Таным • 24 Қараша, 2020

Джокердің күлкісі

26 рет көрсетілді

Жақыным деп тұрған адамыңыз сізді жұдырығымен бір қойса, көгерген көзіңізге мұз басқаннан басқа не істей аласыз? Өз қолыңызды өзіңіз кесесіз бе? Бәлкім тән жарасы жазылады, жақыныңызды жоғалтпаған дұрыс деп бір сәт сабырға келесіз? Қайткенде де өмірдің одан да ауыр соққылары барын ескеріп, ашуды ақылға жеңдіресіз. Ал енді тәніңізге емес, жаныңызға әлгі соққыдан мың есе жойқын жұдырық жұмсалса қайтпек керек?

Бұл туралы тіпті ойлау­дың өзі қорқынышты сияқты. Жұрт­тың бәрі Артур Флек құ­сап мұздатқышқа кіріп ке­те бермейді. Оған да батыл қадам қажет. Біз кейде жұрт­тан ұят болады деп жаны­мыздағы жазылмас жаралар­ды емдеуге өмір бойы қорқып өтеміз. Оның ертеңгі салда­ры туралы тіпті ойламаймыз. Мәселе, сіздің бүгін ал­ған ру­хани жарақатыңыз ер­теңгі ұр­пақтың алдынан үл­кен кесел болып көлденең шыға­тынын ескере бермейсіз.

Бейшара Артур, кейін қан­ішер Джокер сол кірген мұз­датқыштан мәңгілікке шық­пауға бекінді. Өйткені оның өмірін әрі қарай елестетудің өзі қорқынышты еді. Ғұмыр бойы сеніп, үміттеніп келген жарық сәуле бір-ақ сәтте жалп етіп сөнді де қалды. Әкем деп барған бай сенатор Уейн оны бетінен шапалақпен тар­тып жіберді. «Сенің әкең сол, Томас Уейн» деп өмір бойы өтірік айтып келген ауыш ше­ше де өз анасы болмай шық­ты. Тіпті оның осындай пси­хологиялық тұрғыдан ауру болып қалуына өгей ше­ше­сі тікелей кінәлі екені әш­ке­реленді. Тіпті өгей әке­сі­не мұны кішкентай кезінде саба­тып келген де сол анасы болып шықты. Әрі қа­рай­ғы жағдай белгілі, осы сұм­дық­тардың бәріне адам жаны­ның төзуі екіталай еді, Артур мұздатқышқа кіріп, есігін іші­нен біржола жауып алды.

Режиссер Тодд Филлипс­­тің 2019 жылы жарыққа ­шық­­қан «Джокер» фильмі осылай кө­­рермендерді көп сұраққа батырып кеткен болатын. Айтар ойының астары алпыс қабат триллерді түгел қамтып айту әрине мүмкін емес. Біз тек басты кейіпкер Артур Флектің комплекстеріне ға­на қысқаша тоқталып кет­кіміз келеді. Сондай-ақ режис­сер осы туынды арқылы қо­ғам­ның қордаланған қандай мәселелерін әшкерелеп отыр­ғанын тілге тиек етсек дейміз.

Кейде адамдар өздерінің саналарындағы айықпас жа­ра­қаттардың жалпақ жұртқа ашылып қалғанын қаламай­ды, ол ауыр тақырыпты тіпті өзі де мойындап, есіне алғы­сы келмеуі мүмкін. Алайда Артур Флектің комплекстерін қоғам көзіне шұқи беретін еді. Тіпті оның армандары мен идеалдарына ел күле қ­арайтын. Ол өзі әуел бас­тан сайқымазақ киімін киіп алып, жас балаларды күлдіріп ақша табатын қарапайым әр­тіс болатын. Бірақ оған ел сайқымазақтығы үшін емес, санасының кемістігін ма­зақтап күлетін. Әлбетте, ол кем­сітулер болашақ қанды­­қол Джокерге еш ұнамайды.

Артурдың санасындағы ең үлкен тыртық – оның жал­ғыздығы дер едік. Анасымен ғана бір өзі өмір сүрген ауру бала, кейін де қоғамнан өз орнын таба алмайды. Француз жазушысы Жильбер Сесброн айтқандай, жалғыздықта өмір сүре беруге болады, әрине егер біреуді күткен болсаң... Жалпы біздің кейіпкер кісі өлтіріп қылмыскер атан­ған­ға дейін өмірден көп дү­ние күткен еді. Бірақ сол үміт­терінің терезелері қирай ша­ғылып, Артур күтетін ешқан­дай адам жоғы белгілі боған соң ол өзі тырмысып шығып келе жатқан биік сатыдан іші қуыс құр сүлдерін бір-ақ сәтте төменге құлата салды. Құлата салғанда, сіз бен біз ойлағандай өз-өзіне қол жұмсаған жоқ, өзінің ішкі «Менін» таптаған адамдар­ды маңайындағы өтірік ­«дос-­­­­­­
тары» әдейі қастандық­пен­ сый­­лаған тапаншаға ті­реп тұ­­рып қырып салды.

Джокер деген өзі түсінік­ті тілмен айтсақ, Артурдың ішін­дегі екінші зұлым мінез бей­несі. Былайша айтқанда, бейсана екіге бөлінген адам жа­нының қара түнегі, альтер эгосы. Сол Джокер Ар­тур тұл­ғасынан ол қатты қо­бал­жы­ғанда бас көтеретін. Ең қа­сі­рет­тісі, Артуды жас кү­нінде ауру шешесі ұрып-соғып қана қой­май, бейшара баладан үнемі кү­ліп жүруді талап етіп келген. Бала сана­сы сол үрейден ауруға шал­­дыққаны соншалық, қатты қорықса, қобалжыса, ашуланса ол еріксіз күледі. Айғай­лап, өз-өзін ұстай алмай ырық­сыз күледі. Дүниедегі ең қор­­қы­нышты нәрсе кейде көзден қанды жаспен қоса шыққан күлкі. Артурдың күлкісі тура сондай, қасіретті күлкі болатын.

Жұмыстан тапанша ұстап жүргені үшін шығып қалып, әлеуметтік көмекпен келіп тұ­ратын дәрісі таусылып, бір сөзбен айтқанда депрессия­ға соншалық түскен Артур кешке қарай метроны басына көтеріп күле бастайды. Оның ыңғайсыздау күлкісіне ашу­ланған көшедегі үш жігіт бас-көз жоқ ауру бейшараны тепкілей жөнеледі. Сол кезде жерде тепкіленіп жатқан Артур емес, кенет Джокер оянып, әлгі үшеуді тапаншамен жайратып салады. Қоғам сол кісілердің өлімінен кейін тіпті толқып кетеді. Қала жас­тары беттеріне Джокер сияқ­ты сайқымазақ бетперделер киіп алып көтеріліске шығып кетеді.

Халықтың толқуына жалпы себеп көп. Депутаттыққа тү­сіп жатқан Уейнге деген на­разылықты қала алдымен көшелердегі қоқыстарды жи­намаудан бастайды. Бір­неше апта бойы қоқысы шыға­рыл­маған қаланы елестете бе­ріңіз. Режиссер бұл арқылы кө­шедегі қоқысты емес, қо­ғам­дағы былық-шылықты айт­қысы келгені байқалады. Адам санасындағы қоқыс та қоғамды бір-ақ сәтте хаос­қа айналдырып жіберуі мүм­кін. Әлбетте Джокер де сол қоғамның айнымас бір кей­пі. Сырты күліп, іші қан жылап, қоқысқа толы өмірін та­зарта алмаған бейшара ақы­ры жүйкесінің сыр берген сәтін­де өзіне өзі ие бола алмай қа­лады.

Джокер, негізінен қарта ойынындағы ашық қарта. Сондай-ақ ол қартаны кез кел­ген басқа қартаға айырбастап алуға болады. Міне, автор осы штрихты Артур Флектің қасіреті арқылы сәтті аша білген. Шынында да Артурдың шыққан тегі, түп-тамыры белгісіз адам. Оны қоғам кез келген жерде түрлі құндылықтарға қарта сияқты оңай айырбастай бе­реді. Анасы ұрып-соғып зор­лықпен күлдіреді, жұмыс ор­­ны да сайқымазақ болуын та­лап етеді. Шындығында Ар­турдың ешқашан күлгісі кел­ген емес. Ең соңында оның тү­бі жоқ түнек белгісіздігі қай­­­­­ғылы оқиғаға апарып соқ­­ты­рады. Жалпы, алып қа­расақ бә­ріміз де сайқымазақ еке­німіз өтірік емес. Бәрімізге қоғам біреудің көңілін аулап, өтірік күлгеніміз үшін ақша төлейді. Біз де реті келсе көңіл көтеру үшін бар ақшамызды аямай, біреуді күлдіріп ләззат аламыз.

Артур ең соңында халық­тың үлкен қаһарманына ай­налады. Қаладағы көтеріліс­тің көшбасы деңгейіне кө­те­ріліп, мұрнынан аққан қы­­­зыл қанды езуіне жа­ғып-жа­ғып жібергенде на­ғыз сай­қымазаққа айналып шы­­ға ке­леді. Бұл жалпы бел­гі­лі сце­нарий деуге де бо­ла­ды. Та­рихтан бұған де­йін де бір­неше рет куә болға­ны­мыздай, егер зұлым қаһарман жасап шыққың келе, ақылы кемтар, санасы тыртық-тыртық адамды аяқ-қолындағы кісенін шешіп ашық қоғамға әкел де қоя бер. Джокер, тура сондай тип.

Айта берсек, аталған фильм­­де тоқталуымыз керек та­­қы­рыптар өте көп. Жалпы, Артурдың өмірлік кумирі те­ле­дидардан анасы екеуі үне­мі үзбей тамашалап отыратын Мюррей деген әзілкеш шал болатын. Фильмде сол әзілкештің арнайы хабарына да Артур қонақ болып барады. Ең қиыны, өз-өзіне ие бо­ла алмаған Джокер сол өз ку­мирін де тікелей эфирде та­­­паншамен жайратып салады. Қала әкімі болуға дауыс жинап жатқан, шешесі сенің әкең сол деп келген Уейн де Артурдың соңынан ерген сай­қымазақ топтың қолынан өле­ді. Түсінген адамға Уейнді де Артур өлтіреді. Шешесін де Ар­тур, кумирін де Артур, өзін қорлаған, өмірін тас-талқан еткен жандардың бәрі Артур­дың қолынан қаза табады.

Ал енді фильмге шығар­машылық тұрғыдан қарасақ, фильм әу баста Артур Флек барлық қылмысын мойындап, психологке әңгімелеп отырған эпизодтан бастала­ды. Психолог оған өзіне ұнай­тын ең қызықты әзілді айтып беруін өтінеді. Джокер сол кезде осы біз сөз еткен оқиғаларды баяндап шығады. Бәлкім Артур ешкімді де өл­тірген жоқ, мүмкін бұл оқи­ғаның барлығы оның қия­лында ғана шығар. Бәлкім ол өз тағдыры туралы бүкіл шындықты білген соң біз жо­ғарыда айтып кеткен мұз­датқышқа кіріп кеткен бе­ті сол жерде отырып, осы қыл­мыстарды ойлап жатып көз жұмды. Қайткенде де Ар­тур­дың бойындағы екі түрлі болмыс оны осындай қаһарман­ға айналдырды.

Жалпы, сайқымазақ де­ген­ге келсек, оның тарихы, оның архетипі туралы көп айтуға болады. Адамзат дамуында сайқымазақтардың рөлі өте ықпалды болға­нын жақсы білеміз. Пат­ша сарайларындағы сайқы­ма­­зақтар арқылы небір сая­си ойындар, көзқарастар, қар­сылықтар ашық айтылып жат­ты. Аталған фильмді бас­қа да талдаушылар мына жайт­қа ерекше назар аудара­ды, жалпы сайқымазақтың эн­циклопедиялардағы анықта­масын оқыған болсақ, ол қай­дан келе жатқаны және қайда бара жатқаны белгісіз адам. Жалпы, бетпердені кез келген адам кие бере ме? Бәлкім оны ішкі жан дүниесінде еш­теңе қалмаған, айтар ойы, ұстанымы, мінезі, тұлғасы біржола жоғалған адам киеді.

Артур ылғи күнделік толтырып жүреді. Ондағы мына бір сөйлемге тағы назар аудармау мүмкін емес. «Менің өмірімнен гөрі өлімімде кө­бірек мағына бар» дейді біз­дің кейіпкер. Артур Флек өзі­нің ішіндегі қаңыраған бос кеңістікті немен толтыра­рын білмей дал болған кіш­кентай бала еді. Тағы бір философ айтады, бала үй­ден ешқандай жылулық тап­па­ғанда, ол көшені өзінің үйі­не айналдыра бастайды. Ар­турға адамдардың назары же­тіс­пейтін. Оны ешкімнің еле­мейтіні қинайтын. Ол сонда да қоқысы бықып жатқан көшені өзінің үйі санады. Адам жалпы өзіне назар аударту үшін барлығына баратынын түсінуіміз керек. Артур альтер эгосына сұрақты ылғи былай қояды, барлық кінәрат менде ме, әлде қоғамда ма? Шынымен, кім кінәлі? Бес-алты адамның өлімін ар­қа­лап отырған Артур ма, әл­де миллиондаған адамдар­ды осын­дай Джокерге айнал­дырған қоғам ба?

Джокердің күлкісі – жан­айқай дауысы. Тыныш­тық­ты, қатып қалған қағида­лар­ды, міндеттеулерді, стерео­типтерді, штамптарды бұзғы­сы келген ащы дауыс.

«Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім».

Джокер күлкісі осы күлкі­лердің қайсына жатады, жалпы? Бәлкім ешқайсына да жат­пайды.

 

Соңғы жаңалықтар

Маңызды қадам болды

Парламент • Кеше

Ұқсас жаңалықтар