Руханият • 23 Қазан, 2020

Сағындырған ауылым

154 рет көрсетілді

Біздің Ортақкөл ауылы өте бір әдемі жерде орналасқан. Айнала ақ қайың мен жасыл терек араласқан қалың орман, балығы шоршыған, аққу-қазы сұңқылдаған, қамыс-құрағы сыңсыған айдын шалқар көлдер, шөбі шүйгін шалғындар мен астықты алқаптар көз сүріндіреді. Біздің елдің табиғатының сұлулығына тамсанып, таңғалған жазушы Қоғабай Сарсекеев әкемнің туғанына жетпіс жыл толуын атап өткен салтанатты жиында «Мұндай сұлу табиғатта туып өскен Зекеңнің жазушы болмауы мүмкін емес екен-ау» деген болатын.

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Қос шалқар – Ортақкөл мен Жал­тыршадан жаз бойы әкем шелек-шелек балық алып келетін. Біз сап-сары алтындай жалтыраған балықтарды қызықтап мәз болатынбыз. Күзде үйрек, қаз атып әкелетін. Қансонарда із кесіп қоян ататын. Біз көлдің сыр­тындағы дөңнен бала кезімізде жидек теретінбіз. Әрі қарай үзік-үзік ормандар кетеді. Қойнаулары толған бүлдірген, иісі мұрын жарған түрлі гүлдер мен жоңышқалы қалың шөп өсетін. Бір қызығы, әрбір орман мен шоқ ағаштардың өз аты болатын. Олар – Амандық қажы қыстауы, Орта-ағаш, Төлеген, Ақшалғын, Қой­қамалған, Қасқырлы, Қасқақой, Божбан, Итіке, Жуалышоқ және т.б.

Айтып сөз жетпейтін көркем де, шұрайлы өлкемді үнемі еске аламын, сағынамын. Осы ормандардың орналасқан жерлерін ауыл ақсақал­дары жаңылмай, дөп басып айтатын. Қазір оны білетін адамдар да қалмады. 

Біздің Ортақкөл ауылының тарихы 1932 жылдан бастау алады. Ол Ортақкөл колхозы болып құрылған алғашқы ұжымшарлардың – бірі. Сол жылы менің атам Иманбай Қара­жігітұлы алғашқылардың бірі болып колхозға мүшелікке өтіпті. Шешем Кәмеш Байқасқызы отызыншы жылдары біздің ауылда не болғанын айтып отыратын. Ол кезде өзі өте жас болғанымен үлкен кісілердің айтқаны есінде қалса керек. Аштық жылдарында ауылда адамдардың ісіп-кеуіп қайтыс болғандарын айтатын. Анам шешесінен төрт жасында айырылыпты. Нағашы атам екінші рет 1932 жылы Қарағандыдағы Жа­ңар­қадан біздің өңірге ауып келген әжеміз Бәди Ақшалқызына үйленеді. Ол кісі он саусағынан өнер тамған шебер екен. Маған тоқыған әдемі алашасы әлі күнге елу жыл өтсе де өңін бермей келеді. Ол алашаны мен мектепте жүрген кезде тоқыған еді жарықтық.

Анамның ең үлкен ағасы Фазыл, Жанымбет Мырзабаев, Мұқыш Қана­фин, Далабай Божақов – төртеуін 1937 жылы «контрреволюционер, жапон тыңшысы» деген жаламен соттап жіберген.

Отызыншы жылдардың аяғында Ортақкөл колхозының жас жігіттері механизаторлық курстарда оқып, ауылға алғаш қашау доңғалақты тракторлар айдап әкелген. «Фарзон», «Интернационал», кейін «Эльпульт», «Катерпляр» деген үлкен, жыланба­уыр тракторлар болыпты. Бұрын бір тілді соқаға ат, өгіз жегіп мардымсыз жұмыс істейтін диқан қауымының қуанышында шек болмайды.

«Ортақкөл» колхозынан ФЗУ-ға («фабрично-заводское учениче­ство») 1930-1950 жылдары жас қыз­дар мен жігіттерді оқуға алып кеткен. Алты айлық курстарда кәсіби ма­мандыққа оқытады. Оныңыз әскерге шақырғанмен бірдей, міндетті түрде бару керек Үміт Мұқыжанова апамыз сол жақта тұрмыс құрып, Ат­басар деген жерде қалыпты, елге Ба­зарайым, Базаралы деген балала­рын ертіп келіп жүрді. Сол оқуға барған Файзрахман Рамазанов ағай хабар-ошарсыз кетті. Анасы Бижа­мал Ма­маева әжем өле-өлгенше ас-суын дайындап күту болды. Жап-жас қыздарын ФЗУ-ға жіберу ата-ана­ларға оңайға түспесе керек, Жаным­бет Мырзабаев ағамыздың қызы Үмітеткенді ертең алып кетеді де­ген түні, менің әкемнің ағасы Ба­зар көкеме ұзатып жіберіпті. Қыздары­ның жат жерде қаңғып қалғанын ата-анасы қаламаған болуы керек.

Преснов ауданындағы қырық үйлі Ортақкөл колхозынан екінші дүние­жүзілік соғысқа отыздан артық адам майданға аттанады, соның ішін­де әкемнің 1922 жылы туған ағасы Назар Иманбаев, анамның төрт бір­дей ағалары: Жағыпар Байқасов, Қа­ли­нұр Қойлыбаев, Құдайберген Байқасов, Қасымов Қамзалар болды. Әкемнің ағасы Назар Иманбаев атты әскер құрамында 106-дивизияның 269-полкінде қатардағы жауынгер болып қызмет істеген. 1942 жы­лы жиырма жасында Украинада «Харь­ков қазандығы» аталған қантөгісте хабар-ошарсыз кеткен. Небары 20 жас­та еді. Әкем көзі тірісінде қан­ша іздесе де бір хабарын ала ал­мады. 

Қазине деген апамыздың төрін­де қара қобыз ілініп тұратын. Ол май­данға кеткен күйеуінікі де­се­тін. Жары Жақыпов Қасым 1906 жы­лы туған 1941 жылы 24 июльде майданға аттанып, содан оралмаған. Бір жыл бұрын Қасым ағамның тағдыры туралы елге хабар жеткенмен, бір өкініштісі оны Қазине апам да, ұлы Декаш ағам да естімей кетті. Қасым Жақыпов 1943 жылы хабарсыз кеткен. Оған дейін Югославияда партизандар құрамында неміс фа­шистеріне қарсы күресіп, сонда қаза тауып, 1943 жылы Словенияда Повир селосында құпия түрде жерленген. Словенияда оны Кассе Се­беро (Солтүстіктің Қасымы) деп ата­ған екен, әскери дайындықтан өт­кізіп, оны барлаушы ретінде Юго­славияға жіберсе керек.

Ауылдастар арасынан соғыстан Сейдахмет Өзбеков (Бөкпен), Жү­кі­тов Оразбай, Өзбеков Есләм, Зики­рин Нұрпейіс (Нүкен), Мақанов Омар аман келді. Өмірзақов Әжібай аға­мыз майданға аттанып, соғыс біткен соң Мәскеу қаласында тұрды. Орыс әйелі, ұлдары болған.Тегі, қайтыс болған күнде сүйегімді қа­лай да елге жеткізіңдер десе керек, тоқ­саныншы жылдары Владимир деген ұлы елге әкеліп, жерлеп кетті. Менің нағашым Жағыпар Байқасов соғыстан кейін Австрия астанасы Вена қаласында бір жыл әскери ко­мен­датурада қызмет істеп, 1946 жы­лы елге оралып, басқармалар курсын бітіріп әр жерде басқарма, агроном, зоотехник болды, 46 жасында қайтыс болды. Біздің ауылдан Жәкен Хұсаинов ағамыз және Баян ауылынан Жанқайыр Есіркепов тұтқынға түсіп, қашпақшы болғанда ұсталып қалады. Ұйымдастырушылардың бірі болған Жанқайырды дарға асады, сөйтіп ол ерлікпен қаза тапқан екен. Камералас жігіт Сма­ғұл Сейтенов те оған куә болыпты. Жәкен аға елге келгеннен кейін әкеме сол қайғылы оқиғаны әңгімелеп берген. Әкемнің «Кек» деген мақаласы бар.

Соғыс жылдарында ауылдың жағ­дайы нашарлап кетті. Ер-аза­маттар жаппай майданға аттанған соң ауылдағы барлық ауыртпалық әйелдердің мойындарына артылды. Малға да, жанға да ауыр жылдар болды. Қыстан мал көтерем болып, өлгені өліп, өлмегені со­қа­­ға жегуге жарамай, сауып отыр­ған сиырларды соқаға жегуге тура келді. Колхозда ұстаханада Нұр­мұ­қан Мусин (Күйік) атам ұста болып, соқаның тісін, аттың тағасын, жұмысқа керек құрал-саймандарды өз қолымен жасаған. Әкемнің туған апасы Бибіш апатайым алдыңғы қатардағы сауыншы болған, колхозда әйелдер кеңесін басқарған. Шешем колхозда он төрт жасынан еңбек етті, әсіресе, соғыс кезінде өгіз айдап жер жыртқаны бұғанасы қат­паған жасөспірім қызға ауыр тиген. Анамды жас сәбиінің барына қарамастан колхоздың жұмысын іс­теуге мәжбүрлеген. Жұмысқа бір күн шықпай қалғаны үшін «халық жауының қарындасы» деп Семейге жер аудармақшы да болған. 1948 жылы тамыз айында үш күн бойы колхоз басқармасы Қуанышбай Бай­сарин колхозшылар жиналысын ашып, талқылап, ақыры кешірім берген. Ауыл адамдары жылап-сықтап сұрап алып қалған екен.

1950 жылы 23 тамызда біріктіру арқылы колхоздарды ірілендіру шаралары қолға алынып, Ортақкөлді Баян колхозына қосты.

1959 жылы біздің ауылға студент­термен бірге композитор, татар аза­маты Мәделхан Исмағамбетов астық жинау науқанына келді. Ол кісі 1934-41 жылдары Мәскеу қала­сындағы Чайковский атындағы кон­­серваторияны бітірген адам. Бел­гі­сіз себептермен алыс аймаққа шет­тетіліп жіберілген. Бізде музыка учи­­ли­щесінің ұстазы болды. Ол әкем екеуі «Баян жастарының вальсі» деген ән де жазыпты.

1961 жылы Баян мен Ортақкөлді орыс халқының өкілдері көп тұратын Приишим совхозының құрамына қосты. Хрущевтің кезінде бидайдан басқа жүгері (красавица полей), күнбағыс та өсіретін. Ауылда бас­тауыш мектепте үшінші сыныпта оқып жүргенде жүгеріні арамшөптен тазалауға бізді де жіберетін.

Алпысыншы-жетпісінші жылдары Ортақкөлде қой шаруашылығына көп көңіл бөлінді.

1958 жылы өзім қатарлы оншақты баламен мектеп табалдырығын аттадым. Ортақкөл бастауыш мектебін бітірген соң балалар оқуын Баян орта мектебінде жалғастырып, әрі қарай жоғары және арнайы орта білім ала­тын оқу орындарына түсетін. Үл­кен ағаларымыз Амангелді Базар­беков, Жолан Жамықов, Ноян Ома­ров алғашқы ауылдан оқу іздеп кеткендердің алғашқылары болды. Әкем Зейнел-Ғаби Иманбаев (1924-1987) Баян орталау мектебінде 1939-1941 жылдары оқып, өте ал­ғыр­лығымен, зеректігімен көзге түс­кен. Бір жылда 5-6 сыныптарды бітіріп, 7 сыныпқа көшкен. Өмір бойы жазушылықпен айналысып, 1960 жылдан КСРО Жазушылар ода­ғының мүшелігіне қабылданды.

Әкеме облыс орталығына немесе Алматыға көшуді ұсынғанымен, ол өзінің атамекенін тастап ешқайда кетпеді. Ол кездегі ауылдар керемет еді ғой. Қазір сондай ауылдардың құрып бара жатқанына ішің ашиды. Егер жол тартылып, су жеткізіліп, қам­қорлық жасалса, ауылдар кіші­рей­генімен әлі де сақталар еді деп ойлаймын.

 

Марал ЗЕЙНЕЛҒАБИҚЫЗЫ,

 ақын, журналист,

Журналистер одағының мүшесі, дәрігер

 

Солтүстік Қазақстан облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Бір аптада 221 қылмыс

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар