Қоғам • 28 Қазан, 2020

Электр желісінің ескіргенін ескермеуге болмайды

64 рет көрсетілді

Бұрнағы жылдары шалғайдағы шағын ауылдар түгілі, ірі елді мекендерде қақаған қыс ішінде апат салдарынан электр қуаты берілмей қалып, ел әбігерге түсетін. Биыл «Көкшетау энерго» серіктестігі қатал сыншы – қысқа қапысыз дайын­далуда. Әйтсе де көптен қорда­ланып қалған мәселелер аз емес. Соңғы бес жыл ішінде электр жаб­дықтарын жаңғыртуға инвести­ция құйылғанымен, жалпы көлем­нің 4,2 пайызы ғана ауыстырылған.

Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының бірнеше іргелес аудандарын электр қуатымен қамтамасыз ететін ұжым елімізде алғашқылардың бірі болып 2020-2021 жылдарға арналған күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік төлқұжатын алған. Бұл ең алдымен энергия нысандары мен желілердің бел­гіленген жүктемелерді толық қуатында атқаруға техникалық жағынан әзір екендігін білдіреді. Серіктестік басшысы Досымхан Аралбаевтың айтуына қарағанда, жаман тұмау өршіп тұрған кезеңде індет салдары тыңғылықты жұ­мыс істеуге біршама қолбайлау болған.

Әйтсе де, ұжым жұмыс қарқынын төмендеткен жоқ. Соның нәтижесінде 274 млн теңгеден астам қаржы игеріліп, 29 күштік трансформатор және 372 транс­форматорлық қосалқы станса, 2 328 шақырым электр желілері жөнделіп, 10 481 изолятор ауыстырылды. Әр жыл сайын компанияның инвестициялық бағ­дар­ламасы шеңберінде электр желі­ле­рін салу және жаңғырту жөніндегі ма­ңыз­ды іс-шаралардың тұтас кешені жүзеге асы­ры­лады. Биыл 27 іс-шара жүзеге асы­ры­­лып отыр.

Тұрмыстық тұтынушыларды және тір­шілікті қамтамасыз ету объектілерін элек­­трмен жабдықтауды жүзеге асы­ра­тын қосалқы стансалардағы электр жаб­дық­та­рын жаңартуға және жаңғыртуға айрықша назар аударылуда. Сөз арасында электр желілеріндегі айтпай келетін апаттардың басым бөлігі 0,4-10 кВ желі­ле­рін­де орын алатынын айта кеткен жөн. Міне, осыған байланысты қолға алынған жұмыстың 80 пайызға жуығы осы бағытта ұйымдастырылуда. Бұл ретте 2019 жылы қала іргесіндегі Краснояр ауылында жоғары технологиялық ЖТҚ-10 кВ жабдығы орнатылған. Бұл қосал­қы станса Краснояр ауылына қоса Нұрлы көш, Симферополь, Садовое, Еленовка тәрізді елді мекендердің тұ­ты­­­ну­­шыларына қызмет көрсетеді. Жаңа жо­сықтағы жабдық көпшілік кө­ңі­­лі­нен шығуда. Облыс орталығына 25 Мега­воль­т трансформаторын орнатып, 110/10 кВ терең енгізу қосалқы станса­сын­да ауқымды қайта жаңғырту жұ­мыс­тары уақтылы қолға алынып, нәти­желі аяқталды. Осындай нәтижелі жұ­мыс арқылы облыс орталығындағы 12 мың­­нан астам абонентке сапалы қызмет көр­­сетілетін болды. Қазір энергетиктер Көкшетау қаласындағы тұрмыстық химия зауыты аумағындағы, Уәлиханов, Мир, Потанин тәрізді бірнеше көшелерде ор­наласқан қосалқы трансформаторлық стан­саларда ауқымды жұмыстарды аяқ­тап жатыр. Щучинск қаласында да элек­тр қондырғыларды жаңарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Жыл соңына қарай Зеренді ауданының Алексеевка және Солтүстік Қазақстан облысының Айыр­тау ауданындағы «Володарская» қосал­қы стансаларында кең ауқымды жаң­ғыр­ту жұмыстары жүргізілмек. Жыл ішінде Көк­шетау қаласы мен аудан орта­лық­та­рын­да жалпы ұзындығы 75 шақы­рым­нан астам әуе және кабель электр беру желі­лері мұқият жөндеу жұмыстарынан өткізілді. Бұл арада екпін түсіріп айта кететін жайт, ұзақ жылдардан бері қызмет етіп тұрған алюминий сымы қазір зама­науи оқшауланған сыммен ауыстырылды. Сондай-ақ ескі, көнерген ағаш тіректерді біртіндеп жаңа темір-бетон тіректермен алмастыру да кезең-кезеңімен жүзеге алмастырылуда.

Қосымша табыс есебінен 2019 жылы материалдық-техникалық база айтар­лық­тай жақсартылды. Зақымдалған кабель желілерін табу аппаратурасы, транс­форматор майын тазалау бойынша цио­литті қондырғы, кабель желілері үшін ұра қаза алатын қондырғылар, жаңа техни­калар сатылып алынды.

Шалғайдағы ауылдық округтерді электр қуатымен жабдықтау мәсе­ле­сіне ай­­рық­­ша назар аударылуда. Бұл орайдағы не­гіз­гі мақсат энергия шы­ғынын азайту болып табылады. Аны­ғырақ айтсақ, 110 кВ-ға арналған қосалқы станса ұстау эко­но­микалық жағынан тиімсіз екен. Осыған байланысты үстіміздегі жылы ұжым ма­ман­­дары Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданындағы жоғарыда аталған типтегі стан­саны оңтайландыру жұмысын сәтті аяқтап шықты. 2019 жылы осы тек­тес іс-шаралар бірнеше бағытта жүр­гі­­зілді. Биыл көктемде Рузаев электр же­лі­лерінің энергетиктері Куйбышев-Рузаев бағытындағы 110 кВ әуе желісінің электр тізбегіне жаңғырту жасады. Өйт­кені желінің күрделі учаскелерінде сым­дар­­дың мұздануы салдарынан апат жиі орын алатын. Үлкен жүктеме түсіп тұр­ған­­дықтан қыс ішінде электр қуатынан ажы­ратулар көбейіп кетті. Уақтылы жүр­гізілген жаңғыртудың әсерінен енді мұн­дай келеңсіздікке орын берілмейді. Ертеректе Красноармейск-Большой Изюм желісінде тосын оқиғалар жиі орын алатын. Әсіресе ерте көктемде Шағалалы өзенінде сең жүрген кезде желіні су басып қалып, қаншама тіректер қирай-тұғын. Осындай оралымсыздықтар орын алмас үшін желіні қайта жаңғырту туралы шешім қабылданғаны оң болатын түрі бар.

1

Енді сөз әлібін кадр мәселесіне ойыс­тыр­сақ. Шынын айту керек, кадр жетіс­пеушілігі – энергетика секторының бас ауруына айналған үлкен мәселесі. Серік­тес­тікте қызметкерлердің әлеу­мет­тік-тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін әзірге оңтайландыру шарасы арқылы табыстарын көбейтуге мәжбүр. Бірақ бұл да тұйықтан шығатын жол емес. Жалақының төмен болуы кадрлардың тұрақтамауына әсер етеді.

– Әлем өзгеруде. Демек, біз де заманауи қызмет көрсетуге тиістіміз. Энер­ге­тик­терден саланы басқарудың заманауи тәсілдерін жүзеге асыру талап етілуде. Оған айтарлықтай қаражат қажет, – дей­ді серіктестік басшысы Досымхан Арал­ба­ев, – 2019 жылы «Көкшетау энерго» серіктестігінде заманауи биллинг жүйесі жобасы іске асырылуда. Бұл жүйе тұты­ну­шылар тарапынан да оң бағасын алып отыр. Біз ескірген абоненттік және өнеркәсіптік сектор бағдарламаларынан бас тартып отырмыз. Жаңа жүйе интернет және пайдаланушының тиісті рұқ­саты болған кезде кез келген компьютер немесе смартфон арқылы жұ­мыс істеуге мүмкіндік береді. Біздің қыз­мет­керлеріміз де қашықтан жұмыс істей алады. Жұмыс сапасына нұқсан келмейді.

Салада қордаланып қалған мәселелер де аз емес. Жасыратыны жоқ, соңғы жыл­­­дары электр энергетикасы саласын тү­­бе­­гейлі жаңғырту туралы аз ай­ты­­лып жүрген жоқ. Бұл орайда ж­е­лі­­лер­дің тозуы, техникалық мүмкін­ді­­гінің заман ағы­с­ына ілесе алмауы, ин­вес­ти­ция­лар­дың аздығы туралы мәсе­лелер туын­дауда. Алдымен электр желі­ле­рінің то­зуы­­ның белең алуы туралы таратып айта кете­лік. Мамандардың айтуына қарағанда, ағымдағы тарифтік саясат қолданыстағы желілерді қайта құру бойынша ауқымды жұмыс жүргізуге мүмкіндік бермейді екен. Жаңғырту көрмегендіктен желілерді да­мыту жүзе­ге асырылмай, керісінше, тозуы жиілеп барады. Бүгінде серіктестік 16 мың шақы­рым­нан асатын әуе желілері ар­­қылы қызмет етуде. 0,4-10 кВ кабель же­лілері 332 шақырымды құрайды. Оның үстіне 3 мыңға жуық қосалқы станса бар. Жиын­тық трансформаторлық қуат 2 мың кило­вольтамперден асады. Оқырманға түсі­­нікті боулы үшін 164 206 тұтынушы қам­тамасыз етілетінін айта кету керек.

Кәсіпорын электр желілерін өз күші­мен жөндеп, қанағаттанарлық жағ­дайда ұс­тауға тырысқанымен, бұл орайдағы шар­уа айта қаларлықтай емес. Желілердің то­­зығы жеткен. Тіпті қырық жылдан астам жұмыс істеп тұрған желілердің бір бөлігі 40 пайызды құрайды. Электр энер­гиясын беру тарифіне енгізілген жаңғырту бағдарламасы барлық электр қондырғыларын жылына шамамен 0,5 па­йыз жаңартуға ғана мүмкіндік бере­­ді. Соңғы бес жыл ішінде электр жаб­­дық­та­рын жаңғыртуға инвестиция құ­йыл­ғанымен, жалпы көлемнің 4,2 пайызы ғана ауыстырылған. Қазір қар­жыландыру тек жеке жабдықтың жұ­мы­сын сақтау үшін ғана жеткілікті. Мұндай жағдайда фи­зикалық тозу ұлға­йып, апат көбеймек. Демек, электр энергиясымен жабдықтау са­пасына сенім азаяды.

Ауыл тұрғындарының үдере көшіп, қа­тары сиреп қалуы да өз әсерін тигі­зу­де. Кейбір шағын ауылдардағы отба­сы саны елуге де жетпейді. Міне, осының нәтижесінде электр энергиясын тұтыну кө­лемі азаятыны белгілі. Шоқ жұлдыздай ша­ғын ауылдарды электр қуатымен қам­та­масыз ететін 110 кВ, 35 кВ қосалқы стан­са­лар босқа жұмыс істейді. Әрі шағын ауыл­дар шал­ғай­да орна­ласқандықтан, желі­лердің ұзын­ды­ғы да айтарлықтай. Осы­лай­ша тұтыну­шы­ларға электр энергия­сын жеткізу шығындары 100 есеге дейін кө­бейетіні бар. Осындай олқылықтарға қа­рамастан, серіктестік шалғайдағы елді ме­кендерді электр энергиясымен қамта­ма­сыз етуді тұрақты жүзеге асыруда.

1990 жылдардың соңынан бастап электр желі­лерінің дамуында тоқырау орын алға­нын да баса айтуға болады. Соң­ғы уа­қытта өңірлік деңгейдегі электр энер­­­­­гия­­сын дамытуға жеткілікті көңіл бө­­­лін­­бей отыр. Осы мәселе қазір өткір кү­­­йін­де.

– Бұл жайтқа «Сокологоровка» 110/10 кВ қосалқы стансасының мысалында көз жет­кізуге болады, – дейді серіктестік бас­шы­сы Досымхан Аралбаев, – бұрнағы жылы Сокологоровка және Қырымбет ауыл­дарының тұтынушылары электр қуа­тын­сыз қалды. Басқа да бірнеше аудан­да осындай жағдай орын алды. Себебі ол жерлерде 110 кВ резервтік электрмен жаб­­дықтау жоқ. Электрмен жабдықтау 110 кВ Полтавка – Горьковская әуе желі­сі­н Ресей Федерациясының аума­ғын­да­ғы желінің астындағы құрылыстарға байла­ныс­ты іске қосу мүмкін болмай отыр. Біз Ресей тарапынан осы ғи­марат­тарды ай­на­лып өту қажеттігі туралы хат алдық. Ол хатта ұзындығы 60-65 шақырым болатын ай­­нал­малы әуе желісінің құрылысы ұсы­ны­­лып отыр.

Электр желілері мен энергия жаб­­дық­­­тарының пайдалану мерзімі тау­­сыл­ға­­нын ескерген абзал. Осы тақы­рып­ты қау­заған кезімізде жедел шаралар қа­был­дау қажеттігі туындап тұрғанына көз жет­кіздік.

 

Ақмола облысы

 

Соңғы жаңалықтар

«Каспий» ҚПЛ-да қалды

Футбол • Бүгін, 08:19

«Алаш» – нағыз ұлттық идея

Оқиға • Бүгін, 08:12

Сайлаушыларға үндеу жолдады

Саясат • Бүгін, 08:11

Қайырымдылық дүкені бар қала

Руханият • Бүгін, 08:03

9 жасар баланың өмірін жалмады

Коронавирус • Бүгін, 07:59

Көптен күткен жекпе-жек

Кәсіпқой бокс • Бүгін, 07:53

Плей-офф кезеңіне шықты

Футбол • Бүгін, 07:51

Көрмедегі көркем кітаптар

Аймақтар • Бүгін, 07:45

Алып ағаш

Оқиға • Бүгін, 07:42

Торғай тарихының тағылымы

Таным • Бүгін, 07:39

Қапастағы қарсылық

Руханият • Бүгін, 07:35

Бақбақ тістеген тарих

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 07:31

«Теңізшевройлдан» – 825 көшет

Аймақтар • Бүгін, 07:25

Ұқсас жаңалықтар