Қоғам • 29 Қаңтар, 2020

Әділет қана әділдікті айырады

64 рет көрсетілді

Кез келген елдің ұлттық заңдарында адам құқының қорғалуы ең басты орында тұрса да, оның шешімі әр елде әрқашан бір деңгейде бола бермейді. Сондықтан да кей жағдайда шешімі шектен шыққан істердің халықаралық төрелік соттарда жиі қаралатыны да белгілі. Өйткені талайлардың өз мемлекетінде құқы бұзылып, аяққа тапталып жатауы немесе сол елдің заңына қайбіреулердің мойынсұнбауы да әбден мүмкін.

Мұндайда  адам құқының, оның дүние-мүлкінің, қаржысының қалыпты қорғалуы, сақталуы қажет. Осы орайда дәрмені мен пәрмені зор ұйымдар ретінде халықаралық төрелік соттар айырықша аталады. Өйткені олардың ақиқатқа жүгінетіні белгілі. Осы орайда еліміздің Әділет министрлігінің атқарып жатқан зор істерін атап өткіміз келеді. Мәселен, сонау  2012 жылдың қазанында, «Руби Роз Агрикол» ЖШС БҰҰ-ның Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясының төрелік регламентіне сәйкес тәркіленген тәрізді құс фабрикалары үшін миллиондаған АҚШ доллар көлеміндегі қаражатты қайтару жөнінде Қазақстанға қарсы талап-арыз қозғаған болатын.  2012 жылдың шілдесінде, «Руби Роз Агрикол» ЖШС Төрелік алқаға Қазақстан Республикасына қатысты алдын ала іс-шаралар қолдану жөніндегі, сонымен қоса «Руби Роз Агрикол» ЖШС-не және онымен байланысы бар тұлғаларға қатысты барлық тергеулер мен тексерістерді доғару және компанияның банк шоттарына салынған тыйымды алып тастауды қамтитын шағым берді.

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі осы төрелік істі талқылау бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің консультантымен бірлесіп талапкердің аталған шағымына жауап ретінде Төрелік алқаға қарсылық білдірген болатын. Сөйтіп, 2012 жылғы 12 желтоқсанда Төрелік алқа Қазақстан Республикасының пайдасына шешім шығарып, «Руби Роз Агрикол» ЖШС-нің шағымын қанағаттандырудан толығымен бас тартты.

Осы орайда тағы бір атышулы жағдайды айтпасқа болмас. Онда Ұлттық қор қаржысының бұғатталуына себепші болған молдовалық миллиардерлер Анатола мен Габриэля Стати кезінде Стокгольм сотына шағымданған еді. Стати кәсіпкерлік құқым бұзылды деген желеумен Швецияның төрелік соты арқылы Қазақстаннан 4 миллиард доллар талап еткен. Стокгольмнің сауда палатасы аясында құрылған сот Қазақстан тарапы халықаралық талаптарды бұзуы арқылы келтірген залалды өтеуі үшін Стати мен оның компаниясына 500 миллион доллар төлеуі тиіс деп міндеттеді. Ал Ұлттық қорды қамтамасыз етуші Bank of New York Mellon Қазақстан Ұлттық қорының 22 миллиард долларын бұғаттады. Дегенмен Брюссельдегі соттың бірінші сатысы Ұлттық қорға салынған бұғаттау күшін жартылай жойды. Аталған сот осы қаулысымен  қалған 530 миллион доллар көлеміндегі  қаражаттың шектелуін ағылшын сотында жоюға болатындығын көрсетті. Осы мән-жайдың сырына тереңірек үңілсек, Қазақстан Республикасының Әділет министрілігі шындықты ашуда біраз жұмыс жүргізгені байқалады. Мәселен, Әділет министрілігінің талдап көрсеткеніндей, Қазақстан Республикасы мен Молдова азаматтары Анатол Стати, Габриэль Стати және олардың компаниялары Ascom GroupSA6 Terra Raf Trans Traiding Ltd `1Стати») арасындағы дау бойынша Бенилюкс елдерінің үш соты 2019 жылдың желтоқсанында қарама-қайшы шешімдер қабылдаған.

2019 жылдың 19 желтоқсанында Люксембург соты 2019 жылдың 10 қазанында өткен тыңдаулардан кейін алынған KPMG-дің аудиторлық, салықтық және кеңес беру қызметтерін ұсынатын халықаралық фирмалар желісі жаңа корреспонденциясын назарға алмай, 2013 жылы шығарылған төрелік шешім Люксембургте танылуы тиіс деп қаулы етті. Люксембург соты KPMG хат алмасуы анықталғанға дейін шығарылған төрелік шешімнің күшін жоймау туралы 2016 жылғы швед сотының шешіміне сілтеме жасады. 2019 жылы 20 желтоқсанда Брюссельдің бірінші инстанциясының соты KPMG хат алмасуын ескерместен, оны істен толығымен алып тастап, Стати алаяқтығы төрелік шешімнің басты себебі болған жоқ деген пікір білдірді.

Алайда, Брюссельдің апелляциялық соты Bank of New York Mellon-дағы 530 млн АҚШ долларына тыйым салуға қатысты процесс шеңберінде шығарылған 2019 жылғы 3 желтоқсандағы шешімінде мүлдем басқа көзқарас білдірді. Апелляциялық сот Статидің KPMG-ді жаңылыстырғанын көрсететін KPMG жаңа хат алмасуы төрелік шешімнің жарамдылығын анықтауға қатысы бар екенін анықтады. Сот іс материалдарына жаңа айғақтарды қосу туралы шешім қабылдады.

Қазақстан төрелік шешім алаяқтық жолымен алынғандықтан, оның танылуына қатаң түрде қарсы тұруда. Стати жасырын бақылайтын компаниялар желісін қолдана отырып, Қазақстанда өзінің болжамды инвестицияларын жүзеге асыру мақсатында бірқатар жалған мәміле жасады. Соның ішінде Қазақстандағы газды қайта өңдеу зауыты құрылысының құнын көтеру үшін жасалған жалған мәмілелер бар. Бұл алаяқтық схемалар Статидің қаржылық есебінде жасырылған болатын. Төрелік талқылау барысында Стати өзінің болжанған инвестициялары мен шығындарының дәлелдемесі ретінде осы жалған қаржылық есепке сүйенді. Сондай-ақ, Стати төрелік трибуналға оның қаржылық есептерін KPMG Audit тексергендіктен олардың өте сенімді екендігін атап өтті.

Сөйтіп, бұдан бұрын хабарланғандай, 2019 жылғы 21 тамызда KPMG Республиканы Статидің Қазақстандағы қаржылық есептілік бойынша жасалған барлық өзінің аудиторлық есептерінің күші жойылғандығы туралы хабарлады (Хабарлама). Жалпы алғанда, бұл қаржылық есептіліктің үш жылын қамтитын он сегіз аудиторлық қорытындысын қамтиды. KPMG бұл әдеттен тыс әрекетті Статидің қаржылық есептілігінде елеулі бұрмалаулардың бар екендігін куәландыратын деректерді қарастырғаннан кейін қабылдады. Бұл бұрмалаулар Стати тарапынан KPMG компаниясына берілген көрінеу жалған мәліметтерге негізделді. Ал Стати төрелік шешімді алу үшін KPMG аудиторлық қорытындыларына, жалған қаржылық есептерге және басқа да жалған алаяқтық ақпаратты басшылыққа алды.

Алайда, Стати мен KPMG арасындағы 2016 жылдың ақпанынан 2019 жылдың 3 қазанына дейінгі хат алмасудың бар екендігін және оның мазмұнын («KPMG жаңа хат алмасуы») Стати мен олардың адвокаттары соттардан, Республикадан жасырып, тек 2019 жылдың 25 қазанында ғана бұл мәліметті ашты. Тек қана сонда KPMG-дің 2016 жылдың ақпан айында күдікті әрекеттер, материалдарды бұрмалау және жалған есептерге қатысты Статиге хабарлағандығы белгілі болды. Сонымен бірге, Республиканың төрелік шешімнің күшін жою туралы өтінішін швед сотында қарау кезінде KPMG Статидің жалған мәлімдемесіне назар аударды. Стати KPMG-дің осы тұжырымдарын швед сотынан жасырып, Люксембург соты қазіргі уақытта сілтеме жасап отырған шешімді алды.

Қазақстан Республикасы өзінің Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі мүдделерін қорғауды жалғастырады, және ол Люксембургтың Кассациялық соты 2019 жылғы 19 желтоқсандағы Стати мен оның адвокаттарының бұрмалауларына негізделген қате шешімді жоққа шығаратындығына кәміл сенеді. Сонымен қатар, Қазақстан Брюссель апелляциялық сотының Статидің алаяқтық әрекеттерін және олардың Республикаға қарсы төрелік шешімді мәжбүрлі түрде орындауға қатысты Статидің болжамалы құқығына ықпалын қарастыруға дайындығын қолдайды. Есеп-қисап және ақшаны жылыстату саласындағы алаяқтық бұл істің барлық аспектілерін, барлық қатысты тараптарды, атап айтқанда, сот жүйесі заңсыз мақсаттарда пайдаланылатын жағдайлардағы қоғамдық мүдделерді қозғайтын айтарлықтай қылмыс болып табылады. Сондықтан еліміздің Әділет министрлігі Қазақстан Республикасы заң үстемдігін ұстанады және қазақстандық халықтың байлығы мақсатына сай емес, алаяқ-инвесторларды қанағаттандыру үшін пайдаланылуына жол бермейтіндігін баса айтып отыр. Сөйтіп, біздің пікірімізше, әр елдің өз әділетті төрелігі ғана  қара қылды қақ жарып, әділдікті айыра алады деп сенеміз.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар