Қоғам • 26 Қазан, 2020

Жол апаты неге көп?

35 рет көрсетілді

Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында жол апаты туралы ақпарат өте көп. Бір қала­да көлік адамды қағып кетсе, келесі­сін­де көлік аударылып, пәленше адам бақи­­ға аттанып кеткенін естіп жатамыз. Тіп­ті мұндай жаңалықты ести-ести назар аудар­майтындай болып барамыз ба, қалай? Бірақ еліміздегі жол апаты азаяр емес.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр осы мәселеге ерекше назар аударғаны есімізде. Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ««Қазақстанда жол-көлік апатынан қайтыс болу мүмкіндігі Еуропа елдеріне қарағанда 11 есеге көп. Біз бұл проблеманы көптің алдында Парламентте де, Үкіметте де талқыладық. Алайда мәселе шешілмеген күйінде қалып отыр», деген еді.

Бұл мәселе әлі күнге өзектілігін жоғалтқан жоқ. Жол апаты да, соның салдарынан қаза тапқандар саны да Еуропа елдерімен салыстырғанда әлі күнге дейін көп. Сөзіміз дәйекті болу үшін сандарды сөйлетейік.

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, жыл са­йын жол-көлік апатынан шамамен екі мыңнан астам адам қаза табады. Мәселен, 2017 жылы 17019 жол-көлік апаты тіркеліп, 22 256 адам жара­қат алып, 2086 адам қайтыс болған. Ал Бас прокуратура Құқықтық статистика жә­не арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің де­рек­теріне сай, 2018 жылы Қазақстанда 15 821 жол-көлік апаты тіркелген. 20 445 адам жа­ра­қат алса, 2096 адам қаза тапқан.

Жол апатының басым бөлігі жаяу жүргін­шіні қағып кету мен көліктердің соқты­ғысуына тікелей байланысты. Мәселен, 2018 жылғы 12 мың оқиға осы екі себепке тиесілі. Сондай-ақ жылдамдықты арттыру да жол апатының басты себебіне айналып отыр. Статистикалық мәліметке сай кей «шумахердің» жылдамдықты шектен тыс асырып жіберетінін аңғару оңай.

Бір қызығы, еліміздегі көлік апаттарының көп бөлігі күндіз (9613 оқиға) болады екен. Әсіресе, ашық, жауын-шашынсыз, қарсыз, тұмансыз күндері көліктер жиі апатқа ұшы­райды. Статистикалық деректерге қара­саңыз, адам шошиды.

Әлем елдерімен салыстырғанда да біз­дегі жағдай мәз емес. The World Bank-тың деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 100 000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны 23,8 құрайды. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш төмен. Мәселен, Әлемдік банк келтірген мәліметке сай Ұлыбританияда 100 000 адамға шаққанда жол-көлік апатынан қаза табатындар саны 2,9 адам. Бұл көрсеткіш Германияда – 4,2, Францияда – 5,1 Нидерландта – 3,1, Швецияда  2,9-ды құрайды.

Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының 2018 жылғы «Жол қауіп­сіздігі» жинағында ұйымға мүше мем­лекеттердің 100 000 адамға шаққанда жол-апатынан қаза тапқандар тізімі берілген. Келтірілген мәліметтерге сәйкес Норвегияда әр 100 000 адамның 2-еуі жол-көлік апатынан қаза табады. Бұл көрсеткіш Швецияда – 2,5, Швейцарияда – 2,7 адамға жеткен.

Өздеріңіз көріп отырғандай, жол көлік апатының мұншалықты көп болуына негізгі бірнеше фактор бар. Оның біріншісі – жол сапасының нашарлығы. Тәуелсіздік алғалы 30 жылға жетсе де, әлі күнге дейін аудан орталықтарына баратын күре жолдардың сапасы сын көтермейді. Шалғайдағы елді мекендер туралы ештеңе айтпай-ақ қоялық. Әйтпесе, заманауи тас жолы бар ауылдар некен-саяқ.

Дүниежүзілік экономикалық форумның деректеріне сай, Қазақстан жол сапасы жөнінен әлемде 108-орында тұр. Әрине, жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы сатыға жайғасқан Ұлы даланың түкпір-түкпіріне заманауи талаптарға сай жол салу қиын екені түсінікті. Дегенмен күре жолдарды күрделі жөндеу дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін қашанда керек.

Рас, кейінгі кезде республикалық маңызы бар жолдар жақсарып келеді. Мәселен, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» бағыты аясында жөнделген жолдың игілігін халық көріп отыр. Осы орайда, мұндай сапалы жолдардың санын арттыру қажет екенін айта кеткен жөн.

Екіншіден, автокөлік жүргізуге рұқсат беретін құжаттың сатылуы да жол апатының көбеюінің тағы бір себебіне айналып отыр. Ішкі істер министрлігі де, құжатты беру­ге жауапты мекеме де мұны жоққа шыға­раты­ны айтпаса да түсінікті. Қорыта айт­қан­да, айдың-күннің аманында жол апаты­нан қаза тапқандардың көптігі ешкімді бейжай қал­дыр­мауы тиіс. Қысқасы, жол ере­жесін сақта­май, жоғары жылдамдықпен  жүйт­кіген­дер азаймайынша, жол бойындағы апат­тың азаюы қиын.

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар