Аймақтар • 22 Қыркүйек, 2020

«Блогер» болып бопсалағандар жазаланды

242 рет көрсетілді

Түркістан облысында полицейлер өзгелерді «блогермін» деп бопсалаған ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті. Жергілікті 17 тұрғын мен кәсіпкерлер қылмыстық топтың құрбаны болып отыр.

Блогердің өз аудиториясы мен қоғам алдындағы жауапкершілігі әрдайым маңызды. Жасыратыны жоқ, блогерлерді «бәлеқорға» теңеушілер де, қорқытып бопсалайтын алаяқ деушілер де жоқ емес. Журналистикаға ұқсастығы да, ақпаратты жеткізуде өзгешелігі де бар блогер атына айтылатын сынға шамданып қалатынымыз да рас. «Итің ұры» десе намыстанатын қазақпыз. Қарапайым халық блогер мен журналисті бір санайды. Журналистерді түрлі әрекетімен, кейде сауатсыздығымен ұятқа қалдырып жүргендері де жетерлік, мына оқиға да бізге ауыр тиіп отыр. Дегенмен мұндай қылмысқа барып отырғандар блогер емес, блогердің атын жамылған алаяқтар екені анық. Оқиғаға оралайық.

Түркістан облысы полиция депар­та­менті бастығының орынбасары полиция подполковнигі Құрманбек Сахов хабарлағандай, жергілікті 4 тұрғыннан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ 6 ай бойы Жетісай және Мақтаарал аудандарының аумағында заңсыз жұмыс істеген. Яғни жәбірленушілерге өздерін блогер, журналист және заңгер ретінде таныстырып отырған олар бопсалау мен алаяқтық арқылы жеке кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтардың ақшаларын иемденген. Жалпы алғанда, қылмыскерлер жәбірленушілерге 2 000 000 теңгеден астам шығын келтірген. Тіпті олар өз қызметіне заңдылық беру үшін тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес түрінде жалған қоғамдық ұйым ашқан. Сонымен қатар жалған куәліктер мен есімхаттар жасаған.

«Қылмыскерлер барлық әрекеттерді бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желілерде бейнежазбаларды жариялаймыз деп қорқытып, олардан ақша талап еткен. Мысалы, 2019 жылы Мақтаарал ауданында күдіктілер құрылыс алаңдарының біріне барған. Содан құрылыс жұмыстары сапасыз, бұзушылықтармен жүргізіліп жатыр деген сылтаумен құрылыс фирмасының басшысынан 500 мың теңге талап еткен. Басқа жағдайда, яғни өткен жылдың күзінде экологияны қорғау желеуімен жергілікті фирмалардың бірінің кеңсесіне келіп, директордан ай сайын 100 мың теңге көлемінде төлем талап еткен. Жәбірленуші өз кезегінде Жетісай АПБ-не арызданған. «Жасалған қылмыстардың ауырлығы мен бірегейлігін ескере отырып, қылмысты ашуға және тергеуге облыстық криминалдық полиция қызметкерлері мен тергеушілері аудандық полиция қызметкерлеріне көмекке жіберілді. Яғни, біз аудандық және облыстық полицияның үздік қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобын құрдық. Сотқа дейінгі тергеу аясында барлық қажетті жедел және тергеу шаралары жүргізілді, жеткілікті дәлелдер жинақталды және қылмыскерлер ақша алу кезінде ұсталды. Осы қылмыстық топтың әр қатысушысының 10 ай ішіндегі кінәсі толығымен дәлелденді. Сонымен қатар бұл топ ұйымдасқан сипатта бопсалау мен алаяқтықтың 17 жайтына қатысты болып шықты», дейді полиция подполковнигі Құрманбек Сахов.

Полиция департаментінің хабар­лауын­ша, қылмыстық топтың ұйым­дас­тырушысы мен мүшелері ҚР ҚК-нің 262-бабының 1-бөлігінде «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оған басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», 194-бабында «Қорқытып алушылық» және 190-бабында «Алаяқтық» көзделген қылмыстарды жасағаны үшін 10 және 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бір уақытта біреудің хоббиі, ерік­кен­дегі ермегі болған блог жазуыңыз бүгінде кәсіпке айналған. Рас, блогердің жазғаны мен жұмысын үстінен қарайтын бастығы, бекітілген жұмыс режімі жоқ. Дегенмен бүгінде елге танылып үлгерген, ақпарат таратуда өзіндік ерекшеліктері бар блогерлер өз ісіне, әр сөзіне жауап­кер­шілікпен қарап, тәртіпке, заңға ба­ғыну сынды талаптарды жадынан шы­ғар­майтыны анық.  Яғни «блогермін» дейтіндермен сөйлеспес бұрын жан-жақты тексеріп, анықтап алған, құқықтық сауатты арттырған жөн.  Осы орайда Түркістан облысының полицейлері азаматтарды қырағы болуға және түрлі алаяқтарға сенбеуге шақыруда.

 

Түркістан облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар