Бокс • 28 Қазан, 2020

Ағайынды Ақшаловтар

894 рет көрсетілді

Қазақ бокс спорты тарихында бір отбасынан шыққан ағайынды спортшылар көп емес. Олардың басында ағайынды Махмұт және Мақсұт Омаровтар тұрғаны анық. Бұлардың бапкері – қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы. Ағайындылардың үлкені – Махмұт Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанумен қатар, 1947 жылы КСРО чемпионатының қола, Бүкілодақтық «Динамо» ерікті спорт қоғамы біріншілігінің күміс жүлдегері атанса, інісі Мақсұт 1957 жылы күллі Одақ чемпионатында қола медальға қол жеткізіп, 1959 жылы өткен КСРО Халықтары спартакиадасында күміс жүлдеге ие болды.

Ал біз бұл жолы ағайынды боксшылар Мерей және Мейірім Ақшаловтар жайлы сөз қозғамақпыз.

 

Асылдың тұяқтары

Ақшаловтардың туған жері – бұрынғы Семей облысының Аягөз ауданындағы Мыңбұлақ ауылы. Әкесі Төлеген Кеңес заманында совхоздың машинасын жүргізген қарапайым шаруа адамы әрі ағайынға қайырымды, ақ-адал жандардың сойынан болса, анасы Ғалиба ауылдық кеңестің хат-шотын реттейтін маман болған.

Әулетті сталиндік сүргін қатты шай­қапты. 1928 жылғы байлардың мал-мүлкін тәркілеу науқаны кезінде шолақ бел­сен­ділер Ақшалдың туған ағасы Байжанның дүниесін тартып алып, өзін оңтүстікке жер аударып жіберген. Ақшалдың Нұғман деген баласы қалған ағайындарын шұбыртып, аштық жылдары Аягөз жеріне ауып келген. Сөйтіп, Мыңбұлақ маңындағы тау-тасқа тарай тығылып, жан сауғалаған. Нұғманның Нұрсұлтан дейтін баласынан Төлеген туады. Ал Төлегеннің балалары біздің кейіпкерлеріміз – Мерей мен Мейірім. Жоғарыда жер аударылған Байжаннан қазақ журналистикасының қара жорғасы Сапар Байжанов тарайды.

 

Қалиевтің қамқорлығы

Мерей Төлегенұлы 1995 жылы қоңыр сөм­кесін арқалап, алғаш рет Мыңбұлақта мектеп табалдырығын аттайды. Бұл бір жуан­ның жіңішкеріп, жіңішкенің үзіліп тұрған шағы-тын. Елді жабайы нарықтың жал-жал толқыны ағаштың ақ жаңқасындай алай-бұлай үйіріп, жан-жаққа шашып жатқан. Мерей екінші сыныпқа көшкен жылы Ақшаловтар отбасы Теміртау қаласында тұратын Нұрсұлтан аталарының інісі Нұрисламды қара тартып, көшіп келеді. Жаңа орта, жат тыныс. Қала тірлігі бала Мерейді былай қойып, отағасы Төлеген мен отанасы Ғалибаға да оңай тиген жоқ.

Бір жылдан соң ағасы Нұрисламға рах­метін айтап, өздері үйренген Семейге атба­сын бұрады. Қаладағы №21 орта мектепте оқуын жалғастырған Мерей бесін­ші сыныпқа көшкен жылы, нақтырақ айт­қанда, 1999 жылдың 2 қыркүйегінде мек­теп ішінде бокс үйірмесін жүргізетін Құрман Қалиев дейтін ағасына барып, «мені де боксқа үйретіңізші?» деп қолқа салады. «Сал­мағың қанша?». «Білмеймін».

Құрман Қалиев негізі мектепте мұға­лім емес. «Ромат» атты дәрі-дәрмек сата­тын ком­пания қызметкері. Тек өзінің ынта-ықы­ласы бойынша спортқа бейім жас бала­ларды аптасына үш рет келіп бокс өнері­не тәрбиелейді. Онысына бір тиын пұл ал­майды. Халықаралық тілмен айтқанда, во­лонтер. Қазақша айтқанда, істеген еңбегі үшін ақы алмайтын құдайға қараған адам.

Осы Құрман ағасы боз талдың жапы­ра­ғындай қиылып тұрған кішкентай ұлға қарап бір күліп алды да, «келе ғой» деге­ні. Мерей осылай бокс қолғабын киген. Кигені былай тұрсын, қолғабы өзінің ба­сынан үлкен. Содан ал кеп бокс­тас. Құр­ман, әсілі, атақты бапкер немесе даң­қы шыққан боксшы бол­маса да, бокс спор­тының алғашқы әліппе­сін жақсы біле­тін адам. Әйтпесе құр жұды­рықтасу­дан еш­теңе шықпайды. Шын мәнінде, Мерей­дің бағын ашып, үлкен спортқа тұсауын ке­сіп аттандырған тұлға осы – Құрман ағасы.

 

Бір бойына көп қасиет тоғысқан бала

Содан 1999 жыл аяқталып, жаңа ғасырдың басы – 2000 жылдың қаңтар айында жасөспірімдер арасында Семей қалалық біріншілігі басталады. 34 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Мерей чемпион. Қолында табақтай диплом, мойнында жарқыраған алтын медаль үйге кіріп келген ағасына мейірлене қараған жеті жасар інісі Мейірім «ойбай, мен де боксшы болайын» демесі бар ма? Ата-анасы жеткіншектің қылығына күлген де қойған. Қайдан білсін, арада алты жыл өткенде Мерейдің ізін басқан Мейірім менмұндалап атой салып, алаштың әлеуетті боксшысына айналарын...

Ай санап емес, күн санап өсетін ертегідегі Алпамыстай бокс өнерін тез үйренген Мерейге ұстазы Құрман: «Мерейжан, сенен болашақта талантты боксшы шығады, менің жеткізген жерім осы, әрі қарай өзіңді ұштауға оқу-тоқуым жетпейді...», деп қолынан жектеп Астана қаласындағы Қажымұқан атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа алып келеді. Бұл 2002 жылдың күзі болатын. Осы жолдардың авторы сол кезде Қажымұқан мектебінде әдіскер-идеолог болып жұмыс істейтін. Міндетім: оқу ісі жөніндегі орынбасармен бірге оқушылардың сабақ үлгерімін қадағалау және тәрбиелік мәні зор кездесулер ұйымдастыру. Айтайын дегенім, Мерейдің мектеп-интернатқа келген кезінің куәсімін және оқу үлгерімі жазылған табельдерін қарасам, бір төрт жоқ, кілең бес. «Япырмай, мына бала спорт қумай, ғылым қуса жарар еді, мұнда келіп не спорт, не оқу жоқ, жарты жолда қалар ма екен», дедім іштей.

Мерейдің тағдыры біз ойлағандай болмады. Сабағын да беске оқыды, спорттан да алға шықты. Фотосы құрмет тақтасының басында тұрды. Бір күні мектеп-интернат басшысы Қыдырбек Рысбекұлынан «осында оқып жатқан 240 баланың ішінен кімнен үлкен үміт күтесіз?» деп сұрадым. Қыдырбек еш ойланбастан «Мерей Ақшаловтан» деп кесіп айтты. «Неліктен?» дедім. «Оның бір бойына: адалдық, иман, білім, ақыл, кішіпейілдік, табандылық қасиеттер тоғысқан бала», деді.

Сонымен 2002 жылдың күзінде мек­теп-интернатқа келген Мерей, 2006 жылы мен басқа жұмысқа ауысып жатқанда, Мароккода өткен кадеттер арасындағы біріншіліктен әлем чемпионы атанып келді. 2008 жылы Астанада өткен Президент кубогының финалында кішігірім сенсация жасап, Афины Олимпиадасының қола жүлдегері Серік Елеуовтен басым түсті де, Бейжің Олимпиадасына жолдама алды. 

 Осылай қанаты қатайған бозбала 2010 жылы АҚШ-та өткен әскерилер арасында өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Одан соң екі-үш жыл «Астана арландары» сапында өнер көрсетіп, 2012 жылғы Қазақстан біріншілігінде 64 кило салмақта ел чемпионы атанды. Келесі 2013 жылы Амман қаласында өткен Азия біріншілігінде топ жарды. Осы екпінмен 2013 жылы Алматы қаласында өткен Әлем чемпионатының финал­ында кубалық тарлан Ясниэля Толе­доны ұтып, алтын тұғырға көтерілді. Келе­сі жылы спортты доғарды. Қазір Нұр-Сұл­тан қалалық Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебін басқарып отыр.

 

Мерей – менің кумирім

Жоғарыда жылт еткізіп айттық, Мерей ағасының алғашқы жеңісін көріп, көңі­ліне шуақ ұялаған Мейірім Төлегенұлы Нұр­сұлтанов бокс қолғабын киюге асығады. Алты жасынан бастап өзі оқыған Семейдегі №21 орта мектепте Азамат Сайын ағасының қол астында жаттыға бастайды. Мерейдің айтуына қарағанда, Мейірім боксшы болады деген ой ешкімде болмапты. Өскенге дейін «боксты ермек қыла тұрсын» деген мақсатпен ойын баласын үйірмеге жіберіп қойып, әркім өз жайында жүріп жатқан.

Бірақ Мейірімде боксқа деген икем барын алдымен ағасы Мерей байқайды да, 2006 жылы өзі оқып жүрген Қажымұқан атындағы мектеп-интернатқа алып келеді. Мерейдің өз сөзімен айтсақ, «Мейірімді мектеп-интернатқа боксшы болсын деп емес, өмірдің ащы-тұщысын үйренсін, ата-анадан алыс жүріп, өз бетімен жан бағуға әдеттенсін» деген ниет­пен әкелген. Қызық болғанда, Мейірім «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын Мерейден бұрын қорғады. 2010 жылы Тегеранда (Иранда) бокстан жастар арасында ХІХ Азия чемпионаты өтетін болып, оған федерация екінші құрамды атандырады. Осы топтың ішіне бапкерлер «тәжірбе жинап қайтсын» деген ниетпен жас боксшы Мейірімді де қосып жібереді.

Азия біріншілігінде 64 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Мейірім Нұрсұлтанов әуелі моңғолдың гүрзі жұдырықты боксшысы Батжаргал Батдорижиды 9:0 есебімен есінен тандыра сабайды. Ширек финалда тайландтық Сомсак Купхоккрудты соққының астына алады. Төрешілер екінші раундта жекпе-жекті тоқтатып, таяқ жеген тай боксшысын Мейірімнің жойқын шабуылынан әрең арашалапты. Ал жартылай финалда үндістандық Харпал Сингхті 10:1 есеп айырмасымен жеңіп, шешуші шайқаста өзбек Акрам Мамаджановты жеңеді. Есеп – 4:2. Сөйтіп, Мейірім Төлегенұлы жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріледі. Осы жарыста жастар құрамасы жеті жүлдеге ие болып (төрт алтын, бір күміс, екі қола) жалпыкомандалық есепте бірінші орынды еншілеп, Сары құрлықтың бокс тарихына жаңа жол салғаны бар.

Мейірім Нұрсұлтанов 2016 жылдан бастап АҚШ-та кәсіпқой бокспен айналысып жүр. Нәтижесі жаман емес. Бүгінге дейін 14 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. WBC тұжырымы бо­йынша АҚШ (USNBC) титулы және IBF тұжырымы бойынша Солтүстік Америка чемпионы деген атағы бар. Өткен жылдың басында Мейірім Төлегенұлы (13-0, 8 КО) әлемдік рейтингте 8-орынға жайғасты.

Америкалық WorldBoxingNews сайты­ның редакторы Фил Джей Vesti.kz тілші­сіне берген сұхбатында: «Қазақстан боксшы­сы Нұрсұлтанов өте жылдам жетіліп келе жатыр. Бұл – Эгис Климастың бола­шағы зор активі. Ол барлық раунд­та се­німді жұдырықтасады. Үлкен сын­дарға дайын жігіт. Көп өтпей бұл азамат үлкен биіктерді бағындырады деген сенімдемін», деген екен. Демек, аман жүрсе бұл баланың болашағы әлі алда деп білеміз.

 * * *

Бұл қатарға аталас-ағайынды Сәпиев­терді де қосуға болады. Үлкені – Бақтай Сәпиев бокстан 1972 жылы «Достық» ойындарының жеңімпазы, 1974 жылы КСРО чемпионатынан қола, 1976 жылы күміс жүлдегері атанса, аталас інісі Серік Сәпиев – әуесқой бокстан Олимпиада чемпионы (2012), Баркер кубогының иегері (2012), әлемнің екі дүркін чемпионы (2005, 2007) және күміс (2011), қола (2009) медальдарының иегері атанған айырықша спортшы.

Одан кейін ағайынды Елеусіновтер бар. Үлкені – Дәурен Елеусінов 2006 жылы студенттер арасында әлем чемпионы. 2009 жылы Азия біріншілігінде қола жүлдегер, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болса, інісі – Данияр Елеусінов Олимпиада (Рио, 2016) һәм әлем чем­пионы (2013), Азия ойындары (2010, 2014) мен Азия құрлығы (2013, 2015) жарыстарында қос-қостан алтын бұйырған талантты боксшы. Бұл ағайындылар қазір АҚШ-та кәсіпқой бокс майданында өнер көрсетіп жүр.

 

Соңғы жаңалықтар

«Каспий» ҚПЛ-да қалды

Футбол • Бүгін, 08:19

«Алаш» – нағыз ұлттық идея

Оқиға • Бүгін, 08:12

Сайлаушыларға үндеу жолдады

Саясат • Бүгін, 08:11

Қайырымдылық дүкені бар қала

Руханият • Бүгін, 08:03

9 жасар баланың өмірін жалмады

Коронавирус • Бүгін, 07:59

Көптен күткен жекпе-жек

Кәсіпқой бокс • Бүгін, 07:53

Плей-офф кезеңіне шықты

Футбол • Бүгін, 07:51

Көрмедегі көркем кітаптар

Аймақтар • Бүгін, 07:45

Алып ағаш

Оқиға • Бүгін, 07:42

Торғай тарихының тағылымы

Таным • Бүгін, 07:39

Қапастағы қарсылық

Руханият • Бүгін, 07:35

Бақбақ тістеген тарих

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 07:31

«Теңізшевройлдан» – 825 көшет

Аймақтар • Бүгін, 07:25

Елбасы дәрісханасы ашылды

Аймақтар • Бүгін, 07:22

Дәуірден озған дара тұлға

Елбасы • Бүгін, 07:20

Ұқсас жаңалықтар