Саясат • 23 Қазан, 2020

Мемлекеттік қызметшілерге талап күшейеді

17 рет көрсетілді

Соңғы жылы мемлекеттік қызмет саласын ілгерілетуге қатысты бастамалар жиі көтеріліп жүр. Ел Президенті халыққа Жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін ұсынып, салаға көптеген жаңашылдық енгізу керектігін баса айтқан еді. Одан бөлек жақында мемлекеттік қызмет­шілерге сыйлық беруге тыйым салу нормасы күшіне енгені тағы бар.

 

Ол бойынша мемлекеттік қызметші мен оның отбасына сыйлық беруге болмайды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жаңа ереженің қалай жү­зеге асатынын түсіндіріп берген еді. Бұл норма 6 қазанда Президент қол қой­ған «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңында қарас­тырылған. «Мемлекеттік қызмет тура­лы» заңда осыған дейін де қызметі үшін сыйлық алуға болмайтыны нақты көр­се­тілген еді. Ал Азаматтық кодексте құны 10 АЕК-тен асатын сыйлық беру­ге бол­майды деген тұжырым болды. Тү­сін­бестік тудырған дәл осы нәрсе еді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі  төрағасының  орынбасары Дархан Жазықбаев заң нормасының саладағы сыбай­лас жемқорлықты жоюға бағыт­талғанын айтады.

«Мемлекет басшысы қыркүйек айын­дағы халыққа Жолдауында сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес жауапқа тар­тылудан қорыққан шенеуніктерді дербес­тік, бастамашылдық және жедел әре­кет ету қасиеттерінен айырмауы тиіс екенін ескертіп, сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күресуге қатысты нақ­ты тапсырмалар берген болатын. Осы орайда жарияланған заңның қол­да­нысқа әлі енгізілмегеніне қара­мас­­тан, оның жалпы алғанда сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы қолданылып жатқан іс-ша­ралардың тиімділігін арт­тыруға бағыт­талғанын ескере отырып, осы заңның маңызын, оның қойып отырған талаптарын халық арасында белсенді түсіндіру  орынды», деді Д.Жазықбаев.       

Мемлекеттік қызметшіге және оның отбасы мүшелеріне келіп түскен бар­лық сыйлықтар, тіпті олардың ха­бары­нсыз келген сыйлықтар да жеті күн ішінде мемлекеттік мүлікті бас­қару­шы органға берілуі тиіс. Бұл сый­лық­тарды белгіленген тәртіппен сатып алу мүмкіндігі де сақталады. Алай­да бұл тыйымды жұмыстағы жетістік­тері үшін заңды жолмен берілген сыйлық­тармен шатастырып алмау маңызды.

Заңда сыйлықтарды мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға беру, сыйлықтарды бағалау және сату мәселелері де нақтыланған. Жер­­гілікті атқарушы органдар енді бұл мә­се­лелермен айналыспайды. Қыз­мет­­шінің немесе оның отбасы мүше­лері­нің хабарынсыз шотқа түскен ақша анық­талғаннан кейін 2 апта ішінде мән-жайды түсіндіре отырып, рес­пуб­ли­калық бюджетке аударылуы тиіс екен.

Дархан Жазықбаевтың айтуынша, Азаматтық кодекстің 509-бабына енгізілген өзгеріске сәйкес мем­лекеттік қызметшіге кез келген құн­ды сыйлықтарды сыйға тарту­ға ты­йым салынады. Яғни Азамат­тық кодекс­тің аталған бабының мемле­кет­­тік қыз­метшіге қатысты сыйға тарту мә­се­лелерін реттейтін ереже­лері қай­та қа­ралып, оның талаптары өзге заң­нама­лармен, оның ішінде, Қылмыстық және Әкімшілік кодекстермен сәйкес­тендірілген. Енді осыған байланыс­ты, Қылмыстық кодекстің «Пара беру» 367-бабына сәйкес мемлекеттік функ­­цияларды атқаруға уәкілетті тұл­­ғаларға, оларға теңестірілген тұл­­ғаларға, жауапты мемлекеттік лауа­зым­ды атқаратын тұлғаларға немесе лауазымды тұлғаларға бұрын жаса­ған заңды әрекеттері үшін құны 2 айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлықтар тарту ету қылмыстық жауап­кершілікке жатады. Бұған қоса сый­лық беру немесе алу әкімшілік сыбай­лас жемқорлық құқықбұзушылық болуына байланыс­ты кодекстің 676, 677, 678-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

«Агенттік мемлекеттік қызмет сала­сын­дағы уәкілетті орган ретінде атал­ған заң нормаларының орындалуы бо­йын­ша профилактикалық және түсінді­ру жұмыстарын жалғастыра береді. Мем­лекет­тік қызметшілерге қандай да бір сый­лық берудің заңға қайшы екенін қоғам­да кеңінен насихаттау қажет», деді агент­тік  төрағасының  орынбасары.

Сыйлықтар Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне және оның аумақтық ор­ган­дарына тапсырылады. Ал коми­тет алмайтын кей сыйлықтарды аудан­дар­дың, облыстық маңызы бар қалалар­дың жергілікті атқарушы органдары қабылдай алады. Мұндай сыйлар қатарына жер учаскелері, төрт түлік мал, жемшөп, азық-түлік тауарлары, астық, ағаш материалдары, дәрі-дәр­мек, минералдық шикізат, пайдалы қаз­балар, пестицидтер жатады. Ал жыл­жымайтын мүлік, көлік, этил спирті және алкоголь өнімі, темекі өнімдері, өнеркәсіп тауарлары, мұнай және оны қайта өңдеу өнімдері, бағалы қағаздар, жарғылық капиталға қатысу үлестері, техникалық құрылғылар, баға­лы металдар, асыл тастар және олар­дан жасалған бұйымдар Қаржы ми­нистр­­лігінің Мемлекеттік мүлік және жеке­шелендіру комитетінің аумақтық органдарына тапсырылуы керек.

Бұл заңнамалық шектеулер мемле­кеттік қызметшінің жеке өміріндегі отбасылық салтанатты іс-шараларда жақындары мен туыстары берген сыйлықтарға қатысты емес, әрине.

Заңнамаға енгізілген тағы бір жаңа­лық – туыс адамдардың бірге жұмыс істеуіне жол берілмеуі. Бұл туралы Агент­тіктің заң департаментінің директоры Мақсат Мусин түсіндіріп берді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдарға сәйкес мемлекеттік қызметшілердің жақын туыстары, жұбайлары немесе жекжаттары бір-біріне бағынатын лауазымдарда қызмет ете алмайды. Сондай-ақ кез келген адам мемлекеттік жұмысқа орналасарда сол мекемеде жақын туыстарының барын жазбаша хабарлауы керек екен.

Жаңадан қабылданған заң нормалары мемлекеттік қызмет саласында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуді көздеп отыр. Бұл Қ.Тоқаев халыққа Жол­дауында айтқан мемлекеттік бас­қару жүйесіндегі реформалардың бас­та­масы болса керек. Президенттің «Ең ал­дымен, мемлекеттік басқаруға, кадр сая­сатына, шешім қабылдау жүйе­сіне және оларды орындау жауап­кер­шілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастауымыз керек» дегені жылдар бойы қалыптасқан жүйеден шығып, жаңа заманауи тәсілдерді қолдануға қызметкерлердің және халықтың ашық болуын меңзейді. Өйткені саладағы ескі көзқарастағы ұстанымдар жаңа ре­формалардың біреуін де тиімді жү­зеге асыруға мүмкіндік бермейтіні сөз­сіз. Бұл жолда ең алдымен, қорда­лан­ған мәселелердің бірі сыбайлас жем­қор­лықты жою басты міндетке айналды.

Барлығы бір күнде өзгере қоймайты­ны секілді, жаңа өзгерістердің заң шең­­берінде қадағаланып қоймай, қыз­­мет­шілердің күнделікті этикалық ұста­ны­мына айналатын күні де алыс емес болар. Бұл ретте тек мемлекеттік қыз­мет­шілерді өзгертуге тырысу – әурешілік. Реформаның халық пен қызметшілер арасында екіжақты орындалуы аса маңызды. Сол себепті де қоғамда тұр­ғын­дарға мемлекеттік қызмет үшін сый­лық берудің қалыпты жағдай емес еке­нін түсіндіріп, мұның салдары заң шеңберінде қаралатынын кеңінен насихаттаған жөн. Күрмеуі қиын мә­селерді шешуге кеткен уақыт емес, арам­шөп секілді қоғамды жайлаған проб­леманы тамырымен шабуға басым­дық берілгені құптарлық.

Соңғы жаңалықтар

Бір аптада 221 қылмыс

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар