Пікір • 23 Қазан, 2020

Ауыл өркендесе, халықтың да дәулеті артады

45 рет көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жол­дауында: «Ауыл шаруашы­лығын дамытпай, бәсекеге қабі­летті экономика құру мүмкін емес» деді. Шындығында, әртүрлі табиғи-климаттық аймақ­тарда орналасқан біздің ұлан-байтақ жер ресурстарымыз – бәсекеге қабілетті табиғи артықшы­лы­ғымыз.

 

Ауылдық жерлердің бүгінгі ахуалы қандай? Онда тұратын халықтың тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы қандай деңгейде? Егер 2011 жылы бізде ауыл халқының үлесі 45,4% құраса, қазір бұл көрсеткіш 41,3%-ға тең. Әсіресе оның экономикалық белсенді бөлігі үлесінің күрт төмендеуі алаңдатады. Мәселен, соңғы 10 жылда еңбекке қабілетті жастағы адам саны 4,1-ден 3,8 млн адамға дейін төмендеген және керісінше осы кезеңде зейнеткерлік жастағы адамдар 190 мыңға немесе 33%-ға өскен. Жылдан жылға халықтың ауылдық жерден көшуі өсіп келеді. Өткен жылы жарты миллионнан астам адам ауылдан қалаларға қоныс аударған.

Бұрын ауылда бала туу деңгейі қалаға қарағанда әрқашанда жоғары болатын. Ал соңғы алты жылда бұл көрсеткіш ауылдық жерлерде төмендеп кетті.

Ауыл тұрғындарының ішінде жұмыс­пен қамтылғандар саны 3,6 млн адамды құрайды: 2,3-млн – жалдамалы жұ­мыс­шылар, 1,3-млн – өз бетінше жұмыс жасап жүргендер. Статистика мәліметтері бо­йынша, 2019 жылы ауылдағы жан басына шаққандағы табыс айына 45 829 теңгені құраған (қалада – 66 207 теңге). Ал біз жүр­гізген сауалнама нәтижелері бойынша, ауыл тұрғындарының табыстарын бағалау одан да аз,  айына – 35 349 теңге. Айта кету керек, ортақ жиынтық төлемді төлеуші 3,6 млн адамның 2 миллионы немесе 56,2%-ы
ауыл­дарда тұрады. Сондай-ақ табысы күн­көріс деңгейінен төмен, аз қамтылған отбасы­лардың көпшілігі ауылдық жерлерде, олардың үлесі – 6,6%. Бұл – қалаға қара­­­ғанда 2,5 есе көп. Осылайша еліміздің кедей және күнкөрісі төмен отбасылардың негізгі бөлігі ауылдық елді мекендерде тұрады.

Ауылдық елді мекендердегі инфра­құ­рылымның жай-күйіне келер болсақ, онда алғашқы медициналық көмектің өзіне ауыл тұрғындарының барлығы бірдей қол жеткізе алмайды. Алдағы уақытта ауылда 150 жаңа денсаулық сақтау нысандарын (дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер) ашу қажет. Ауылдық жерлерде кли­ни­калық мамандықтар кадрларына қа­жет­тілік 900-ден астам адамды құрайды, бұл ретте қалада 10 мың адамға 56 дәрігерден келсе, ауылда 16 немесе 3,5 есе аз.

Ауылдық аймақтардағы білім беру нысандарына қажеттілік 312 бірлікті құрайды, 32 мектеп – апатты жағдайында, 86-сы – үш ауысымды. Мұнда 2 240 педа­гог жетіспейді, бұл еліміздегі жалпы қажеттіліктің 75%-ын құрайды. Әсіре­се ауыл мектептеріндегі білім беру мә­се­лелері қатты алаңдатады. Оқушылардың жетістіктерін сырттай бағалау нәтижелері бойынша қалалық және ауылдық оқушылар арасындағы білім сапасының айырмашылығы орташа есеппен 8 балды құрайды, ал PISA нәтижелеріне сүйенсек, қала мен ауыл арасындағы білім сапасында 22-ден 37 балға дейінгі алшақтық бар. Ұлттық бірыңғай тест нәтижелері  ауыл мектептерінің түлектері қалалық оқушыларынан орта есеппен 5-6 балға артта қалып отыр. Сондықтан да ауылдық жердегі орта білім беру сапасының төмендігінен көптеген дарынды балалар жоғары оқу орындарына мемлекеттік гранттар алуға ие бола алмайды. Еліміздегі 22 ауылдық ауданда, тіпті колледждер де жоқ. Осылайша ауыл жастарының бір бөлігі жоғары және кәсіптік білім алудан тыс қалуда, ал мемлекет өзінің басты байлығы – құнды адами капиталын дамыта алмай отыр.

1

Ауылдарда 550 мәдени нысандар, спорт залдары жоқ, 150-ге жуық кітапханалар жетіспейді. Бұл жерде айта кету керек, ауылдық елді мекендердегі мәдени-спорттық инфрақұрылымдарының даму көрсеткіштері әкімдерді бағалайтын критерийге кірмейтіні түсініксіз. Ауылдық елді мекендердің тек 64%-ы ғана орталық құбырлар арқылы ауыз сумен қамтамасыз етілген, жергілікті маңызы бар жолдардың жартысына жуығы жөндеуді талап етеді, ауылдық елді мекендердің тек 20%-ы газбен қамтылған.

Бізге берген ақпарат бойынша ауыл­дардың 69%-ы интернет желісіне қол жет­кізе алған. Бірақ ауыл тұрғындары арасында жүргізілген әлеуметтік сауалдама қорытындысы көрсеткендей, барлық рес­понденттер интернеттің төменгі сапасына және оның жаман жұмыс істеп тұрғанына шағымданған. Олардың ешқайсысы да ауылда интернет жақсы істеп тұр деген жауап бермеген.

Телемедицина, қашықтан оқыту, ауыл шаруашылығын цифрландыру ауыл­дың көптеген жүйелі мәселелерін шеше­тіні анық. Олай болса, ауылдық жерлер­де сапалы интернет-байланысын ұйымдас­тыру Үкімет жұмысындағы басымдыққа айналуға тиіс.

Сауалдамаға қатысушылар ауылдық жердегі ең басты қиындық ретінде жұмыс­сыз­дықты, жұмыс орындарын ашу керек­тігін атап көрсеткен. Еңбекке қабілетті адам­дардың 40%-ы болашақта қалаға көшуді жоспарлап отыр.

1

«Дипломмен – ауылға!» бағдарла­ма­сының жүзеге асырылуы да бізді қатты алаңдатады. Егер аграрлық мамандықтар бойынша мемлекеттік гранттармен оқыған түлектердің жыл сайын тек 30%-ы ғана ауылға жұмысқа орналасатынын ескерсек, онда бюджеттен бөлінген 7 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылып жатқанын байқауға болады. Бұл бағытта жастардың ауылдық жерлерге тұрақтануы үшін қажетті жағдай жасап, мемлекеттік бағдарламада жоспарланған қолдау шараларын толық көлемде орындап, көршілес Ресей мен Беларусь мемлекеттері сияқты ауылға қоныс аударушылар үшін тұрғын үйлер салуды қолға алу қажет.

Аграрлық мамандықтар бойынша бітіруші курс студенттері арасында жүргізілген сауалдама қорытындысы көрсеткендей, олардың 72%-ы ауылдық жерлерге жұмысқа барғысы келмейді. Басты себептері: қаладағыдай жағдайдың болмауы, жалақының төмендігі және тұрғын үймен қамтамасыз етілмеуі.

1

Қазіргі уақытта ауылдық аймақтарды дамыту «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында реттеледі. Әрине, оны жүзеге асыру барысында ауылдардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуда, көптеген жетістіктерге қол жеткізілді.

Біздің сараптамалық талдауымыз көрсеткендей, бұл жобаның біраз кем­ші­ліктері бар. Біріншіден, ауылдық аумақ­­тарды дамыту мәселелерінде орта­лық және жергілікті атқарушы орган­дар­дың жұмыстарының нақты үйлес­ті­ріл­ме­гендігі және бұл процеске жер­гілікті өзін-өзі басқару органдары мен жергілікті қоғамдастықтардың тартыл­ма­ғандығы. Екіншіден, солардың бәрін экономиканың аграрлық секторын да­мытудың мемлекеттік саясатымен тікелей байланыстыра алатын бірыңғай жүйенің іс жүзінде жоқтығы.

Бұл жұмыста дамыған елдердің тәжі­рибесіне сүйену орынды. Өйткені бізді күтіп тұрған мәселелерді ол елдер әлдеқашан бастан өткерген. Эконо­ми­калық ынтымақтастық әрі даму ұйымдары елдерінің пікірінше, мұндай бағдарламалар федералды министрліктер әзірленген «кабинеттік шешімдерге» негізделмеуі керек. Оларда ауыл тұрғындары елді мекенін дамытудағы басым бағыттарды өздері белгілейді. Екіншіден, мемлекеттік органдар жергілікті бастамаларды іріктейді және бірлесіп қаржыландырады. Тек, жергілікті биліктің осындай белсенділігі мемлекеттің осы аумақты дамытуға қатысуына негіз бола алады. Үшіншіден, мұндай бағдарламалардың көпшілігінде жұмыс орындарының болуы және оларды құру мүмкіндігі ауылдық елді мекен әлеуе­тін бағалаудың басты критерийі болып табылады. Бұл – олардың бізге қарағанда, ауылдық аймақтарды басқарудағы басты артықшылықтары.

1

Сонымен қатар бізде жобаны бірың­ғай үйлестіруде мәселелер баршы­лық. Нақтылап айтсақ, мемлекеттік орган­дардың жұмысында алшақтықтар орын алған, олардың әрқайсысы өз жұмыс учаскесіне ғана жауап береді. Парла­менттік тыңдауларға материалдар да­йындау кезінде, біз Ұлттық экономика министрлігі, салалық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер ұсынған статистикада айтарлықтай айырмашылықтарды байқадық. Мәселен, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде 55 млрд теңге Ұлттық экономика министрлігінің крите­рийлері бойынша даму әлеуеті жоқ ауылдардың инфрақұрылымын қаржы­ландыруға жұмсалған, 2019 жылы республикалық бюджеттің 4,2 млрд теңге көлеміндегі қаражаты қолданыстағы ауыл нысандарын ағымдағы жөндеуге (стадион трибуналарын жөндеу, жағалауларды абаттандыру, тротуарларды, ғимараттардың фасадтарын жөндеу) бағытталған. Оны Есеп комитетінің тексеру нәтижелері де дәлелдеп отыр. Бағдарламаны іске асыруда жүйеліліктің жоқтығын келесі мысал­дан да аңғаруға болады: 2010 жылы 183 ауылдық елді мекенге ауыз су тасы­малдау арқылы жеткізілген болатын. Арада 10 жыл өтіп, ауылдық жерді дамы­ту үшін миллиардтаған қаржы бөлін­геніне қарамастан, бүгінгі таңда әлі де болса 105 ауылдық елді мекен ауыз су­мен бұрынғыдай тасымалдау арқылы қам­тамасыз етіліп отыр.

Осындай олқылықтар «Ауыл – ел бесігі» жобасының қаржылық бөлігін әзір­леудегі кемшіліктерден де туындаған. Ол контурлы түрде, тек болжам бо­йынша жасалған. Себебі оны дайындау кезінде ауылдық елді мекендердің санаттары бойынша олардың әлеуметтік нысандарын, инженерлік және басқа инфрақұрылымдардың қажеттілігін анықтау үшін, ешқандай терең зерттеу жұмыстары жүргізілмеген және мұндай жұмыстар тек келесі жылға жоспарланған.

1

«Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша Есеп комитеті жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелерінің негізінде жобада қолданылатын тәсілдің еңбек идеологиясын ілгерілетуге және ауылдық елді мекеннің экономикалық әлеуетін дамытуға әсерін тигізбейді деген қорытынды жасап отыр. Сонымен қатар объектілерді салуда жүйенің жоқтығы бюджетке одан әрі ауыртпалық әкеледі.

Ауылдық аймақтарды дамыту жұмыс­тарын тиімді жүргізу үшін келесі ұсы­ныстарды енгіземіз:

Біріншіден, Үкімет ауылдық аймақ­тарды дамыту бағдарламасының тұжырым­дамасын түбегейлі қайта қарастыруы қажет. Осы орайда ең алдымен, ауылдық аймақтарды дамыту мәселелерін өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған қазіргі Мемлекеттік бағдарламасынан бөліп алып, жеке құжатпен ауылдық аймақтарды дамыту жөніндегі ұлттық жоба ретінде қабылдау қажет.

Екіншіден, ауылдық аймақтарды дамыту мәселелерін басқаруды Ұлттық экономика министрлігі қарамағынан алып Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру керек. Себебі ауыл өндірісі мен ауылдық тұрғындарға оңтайлы жағдай жасауды дамыту ортақ мәселенің құрамдас бөлігі және оны бөліп-айырудың қажеті жоқ. Ұлттық экономика министрлігіне жалпы үйлестіру функциясы қалады. Сонымен қатар бұл – бүкіл әлемдік тәжі­рибе, сондықтан осы бағытты біз де берік ұстануымыз керек. Еуропаның көпте­ген мемлекеттерінде Канада, Аустра­лия, Ресей және Беларусь секілді аграр­лық елдерде ауылдық жерлерді дамыту мә­се­лесімен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысады.

Үшіншіден, ауылдық елді мекендерді жіктеу кезінде өндірісті дамыту әлеуеті мен жаңа жұмыс орындарын құ­ру мүмкіндігі, сондай-ақ ауыл тұрғында­ры­ның жұмыспен қамтылуы, оны балама нысандар есебінен арттыру жолдары басты көрсеткіштер болуы тиіс.

Төртіншіден, ұлттық жобаны қаржы­лық қамтамасыз ету қағидаттарын түбе­гейлі қайта қарастырған жөн. Бұл жерде ауылдық жерлердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту процессіне қатысқан мемлекеттік емес құрылымдардың шығындарын субсидиялау (бірлесіп қаржыландыру) арқылы осы іске жеке капиталды барынша тартудың маңызы аса зор. Сонымен қатар осы жұмысқа қоғамдастық пен жергілікті өзін-өзі басқару органдары бірлесіп қатысса, онда ол ауылдық елді мекенде салынатын әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарға тұрғындар тарапынан сұраныстың бар екенін анықтайтын ең шынайы және сенімді көрсеткіші болып табылатыны анық. Осындай ұстаным арқылы ауылшаруашылық маман­дарын даярлау және де оларды ауылдық жерлерде тұрақтандыру мәселе­лерін шешуге болады. Басқа елдерде­гідей, агроқұрылымдардың студент­терді ЖОО-да оқытуға жұмсаған қаражат шығын­дарын субсидиялауға қол жеткізу қажет. Сонымен қатар білім беру гранттарындағы, ауылдық квотаны 30%-дан кем дегенде 50%-ға дейін көбейту керек. «Серпін» жобасы аясында оңтүстік облыс жастарын солтүстік өңірдің жоғары оқу орындары мен колледждерінде оқыту квоталарын ұлғайту мәселесі қарастырылуы тиіс және оларды бітірген түлектеріне «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған жағдайларды жасау керек.

Ауылдарға көшіп келетін жас­тар­ға жаңа тұрғын үйлер салуды қарас­тыр­ғанымыз жөн.

Бесіншіден, ауыл шаруашылығын мемлекет тарапынан қолдауды күшейту қажет. Берілетін субсидиялардың мөлшерін әртүрлі климаттық белдеуге байланыстыру арқылы шаруашылықтардың бірдей бәсекелік жағдайда болуына жол ашу керек. Бұның оңтайлы қоныстандыру мен елдің оңтүстіктен солтүстікке көшуіне оң әсерін тигізетін тиімді тетік болары сөзсіз.

1

Ауылдық бизнесті несиелендіру де маңызды сұрақтар қатарында. Осы бағытта «ҚазАгро» және «Бәйтерек» қаржы институттарының рөлін күшейту маңызды. Президент Жолдауында 1 млн ауыл тұрғыны табысын тұрақты түрде көтеру міндеті қойылған болатын. Осы маңызды жұмыстың нақты механизмін тезірек анықтауымыз керек.

Ауыл әрқашан халқымыздың тілі, мәдениеті мен руханиятының бесігі болып қала береді. Елбасының сөзімен айтқанда: «Қазақтың діні де, тілі де, ділі де ауылда». Бүгінгідей қоғамның рухани жаңғыруы кезеңінде ауыл жаңа келбетке, ал оның рухани өмірі уақыт шындығы мен талаптарына сай келетін жаңа мазмұнға ие болуы тиіс. Ал бұл міндеттерге сәйкес біз ауылды дамытуды мемлекеттің басым бағыты ретінде қарап, оған керекті қаржыны бірінші кезекте бөлуіміз қажет.

 

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

Парламент Сенатының депутаты

 

Соңғы жаңалықтар

Бір аптада 221 қылмыс

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар