Қоғам • 04 Қыркүйек, 2019

Зарина Алтынбаева Италияны тәнті етті

75 рет көрсетілді

Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисі Зарина Алтынбаева Италияда өткен «Montecatini Opera Competition – 2019» халықаралық байқауынан жүлделі 2-орын иеленіп, лауреат болып қайтты.

Әншінің пиар-менеджері Дина Ыдырысованың хабарлауынша, Зарина байқаудан жеңіспен оралып қана қоймай, «Montecatini Opera Competition» халықаралық опера фес­тиваліне тағы да бір мәрте қатысуға  және Италияның Parma Opera театрында жұмыс істеуге ұсыныс алған. Халықаралық байқау тамыз айында Монтекатини, Тоскана қалаларына өткен. Оған Италия, Аустрия, Ресей, Жапония, Корея, АҚШ, Қытай және басқа да мемлекеттерден ең таңдаулы опера әншілері қатысқан.

«Мұндай маңызды байқауға толқымай, тебіренбей қатысу мүмкін емес. Италия bel canto репертуарының орындалуына өте қатал және қызға­нышпен қарайды. Сондықтан шырқал­ған әннің әр сөзіне, әрбір музыкалық фразаға, әрине Италия музыкасының орындалу дәстүріне аса мән беріп, қатаң сақтауға тырыстым», дейді Зарина Алтынбаева.

Байқау үш турдан тұрған, оған 90-нан аса орындаушы қатысып, 15-і ғана мәреге жеткен. Байқау талабы бойынша  әншіге екі арияны итальян тілінде орындау міндеттелген. Мәреге жеткен әншілер Terme Tettuccio сахнасында Болоньи қаласының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсеткен.

Байқауға қатысушылардың өне­рін Мәскеу академиялық музыка театры­ның көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, Ресейге еңбегі сіңген әртіс Феликс Коробов, Монтекатини Терме опера фестивалінің көркемдік жетекшісі, пианист Мария Джулия Граццини, Parma OperArt көркемдік жетекшісі Эдди Ловлио (Италия), Easter Festival Salzburg көркемдік кеңесшісі Джозеф Гассек (Аустрия), Н.Жиганов атындағы Қазан мемлекет­тік консерваториясының ректоры Рубина Абдуллина (Ресей), Иван Козловский атындағы арт-орталық­тың көркемдік жетекшісі, режиссер Татьяна Зозуля (Украина), Магнитогорск мемлекеттік опера және балет театрының директоры Илья Кожевников (Ресей), Китакюсю Сити Опера театрының баритоны Гвидо Хассу секілді халықаралық беделді  қазылар алқасы бағалады.

Сонымен байқаудың бірінші жүлдесін баритон Александр Чириак (Румыния), екінші орын қазақстандық сопрано Зарина Алтынбаева иеленсе, ал үшінші орынды аустриялық баритон Майкл Фишер мен ресейлік меццо-сопрано Наталья Зимина бөлісті.

Montecatini Opera Festival – техни­калық даярлығы мықты, енді халықаралық сахналарды бағын­ды­руды мұрат тұтқан әлемнің жас орындаушылары үшін таптырмас мүмкіндік алаңы. Қазақстанның атынан қатысқан Зарина Алтынбаева – бірнеше халықаралық байқауларда лауреат атанған Абай атындағы опера және балет театрындағы жетекші әншілердің бірі. Ол былтыр Жапонияда өткен «Tokyo Music Competition» халықаралық байқауының 1-орны мен көрермендер көзайымы жүлде­сін иеленіп қайтқан болатын. Сон­дай-ақ 2017 жылы Алматыда өткен халықаралық қысқы Универсиаданың ашылу салтанатында Димаш Құдайбергеновпен бірге ән шырқады. Азиядағы ең танымал «Star of Asia» жүлдесінің иегері және «Жыл адамы».

 

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар