Хоккей • 23 Қазан, 2020

Фин камбэгі

3 рет көрсетілді

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынын «Барыс Аренада» өткізген елорданың «Барысы» «Йокерит» (Финляндия) командасынан овертаймда жеңіліп қалды.

Жалпы спортта жеңіс пен жеңі­лістің қатар жүретіні белгілі ғой. Бірақ «Барыстың» кешегі жеңілісі командаға да, жанкүйерлерге өте ауыр тиді. Матч бойы ойын жағынан да, гол соғу бойынша да қарсыласынан алда тұрып, кездесу соңында жеңіліп қалу қашан да оңайға соқпайтыны белгілі. Ойынның үшінші кезеңінің басында 4:0 есебімен алда тұрған жерлестеріміз айналдырған 15 минуттың ішінде 4 шайба өткізіп алды.

Алғашқы 20 минутта екі команда бір-бірінің қақпасына шай­ба соға алмағанымен, біздің жігіт­тер кездесуді тамаша бастады. Алғашқы минуттан шабуыл ше­бінде сенімді ойын көрсетті. Үзілістен кейін іске кіріскен «Ба­рыс» хоккейшілері ә дегеннен екі шайба соғып, екінші кезеңді сәтті бастады. Кездесудің есебін 25-минутта «Барыстың» төртінші төрт­тігінде өнер көрсететін Егор Пету­хов ашты. Арада 12-минут өт­кенде Аркадий Шестаков мерген­дігімен көзге түсіп, таблодағы көрсеткішті еселей түсті. Екінші кезеңді жеңіспен түйіндеген жерлестеріміз үшінші кезеңнің алғашқы 5 минутында білгенінен жаңылған жоқ. 42 және 44 минуттарда «Барыстың» швециялық екі легионері қатарынан екі шайба соғып, есепті 4:0-ге жеткізді. Бұл голдардың авторлары – Якоб Лилья мен Линус Виделль.

Төртінші голдан кейін жер­лес­теріміз жеңіске жететініне сенімді болып, мұзайдында өздерін еркін ұстай бастады. Осының салдарынан «Йокерит» тарапынан гол­дар шеруі басталды. Алғаш Петер Регин мергендігімен көзге түс­се, кейіннен дубль авторы атан­ды. Сонымен қатар Томми Кивис­тё мен Микко Лехтонен бір-бір­ден шайба соқты. Ал қосымша уа­қытта Давид Скленичка «Ба­рыс» қақпасын дәл көздеп, командасына тамаша жеңіс сыйлады.

Соңғы жаңалықтар

Бір аптада 221 қылмыс

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар