Руханият • 23 Қазан, 2020

Жошы – қазақ хандарының атасы

584 рет көрсетілді

Өткен жылдың тамыз айында Жезқазған өңірінде ұйымдастырылған «Ұлытау- 2019» халықаралық туризм форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шыңғыс ханның үлкен ұлы, Алтын орданың негізін қалаған Жошы хан есімін ұлықтау мәселесіне ерекше тоқталып: «Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру – өте маңызды міндет», деген еді. Демек, ұлт тарихында орны зор тұлға, қазақ этносының мемлекеттік негізінің қалануына сүрлеу салған Жошы хан туралы деректер өткен тарихымыздың өзегі іспеттес. Осы орайда, Орта ғасыр дәуіріне қатысты оқиғалардың білгір маманы, жоғарыда Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінгі Қазақ мемлекеттігінің қалыптасуының ежелгі шарт-талаптарын негіздеуші ұлы тұлға Жошы хан жайлы толымды зерттеу жүргізген тарих ғылымдарының докторы марқұм Зардыхан Қинаятұлының еңбектері өте құнды. Басқасын былай қойғанда, 2001 жылы жарық көрген «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары» атты монографиясы, 1999 жылы жазылған «Быль и правда вокруг родословной Джучи-хана» зерттеу еңбегі, бұлардың сыртында 2004 жылы алғаш баспа бетін көрген «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» атты тың тұжырымдамалық бағытта жазылған туындысы аталған тақырыпты терең қаузаған еңбектер екені анық. Оның сыртында, алдағы айда зерттеуші-ғалымның 80 жылдығы есік қағып тұр. Жоғарыдағы оқиғаларды ескере отырып, біз журналистикада бұрыннан бар ретроспективалық сұхбат жанрын жаңғырту мақсатында З.Қинаятұлының еңбектерін пайдаланып, виртуалды әңгіме өрбіттік.

 

Қаузап отырған тақырыптың әуелгі қай­нарына қанық болу үшін біз «Жошы хан қашан туды?» деген сұраққа жауап іздеген дұрыс деп таптық. Бұл мәселеге назар аударып зерттеген адамның бірі – марқұм Зардыхан Қинаятұлы. Ғалым ағамыз аталған сұраққа жауап табудың төте жолы – Жошының әкесі Темужин мен анасы қоңырат қызы Бөрте екеуі қай жылы үйленді, соны нақтылау қажет дейді. Бұл туралы «Моңғолдың құпия шежіресінде», «Алтын тобшанда» және осы дәуірге қатысты тарихи оқиғаларды хатқа түсіруші Рашид-ад-дин, А.Жувейни, Н.Березин, Д.Оссон еңбектерінде дерек жоқ. Бірақ орыс оқымыстысы Лев Гумилев Жамуқа мен Темужин достығы және Бектірдің өлтірілуі сияқты оқиғаларға жылнамалық сипат бере келе, Темужин мен Бөрте 1178-1179 жылдары отау құрды деген па­йым айтады. Ал нақты дерек 1662 жылы жазылған Саған Сэцэннің «Эрдэнийн товч» («Erdeniin Tobchi») атты тарихи еңбекте: «Темужин ит жылы (1178) 17 жасында Бөртеге үйленді» деп жазылған. Демек Жошы табиғаттың заңы бойынша бір жылдан кейін 1179 жылы туған болады.

Ал нәрестеге «Жошы» деген есім бері­луі­нің себебі, бала көшпелі тайпалардың тартысқа толы аумалы-төкпелі жорық кезінде туғандықтан, әкесі Темужин осы атты лайық көрген дейді зерттеушілер. Адамға «Жошы» деп ат қою көшпелілерде бұрын да болған. Мысалы, Темужиннің атасы Қотыл (Хотол) ноянның үш ұлының бірінің аты Жошы болса, осы дәуірде өмір сүрген жалайыр тайпасының Жошы Дармала атты батыры және керей Тұғырыл ханның бас кеңесшісі Қойылдыр Жошы дегендер болған.

Жошыдан кейін де Бөрте бәйбіше үш ұл тапты. 1183 қоян жылы Шағатай туса, 1186 жылқы жылы Өгедей, 1193 жылы Төле дүниеге келді. Кейін Шыңғыс осы бәйбішеден туған төрт ұлына Еуразия құрлығын төрт бөліп ұстата салды.

Жошының балалық шағы, бозбала кезі қалай өтті, қандай тәрбие көрді?

– Темужин 1189 жылы барлық моңғол тайпаларын бірлікке келтіріп, оларға хан болғанға дейінгі уақытта Жошының балалық шағы әжесі Өлүннің маңайында өтіп, оның өкіл ұлдары меркіт Күшу және бесуд Көкешімен тетелес ержетті. Одан кейінгі нақты дерек 1981 жылы ішкі Моңғол астанасы Хөх хотта жарық көрген жапондық жазушы Ино Юувей Яэсэсидің «Бөрте Чино» атты деректі әдеби туындысында 10 жасқа толған Жошыны әкесі Темужин қолынан жетектеп анасы Бөртеге әкеліп: «Мына баланы нағыз көкжал боржығын етіп тәрбиеле», деп міндеттегені туралы дерек бар, – дейді Зар­дыхан Қинаятұлы.

Жошы алып денелі, кейбір деректерде бойының ұзындығы 2 метрге жуық болғаны жайлы айтылады. Қанша хан баласы болса да Бұрхан Қалдауын қойнауы мен Онон дариясы бойында күнде «аттандаған» жаугер­шілік оны жауынгер ретінде ерте шы­нықтырған. 17 жасында нағашы жұрты қо­ңырат қызы Сартук (Сархан) сұлуға үй­лен­ді. 1200 жылдар шамасында тұңғыш ұлы Ордана (Орда Ежен), 1203 жылы кіші бәй­бі­шесі керей қызы Бектеміштен Бату туды.

Жошының жорық ісіне араласуы қашан басталды?

– Жошының балалық шағы небір жорыққа толы болды. Мысалы, 1190 жылы болған татар-меркітті тыныштандыру жорығы, 1201 жылғы «Көйтін» шайқасы, 1203-1204 жылдары керей-найман тайпаларын талқандау майдандарына қатыспаса да, бәрін көріп, естіп өсті. Ал Жошының жорық ісіне араласуы 27 жасқа толған қоян жылы басталған, – дейді Зардыхан Қинаятұлы. Осы жылдары маңайындағы көрші тайпалардың бәрін бағындырып әбден күшейген Темужин бастаған моң­ғолдар «шеткі ауылдарға» ауыз салады. Соның бірі Ойрат немесе Ойн ард (Орман халқы). Бұлар қоныстану жағрафиясы бойынша Амур дариясы, Қанғай жоталарын Байқалға дейін, шығысы Алтай тауын бөктерлей Қатун өзеніне жетіп, Ертіске дейінгі орманды алқапты жайлап жатқан жалпақ ел.

Жошы әскерін бастап Ойрат жеріне жете­ді. Бірден соғыс бастамай оларды бей­біт жолмен бағынуға үндейді. Нәтижесінде, Қутуға бек бастаған бір қауым өздері келіп бағынады. Оны көрген Түмен ойраттар да қарсылық көрсетпейді. Іле-шала қырғыз-қақас елінің көсемдері Еділ инал, Алдияр, Ұрбек тегіндер ақ сұңқарын қолдарына қондырып, ақбоз ат, қара бұлғын ішік жоралғысымен өздері келіп бас иеді. Одан кейін Жошы басқарған қол Сібірді көктей өтіп, Хэсдем, Баяуд, Тухас, Теленгіттерді көндіріп, үлкен ордаға табыспен оралады. Әкесінің үкімімен бағындырған елі Жошының билігіне беріледі. Бұл оқиға туралы В.Бартольд «Жошы ойрат-қырғыздардың алғашқы ханы болды» деп жазады. Одан кейін Жебе ноянның қолымен бірге Айшин жорығына қатысып, Фу Жоу қамалын алуға қатысты.

Осы аралықта моңғолдар шығысында Алтын мемлекетін бағындырып, батысында Ляо елін жаулап алу арқылы қазіргі ұғыммен айтқанда, Орталық Азияны толықтай билеп-төстеп жатқан Хорезм хандығымен беттесіп қалды. 1219 жылы Шыңғыс хан атақты Хорезм жорығын бастайды. Осы жорықтың бел ортасында Жошы жүрді және оның бұдан былайғы тағдыры осы өлкемен байланысты өрбіді.

Біздің әрі қарайғы әңгімеміз «Жошы және Хорезм жорығы» тақырыбын қау­зауға бағытталды. Бұл кездегі Хо­резм­ хан­дығы жағрафиялық тұрғыдан Сырдариядан Парсы түбегіне дейін, Хинд дариясынан Иран, Әзербайжан аумағына дейін иелік етті.

– 1219 жыл Жошы үшін айрықша жыл болды, – дейді Зардыхан Қинаятұлы. Өйткені жасы қылшылдаған қырыққа толды. Дәл осы шешуші жорыққа аттанар алдында күллі моңғол қолбасшыларының жиыны өтіп, мәжіліс үстінде «ұлы қағанның мұрагері кім болуы тиіс» деген мәселе көтерілді. Бұл басқосуда қызуқанды Шаға­тай көптің көзінше үлкен ағасы Жошыны мұндай ұлы істен шеттету жайлы үн тас­тайды. Оның да өзіндік себебі бар. Қызық болғанда барлық нояндар үнсіз Шағатайды қолдайды. Ішінде ұлы қағанның өзі де бар.

– Осы оқиғадан кейін, – деп жазады З.Қинаятұлы «Қазақ даласы және Жошы хан» кітабының (2004 жылғы басылым) 85-ші бетінде: «Жошының жүрегі жараланды. Бірақ ақылы кемел тұлға отбасылық кикілжіңнен ұлыс мүддесін артық көрді. Үн-түнсіз 1219 жылдың ортасында өзіне қарасты қолды бастап жорыққа аттанды. Жошы, Шағатай, Өгедей бастаған ауыр қол осы жылдың қараша айында Отырарды қоршауға алады. Қала қамалын бұзу ұзаққа созылады. Осы тұста Шыңғыс қаған бұйрық түсіріп, Жошыны майдан шебінен аластатып, қаланы шабу ісін Шағатай мен Өгедейге жүктейді де, Жошыны Сыр бойындағы шағын қала-қоныстарды жаулап алуға аттандырады. Ағайынды Жошы, Шағатай, Өгедей үшеуі бұдан кейін Үргеніш операциясында қайта бас қосады. Тағы да келіспеушілік туындайды. Жошы көп қан төгілмеуін қаласа, екі інісі қырғын салу тактикасын құп көреді. Ақыры бұл мәселеге Шыңғыс хан өзі араласып, билікті Өгедейге алып береді. Тарихшылардың көбі «осы оқиғадан кейін Жошы әулетіне ренжіп, сол бетімен Сырдан өтіп далаға қарай кетіп, ешқашан атажұртына оралмады» деп жазады.

Сөйтіп әке үкімімен Сыр бойын бағын­дыруға барған Жошының әрекеті тура­лы шығыстанушы Абрахам Конс­т­антин Мураджа Д , Оссон еңбектерінде, өзіне қарасты екі түмен (бір түмен – он мың) және ұй­ғырдың бір түмен жасағын алып аттанды. Янгикент қамалын алған соң ұйғыр түменді кері қайтарып, оның орнына көшпенді түрікмендердің түменін қосып алды. Кешікпей түрікмендерді де Шағатай мен Өгедейге көмекке жіберіп, өзі бес түмен қолды бастап Ходжентті алуға аттанғаны жайлы айтылады.

Одан кейін Жошы қол бастап Сығанақ­қа келеді. Қала халқына бейбіт жолмен берілуін талап етіп, келісім жасауға ұлты ұйғыр Хасан қажыны жібереді. Бірақ сыға­нақтықтар елшіні өлтіргендіктен,  қала аяу­сыз талқандалады. Жошы осы екпінмен ат­тың басын батысқа бұрып, Өзкент, Барлықкент, Ашнас, Жент қалаларын бас идіреді. Кешікпей 1220 жылдың көк­темінде қолын бастап Самарқанд қаласын қоршап тұрған негізгі күшке келіп қосылады. Одан соң жоғарыда айтқаны­мыздай, Үргеніш қаласына шабуыл барысында ағайындылар арасы ашылды. Яғни Жошы гүлденген қаланы қиратқысы кел­мейді. Бірақ екі інісі Шағатай мен Өгедей көнбейді. В.В.Бартольд Жошының бұл әрекетін соңында бұл өлке өз билігіне өтетін болғандықтан Үргенішті аман сақ­тап қалғысы келеді деп тұжырым жаса­ған. Ақыры Өгедейдің жарлығымен Әмуда­рияның арнасын бұрғандықтан, қала су астында қалып, 1221 жылдың көктем айының соңында тас-талқан болды. Орта­ғасырлық тарихшы Жувейнидің жазуына қара­ғанда, қаланың қара құрттай қаптаған халқын моңғол шеріктері түгелдей қылыш жүзінен өткізіпті.

Хорезм шапқыншылығы жайлы жа­зылған еңбектерде, Үргеніш қыр­ғынын Жошы құптамағандықтан ақы­ры өз әуле­тінен мәдениетті түрде ірге­сін аулақ салуға мәжбүр болды деген бол­жам­­­дар айтылады. Осы қаншалық­ты қи­сынды?

– Жошы әкесі мен інілерінің ісін құп­тамағаны шындық. Бұл оқиға туралы Жувейни және Рашид ад-дин екеуінің де тарихи жазбаларында айтылады. Жоғарыда айтқанымыздай, талқандалған Үргеніш Жошыға беріледі. Бірақ ол қала билігін әскери бітікші Шынтемірге тапсырып, өзі Ардышқа (Ертіс бойы) аттанып кеткені жайлы дерек бар.

Осы шамада Шыңғыс хан бір топ жасағын өзі бастап, Хинд дариясы бо­йында Хорезм билеушісі Мұхаммедтің батыр баласы Жалел ад-динді қуалап жүрсе, Төле ноян Мерв, Нишапур, Ауғанстанды бағындырып үлгерді. Сүбедей мен Жебе басқарған жасақ Кавказды көктей өтіп, Қыпшақ даласын ойрандауға бара жатты. Жошы болса өзінің басқаруындағы қолды Сүбедейге көмекке жіберіп, тыныш жатып қалды. Сүбедей 1224 жылы Еділ бойынан кері бұрылып Самарқандқа барар жолда Жошының бұқара-жасағын өзіне қалдырып кетті.

Жоғарыдағы деректерге қарағанда, Жо­шы хан расында қанды қырғын, жау­соқты соғыс­ты құп көрмеген сыңай­лы. Зерт­­теулерге қарағанда, Үргенш оқиға­сын­ан кейін Жошы әкесімен екінші қайта жолық­паған. Тіпті, 1224 жылы Хорезм жорығының жеңісіне орай Құланбасыда (В.Владимирцовта «Ақшешек») өткен ұлы тойға және осы жылдың күзінде Ертіс бойы Бұқа шошығанда өткен жорық құ­рыл­тайына Жошы қатыспаған. Әкесіне екі түмен боз жылқы сыйға жіберіп қойып жатып алған.

1225 жылы күзде Шыңғыс хан жер қайысқан қолын және екі ұлы Шағатай мен Өгедейді бастап атажұртына қайт­қанда, Жошы қағанаттың бір пұшпағы Қып­шақ даласына иелік етіп қалып қой­ды.

– Жоғарыдағы Ертіс бойында өткен жорық жиынында Жошыны Қыпшақ даласын билеуші даруға етіп қалдыру ту­ралы шешім қабылданады. Ежелгі моң­ғол жазбала­рында, нақтырақ айтқанда «Моңғолдың құпия шежіресінде» (Ұлан-батыр, 1990 ж., 262-бап) қыпшақ атауын «хипчак» деп жазады. Қыпшақтар жайлы дәйекті мәлімет айтқан адам – Махмұд Қашқари. Ол өзінің «Диуани лұғат-ат түрк» еңбегінде, қыпшақтардың мекені – Еділ, Жайық, Каспий өңірі, бұлар ХІ ғасырда оғыздарды Арал-Каспийден оңтүстікке ығыстырды деп жазады.

– Менің пайымдауым бойынша, – дейді Зардыхан Қинаятұлы. – Моңғол шерік­терінің көбі, соның ішінде Сүбедей басқарған қол түркітектестерден құралған. Ал қыпшақ дегеніміз – көшпелі түркілер. Шығыстанушы-тарихшы В.Тизенгаузеннің зерттеу дерегінде жазылған дүниеге жүгін­сек, моңғол қолбасшылары қыпшақтарға хат жазып, біз туысқан халықпыз, сендер аландарға болыспаңдар. Олар жат жұрт дейді. Бұдан аландар жалғыз қалып, жеңіліске ұшырайды. Бірақ моңғол-қыпшақ достығы да ұзаққа бармайды. 1223 жылы біріккен қыпшақ-орыс қолы мен моң­ғолдар бетпе-бет келеді. Бұл соғыс тарихта «Қалқа шайқасы» деген атпен қалды. Осы екпінмен Бұлғарға соққы берген Сүбедей қолы кері бұрылған жер кейін Жошы-Қыпшақ ұлысының батыстағы шебі ретінде мойындалды.

Сөйтіп, Хорезм жорығынан кейін Ертіс­тен бастап, Қап тауы, Бұлғар даласына дейінгі ұшы-қиырсыз алқап, Жеті­судың батысынан Еділдің құйғанына дейін­гі жалпақ жазира, яғни жағрафиялық тұрғыдан баяндасақ: Орталық Азияның батыс бөлігі, Кавказ, Қырым түбегі, Қара теңіз бен Кама бұлғарларының жері, көл­денеңі Сібірден Сырдарияға дейін Жошы ұлысына бұйырды. Орыс ғалымы Герман Федоров-Давыдов 1972 жылы Мәскеуде жа­рық көрген «Общественный строй Золотой Орды» атты еңбегінде: «Жошы өз шаңы­рағын қыпшақ жерінде көтерді. Өйтк­ені жергілікті жұрт түркі-қыпшақтар болды» деп жазыпты.

Осылай дүниеге келген Жошы ұлысы 1224-1481 жылдары өмір сүрді. Араб-парсы жаз­­баларында империя атауы «Жошы ұлысы» немесе «Дешти-и-Қыпшақ» деп атал­­са, орыс ғалымы В.Бартольд пен фран­цуз оқымыстысы П.Пеллиоттың еңбек­те­рінде «Ұлық ұлыс» («Великий улус») деген атау ­беріліпті.

Жошы 1225 жылы 47 жасында дүниеден өтіп, ұлыс билігі екінші ұлы Батудың қолына көшеді. Ол 1256 жылға дейін басқарды. Одан кейін Батудың ұлдары Сартақ пен Ұлақшы аз ғана уақыт билік құрса, 1257-1266 жылдары Берке ел биледі. Бұл кезеңді Жошы ұлысының еңселі дәуірі дейді тарихшылар. Одан кейін Мөңке-Темір 14 жыл, Тұла-Бұқа 4 жыл, соңында Тоқты, Өзбек, Жәнібек хандар кезектесіп билік басына отырды. Бұл билеушілерді тарихшылар Жошының өз ұрпағынан шыққан хандар деп есептейді.

 

Соңғы жаңалықтар

Бір аптада 221 қылмыс

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар