Оқиға • 23 Қазан, 2020

2 млн теңге жүлдеге ие болды

15 рет көрсетілді

Шымкент қаласының М.Әуе­зов атындағы Оңтүстік Қа­зақстан мем­лекеттік универ­ситетінде екі күн бойы респуб­ликалық пікірсайыс өтті.

 

Дәстүрлі Nur Otan партиясының ауыспалы кубогіне арналған XVIII республикалық пікірсайыс турниріне еліміздің түкпір-түкпірінен 36 команда қатысты. Jas Otan жастар қанаты мен Ұлттық пікірсайыс федерация­сы ұйымдастырған сайыс британ­дық және америкалық парламенттік фор­­матта өтті. Қатысушылар жалпы жүл­­­де қоры 2 млн теңге үшін барын салды.

Ұлттық пікірсайыс федерация­сының президенті Болат Бұхарбай дәстүрлі турнирдің басты мақсаты­на тоқтала келе, аталған салада ұрпақ­­тар сабақтастығы жақсы жолға қо­йылғанын баса айтты. 

 «Пікірсайыс турнирінің мақсаты – өз ойын емін-еркін, нақты әрі дә­йек­ті жеткізе алатын, талантты, бі­­лім­­ді жастарды қолдау. Бұл – партия тара­пынан қолдау тап­­қан кезекті 18-турнир. Мұны пікір­­сайыс саласындағы үлкен же­тіс­тік деу­ге болады. Шараның құр­мет­ті қонақтары қатарында турнирге он жыл бұрын қатысқан аға буын өкіл­дерінің қатысуы – ұрпақтар са­бақ­­тастығының айқын көрінісі», деп атап өтті Б.Бұхарбай.

Турнирдің ақтық кезеңіне жеткенге дейін қатысушылар өңірлерде іріктеуден өткен. М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Ақиқат» дебат клубының мүшесі Ақерке Ермұхан турнир санитарлық талаптарға сәйкес өтке­нін атап өтті. «Еліміздің түкпір-түк­пірінен пікірсайысшылар жиналып, өзекті тақырыптар бойынша өте қы­зықты пікірталас өткізді. Финалда спикерлер тұрмыстық зорлық-зом­былыққа қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктеріне қатысты пікір таластырды. Бұл алаңда айтылған идеялар мен ұсыныстарды зорлық-зомбылық статистикасын азайту үшін пайдалануға болады», деді А. Ермұхан.

Жастар «Швед моделі» тиімді ме?», «Онлайн оқытуды тұрақты тәжірибеге айналдырған дұрыс па?» «Праймериздің нәтижесі қандай?» деген секілді өзге де өзекті мәселелер төңірегінде пікірлерін айтып, ұтымды ойларын ортаға салды.

Jas Otan жастар қанатының жетек­шісі Елнұр Бейсенбаев Шымкент қаласында өткен финалға еліміздің ең мықты пікірсайыс командалары келгеніне сенімді.

«Жастар арасындағы пікірсайысқа праймериз, тұрмыстық зорлық-зом­былық, суицид секілді 12 өзекті та­қырып алынды. Біз осы мәселелерді ше­шуде жастардың пікірін ескеру маңызды екенін түсінуіміз керек. Пікірсайыс – ымыраға келудің жақсы құралы. Праймериз кезінде көпшілік алдындағы пікірсайыстар осыған дәлел болды. Сондай-ақ бұл турнир озық ойлы жастарды қолдауға ықпал етеді», деді Jas Otan жетекшісі.

Жеңімпаздарды Шымкент қала­сы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, М.Нәрікбаев атын­дағы ҚазМЗУ басқарма төрағасы­ның орынбасары Ерболат Мұхамед­жан, Шымкент қаласының Nur Otan партиясы төрағасының орын­баса­ры Мұратәлі Қалмұрадов, Jas Otan жастар қанатының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев және Ұлттық пікір­сайыс федерациясының президенті Болат Бұхарбай марапаттады.

«Үздік төреші» аталымын «Ақи­қат» пікірсайыс клубының өкілі Ші­дербай Әбдісаттар иеленді. Пет­ро­павл қаласының «Император» фрак­циясы «Белсенді қатысушы» ата­­лымына және 100 мың теңге кө­ле­­міндегі сертификатқа ие болса, үшінші орын мен 200 мың тең­ге жүлдені Алматы қаласының Қа­зақ лигасында «KN» командасы жә­не орыс лигасында Көкшетау қа­­ла­­сының «Вагабунд» коман­да­сы алды. Ал екінші орын мен 300 мың теңге көлеміндегі серти­фи­кат­ты қазақ және орыс лигаларында да Нұр-Сұлтан қаласының пікір­сайыс­шылары ұтып алды. Қазақ лигасында бірінші орынға Алматы қаласының «Праймериз» тобы, орыс лигасында «Павлодар» тобы иеленіп, 400 000 теңге көлеміндегі жүлдеге ие бол­ды. Сондай-ақ «Праймериз» коман­дасының пікірсайысшысы Жарыл­қасын Сақтаған «Үздік спикер» атанды.

 

Соңғы жаңалықтар

Бір аптада 221 қылмыс

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар