Аймақтар • 25 Қазан, 2020

Қоғамдық көлік жүргізушілеріне айыппұл салынды

38 рет көрсетілді

Ақтөбе облыстық полиция қызметкерлері  қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол қауіпсіздігі ережелерін сақтауын бақылау мақсатында рейд жүргізді деп хабарлайды, Egemen.kz.

Полицейлер соңғы үш күн ішінде қаладағы автобус жүргізушілері арасында  400-ден астам құқық бұзушылықты анықтап, әкімшілік  хаттама толтырды. Рейд барысында қоғамдық көлік жүргізушілерінің ең қарапайым жол ережелерін сақтай бермейтіндері анықталды. Мәселен,   24  жүргізуші  жолаушылар тасымалдау ережесін өрескел бұзған, рейске шыққан  16 қоғамдық көлік  міндетті техникалық тексерістен өтпеген.  60 жүргізуші  көлік жүргізіп келе жатып  ұялы телефонды пайдаланған,  24 жүргізуші жылдамдықты асырған. Рейд барысындағы осы заң бұзушылықтарға байланысты "Автопарк" ЖШС мекемесінің  7 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ жүргізушілер ең жиі бұзатын  заң бұзушылықтарға көлік басқарып келе жатып телефонмен сөйлесу,  жылдамдықты арттыру, тоқтау сызығынан шығып кету, жаяу жүргіншілерге жол бермеуді жатқызуға болады. Рейд қорытындысы бойынша көлік басқарып отырып ұялы телефонмен сөйлескен жүргізушілердің әрқайсысына  13 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Қоғамдық көлік жүргізушілері автобус салонындағы   жолаушылар қауіпсіздігіне де, көшедегі қозғалыс ережелерін сақтауға да бірдей жауапты. Алайда құзырлы мекемелердің жиі-жиі ескертуіне қарамастан, қоғамдық көлік жүргізушілерінің арасында жауапкершілікті  сезінбейтіндер жиі ұшырасады. Олардың қызметіне қатысты  шағымдар да азаймай тұр.  Айта кету керек, биылғы жылдың тоғыз айы ішінде  қоғамдық көлік жүргізушілерінің кесірінен  9 жол-көлік оқиғасы  болып, одан  7 адам жарақат алып, 1  адам қайтыс болды.

Соңғы жаңалықтар

Келер жылы тариф көтерілмейді

Экономика • Бүгін, 08:19

Ұқсас жаңалықтар