Парламент • 23 Қазан, 2020

Фонограмма қолдану заңмен реттеледі

8 рет көрсетілді

Әншілердің халық алдындағы тәртібі және фонограмманы қолдануы заңмен реттеледі. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдады.

 

Бұл заң бұрынғы заңнан өзгерек

М.Әшімбаев еліміздің мә­де­ниет саласын дамыту үшін бұл құ­жат­тың маңызы зор екенін атап өтті.

«Осы заң кітапхана және баспа ісін жетілдіруге, отандық электронды кітапхана қалыптастыру мен оның қорын кеңейтуге жағдай жасайды. Сондай-ақ мәдениет ұйымдары мен шығармашылық одақтардың жұмысын қолдауға және концерттік қызметті реттеу­ге мүмкіндік береді», деді Сенат Төрағасы.

Сондай-ақ М.Әшімбаев қабыл­­дан­ған заң ұлттық мәде­ни құнды­лық­тарымыз бен мұра­лары­мызды сақтауға ықпал ететі­нін де тілге тиек етті. Заңда зор­лық-зом­бы­лық­ты, ұлтаралық, діни, нәсіл­дік алауыз­дықты және қатыгез­дікті үгіт­­теуге бағытталған кез кел­ген кон­­­тентке тыйым салына­тыны көр­се­тілген. Мұның бәрі бұ­қа­ра­лық іс-шараларды ұйым­дас­тыру­шы­­ларға және әртістерге қатысты.

Заң жобасын сенаторларға та­ныс­тырған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова құ­жат мәдениет саласын дамытуға қо­лай­лы жағдай жасайтынын атап өтті.

«Жоба қамтыған негізгі ба­ғыт­тар – кітапхана және баспа ісі, мәдени-көпшілік іс-шара­лард­ы реттеу мәселелері және шығар­ма­­шылық одақтарды қол­дауға қатыс­ты түзетулер болып отыр. Соған сәйкес «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы», «Мәде­ниет туралы» және «Мем­­ле­кет­т­ік мүлік туралы» заңдар­ға түзе­тулер енгізіледі. Олар­дың негіз­гі блогы мәдениет саласына қа­­тысты», деп түсіндірді А.Райым­құлова.

Мәселен, заң жобасында элек­­трон­ды кітапхана саласына қа­­тыс­ты нормалар енгізілген. Ми­нистр­дің айтуынша, бұл қадам елі­міз­дің мәдени құндылықтары мен ұлт­тық мәдени игілігін элек­трон­дық форматта сақтауға мүм­кіндік береді.

«2007 жылдан бастап Ұлттық ака­демиялық кітапхана базасын­да Қазақстан ұлттық электрон­дық кітапханасының жобасы іске асырылып келеді. Соны­мен қатар бүгінде еліміздің элек­трон­дық кітапханасын іріктеу, қалып­тастыру, толықтыру және дамыту тәртібін айқындайтын заңнамалық база жоқ.

Қазақстан Республикасының мәдени құндылықтары мен ұлттық мәдени игілігін электрондық форматта сақтау бағытында айтылған ол­қылықтарды жою, сондай-ақ ха­лық­тың зияткерлік әлеуетін арттыру және қазақстандық ғылым мен мәде­ниетті танымал ету бойынша жағдайларды арттыру мақсатында заң жобасында электрондық кітапхана мәселелерін реттейтін нормалар көзделіп отыр», деді ведомство басшысы.

Құжаттың тағы бір бағыты кон­церттік, ойын-сауық іс-шара­ларын өткізу кезінде туындайтын бірқатар проблеманы қамтиды. Мә­селен, бұған дейін орындау­шы­лар концерт өткізу кезінде әдеп­сіз әрекет жасап, сахнада мас күйінде өнер көрсеткен сәттері болған еді. Сондай-ақ жос­пар­лан­ған кон­церт­терді бұзу, әдепсіз сөз­дері бар репертуар таңдау, көрер­мен­дер­ді хабардар етпей фонограмма пай­даланған оқиғалар да кезікті.

«Заң жобасы аясында заң­на­малық деңгейде орындаушы­лар­дың осындай мінез-құлқына жол бермеу бойынша бірқатар міндет­темелерді енгізу арқылы осы мәсе­лелерді барынша реттеуге тырыстық. Олардың ішінде ма­ңызды нормалардың бірі – музы­калық шығармаларды орындау­шы­лардың фонограммаларды қолдануы туралы көрерменді хабарлау. Фонограммаларды пайдалану тәртібі заңға тәуелді актіде айқындалады. Барлық жарнамалық өнімдерде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограмма пайдаланатын концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту таңдауын жасауға мүмкіндік береді. Билеттің құнына да әсер етеді», деді А.Райымқұлова.

Заң жобасының тағы бір ерек­шелігі, өңірлік мәдениет ұйым­да­ры­ның қызметін үйлестіру мақ­сатында ұсыныстар әзірлеу іспетті өңірлік көркемдік кеңестер құру көзделмек.

«Көркемдік кеңес жұ­мы­сы өз жемісін беріп келеді. Театр­лардың репертуары жақсарып, киножобалардың сапасы артты, әдебиет пен өнер шығармаларының да деңгейі артып отыр. Тұрақты негізде саланың даулы мәселелері талқылауға шығарылып, өз ше­ші­мін тапты. Сонымен қатар респуб­ликалық көркемдік кеңес аясын­да барлық саланың көптеген проб­лемалық мәселесін қамтудың мүмкін емесін тәжірибе көрсетіп отыр. Осыған орай, заң жобасында негізгі міндет өңірлік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру мақсатында ұсыныстар әзірлеу іспетті өңірлік көркемдік кеңестер құру көзделген», деді министр.

А.Райымқұлованың айтуынша, 2017 жылы енгізілген авторларға қоғамдық маңызы бар әдебиет үшін қаламақы төлеу тәжірибесі іс жүзінде ыңғайсыз қайшылықтарға соқтырған.

«Автордан әдебиеттерді сатып алу авторлық құқықтың барлық мерзіміне мемлекетке авторлық құқық беруді көздейді. Ол автор­дың өмір сүрген кезіндегі мер­зім және одан кейінгі 70 жыл. Бұл тұрғыда мемлекет әдебиетті оны мемлекеттік кітапханаларға өтеу­сіз негізде тарату үшін ғана сатып алатынын айта кеткен жөн.

Өз кезегінде автордың қай­та шығаруға немесе кітап дүкен­деріне сатуға немесе оны басқа жол­дар арқылы сатуға құқы жоқ. Бұл жағдайда мемлекеттің халық­қа мәдени өнімнің қолжетім­ділігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеті орындалмайды, керісінше шектеліп отыр. Осыған орай, жобада еліміздің кітапханаларына әдебиетті басып шығару және та­рату мақсатында автордан әде­биеттерді белгілі бір мерзімге са­тып алу қарастырылып отыр. Одан әрі автор оны басып шы­ғаруға және Қазақстан Республи­ка­сының заңдарымен тыйым салын­баған кез келген басқа жолдар­мен таратуға құқылы болады», деді ведомство басшысы.

Мәдениет және спорт министрі мемлекеттік кітапханалар мен музей­лердің ақылы қызметтеріне де тоқ­талды. Оның айтуынша, қолда­ныстағы заңда аталған меке­ме­лердің ақылы қызмет көрсетуін шектейтін мәселелер бар.

«Қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңда музейлер мен кітап­ханалар іске асыруға құқылы ақылы қызмет түрлерінің тізімі және олардан пайда табу тәртібі қарас­тырылған. Тізім сол кезде мемле­кеттік мекеме нысанында жұ­мыс істеген кітапханалар мен музейлерге құқық беру үшін заңға енгізілген болатын. Бюджет заң­намасының талаптарына сәйкес, егер ақылы қызметтер құқығы салалық заңдарда көзделмесе, коммерциялық емес болып табылатын мемлекеттік мекемелердің нысанында құрылған ұйымдардың мұндай қызметке құқығы жоқ.

Алайда бүгінде Қазақстанның көптеген музейі мемлекеттік кәсіп­орындарға айналған. Қолда­ныстағы заңда музейлер мен кітап­ханаларға табыс табуға мүм­кіндік беретін норма кәсіп­орындардың ақылы қызметтер көрсету аясын шектеп отыр.

Осыған орай, заң жобасында осы норманың қолданылуы мекемелер түрінде құрылған ұйымдарға ғана ұсынылып отыр. Кәсіпорындар «Мемлекеттік мүлік туралы» заң талаптары аясында іске асыратын болады. Сонымен қатар осы заң жобасы аясындағы ең маңызды нормалардың бірі – мемлекет жүз пайыз қатысатын ұйымдарды жекешелендіруге тыйым салатын түзету», деді А.Райымқұлова.

 

Тұрмыстық қалдықты өңдеу көлемі өте төмен

Сонымен қатар отырыста сенаторлар «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық акті­леріне қалдықтарды энергети­калық кәдеге жарату, су қорғау бел­деулері және жүктерді темір ­жол көлігімен тасымалдау мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады.

Сенат Төрағасы М.Әшім­баев­­тың айтуынша, Қазақстанда жина­лып қалған тұрмыстық қалдық­тардың жалпы көлемі 100 миллион тоннадан астам. Соған қара­мас­тан елімізде оларды қайта өңдеу дең­гейі өте төмен. Қазіргі таң­да бұл көрсеткіш 14,9 пайызды құрай­ды.

Депутаттардың бастамашы болуымен дайындалған заң жобасында көмуге жататын қалдықтардың көлемін азайту үшін оларды жағу арқылы электр энергиясын алу ұсынылған.

Сенаторларға заң жобасын Мәжіліс депутаты Құралай Қаре­кен таныстырды. Оның ай­туын­­­ша, құжат қатты тұрмыстық қал­­дық­тарды электр энергиясын алу мақ­сатында жағу жолымен қай­­та өң­деуге мүмкіндік беретін құ­­қық­­тық базаны қамтамасыз етпек.

«Жыл сайын елімізде шамамен 5 млн тонна қалдық пайда бо­лады, олардың тек 15 пайызы сұрыпталады, қайта өңделеді. Қа­зір осы міндетті іске асыру үшін бүкіл әлемде қоқыс жағатын ке­шендер жұмыс істейді. Бұл – қал­дықтарды көму көлемін азайту­дың тиімді тетігі. Бізде де электр энергиясын өндіру арқы­лы қоқысты термиялық өңдеу­мен айналысуға мүмкіндік бар. Мұн­дай тәсіл республикадағы полигон­дардың саны мен алаңын қысқар­тып, қалдықтарды жағудан эколо­гиялық және экономикалық нәтиже алуға мүмкіндік береді.

Осыған орай, заң жобасында Эко­логиялық кодекс, «Электр энер­­гетикасы туралы» және «Жа­ңар­­тылатын энергия көздерін пай­далануды қолдау туралы» заң­дарға түзетулер енгізу ұсыныл­ған», деді депутат.

Қоқыс жағатын зауыттардың қоршаған ортаға теріс әсерін азай­ту үшін қоршаған ортаны ластау­шы заттарды шектеу, соның ішін­де оларға мониторинг жасап, еуро­палық стандарттарға сай талап қойылмақ.

Сенат Төрағасы құжатта энергияны кепілді сатып алу тетігін қолдану мәселесі қарастырылып, ұсынылғанын да айтты.

«Жалпы, бұл заң жобасын қабылдау экологияға оң әсер ете­тіні анық. Өйткені құжат қалдық­тар­дың саны мен олардың поли­гонға келіп түсуін айтарлықтай қыс­қартады. Бұл олардың қорша­ған ортаға тигізетін зардабын тө­мен­детеді», деді М.Әшімбаев.

Заң жобасын қарау барысында сенаторлар оның маңыздылығын атап өтті. Соған орай депутаттар енгізілген түзетулерді тағы да пы­сықтау керек деп есептеп, құжатты Мәжіліске қайтарды.

Осы заң қатты тұрмыстық қал­дықтарды энергетикалық кәдеге жаратуға қатысты жобаларды іске асыру үшін құқықтық механизмдер қалыптастыруды көздейді. Оған қоса елді мекендерде су қорғау белдеулерінің шекараларын анықтау мәселелерін реттейді. Темір жол көлігі саласында «жүк» түсінігін нақтылау және уақытша теңгерім төлемін қолдану мерзімін ұзарту қарастырылған.

Сондай-ақ заң жобасында уә­кі­летті органның аукционға қаты­суға үміткерлерді алдын ала ірі­к­теу жөніндегі нормалар көзделеді.

Сонымен қатар Су кодексіне, «Темір жол көлігі туралы» және «Қа­зақ­­стан Республикасының кей­бір заң­намалық актілеріне темір жол кө­лігі мәселелері бойынша өз­ге­ріс­­тер мен толықтырулар енгі­зу ту­ралы» заңдарына түзету­лер енгізілді.

 

Мұнай-газ-химия саласын дамыту керек

Одан бөлек, отырыс бары­сында сенаторлар бірқатар депутат­тық сауал жолдады. Сенатор Сағын­дық Лұқпанов Үкімет басшы­сына жолдаған сауалында мұнай-­газ­химия саласын дамыту мәселесін көтерді.

«Осыдан он екі жыл бұрын Қазақ­­стан Республикасының мұнай-химия өнеркәсібін дамыту­дың 2008-2013 жылдарға арналған бағ­дарламасы әзірленген болатын. Алайда 2010 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде мұнай-газ секторын дамыту жөніндегі бағдарламаның қабыл­дануына байланысты алдың­ғы құжаттың қолданылуы тоқта­тылды.

Аталған мұнай-газ секторын дамыту бағдарламасында мұнай-га­з өндіру және көмірсутегін тасымалдауға басты назар аударылып, мұнай-химия өнеркәсібін дамыту мен реттеуде күтілген көр­сеткіштер енгізілген жоқ. Со­ның салдарынан бірінші бағдар­ламада көзделген этилен-гликоль, терефталь қышқылы, этил-бензол, поли-винил-хлорид, полистирол, полиэтилен-тереф-талат және бензол өнімдерін шығару іске қосылмай қалды», деді депутат.

Сенатордың айтуынша, бүгінгі таңда көмірсутекті ресурстары бар көршілес елдер өздерінің басым­дылығын іске асырып, мұнай-газ-химия өнеркәсібін қар­қын­ды дамытуда.

«Ресейде жылына 5,5 млн тонна­ полиэтилен мен полипропилен өн­діретін 12 мұнай-газ-химия кеше­ні жұмыс істейді. Жалпы қуа­ты жылына 7 млн тоннаға дейін болатын тағы алты мұнай-газ-хи­мия өнеркәсібі кластерін салу жос­парланған. Әзербайжанда полиэти­лен және полипропилен өндіру қуаты жылына 300 мың тонна, Түрікменстанда – 550 мың тонна, Өзбекстанда 600 мың тоннадан астамды құрайды. Ал Қазақстанда жылына небәрі 70 мың тонна полипропилен өндіріледі.

Мұнай-газ-химия саласының өнімі мультипликативті тиімділік беретіні белгілі. Полимерлі шикізаттан тоңазытқыштар, кондиционерлер, автомобильдерге арналған компоненттер, құрылыс және қаптама материалдары, т.б. өнімдері шығарылады. Салада құрылған бір жұмыс орны жеті қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, салынған бір доллар 2,3 доллар өсімді қамтамасыз етеді», деді С.Лұқпанов.

Депутаттың сөзіне сүйенсек, әлемдік трендтерге және ондаған жыл бойы экономиканы әрта­рап­тандырудың саясатына қара­мастан, Қазақстан мұнай-газ-химия саласын дамытуда белсен­ділік танытып отырған жоқ.

«Орташа және ұзақмерзімді перс­пективада көмірсутегі ­ре­сурс­та­ры­на ие елдер үшін мұ­най-газ-хи­мия өнімдері экс­порт­тың не­гізіне айналатынын на­зар­ға­ ала отырып, Қазақстан бә­се­ке­лес­тер­ден артта қалуды азайту­ жө­нін­де шаралар қабылдауы қажет.

Бұл үшін Қазақстан мұ­най-газ-химия саласының дамуын айқындайтын ұлттық жоба тү­рінде жекелеген директивалық құжаттың қабылдануы қажет. Қабылданатын Ұлт­тық жоба табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, қосылған құ­ны жоғары және түпкілікті отан­дық полимер өнімін өндіруге – им­портқа тәуелділікті төмендетуге және жоғары қайта бөлу өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді», деді сенатор.

Депутат Сергей Ершов ұлттық архив қорының сақталуын қамта­ма­сыз етуге назар аударып, ұлттық мұрағат қоры мен мұрағаттарды қалыптастыру және сақтау мәселе­лерін жедел шешу қажет деп са­найды. Премьер-Министрге депу­тат­тық сауал жолдаған сенатор­дың айтуынша, екі жыл бұрын қа­­былданған заңдарға түзету­лер енгізілгенімен, бұл салада әлі күнге дейін ілгерілеу болмай тұр.

«Мұрағат қорын толтыру және мемлекеттік мұрағат мекемелерін іріктеу көздерінің өсімі 20 жылда екі еседен асты. Айта кету керек, көптеген мемлекеттік архив тиісті жабдықтардың жоқтығынан сақтандыру қорларын құра алмай келеді. Қоймалардың көпшілігі 100 пайыз жүктелген, құжаттарды әрі қарай қабылдауға және сақтауға орын жетіспейді. Ал мемлекеттік архивтердің ғимараттары жиірке­нішті күйде. Осыған байланыс­ты, еліміз аймақтарында типтік мамандандырылған ғимараттар салу мүмкіндігін табу керек немесе мәселені басқаша шешуді ойластыру керек», деді С.Ершов.

Депутат мұрағат ісі саласында білікті кадрларды даярлау да қажет екенін айтып, ұлттық архив­терді мемлекеттік деңгейде қорғау мәселесіне тоқталды.

«Бүгінгі күні облыстық (аудан­дық, қалалық) мемлекеттік архив­тердің ғимараттарын қорғауды жеке күзет ұйымдары, сондай-ақ мұ­рағат мекемелерінің жеке құра­мы немесе ғимарат иелері таңдай­тын күзет ұйымдары қамтамасыз етеді», деп атап өтті С.Ершов.

Мәдениет және спорт министр­лігінің құрылымында болатын мемлекеттік мұрағаттардың екінші орында болуына сенатор көңілі толмай отыр.

«Осы саладағы кейбір мәселе­лерді шешу үшін 2020-2025 жыл­дарға арналған «Архив-2025» жоба­сын іске асырудың кешенді іс-ша­ралар жоспары бекітілді. Оны іске асыруға 14,1 миллиард теңге қарастырылды. Алайда жос­парды іске асыруға арналған бюд­жет­тік өтінім Республикалық бюд­жеттік комиссияның отырысында ма­құлданбады», деді депутат.

Сенатор Үкімет басшысынан кешенді жоспарды жүзеге асыруға және министрлікте жаңа комитет немесе ұлттық мұраны сақтау үшін жауап беретін тәуелсіз құрылым құруға қаражат бөлуді сұрады.

 

Соңғы жаңалықтар

Бір аптада 221 қылмыс

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар