Руханият • 26 Қараша, 2020

Жазба мұрағат – жаңылмайтын ескерткіш

31 рет көрсетілді

Жанға ашпаған құпиясын қағаз бетіне төккен қартаң тарихтың нені ішіне бүккенін уақыт көрсетті. Бағзыдан там-тұмдап жеткен мұрағаттар әуелгі ойымыздың сеңін бұзды. Жо-жоқ, бұзып қана қойған жоқ, баба мирасының қадірін арттырды. Қоғам жаңаша көзқарас түзді, сана жаңғырды. Етінен өткен, сүйегіне сіңген қазақтың талайлы тағдыры келер күнге кеңшілік жасады. Біз өткенімізді саралай отырып, болашағымызды салмақтай алдық. Расымен ғажап емес пе? Сенбесеңіз, қараңызшы...

Қараңызшы деп қаймықпай, көңілде бүрлеген сүйінішке сүйеніп жазып отырмыз. Күні кеше Нұр-Сұлтан қаласы мемле­кеттік архивінің 25 жылдығына арналған «Архив: тарихи жад және рухани жаңғыру» атты ха­лықаралық ғылыми-практи­калық конференция өтті. Ширек ғасырды артқа тастаған шежірелі шаңырақтың жеткен жетістігі көл-көсір. Бұл шаң басқан архивтер емес, тозаңнан арылған дерекке бай, заманауи технологияға бейім ғылыми орда. Біз аталмыш шараға арнайы қатысып, көңілге көп нәрсе түйіп қайттық. Бүгінгі әңгімеміздің ауаны да сол болмақ.

Конференцияның беташары тарихи құжаттар көрмесіне шолу жасаудан басталды. Одан кейін қатысушылар арнайы бей­нероликті тамашалады. Кеш тізгінін Нұр-Сұлтан қа­ла­сы мемлекеттік архивінің директоры Мейрам Бектембаев ұстады. Алғашқы құттықтау сөз Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаевқа ұсы­нылды. Сөз иесі алдымен Премьер-Министрдің орынба­сары Ералы Тоғжановтың, Қа­зақстан халқы Ассамблеясы Төр­­ағасының орынбасары – Хат­шылық меңгерушісі Жан­сейіт Түймебаевтың, қала әкі­мі Алтай Көлгіновтің арнайы құт­тықтау хаттарын оқып, ақжарма тіле­гін жолдады.

– Бұл мекеме Қазақстанның архив қызметінің көшбас­шыларының бірі ретінде, ар­хив­тану ғылымын дамытуда және мемлекеттік бағдарла­ма­ларды жүзеге асыруда жетек­ші рөл атқарды. Ғылыми құнды­лықтарды меңгерген ұжым елі­міздің игілігі үшін аянбай еңбек етіп, кәсіби шеберлігін көрсетіп келеді. Әлемнің алдынғы қа­тар­лы мемлекеттерінің архив мекемелерінің тәжірибесін Қа­зақстанда асыруда, Ұлттық архив қорының асыл мұрасын республикалық, әлемдік деңгей­де насихаттап, әйгілеуде. Ұлт мүддесі үшін қажымай еңбек етіп келе жатқан архив майталмандарына толағай табыс тілеймін,  деді Т.Қышқашбаев.

1995 жылы Нұр-Сұлтан қа­ласы мемлекеттік архивінің құрылуы астананың Алматыдан Ақмолаға ауысуымен байланыс­ты болды. Сол уақытта жас мем­лекетіміздің алдында Орта­лық Азия аймағында экономика мен саясаттың драйвері болу міндеті тұрды. Тарихи про­цес­терді қайта қарастырмай, бұл мүмкін емес еді. Елорданың Арқа төсіне қоныс аударуы елі­міз­дің өркендеуіне жол ашты. Мұ­рағаттағы 40 қор қаланың рухани өміріне тірек болды.

Елорда дамуының тұрақты динамикасына қала архивіндегі қордалы құжаттар көп септігін тигізді. Бүгінде елорданың мұ­рағат қоры 18 есеге өскен. 1915 жылдан бастап сақталған бірегей құжаттар бар. Олар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылған. ХХ ғасырдың басындағы араб жазуы, латын және кириллица негізінде жазылған мазмұнды жазбалар ғалымдардың зерттеу еңбектеріне негіз болып келеді. Атап өтсек, жергілікті ат­қару комитеттерінің, «Қос­шы» қазақ кедейлері Одағы ко­митеттерінің, полиция және әскери комиссариаттардың, арнайы мақсаттағы бөлімшелердің, азық-түлік комитеттерінің қор­лары, Кеңес өкіметін орнату процесін, оның ішінде кулактарды иеліктен шығару, өнеркәсіпті мемлекет меншігіне алу, Ақмола облысының саяси, экономикалық және мәдени өмірі туралы қам­тылған деректер жетерлік. Әр­қайсысы жеке тақырыпқа жүк боларлықтай маңызға ие. Құ­жаттардың көп қабаты 1941-1945 жылдардағы Екінші дү­ние­жүзілік соғыс кезінде тұр­ғындардың еңбек өрлеуі, май­данға көмек, эвакуацияланған кәсіпорындарды қабылдау және ор­наластыру туралы куәлан­дырады.

Мәселен кезіндегі Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыс­тарының 1961-1965 жылдар кезеңіндегі әлеуметтік-эконо­микалық жағдайына үңіліп көрейікші. Қорда сүт, ұн, былғары және басқа салалардың дамуы туралы айшықты ақпараттар бар. Ауыл шаруашылығының даму тарихы, аудандық жер басқармасы, облыс аумағын кеңейту, колхоздар мен өнеркәсіп қорларының құжаттары ұсынылған. Мал шаруашылығын дамыту, дәнді дақылдардың өнімділігін арттыру, шөп пен егістік жерлерді қайта бөлу туралы мәліметтер тіпті, қызық.

Тың жерді игеру – бұл бұ­рынғы КСРО-ның барлық рес­пуб­ликалары қатысқан тарих­тың жеке парағы. Онда қызмет еткен тұлғалардың ұрпақтары қазір астанада тұрады екен. Мұн­дағы кеңшарлардың, об­лыс­тық басқармалардың, ауыл шаруашылығының, совхоздарды салуға арналған трестердің қаражаттары, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы хабар береді. Тың және тыңайған жер­лердің тарихы туралы құжаттар жинағында алғашқы ерікті қо­ныс­танушылардың келуі, жаңа кеңестік қоныстардың салынуы, басқа одақтас республикалардан көмек, студенттік құрылыс отрядтарының жұмысы, тың игерушілердің материалдық әл-ауқатының өсуі туралы тайға таңба басқандай анық жазылған.

Біз архивтерді аралап жүріп, өз заманының заңғар тұлғала­рының шығу тегі туралы сан алуан жинақтарға жолықтық. Олар соғыс ардагерлері, мәдениет және өнер қайраткерлері, жур­налистер, жазушылар, ғалым­дар және елорданың дамуына айтарлықтай үлес қосқан басқа да танымал адамдар. Түс­теп көрсетсек, Қазақстан мен Татар­станның халық әртісі Нұр­жамал Үсенбаева, көр­нек­ті қоғам және мемлекет қай­раткері Смағұл Сәдуақасов, мемлекет қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Жұмабек Тәшенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Та­был Бекқазұлы, ғалым-тарих­­шы Зиябек Ермұханұлы, ақын және жазушы Нұрғожа Ораз, Әскери-әуе күштерінің майоры Айдын Айымбетов, «Мемориалды аймақ» жедел-іздестіру отрядының командирі Майдан Құсайынов сынды азаматтардың ғұмырнамасы, ел игілігі жолында атқарған ең­бектері топтастырылған. Бұл солардың жолын жалғасам деген жасқа үлкен мирас.

Иә, ел шежіресі мен ұлт та­рихындағы құнды жазба де­ректерді жинастырып, сақтау ісінде архивтерге жүктелер жа­уапкершілік орасан. Содан да болар, архив саласының дамуы мен техникалық жарақ­тан­дырылуына, мәдени мұра­лардың қайта қалпына келтіріліп, толықтырылуына мемлекет тарапынан айрықша мән беріліп келеді.

 Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өр­кениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл ар­хивтерінде өз іздеушісі мен зерт­теушісін күтіп жатыр. Сон­дықтан ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив – 2025» жеті жылдық бағ­дарламасын жасауымыз қа­жет деп санаймын» деп тарих­шыларға, деректанушылар мен мәдениеттанушыларға зор үміт артқан болатын. Осы ретте мем­лекеттің мұрағат қорын қа­лыптастырып, түгендеуде Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві айрықша еңбек сіңіріп келетінін байқадық. Бүгінгі конференциядағы Қазақстандағы археография, архив құжаттарын сақтау, архив материалдарын цифрландыру сияқты өзекті мә­селелердің талқылануы да Қазақ­стандағы архив ісінің бо­лашағы үшін аса пайдалы.

– Дәстүрлі ақпарат құрал­дарын сақтауға арналған заманауи жабдықтармен жұмыс істеп жатырмыз. Мұрағат сөрелерінің жалпы ұзындығы 7584 метрді құрайды. Құжаттардың жоғалуын болдырмау мақсатында ағым­дағы жылы құжаттарды қауіпсіз сақтау және мұрағат ішіндегі радиожиілік белгілерін қолдану әрі қозғалысын бақылау жү­йесі енгізілді. Сонымен қа­тар тозығы жеткен құнды құжат­­тарды қалпына келтіру үшін толық­қанды зертхана құ­ру бойынша жұмыстар жүр­гізі­луде. Экспонаттардың 3D кө­шірмелерін қамтитын виртуалды көрме құрмақпыз. Аза­маттарға ыңғайлы болу үшін сайтқа ерекше құжаттардың тізімдемелерінің цифрланған суреттерін орналастырдық. Яғни, қауіпсіздікті сақтай отырып, мұ­рағат материалдарымен үйден шықпай-ақ танысуға болады, дейді қалалық архив директоры М.Бектембаев.

Демек, тарихи маңызы бар барлық құжат заман талабына сай цифрландырылмақ. Бұл пайдалану кезінде алтыннан қымбат жазба жәдігерлердің қолды болуынан сақтайды деген сөз. Қазір архив қызметкерлері жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштерді саралап, оларға қа­жет файлдарды цифрландыруда. Осылайша, электронды мұрағат құру және сұранымға жауап беру мәселелерін бір уақытта шешуге тырысады.

Тағы бір назар аударатын дүние, шетел архивтерімен қа­рым-қатынас мәселесі. Қала ар­хиві Ресей Федерациясындағы көп­теген архив ұйымдарымен бай­ланыс орнатып, шама-шар­қынша бірлесе жұмыс істеп келеді. Былтыр Қытайдың Сиань мұ­рағаты және Польшаның Ұлттық еске алу институтымен ын­­тымақтастық туралы ме­мо­ран­думға қол қойыпты. Биыл Ха­лықаралық архивтер кеңесі өткізген Халықаралық архивтер апта­лығына қатысып, тәжірибе алмасқан.

Біз аталмыш конференциядан архивтер арасындағы ұзақ мерзімді және өзара тиім­ді ынтымақтастықтың не­гізі қаланғанын аңдадық. Мұра­ғаттардың халықтың есі іспеттес ештеңеге теңгеруге келмейтіндей керемет қазына екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Туған ата-анасына, туыстары мен достарына, туған Отанына деген əсте бір айнымас, ыстық жүрегі бар, оның түгіні мен ертеңіне зəредей де болса жаны ауыратын елім деп соққан жүрегі бар зерделі азамат архив қазыналарына əсте көзжұмбайлық жасай алмайды, оны ескерусіз, елеусіз тастай алмайды. Қайта ең асыл қазына ескерткішіне балап, ерекше қастерлейді. Өткенге құрмет көрсете білу адамзатқа өмірлік өнеге айналуы тиіс.

Қорыта айтқанда, алдүзік ақын Қадыр Мырза Әлі: «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқу­лығы жұп-жұқа бірақтағы» деп жаз­ғанындай аталар аманатын ар­қалаған архивтерде аз да болса көптің керегіне жарар рухани дәрумен бары ақиқат. Ол жасампаз ұлттың жаңғыруының ке­піл­демесі. Оқулығы жұқа тарих­тың әрбір беті – жақсылыққа жол­белгі, болашаққа бағдаршам. Жа­зба мұрағаттар ешқашанда жа­ңыл­­майтын ескерткіш. Осыны ескерейік...

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар