Сұхбат • 23 Қазан, 2020

Қолжетімді медицина және оңалту шаралары

34 рет көрсетілді

МӘМС жүйесі арқылы қандай медициналық қызметтер қолжетімді? Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімге отырған медициналық ұйымдар туралы қайдан білуге болады? Көрсетілген медициналық қызметтердің сапасына бақылау қалай жүргізіледі? Оңалту бөлімдеріне қыруар қаржы бөлудегі мақсат не? Осы және өзге де өзекті сауалдарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Айнагүл ДӘУЛЕТШИНА жауап берді.

– Айнагүл Хабдонғалиқызы, елі­міз­дің денсаулық сақтау сала­сына МӘМС жүйесі енгі­зі­ліп, бүгінде жоғары техноло­гия­лы медициналық, консуль­та­циялық-диагностикалық жә­­не т.б. қызмет түрлері қол­же­­тімді болды. Бұрын екінің бірі қалтасы көтере бермейтін тағы қандай медици­на­лық қыз­меттер қолжетімді? Оны алу үшін пациентке қандай талап қойы­лады?

– МӘМС жүйесі енгізілгелі елімізде барлық жоғары тех­но­логиялық меди­цина­лық, консультациялық-диагнос­тика­лық қызметтер, қымбат опе­ра­циялар (пластикалық және эсте­тикалық оталардан басқасы) қолжетімді бола түсті. Бұлар ден­саулық сақтау саласының нормативтік-құқықтық акті­лерінде бекітілген тізім бо­йынша көрсетіледі. Жалпы операция жос­­парлы және жедел түр­де жасала­ды. Жоспарлы операцияның көбі МӘМС жүйесі арқылы жасалады, ал әлеуметтік маңызы бар ауруларға жасала­тын ота тегін медициналық ке­піл­­­дендірілген көмек аясында жасалады. Жоспарлы операция жасалатын бол­са, науқас тұрғылықты емханадан жол­дама алып, қажетті зертханалық және инструментальдық зерттеуден өтіп, ауруханаға жатқызылады. Ал жедел түрде жасалатын операция болса, ешбір жолдамасыз, ауруханаларда, тегін кепілдендірілген көмек шеңберінде жасалады. Нақ­тылай кетсек, түрлі иннова­циялық оталар – жүрек, өкпе, бүйрек транс­плантациясы, жасанды қа­рынша трансплантациясы, көздің лазерлік коррекциясы және бас миына нейростимулятор имплантациялау секілді операциялар МӘМС аясында жасалады.

– Емханалардағы оңалту бөлім­деріне қыруар қаржы бө­лінді. Оны мемлекет-жеке­мен­шік әріптестігі арқылы жұмыс істейтін кішігірім емха­на­ларда да алуға бола ма? Олар «мемлекеттік бағдарламаға қа­­­тыс­­қы­мыз келеді, бірақ орын, кабинет жетіс­пеушілігі қол­­байлау болып тұр» дейді. Мұ­ны реттеу үшін қандай да бір тетіктерді қол­дану ісі қарастырыла ма?

– Иә, биылдан бастап оңалту шараларына 7,3 млрд теңге бө­лінді. Бірақ карантин кезінде көп медициналық қызметтер уақытша тоқтап қалғандықтан қаражат жос­парлары қайта қа­рас­тырылды. Жылдын соңына дейін 5,2 млрд теңге жоспарланып отыр. Оның ішінде ста­цио­нарларға 3,8 млрд теңге, күн­дізгі ста­ционарға 603 млн тең­ге және амбу­латориялық оңал­ту қызметтеріне 765 млн теңге бөлініп, барлық оңалту қызметтері көрсетіліп жатыр. Айта ке­ту керек, медициналық оңалту емдеу орындарының мен­шік формасына қара­мастан, амбулаториялық, күндізгі стационарда және стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдарда, сондай-ақ үйде, шипа­жайлық (санатор­лық-курорттық) ұйымдарда көрсетіледі. Яғни, нау­қасты оңалтудың бірінші саты­сы негізгі ем алғанда, мыса­лы, ота жасал­ғаннан кейін ауру­ханада көрсетіледі. Мысалы, барлық кардиохирургиялық, ней­рохирургиялық, травмато­логиялық операциялар жасал­ғаннан кейін бірден оңалту қыз­меттері көрсетіледі. Екінші саты стационарда және күндізгі стационарда жасалады, ал үшінші сатысы емхана мен оңалту ор­талықтарында ашылған күн­дізгі стационарда және үйде көрсетіледі. Оңалтудың әр ке­зе­ңін науқастарға медицина­лык ұйымда құрылған мульти­дисциплинарлық команда таға­йын­дайды. Екінші саты қажет болмаса, үшінші саты бойынша оңалту қызметін көрсетуді осы ко­манда шешім қабылдап айтады. Алғашқы оңалту сатысының міндеті – науқас ағзаларының функ­циялық қызметтерін жыл­дам қалыптастыру және асқыну­лардың алдын алу. Барлық оңалту көмектері МӘМС есебінен төле­неді. Сондай-ақ оңалту қыз­мет­­­терін ақылы алушыларға өз қа­ражаты және ерікті медициналық сақтандыру есебінен алуға болады. Ал туберкулезбен ауыратын науқастарға ТМККК аясында көрсетіледі.

Нұр-Сұлтан қаласында оңал­ту қыз­меттері емханалардан бас­қа екі жекеменшік оналту ор­та­лығында көр­сетіледі. Бұл – «Жұлдызай» ЖШС (бала­ларға) және Оңалту орталығы (ересектерге). Оңалту қызметтерін көрсетеміз деген медициналық ұйымдар ӘМСҚ-ның сайты (fmc.kz) арқылы қажетті құжаттарды бекітілген нысан (форма) бойынша өткізіп, өтінім беруге болады. Одан әрі, сатып алу ережелерінде белгіленген барлық талаптарға сай болған жағдайда, комиссия ТМККК аясында және МӘМС жүйесінде шарт жасасу үшін медициналық қызметтер көлемін бөледі. Тағы бір айта кететін маңызды ақпарат, Денсаулық сақ­тау министрлігі COVID-19 коро­навирус инфекция­сымен ауырған адамдарға оңалту қыз­мет­терін көрсету бойынша оңалту туралы бұйрыққа өзгер­тулер мен толықтырулар енгізуде.

– Пациенттер арасында «Ши­­­пажай­лардағы жағдай сын көтер­мейді» деген жағымсыз пікір­лер баршылық. Оңал­ту бағдарламасы бойынша ши­па­жай­лық ем-шаралардың сапасын кім тексереді?

– Шипажайлық ем-шаралар­дың сапасын тексеретін арнайы уәкілетті ор­гандар бар, егер науқас көрсетілген қыз­­меттерден зардап шеккен болса, ол рес­публикалық деңгейде неме­се әр облыс дең­гейінде Денсаулық сақ­­тау ми­нистрлігінің Тауарлар мен көр­сеті­летін қызметтердің сапасын және қауіп­сіздігін бақылау комитетіне хабар­ласуға болады. Сол уәкілетті органға хабарласып, көмек ала алады.

– МӘМС жүйесі арқылы зейнеткерлерге қандай тегін қыз­меттер көр­се­ті­леді?

– Зейнеткерлер Медициналық сақтан­дыру қорына төлем жасаудан босатылған 15 санатқа кіретін болғандықтан, бұл санат­тағы аза­маттарға Үкімет қаулы­лары­мен бекітілген барлық медициналық көмек МӘМС жүйесінде және ТМККК аясында тегін көрсетіледі.

– Диагностика барысында көп ақ­ша­ны қажет ететін қыз­мет – талдаулар. Қор қан­дай зерт­­ханалық талдау­лардың шы­ғын­­дарын төлейді?

– Барлық талдаулар бекітілген тарификатор бойынша МӘМС жүйесінде және ТМККК шең­берінде жасалады. Мысалы, гармон деңгейлерін анықтау және тіз­бекті палимеразды реакция жолымен жасалатын талдаулар (ПТР),  иммунноферментті диагностика (ИФА), генетикалық ақауларды алдын ала анықтау талдаулары МӘМС аясында және ТМККК шеңберінде жасалады.

– Әлеуметтік медициналық сақ­тан­д­ыру қорымен келісімге отыр­­ған медици­налық ұйым­дар­ туралы қай­дан білуге бола­ды?

– Әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру қорымен келісімге отырған меди­ци­на­лық ұйымдар туралы мәліметті қордың ресми https://fms.kz/ сайтынан көруге болады. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласы бойын­ша 100 медициналық ұйым қыз­мет көрсетеді, онын ішінде мем­лекеттік ұйымдар – 34%, жеке­меншік клиникалар – 59%, рес­публикалык клиникалар­ 7%-ды құрайды. Ал осы 100 ме­ди­циналық ұйыммен біз 240-тан астам шарт жасасқанбыз. Оның ішінде мемлекеттік ұйымдар үлесі – 41%, жекеменшік клиникалар – 49%, республикалык кли­никалар – 10%.

– Балалардың церебралды сал ауруы, миокард инфаркті, ревматизм сияқты әлеуметтік мәні бар ауру түрлеріне қа­тыс­ты қаржыландыру қор та­рапынан жүреді. Бұл диаг­ноздарға қатысты қыз­меттер қалай жүзеге асырылады? Па­циенттер бұрын-соңды қол­жетімсіз болған қандай қызмет түрлерін ала алады?

– Әлеуметтік мәні бар және диспан­серлік есептегі ауру түр­лері ТМККК шеңберінде қар­жы­ландырылады. Яғни бар­лық ем шаралары мен диагнос­тикалық зерттеулер тегін көрсетіледі. Бұл уақытқа дейін де солай болды, тек көп күтетін. Қазіргі таңда барлық қызметтер қолжетімді. Се­бебі бұған дейін қаражат жетіс­пе­гендіктен барлық науқастарды қамту мүмкін емес болатын. Қазір қордың сайтында қосалқы мердігер ұйымдар дерекқорына енгі­зіліп, халыққа қызмет көр­сеткісі келе­тін медициналық ұйым­дармен келісім­шартқа оты­ру­ арқылы жергілікті жерлер­дегі аталған сырқаттар санатын­дағы азаматтарды толығымен медицина­лық қызметпен қамтып отыр. Өздеріңіз білетіндей, бұл аурулардан кейін көрсе­тілетін маңызды қызмет – оңалту. Одан бөлек, мұндай аурулардың ең ауыр кезеңдерінде паллиативті көмек көр­сету де қарастырылған. Сондықтан қазір­гі таңда барлық қызметтер көлемі қолжетім­ді және мүмкіндіктер шегі кең деуге болады.

– Көрсетілген медициналық қызметтердің сапасына ба­қылау қалай жүргізіледі?

– Қордың басты мақсаты – ел азамат­тарының мүддесін қор­ғау. Сондықтан қор өз тарапынан күнделікті көрсетілген қызметтердің сапасын бақылап отырады. Яғни, ұсынылған бар­лық медициналық қызметтер қор сарапшыларының күнделікті бақылауында, одан бөлек ай сайын жоспарлы бақылау, мақ­сатты бақылау және осы жылдың соңына дейін келісімшарт мін­деттемелерінің орындалуы бо­йын­ша бақылау жүргізіледі. Одан бөлек, филиалда сарапшылар ана өлімі, 5 жасқа дейінгі бала өлімі, басқа да барлық өлім жағдайларын сараптамадан өт­кізіп, оны филиалда құрылған Сараптамалық комиссия отырысына шығарып қарастырады. Оның құрамына өзіміздің және қаламыздың қоғамдық денсаулық сақтау баскармасынын, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметкерлері кіреді. Науқастардан шағым түс­кен жағдайда, жоспардан тыс бақылау жүргізіледі. Мысалы, жыл басынан бері 1406 байланыс орталығы арқылы 845 шағым түсті. Барлығы уақтылы қаралып, оның ішінде дәлелденген ша­ғымдар бойынша сараптама бе­ріліп, медициналық ұйымдарға айып­пұл салынды.

Көбінесе азаматтардан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілмеуі, КТ, МРТ және қымбат тұратын талдаулардың қолжетімсіздігі, емханалардағы күту уақытының ұзақтығы, диагностикалық қыз­меттерге жолдама бермеу және ақпараттық жүйеге жүктелген жалған жазылым бойынша ша­ғымдар түсті. Жылдың басынан бері мониторинг нәтижелері бойынша 15 792 кемшілік анық­талып, жалпы сомасы 330 млн теңге айыппұл салынды. Яғни тұрғындарға көрсетілетін бар­лық медициналық қызметтер көпсатылы бақылаудан өтеді. Медициналық көмек көрсетуден бас тартқан жағдайда, әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорына тек 1406 байланыс орталығы арқылы ғана емес, Qoldau 24/7 мобильдік қо­сымшасы арқылы да жүгінуге болады. Qoldau 24/7 мобильдік қо­сымшасы Play Market және App Store арқылы орнатылады.

 

Әңгімелескен

Думан АНАШ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Соңғы жаңалықтар

Бір аптада 221 қылмыс

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар