрылыстың заңсыздығы, салымшы­ның сан соғуы – бір мәселе болса, салын­ған үйлердің бәрі бірдей сапа жағынан сүйсінте бермейтіндігі тағы бар. Ақтауда нөсер жауғанда суға кетіп жатқан да су жаңа үйлер, арнайы кәріздік құбыр жүйелері дұрыс салынбай, қойылған ыдысы қоқысқа толған кезде шикілігі шыққан да сол соңғы салынған үйлер. Жер телімдерін беру тәртібіндегі ала-құлалық, инфрақұрылым салудағы салғырттық туралы мәселеге келгенде саланы жетік білетін мамандар айтарға сөз таппай күйінеді...

 

Маңғыстау облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Маңызды қадам болды

Парламент • Бүгін, 15:06

Қалалық мәслихат сессиясы

Аймақтар • Бүгін, 14:52

Парламентке тапсырма берді

Парламент • Бүгін, 14:35

Қазақстанда доллар арзандады

Экономика • Бүгін, 12:37

Ұқсас жаңалықтар