Руханият • 10 Ақпан, 2020

Қоғам келбетін көрсеткен кейіпкерлер

669 рет көрсетілді

Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы өткен ғасыр басындағы қазақ даласындағы саяси жағдайларды, әлеуметтік мәселелерді, адамдар арасындағы қарым-қатынасты үлкен толғаныспен кең ауқымда өрген ірі шығарма. Бұл шығармасы үшін жазушы Кеңестер одағының Мемлекеттік сыйлығын алды.

«Қан мен тер» ең алдымен орыс тіліне, сосын әлемнің бір­неше тіліне аударылып, жер шары атты ортақ үйіміздің тілі мен діні басқа болса да, жаны ізгілікті аңсағанда әдебиет айдынынан сусындаған оқырмандарының көп­шілігінің қолына тиді. Бірақ сол оқырмандардың барлығы «Қан мен терді» жаны қазақ, қа­ны қазақ дәл өзіміздей түсініп, далалық болмыстан ажырай қой­маған кейіпкерлерін дәл біз сияқ­ты жақсы көріп, шынайы аяп, шынайы қабылдай алмаған болар? Қалай десек те ірі саяси-әлеуметтік роман болған соң «Қан мен тер» өз заманында аса таны­мал болды әрі ол шығарманы оқымаған немесе трилогия же­лісінде түсірілген «Қан мен тер» көркем фильмін сол тұста көр­меген қазақ баласы жоқ болуы тиіс. Еламан мен Ақба­ланың, Тә­ңір­берген мен Сү­йеу қарттың бейнелерін шынын айтқанда үйде немере бағып отырған менің шешем де ұмыта қойған жоқ.

Үлкен жазушының қаламынан шыққан әрбір бейне тасқа қа­шал­­ғандай айқындығымен, көр­некілігімен көз тартады. Мұнда елеусіз образ жоқ. Трилогияның дина­микасы өте жоғары. Дина­миканың жоғарылығы, әрі қарай бәсеңдемейтіні «ә» дегенде-ақ көрінеді. Өйткені бірді бірге айдап салып, одан ләззат алатын, айтқан әңгімесінің әрі қарай дереу кішігірім болса да оқиғаға ай­налуын тілейтін Қарақатынның үйге сүйреңдей кіруі әрі қарайғы оқиғалардың «оңай» болмайтынын байқатып тұр. Ошақ басына жетіп сырттың өсегін жет­кізетін немесе өсек айту үшін қайқы құйрығын бір қағып үй аралай жөнелетін Қарақатын жинақталған, әбден жетілген күшті бейне. З.Қабдоловтың «Сөз өнерінде» оған арнайы тоқ­талуының өзі көп нәрсені аңғар­тады. Сондай-ақ нәті жуас, болмысы адал Еламан, сырты сұлу, іші сұмпайы Тәңірберген, сөзге сараң, сезімге бай сұлу Ақбала, қандала шақса да, маса шақса да ойбайлап ес-ақылды алып жіберетін Судыр Ахмет, қара күш пен нәзік өнерді бойына тең дарытқан Кәлен, томырық Дос, сопысынған Алдаберген, несін айтасың, басқа да қаншама өзіне тән ерекшеліктері менмұндалап тұрған нағыз кейіпкерлерді жи­нақтаған осындай бай шығарма қазақ әдебиетінде бұдан кейін туа ма, жоқ па ол жағына сәуегейси алмаймыз. Бірақ ақтар қашып, қызылдар қуған тар кезеңге тән өте жоғары динамика ендігі шы­ғар­маларда болмауы да мүмкін.

Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Соң­ғы парызын» оқып шық­қандағы көңіл-күйіміз мүлде бөлек. Адам жанының қалтарыс-бұлтарысы неткен көп еді дейсің. Адамның туабітті болмысы ақи­қатқа, шындыққа іңкәр бола тұра неге бір-біріне қиянат жасайды деп налисың. Ақиқат, шын­дығыңыз белгілі бір уақытта са­наулы пысық адамдардың қитұрқы іс-әрекеттеріне тәуелді болған сияқты рай көрсеткенімен, соңыра қарасаңыз, ешкімнің басына тұрақтамаған тәкаппар бақ­тың кейпіне еніп, соңы «ит тартқан терідей жырым-жырым» тір­шілік­ті менсінбей кететін сияқ­­ты ма қалай? Қаламгердің Жәдігердің көзімен, Жәдігердің пайымдауымен берілген терең де нәзік психологизмі, яғни «Соңғы парыз» романы адам жанына үңі­лудің классикалық үлгісі іспетті.

Жалпы, өз басымыз қалам­гердің қос шығармасынан бір­шама ұқсастық таптық. Оған қоса елеулі ерекшеліктерді де айтпай кетуге болмайды. Әрине алғашқысы ірі саяси-әлеуметтік мәселелерді арқау еткен үлкен шығарма. Екіншісі де одан осал емес. Мұнда да адамның жан дүниесінен бөлек Арал проблемасы бар. Тартылып бара жатқан Аралды, оған қоса нәпақа іздеп туған жерден қотарыла көшкен халықтың жан айқайын жеткізеді. Тіпті «Сондай да бір түн болған» бөлігінде мұз үстінде қалып, тіршілік үшін күрескен үшеудің әрекеті арқылы Желтоқсан оқи­ғасының астарын көруге де болатындай ма? Бірақ біз іздеген ұқсастық пен ерекшеліктер не­гізінен кейіпкерлер желісінен бой көрсетті. Болмыстағы ар­тық­шылық пен мінездегі міндер арқылы көрінді. Иә, екі түрлі әдіс­пен жазылған екі бөлек роман. «Қан мен тер» реализм әдісімен жазылған классикалық туынды. «Соңғы парыз» төл әдебиетімізде тәуелсіздік жылдарында пайда болған психологизм әдісімен өрнектелген көрнекті шығарма. Алғашқысында қаламгер оқи­ғаларды сырттай тізбектесе, ке­йінгісінде оқиғалар бас кейіп­кердің ішкі әлемінде өтеді. Кейіпкер сол оқиғаларға өзінше баға береді, өзінше жориды. Рас, алғашқы шығармада кейіпкерлер өте көп. Кейіпкерлер галереясы өте бай. Соңғысында санаулы ғана кейіпкер бар. Екі шығармада екі бөлек заман, екі бөлек қо­ғам. Сөйте тұра болмыстағы ар­тықшылық пен мінездегі міннен де бөлек ұқсастықтар ре­тінде оқиғалардың бір өңірде өтуін атауға болады. Жер-су аттарындағы ұқсастық. Мысалы, Арал, Бел-Аран, Қаратүп сияқты атаулар қос романда да кездеседі. Екі шығарманың да кейіпкерлері адай, жақайым, әлім руларының кісілері. Қос шығармадағы да негізгі персонаждар балықшылар. Бас кейіпкерлер жөнінен айтқанда да «Қан мен тердегі» Еламан мен «Соңғы парыздағы» Жәдігер бір-біріне өте ұқсас бейне. Екеуі де жуас, адал, еңбекқор адам­ның символы. Тәңірберген мен Әзім ұқсайды. Серіліктері, ман­сапқұмарлықтары, кісіге жоғарыдан төмен қарай астамси қарайтындарына дейін ұқсас. Сондай-ақ күйеуі істі бо­лып, абақтыға жабылғанда сүй­ге­німен қашып кететін Ақ­бала мен күйеуін тастап ал­ғашқы жі­­­гітімен қосылуға ниет еткен Бәкизат бейнесіндегі ұқ­сас­тық та «менмұндалап» тұр. Судыр Ахмет пен Сары Шая бей­не­сіндегі ұқсастықты та ешкім жоқ­­қа шығара алмаса керек. Бі­рақ жоғарыда айтқанымыздай три­логиядағы кейіпкерлердің бәрі тастан қашап жасалғандай айқын, классикалық бейнелер де, соңғы шығармадағы ке­йіпкерлер ұқсастырылған, әл­сіздеу бейнелер сияқты әсер бе­реді. Бұл «әлсіздіктің» сырын өз басымыз кеңестік жүйеден іздедік. Орталық комитетке, бес­жылдық жоспарларға тәуелді адамдардың мінездеріндегі үлкен мін ретінде еркектің боркеміктігі, шарасыздығы алынған. Тіпті алдыңғы шығармадан мына шығармаға «тірі жеткен» Адай шалдың өзі Жәдігердің қас-қабағына қарап жаутаңдайды. Қызметінен алынған Әзім до­сының әйелі Бәкизаттың қойнына «тығылады». Жәдігер жалғыз қалып, мұң кешуге мәжбүр. Айтар сөзін дер кезінде айта алмайды. Жасауы тиіс әрекетті жасай алмайды. Қысқасы, мұндағы кейіпкерлер шідерлеулі аттар сияқты. Ал «Қан мен терде» қандай еді? Ең бір жуас деген Еламанның өзі намысын тап­татпайды. Балықшыларға тізесі батқан Федоровты өлтіріп қас­қайып қарап тұрмай ма? Еламан бастаған Кәлен, Тәңірберген, Қаратаз, Ебейсін, Жасағанберген, кіші Федоровтар бұлардың бәрі шетінен көкжал сияқты күрескер адамдар. Олардың әрекеттерінен еркіндіктің исі аңқиды. Қырдың кәдімгі еркін адамдары...

Нағыз жазушы өз заманының кейіпкерлерін сомдайды деп жүрміз. Өзі өмір сүрмеген қо­ғамның адамдарына тән мінез-құлықты, болмысты сурет­тей алатын қаламгерлерді хас талант десек жарасатындай. Он­дай қаламгерлер бізде өте көп емес екені де белгілі. Сол са­наулылардың бірегейі Әбдіжәмил Нұр­пейісовтің шығармалары қ­а­зақ әдебиетінің інжу-мар­жан­дары қатарында әлі талай-талай зерттеу­ге нысан болатыны анық.

Соңғы жаңалықтар

Келер жылы тариф көтерілмейді

Экономика • Бүгін, 08:19

Комиссия отырысын өткізді

Саясат • Бүгін, 08:04

Жасанды интеллект жәрдемі

Технология • Бүгін, 07:58

Аң-құсқа да қамқорлық қажет

Оқиға • Бүгін, 07:55

Жаңа аудандағы жасампаз іс

Аймақтар • Бүгін, 07:53

Ауылдағы сервистік әкімдік

Аймақтар • Бүгін, 07:48

Әлемді қызғылт сары етейік

Қоғам • Бүгін, 07:37

Елбасы және Қазақстан ғылымы

Елбасы • Бүгін, 07:27

Мұғалім жасаған сабын

Ғылым • Бүгін, 07:09

СКА-ға есе жіберді

Хоккей • Бүгін, 07:09

Абайдың 180 өлеңін жатқа айтады

Аймақтар • Бүгін, 07:08

Ұқсас жаңалықтар