Қоғам • 23 Қазан, 2020

Еңбек нарығы еңсе тіктей ме?

30 рет көрсетілді

Еңбек нарығы – коронавирустан ауыр соққы алған саланың бірі. Қазақстан ғана емес, тұтас әлем соның зардабын әлі тартып отыр. Мұны Халықаралық еңбек ұйымы да мойындады.

Халықаралық еңбек ұйымының дерегінше, осы жылдың қаңтар-қыр­кү­йек айларында жалпы әлем бойын­ша жұмыс уақытының қысқаруы әу бастағы болжамнан едәуір асып түс­кен. Мәселен, пандемияға дейін 2020 жыл­дың екінші тоқсанындағы жұмыс уақы­т­ының қысқаруы 2019 жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда 14 па­йызды құрайды деп болжанған еді. Алайда нақты көрсеткіш 17,3 пайызға тең болды. Бұл көрсеткіш 495 млн жұмыс орнына пара-пар. Сондай-ақ үшінші тоқсанның қорытындысы бойынша жұмыс уақытының қысқару көрсеткіші 12,1 пайызды құрайды деп күтілуде.

Мұның негізгі себебінің бірі – дамушы елдер мен нарықтық экономиканы қалыптастырушы мемлекеттердегі адамдардың бейресми жұмыстарымен қамтылуында. Негізінен зардап шеккен де солар. Мамандар бұл санаттағы адамдар бұған дейінгі дағдарыстарда мұншалықты қиналмағанын алға тартуда.

Сол секілді Қазақстанның еңбек на­ры­ғынан да дағдарыстың салқынын сезуге болады. 2020 жылдың екінші тоқ­са­­нында елдегі жұмыссыздық деңгейі 5 па­­йызды құрады. Жалпы, бір жыл ішінде республикадағы жұмыссыздық 2,8 пайызға ұлғайып, жұмыссыздардың жалпы саны 454 мың адамды құраған. Бұл – соңғы жылдардағы ең нашар көрсеткіш.

Ол аздай экономикалық құлдыраудың салдарынан кәсіпорындардың жұмыс­шы­лар алдындағы берешегі де күн санап өсіп келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2020 жылдың 1 қазанындағы жағдай бо­йынша мемлекеттік инспекторлар 891 кә­сіпорынның өз қызметкерлеріне қарыз екені анықталған. Берешек көлемі – 2,7 млрд теңге. Ал еңбекақы бойынша жи­нақ­тал­ған қарызын ала алмай жүр­ген­дер­дің саны – 25,9 мың адам.

Қарыз арқалаған кәсіпорындардың басшыларына талапты орындау міндеті туралы 511 ұйғарым беріліп, 71,5 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салын­ған. Қабылданған шаралардың, соның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеу­дің кестелері мен мерзімдерін қатаң белгілеудің нәтижесінде 24,7 мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалды. Оларға 2,76 млрд теңге төленген.

«Еңбек ресурстарын дамыту ор­та­лы­ғы» АҚ президенті Дәулет Арғын­ды­қовтың сөзінше, пандемия кезін­де елімізде еңбек нарығында жаппай жұ­мыс­сыздық орын алған жоқ. Бірақ жұмыс уа­қыты айтарлықтай қысқарған.

– 2020 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда екінші тоқсанда елдегі жұмыссыздық деңгейі 0,2 пайызға өсіп, 5 пайызға тең болды. Алдағы уақытта жұмыссыздар саны айтарлықтай көбеюі ықтимал. Екінші тоқсанда жұмыс күшінің саны 0,9 пайызға қысқарды. Бұл ретте жұмыс күшіне жатпайтын халық саны бірінші тоқсанға қарағанда 79,2 мың адамға немесе 2 пайызға артты. Жұмыссыздық деңгейіндегі өсім адамдардың жұмыс күші санатынан шығып экономикалық белсенді емес топқа қосылуымен байланысты. Карантинге байланысты шектеулер қойылған сәтте екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер жұмыс іздеуді тоқтатқаны белгілі. Алайда олар жұмыссыздықтың талабына сәйкес келмейді. Шектеулер алынған соң, жұмысқа орналасуы мүмкін. Егер орналаса алмаса, онда статистикалық деректе міндетті түрде ескерілетін болады, – дейді Д.Арғындықов.

Сарапшының пікірінше, жұмыс­сыз­дық­тың шамалы ғана өсім көрсетуіне кәсіпорындардың қабылдаған шешімдері де оң әсер еткен. Яғни, көп жағдайда компания­лар штат санын емес, жұмыс уа­қытын ғана қысқартқан.

– Қажетті маманды іздеу ұзақ уақыт алған жағдайда қызметкерді жұмыстан шығарғаннан гөрі жалақыны немесе жұмыс уақытын қысқартқан пайдалы. Бұл кәсіпорын үшін де, міндетті арқалап жүре алмаған қызметкер үшін де тиімді. Яғни, компания іскерлік белсенділікті қалпына келтірген кезде жаңа кадрларды ірік­теуге ресурс жұмсамаса, қызметкер жар­тылай болса да, табысын сақтай алады», дейді ол.

Экономистер дағдарыс жағдайында еңбек нарығының аз ғана уақыт ішінде еңсе тіктей қоюы екіталай екенін үнемі айта­ды. Десе де, қазіргі деңгейді құл­дырат­пай ұстауға қашанда мүмкіндік бар.

 

Соңғы жаңалықтар

Бір аптада 221 қылмыс

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар