Оқиға • 23 Қазан, 2020

Базардағы жастар жасыл алаңда жолықты

4 рет көрсетілді

Jas Otan жастар қанатының ұйым­дастыруымен өткізілген «Дүй­сенбілік футбол-2020» турнирінің жеңімпаздары марапатталды.

 

Jas Otan жастар қанатының жиырма жылдығына орай ұйым­дастырылған жарыс ел­орда базарлары мен сауда үйле­рінде жұмыс істейтін жастарды жасыл алаңда жинады. 12 қа­занда басталған жарыста қала­ның сауда үйлері мен базарларында жұмыс істейтін жас қызметкерден құрылған он төрт команда бақ сынасты.

Сауда базарларының сатушылары, ТЖО қызметкерлері, әмбебап жұ­мыс­­шылар мен курьерлер аз уақыттың ішін­­де футболшыларға айналып, өз коман­даларын жинақтап, бақ сынасты. Үз­дік­­теріне кубок пен ақшалай сыйақы бе­рілді. Турнирдің жалпы жүлде қоры 600 мың теңгені құрады. Жарыс талабы бойын­ша, ойыншылардың жасы 35-тен аспауы тиіс-ті.

Турнир қорытындысы бо­йынша, «Есіл» сауда үйінің командасы бірінші орын­­ды иемденсе, екінші орынды «Аста­­на­­лық» базарының командасы алды. Үшін­ші орын «Көк базар» коман­да­сына бұйырды.

Сонымен қатар турнир ба­рысында көзге түскен ойын­шылар  «Үздік ойын­шы», «Үз­дік шабуылшы», «Үздік қақ­­­­пашы» аталымдарымен ма­ра­патталды.

«Жалпы турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Барлық командалар мықты болды. Әр ойын тартысты өтті. Мұндай турнирлер жиі өтіп, жүздеген жасты қаланың спорт алаңдарында жинаса екен деймін. Ұйымдастырушылар­ға рахмет!», деді турнир қаты­сушысы Серік­бек Көкенов.

Ұйымдастырушылардың ай­туынша, «Дүйсенбілік футбол-2020» турниріне екі ай кө­лемінде республиканың бес өңірінен 100-ден астам команда қатысқан.

«Турнир аясында 5 өңірде 100 команда арасында тар­тыс­ты ойындар өтті. Олардың қорытындысы бойынша әр өңір жеңімпаздары анықталды. Турнир жұмысшы жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастырып, бос уақыт­тарын тиімді пайдалануға баулуды көздейді. Мұндай шаралар алдағы уақытта жалғасын табады», деді Jas Otan  жастар қанатының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев.

Соңғы жаңалықтар

Бір аптада 221 қылмыс

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар