Оқиға • 23 Қазан, 2020

Тоқсанға толды қарт күйші

65 рет көрсетілді

Орал қаласында тұратын қарт күйші-домбырашы, қазақ күй өнерінің алтын қорына бірнеше көне күйді жеткізген өнер иесі Өтеген Жұмашұлы тоқсан жасқа толды. Дәл осы күні Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы оқу-әдістемелік кеңесінің мақұлдауымен жарық көрген «Дария-күйдің кемесі» атты жинақ кейіпкердің қолына тиді.

Өтеген Жұмашұлы 1930 жы­лы қазан айында Құм Нарында – Батыс Қазақстан облысы Орда ауданы Теректі ауыл советінде дү­ниеге келген. Жасынан жетімдік көрді. Балалық шағын соғыс шарпыды. Жігіт шағында туған жері полигонға айналып, «ақтабан шұбырындыға» ұшы­рады. Еріксіз сонау Оңтүстік Қа­зақстан облысына көшірілді. Ол жақтан 1958 жылы туған жер­ге қайтып, шалғайдағы Жәні­бек ауданының бір ауылында қара­пайым есепші болып өмір сүрді.

Өнер қадірін білетін жандар Өтеген Жұмашевты бір ауыздан дәстүрлі күй өнерінің көзі тірі өкілі, қаймағы бұзылмаған қа­зақы домбыра үнін жеткізуші санайды. Ел ішіндегі Қожахмет, Тайторының Қожағы, Ғилаж күй­ші сынды өнерпаздардан Со­қыр Есжан, Құрманғазы, Дәу­лет­керей, Мүсірәлі, Сейтек күй­лерін үйренеді. Өтеген ағаның бір қасиеті – әуелі өзі тартатын күйдің хикаясын айтып, тың­­дарманды дайындап алады. Өйт­кені бағзыдан жеткен дағды солай. Өзінің қайын атасы Шайхы кезінде әйгілі Сейтектің серігі, қосшысы болған екен. «Атам көп сөйлемейтін, тұйық кісі еді. Бірақ Сейтек туралы әңгіме естісе ор­нынан атып тұрып, көпшігін құй­рығына қойып, әңгімеге араласа кететін» дейді өзі.

Бір қызығы, ауылынан ұзап шықпаған Өтегенді алыс астанадан арнайы іздеушілер көп бо­лыпты. Бұл әрине, Өтеген аға­ның бойындағы өнердің құдіреті болатын. 1965 жылы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер инс­титутынан белгілі өнер зерт­теушісі Тымат Мерғалиев, Қазақ КСР Ғылым академиясы фили­софия және құқық институтынан Мұстафа Ысмағұловтар ке­ліп, Махамбеттің «Өкініш», Сей­тектің «Бес қыз» күйлерін, «Өте­ға­лидың әнін» жазып алған. Сол жылы 30 қазанда «Лениншіл жас» газетінде «Махамбет – композитор» деген мақала шығып, Махамбеттің «Қайран Нарын», «Жұмыр Қылыш», «Өкініш» күй­лері туралы қалың ел сонда тұң­ғыш білген еді.

1977 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының арнайы экспедициясы құрамында Өтеген ағаны іздеп келген Мұрат Әуезов пен Болат Қарағұлов та халық күйі «Наридіргеннің» бір нұсқасын, Нақыштың «Айжан апай», «Ақ­же­лең» күйлерін, Мүсірәлінің «Мү­сірәлі», Қожақтың «Ақсақ кер ат» шығармаларын жазып алып кеткен.

Дегенмен Өтеген Жұмашев осы саналы ғұмырында өнер адамы ретінде құрметтеліп, өз баға­сын алды деп айту қиын. Өмір бойы есеп-қисаптың айналасында жүрді. Жәнібек ауданындағы «Тегісшіл», «Борсы» совхоздарында қызмет етті. 1992 жылы зейнет демалысына шығып, Орал қаласына көшіп келді. Өз қолымен бейнеттеніп үй тұрғызды. Қазірге дейін сол үйде қоңыртөбел күн кешіп жатқан жайы бар.

Қарт күйшінің қадіріне жетіп, соңғы жылдары еңбегін елге тынымсыз насихаттап жүрген жан – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Кәрима Сахарбаева дер едік. Жоғарыда айтылған «Дария-күйдің кемесі» атты кітап та дәл осы Кәрима Сүн­­детқызының тікелей күш са­луы­мен жарияланып отыр.

– Өтеген Жұмашұлының қа­зақ­тың күй қазынасына қосқан үлесі үлкен. Махамбеттің бір ғана «Өкініш» күйі неге тұрады?! Сейтектің «Торы аты», Қожақ­тың «Ақсақ кер аты», Нақыш­тың күй­лері қазақ өнеріне қосылған ай­рықша шығармалар. Сондай-ақ Өтеген ағайдың сындарлы орын­даушылық үрдіс мектебі – әлі сыр-құпиясы ашылмаған қазына, – дейді өнер зерттеушісі.

Дәулескер домбырашыны шау тартып қалған шағында көр­се де, асыл тастың бағасын тап ба­сып тани білетін зергердей бол­ған Кәрима Сүндетқызы үшбу кіта­бын­да Өтеген Жұмашұлының өнеріне ерекше тәнті болғанын жасырмайды. «Өтеген ағайдың күй шежіресін жеткізудегі ек­пі­ні, пернеге сыр бітірудегі си­қы­ры, оны сөйлетудегі нақ­ты­лығы – күйші мінезінің байсал­ды­лы­ғынан, өзі орындайтын шы­­ғар­­малардың мазмұнына те­­рең бой­лағандығынан деп бол­жа­дым» дейді тәжірибелі өнер­танушы.

Дәл осы Кәрима Сахарбае­ва­ның тапсыруымен 2018 жылы кон­серваторияны бітіруші бір тү­лек «Күйші Өтеген Жұмашев­тың шығармашылығы» атты та­­­қы­рыпта диплом жұмысына өзек етіп алды. 2019 жылы Орал қаласында Исатай мен Ма­хам­бет батырларға еңселі ескерт­кіш ашылып, «Бабалардың өр­шіл рухы» атты ғылыми-практика­лық конференция өткен кезде Өтеген Жұмашұлы да құр­меттеліп, Махамбет сыйлығының иегері атанды. Осының алдын­да ғана оралдық тағы бір дәстүр­лі күйші Едіге Нәбиевтің шы­ғар­машылығына арналған «Өріс­ті өнер өнегесі» атты кітап жа­рық көрген еді. Оны Кәрима Са­хар­баевамен бірге жергілікті өл­ке­танушы, журналист Нұртас Са­фуллин құрастырған. Міне, осы қос автор Өтеген Жұмашұлы ту­ралы жинақты да қолға алып, пан­демия қиындықтарына қа­рамастан шығарып үлгеріпті. Кітаптың сүйінші данасы дәл 90 жасқа толған күні қарт күйшінің қолына тигені қандай қуаныш десеңізші!

Өнерге қосқан үлесі Қап тауынан үлкен болса да кеуде кер­­мейтін қарапайым адамдар бо­лады. Өтеген аға Жұмашев – осы қатардан. Өз басым «Дария-күйдің кемесі» атты кітаптың мұқабасындағы күйші суретін көріп, көзіме жас үйірдім. «Тоқ­санға жасы келсе де ел-жұр­тына қадірі толық білінбей, баға­сын толық алмай кетті-ау» деп жүр­генде ғайыптан осындай кітап шығарып, бүкіл қазақ халқының мойнындағы қарыз бен парызды түсірген профессор Кәрима Са­харбаеваға мың алғыс айтамыз!

«Дария-күйдің кемесі» жина­ғында Өтеген Жұмашевтың өмір­баяны мен ол орындаған күй­лердің нотасынан бөлек құнды мә­ліметтер де көп. Мәселен, күй­ші өз репертуарындағы күй­лердің авторлары мен тарихы туралы әңгімелерді, өзі кездескен күйшілер мен өнер зерттеушілері туралы естеліктерді көптен бері мұқият қағазға түсіре беріпті. Тіп­ті ауылдың көркемөнерпаздар ұжымын басқарған кезде ұйым­дас­тырған концерттерінің бағ­дар­ламасы да жоғалмаған. Осы­ған қарағанда Өтеген ағай өзін, өнерін іздейтін бір жанның келерін әуел­ден күтіп, дайындалған секілді көрінеді. Сол кездесудің кеш те болса болғаны қандай жақсы.

 

Батыс Қазақстан облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Бір аптада 221 қылмыс

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар