Қоғам • 06 Қаңтар, 2020

Педагог мәртебесі биіктейді

1452 рет көрсетілді

Мұғалімнің мерейін өсіріп, мәр­те­бесін көтеруге бағытталған тари­­­хи шешім «Педагог мәртебесі туралы» заң дер едім. Тәуелсіз ел болғалы түрлі қиындықты бастан кешірдік. Елдің әлеуметтік жағ­дайын көтеру үшін экономика саласына жіті көңіл бөліп, кейбір саланы ескерусіз қалдырдық.

Ел болып еңсеміз көтеріліп, дамыған елдің қатарына қосылуға ниет етіп жатқанда олқы тұсымызды толтыруды қолға алдық. Соның бірі – педагог беделі. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі», деп Мағ­жан Жұмабаев айтқан еді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел арасындағы осы сөзді қайта тірілтіп, 2019 жылғы 30 желтоқсан күні «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойып, педагог мәртебесін заңмен бекітті.

«Педагог мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне педагог мәр­тебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы педагогтердің Тамыз конференциясында айтқан тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген болатын.

Жаңа заңда қарастырылған позиция­лардың барлығы мұғалімнің жеке дамуына және оқу процесін жетілдіруге мүм­кіндік береді. Атап айтқанда, педа­гогтің оқыту мен тәрбиелеудің автор­лық әдістерін әзірлеу және қолдану, оқу құралдарын таңдау, ақпараттық ресурс­тарды тегін пайдалану, біліктілікті арттыру және тағылымдамадан өту фор­маларын таңдау бойынша кәсіби құ­қықтары кеңейтілді.

Педагогке тән емес функциялар­ға тартуға, шамадан тыс есеп беруге, не­гізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу арқылы жүктемені азайту бойынша жеке нормалар көзделген. Осы нормалар бұ­зыл­ған жағдайда құқық бұзушылық субъек­тісіне байланысты 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салынады.

Бұдан бөлек, педагог мамандардың балаларын балабақшаға орналастыруда басымдық беру, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапаты сияқты бірқатар материалдық емес ынталандыру қарастырылған. Бұл ретте әскери қызметке шақыруды ке­йінге қалдыру, ауылдық жерде жұмыс істейтін педагогтерге жоғары жалақы төлеу, денсаулығын сақтау, «Үздік педагог» сынды гранттарға әлеуметтік кепілдіктер сақталған.

Жергілікті атқарушы органдарға педа­гогтердің еңбегін көтермелеудің қосымша шараларын, соның ішінде жер­гілікті ерекшелік белгілерімен, құр­метті атақтармен марапаттау, біржолғы сыйақы төлеу құқығы берілетін болады.

Көзделген нормалардың маңызды блок­тарының бірі – материалдық ынта­ландыру. Негізгі материалдық ынталан­дыру­ларға сынып жетекшілігі мен дәп­тер тексергені үшін екі есе мөлшерде қосымша ақы, педагогикалық шеберлігі үшін қосымша ақы, барлық педагогтер үшін демалыс уақытын 56 күнге дейін ұлғайту, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу және басқа да шаралар жата­ды. Бұған қоса магистр дәрежесі бар тұл­ғалар үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы қарастырылған. Бұл норма өз кезегінде мектепте жұмыс істейтін 5029 педагогке қатысты және мектептерге академиялық дәрежесі бар жаңа ма­ман­дарды тартуды көздейді.

«Педагог мәртебесі туралы» заңды Мә­жіліс депутаттары да қызу талқылап өз тара­пынан бірқатар ұсыныс айтып, түзе­тулер енгізді. Олар: – 2021 жылғы 1 қыр­күйектен бастап орта білім беру ұйымдары педагогтері үшін апталық нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету жөніндегі норма;

– педагогтердің педагогикалық этика нормаларын бұзуы бұрын көзделгендей әкімшілік құқық бұзушылыққа емес, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көрсетілген кәсіби жауап­сыз­дыққа әкеп соғатын теріс қылыққа теңестірілді;

– білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша білім алушылар мен тәрбиеленушілер ара­сындағы халықаралық олимпиа­далардың, конкурстар мен спорттық жарыстардың жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогке тиісті мемлекеттік білім беру ұйымының қызметі бойынша үнемдеу есебінен лауазымдық үш ай­лық ақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленуін көздейтін норма енгізілді;

– «Қазақстанның еңбек сіңірген ұс­тазы» құрметті атағымен марапат­тал­ған педагогке 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем белгіленді;

– мәдениет және спорт саласындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының және әскери оқу орындарының педагог­теріне магистр дәрежесі үшін 10 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақы енгізіледі;

– ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтерге жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін басым тәртіппен беруге кепілдік белгіленді;

– педагогтің білім алушылар, тәр­биеленушілер және олардың ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері тарапынан өзіне құрметпен қарауды және тиісті мінез-құлықты талап ету құқығы нақтыланды;

– мұғалімдерді өздеріне тән емес жұмыстарға тарту, оларды қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына жәрдемдесуге міндеттейтін нор­малар және қайталанатын ережелері бар нормалар алынып тасталды;

– өзінің лауазымдық міндетін орындау кезінде педагогке былапыт сөй­леген, мазақ қылған, бейәдеп іс-әре­кеттер жасаған және де бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуни­кация желілерін пайдалану арқылы басқа да осындай әрекеттерге барған адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мысалы, педагогтерге этикаға жат қылық көрсеткен жеке тұлғаға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көздел­ген. Егер ол адам осы әкімшілік жаза қол­данылғаннан кейін бір жыл ішінде қай­талап жасаған болса, оған 40 АЕК мөл­шерінде айыппұл салынады немесе 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкім­ші­лік қамауға алынады. Осы құқық бұзу­шылықты он екі жастан он алты жасқа дейінгі балалар жасаса, ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Осы әрекет әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, бұл айыппұл 10 АЕК-ке өседі;

– жоғары оқу орындарының педагог­терінен басқа, барлық педагогтерге әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру жөніндегі норма қарастырылды. Бұрын мұндай норма тек ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтерге қатысты еді.

Ұстаздардың құқығы, беделі, әлеу­меттік жағдайы заңмен бекітіліп, үлкен құрмет көрсетілген соң, оларға қойы­латын кәсіби талап та арта түседі. «Мек­тептің жаны – мұғалім. Ол қандай болса, мектеп те сондай болмақшы. Яғни, мұға­лім білімді болса, балалар мектеп­тен терең білім алып шықпақшы. Солай бол­ған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабар­дар, жақсы оқыта білетін мұғалім», деген Ах­мет Байтұрсынұлының сөзі бүгінгі ұс­тазға қойылатын талапты дөп басып тұр.

Балабақша – мектеп – колледж – жоғары оқу орнында берілетін білім мен тәрбиенің қайнар көзі ұстаздың өресіне, білімділігіне байланысты.

Жаңа заң еліміздің тиісті деңгейдегі білім ордаларындағы мұғалімдерге де, білім алушыларға да тиімді болып, білім сапасын арттыруға зор мүмкіндік береді деп сенемін.

 

Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ,

Мәжіліс депутаты,

Nur Otan партиясының  «Білім беру» бағыты бойынша партиялық кураторы

 

Соңғы жаңалықтар

Келер жылы тариф көтерілмейді

Экономика • Бүгін, 08:19

Комиссия отырысын өткізді

Саясат • Бүгін, 08:04

Жасанды интеллект жәрдемі

Технология • Бүгін, 07:58

Аң-құсқа да қамқорлық қажет

Оқиға • Бүгін, 07:55

Жаңа аудандағы жасампаз іс

Аймақтар • Бүгін, 07:53

Ауылдағы сервистік әкімдік

Аймақтар • Бүгін, 07:48

Әлемді қызғылт сары етейік

Қоғам • Бүгін, 07:37

Елбасы және Қазақстан ғылымы

Елбасы • Бүгін, 07:27

Мұғалім жасаған сабын

Ғылым • Бүгін, 07:09

СКА-ға есе жіберді

Хоккей • Бүгін, 07:09

Абайдың 180 өлеңін жатқа айтады

Аймақтар • Бүгін, 07:08

Ұқсас жаңалықтар