Парламент • 26 Қараша, 2020

Сенаторлар жол сапасын жақсарту үшін бақылауды күшейтуді ұсынды

7 рет көрсетілді

Сенат Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров және сенаторлар Рысқали Әбдікеров пен Сергей Ершов еліміздегі маңызды автожолдардың сапасына, сондай-ақ, осы саладағы өзекті проблемаларға Үкімет басшысының назарын аударды. Депутаттар сауалында жыл сайын жолдардың жөнделуі мен күтімі үшін бөлінетін қомақты қаражат та сөз болды, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі таңда автожол саласында ең жиі кездесетін мәселелердің бірі – жүк автомобильдерінің шамадан тыс жүк тасуы болып отыр. Бұл жаңадан салынған жолдардың мерзімінен бұрын бұзылуына алып келеді.

Статитикаға жүгінсек, еліміздегі жолдардың 9,3 проценті ғана 10 тоннадан астам жүктемені қабылдай алады. Ал, жалпы пайдаланымдағы жолдардың 90,7 проценті жүк көліктерінің ең аз салмағына да төтеп бере алмайды. Ол аздай, сапасы жағынан қауіпті санатта тұр.

Заңға сәйкес жалпы пайдаланымдағы автожолдар арқылы жүк көлігімен 25 тоннадан астам жүк тасымалдауға тыйым салынған. Алайда, депутаттар келтірген ақпарат бойынша осы жолдармен 40 тоннаға дейін жүк тасымалдау толастамай тұр.

"Бұл проблемаға тосқауыл болатын бақылаушы органға баса мән беру қажет. Мысалы, елімізде 95 мың 600 шақырым болатын автомобиль жолы бар. Ал Көліктік бақылау инспекциясының жалпы штат саны 278 маманды құрайды, көліктік бақылау бекеттерінің саны – 53. Демек, бір Көліктік бақылау бекеті шамамен 2 мың шақырым автомобиль жолын назарда ұстау керек. Бұл, әрине, автомобиль жолдарын толыққанды бақылау үшін жеткіліксіз", – дейді сенаторлар.

Осыған байланысты депутаттар ауыр жүк тасымалдаушы көліктерді тексеру мен бақылауды күшейтуді және жүк тасымалдау фактілерін (техпаспорт негізінде, өлшеусіз) тексеру құқығын полицияға да беру мүмкіндігін қарастыруды сұрап отыр. Сондай-ақ, сауал барысында облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, жөндеу жұмыстары кезінде заманауи инновациялық технологияларды кеңінен қолдануды талап етудің қажеттілігі де айтылды.

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар