Экономика • 28 Қазан, 2020

Баспаналы болу мүмкіндігі артты

383 рет көрсетілді

Ұлттық банк «Баспана хит» ипотекалық несиелеу бағдар­ла­ма­сына өзгерістер енгізді. Жаңа­шыл­дыққа сәйкес, енді үлескерлік құрылысқа қатысуға болады. Сондай-ақ пәтерді салынып жатқан үйден алуға мүмкіндік туды. Бұдан бөлек, сатып алынатын үйдің шекті құны ұлғайтылды. Мұның бәрі қазақ­стандықтардың баспаналы болу мүмкіндігін арттырмақ.

Үлескерлік құрылысқа қатысуға болады

Осыдан тура екі жыл бұрын Қазақ­стан­ның тұрғын үй нарығында «Баспана хит» атты жаңа бағдарлама пайда болды. Ол екінші деңгейлі сегіз банк ар­қы­­лы қайталама нарықтан пәтер алуға мүмкіндік береді. 2020 жылғы 26 қа­зан­­дағы дерек бойынша, «Баспана хит» аясында барлығы 306,8 млрд тең­геге 35 769 займ рәсімделген. Демек, бағдарлама мыңдаған адамның баспаналы болуына жол ашты.

Екі жыл ішінде бағдарламаға қатысты азаматтар мен банктер, құрылысшылар мен қоғамдық бірлестіктер тарапынан түрлі сын-ескертпелер, ұсыныс-пікірлер айтылды. Соларды негізге ала отырып, Ұлттық банк тиісті түзетулерді енгізді. Ондағы мақсат – баспанаға деген қолжетімділікті,  бастапқы тұрғын үйге деген сұранысты арттыру.

Сонымен жаңартылған бағдарламаға сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларынан сатып алынатын үйдің шекті құны ұлғайтылды. Мәселен, бұған дейін «Баспана хит» арқылы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан сатып алынатын үйдің құны 25 млн теңгеден аспауы керек-тін. Енді 35 млн теңгеге дейінгі үйлердің иесі атануға мүмкіндік бар. Сол секілді Шымкенттен үй алудың шекті құны 25 млн теңгеге дейін, ал Қарағандыда 20 млн теңгеге дейін өсті.

Үлескерлік құрылыс шеңберінде бас­пана сатып алу «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңға сәйкес жүзеге асырылады. Бағдарламада лимит­ті арттыру тетігі қазірдің өзінде қарас­ты­рылған. Жаңа бағытты іске қосу үшін бағдарлама операторы серіктес банктермен бірлесіп дайындық жұмыстарын жүргізуде. Оның басталғаны туралы ақпарат қосымша хабарланбақ.

 

БЖЗҚ да – бір мүмкіндік

Алдағы уақытта 700 мыңнан астам қазақстандықтың Бірың­ғай жинақ­таушы зейнет­ақы қорындағы жинағын білім алуға, емделуге және тұр­ғын үй жағдайын реттеуге пай­далана алатыны белгілі. Сарап­шылардың пікірінше, көпшілік салымын білім мен денсаулыққа жұмсамайды. Демек, олар мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдалана отырып, баспана мәселесін реттеуге тырысады. Алайда бұл өзгеріс тұрғын үй нарығын­дағы бағаның өсуіне жол ашуы ықтимал.

Бұған дейін жазғанымыздай, 700 мыңнан астам қазақстан­дықтың шекті сомадан асқан қаржысы 1 трлн 400 млрд тең­гені құрап отыр. Оның негізгі бөлігі тұрғын үй алуға бағыт­талса, бұл нарыққа әжептәуір серпіліс әкелмек.

«Мұндай мүмкіндікке ие адамдар – осы күнге дейін тұрақ­ты жұмыс істеген, зейнет­ақы салымын үздіксіз аударған орта таптағы жандар. Қисынға салсақ, мұндай адамдардың басында баспанасы бар. Яғни мұқтаж емес. Демек, олар өз­деріне берілген мүмкіндікті пайдаланып комфорт-кластан, бизнес-кластан жайлы пәтер алуға тырысады. Осы жағдайды ескерсек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы ком­форт-кластағы, бизнес-клас­тағы үйлердің бағасы қымбат­тайды», деген еді бұл жайында экономист Рахым Ошақбаев.

Осы орайда, қазақстан­дықтар БЖЗҚ-дағы шекті сомадан асқан қаржыны бас­тап­қы және қайталама нарық­тан баспана алуға, жер учас­келерін сатып алуға, құры­лыс жүргізуге және үйді жөн­деуге жұмсауға құқылы. Сон­дай-ақ қолданыстағы ипотека­лық қарыздарды қайта қаржылан­дыруға немесе оларды өтеу­ге пайдалану мүмкіндігі қара­с­тырылған.

– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы соманы пайдалану тұрғын үй нары­ғындағы сұранысты арттырады дегенге келіспеймін. Бірін­шіден, қазір екінші деңгейлі банктер қарыз алушыға қойы­латын талаптарды қатаңдатты. Ипотекалық займ алу үшін бас­тапқы жарнаны ғана төлеу жет­кіліксіз. Әдеттегідей несие тарихы тексеріледі. Ал Қазақстандағы әрбір үшінші тұрғынның несие тарихы бұзылған. Екіншіден, пандемия бизнеске де, жеке тұлға­ларға да ауыр соққы болып тиді. Олардың «қауіпсіздік жас­­тығы» ретінде сақтап кел­ген қар­жысының түбі көрін­ді. Демек, тұрғын үй на­ры­­ғындағы сұра­ныс анау айт­қандай жоғары болмайды, – дейді жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Айқын Тәжімбетова.

 

Ипотекалық қарыз алушылар қолдауға ие

Айтпақшы, жуырда Ипоте­калық тұрғын үй қарыз­дарын қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер енгізіл­ген болатын. Бұл бағдар­лама 2015 жылы іске қосылған еді. Мақсат – ипотекалық қарыз алушыларды қолдау. Дәлірек айтқанда, бағдарлама қарыз алушының жалғыз тұрғын үйін сақтауға, борыштық жүкте­мені төмендетуге және валюта­лық тәуекелді болдырмауға бағытталған.

Бағдарламаның бірінші бөлігі аясында, яғни 2004-2009 жылдар аралығында беріл­ген және жалғыз тұрғын үймен қамтамасыз етілген 50 млн теңгеден аспайтын ипо­текалық қарыздарды қайта қаржыландыру көзделген. Осы орайда Ұлттық банк бағдарламаның бірінші бөлігін іске асыруға 130 млрд теңге бөлді.

2020 жылдың 1 қыркүйегін­дегі жағдай бойынша бағдар­лама шеңберінде 28,3 мың қарыз алушыға 176,7 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілген. Олардың 123,3 млрд теңге көлеміндегі сыйақы, айыппұл (өсімпұл), комиссиялар бо­йынша жинақталған берешегі кешірілді.

Бағдарламаның екінші бөлігі валютамен ипотекалық қарыз алған адамдардың бо­рыштық жүктемесін төмен­детуге және валюталық ба­ғам­дардың құбыл­малылы­ғына деген тәуелділікті бол­дыр­мауға бағытталған. Осы­лайша, 2018 жылғы наурызда жеке тұлғалардың 2016 жыл­ғы 1 қаңтарға дейін беріл­ген валюталық ипоте­ка­лық қарыз­дарын Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы баға­­мы (1 АҚШ доллары – 188,35 теңге) бойынша теңге­мен қайта қаржыландыру бас­талды.

Бағамдағы айырманы ө­теу үшін банктерге 111,4 млрд тең­ге бөлінді. 2020 жыл­ғы 1 қыр-

­­­­күйектегі жағдай бойын­ша банктер валюталық ипо­те­ка­лық қарыздарды қай­та қаржыландыруға 9,2 мың өтінімді (83 млрд теңге) мақұл­дады. Оның ішінде 70,1 млрд теңгеге 7,9 мың қарыз қайта қаржыландырылды. Валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2020 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады.

Президент Қасым-Жо­март Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2019 жылғы желтоқ­санда бағдарламаның үшінші бөлігі іске қосылды. Ол банктің балансында тұрған қарыз алу­шының жалғыз баспанасын меншігіне қайтару мақсатында қаржы институттарына қарыз алушыны жылдық 3 пайыздық сыйақы мөлшерлемесі бойынша қаржыландыруды немесе оған тұрғын үйді кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беруді және басқа да жеңілдіктерді қарастырды. Алайда бағдарламаны іске асыру кезінде мұқтаж азаматтар мемлекеттің қолдауын ала алмаған. Сондықтан өткен айда бас банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағдарламаның талаптарын жақсартатын және жаңа мүмкіндіктерді ұсынатын түзетулерді бекітті.

Яғни еңбекке жарамсыз­дыққа әкеп соғатын және ипотекалық кредитті өтей­тін кірістерден айыратын әлеу­мет­тік маңызы бар аурулардың жекелеген түрлерімен ауыратын азаматтардың қарыздарын қайта қаржыландыру қарасты­рылды. Оған аурудың 5 түрі енген. Сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 68-бабында айқындалған ХӘОТ-қа жататын (халықтың әлеуметтік осал тобы) қарыз алушыларды мемлекеттік баж салығын төлеуден босата отырып, нотариустың ат­қару­шылық жазбасы арқылы банктің пайдасына берешегі өндіріп алынған қарыздарды бағдарлама бойынша қайта қаржыландыруға жол ашылды. Бұдан бөлек, қарыз алушыларға «Астана банкі» АҚ және «БТА банк» АҚ балансына өткен жалғыз баспанасын, сондай-ақ банктер күмәнді активтерді басқару ұйымдарына берген баспананы меншігіне қайтару мүмкіндігі қарастырылған.

Жаңа түзетулер бағдарлама аясында қосымша шамамен 5 мың қарыз алушыны қамтуға жол ашпақ.

 

Соңғы жаңалықтар

«Каспий» ҚПЛ-да қалды

Футбол • Бүгін, 08:19

«Алаш» – нағыз ұлттық идея

Оқиға • Бүгін, 08:12

Сайлаушыларға үндеу жолдады

Саясат • Бүгін, 08:11

Қайырымдылық дүкені бар қала

Руханият • Бүгін, 08:03

9 жасар баланың өмірін жалмады

Коронавирус • Бүгін, 07:59

Көптен күткен жекпе-жек

Кәсіпқой бокс • Бүгін, 07:53

Плей-офф кезеңіне шықты

Футбол • Бүгін, 07:51

Көрмедегі көркем кітаптар

Аймақтар • Бүгін, 07:45

Алып ағаш

Оқиға • Бүгін, 07:42

Торғай тарихының тағылымы

Таным • Бүгін, 07:39

Қапастағы қарсылық

Руханият • Бүгін, 07:35

Бақбақ тістеген тарих

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 07:31

«Теңізшевройлдан» – 825 көшет

Аймақтар • Бүгін, 07:25

Елбасы дәрісханасы ашылды

Аймақтар • Бүгін, 07:22

Дәуірден озған дара тұлға

Елбасы • Бүгін, 07:20

Ұқсас жаңалықтар