Аймақтар • 28 Қазан, 2020

Автор

45 рет көрсетілді

Сәтті шыққан әлдебір көркем туындының авторы деп ойлап қалмаңыз. Кейіпкеріміз бейнеті мен зейнеті қатар өрілген екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін шын мәніндегі өнегелі өмірдің авторы, замана құбылыстарының дауылына қыңқ етпей төзіп, сынық кірпішін жерге түсірмеген тұйықтағы шағын ауылдағы ырыс-берекеге толы құтты тұрмыс-тіршіліктің авторы. Әңгіме бүкіл аймақтың мақтанышына, бүтін елдің игілігіне айналған Әулиекөлдің асыл тұқымды етті ірі қарасын шығаруға ат салысқан авторлардың бірі, елдің еңбекторысы атанған Зейнолла Жаңбыршинов жайында өрбімек.

 

Әулиекөлдің асыл тұқымды сиыры – отандық бренд

Бүгінде еліміздің он екі өңірінде 113 шаруашылық жалпы саны 30 мыңнан астам асыл тұқымды Әулиекөл сиырын ұстап отыр. Ал енді осы мол ет беретін, арқаның арқыраған аязына қыңқ етпей қыста да далада жүре беретін ыстық-суыққа төзімді әрі тез көтерілетін Зеңгі баба тұқымын будандастырып шығаруға таба­ны күректей 30 жыл уақыт кеткенін екі­нің бірі біле бермейді.

Сәл тарихқа үңілсек, өткен ғасыр­дың 60-шы жылдары КСРО-да мал шаруа­­шы­лы­ғын, оның ішінде асыл тұ­қымды етті ірі қара басын көбейту мық­тап қол­ға алынады. Бұл кезде Одақ көле­мінде герефорд бұқасы мен қазақ-қал­мақ сиырынан алынған қазақтың ақ бас сиыры деп атала­тын ірі қараның жал­ғыз етті тұқымы бар еді. Ал Батыс Еуро­па елдерінде, мәселен, Англияда асыл тұқымды етті сиырдың герефорд, абер­дин-ангусс, галловей және шортгорн деп аталатын төрт түрі, Францияда шароле, лимузин, обрак, салерс, ақ аквитан сияқты он шақты түрі, Италияда мар­кин­дажи, киан, романьола деген үш түрі бар еді. Бұл асыл тұқымдар сол кезде ет бағытындағы мал шаруашылығын да­мы­туға ден қойған көптеген елдерде, әсі­­ресе, Солтүстік және Оңтүстік Аме­ри­­ка, Аустралия құрлықтарында кең тарай бастаған кез еді. Осы тұста Одақта қазақтың ақ бас сиыры мен шетелдің асыл тұқымын будандастыру арқылы Солтүстік Қазақстанның шұғыл континентальды климатына төзімді арнайы ет бағытын дамытуға арналған ірі қара түлігінің жаңа тұқымын шығару міндеті алға қойылды. Бүкілодақтық маңызға ие аса жауапты міндетті жүзеге асыру үшін бұған асыл тұқым алуда мол тәжірибе жинақтаған әрі мал басы көп, азық қоры жеткілікті Қостанай облысының Әулиекөл ауданына қа­расты Москалев кеңшары таңдалып алын­ды.

Жаңа тұқым алу жұмысы Мәскеу об­лы­сының Дубровицы қаласындағы Бү­кіл­одақтық мал шаруашылығы ин­с­ти­­ту­тының қызметкерлеріне тапсырылады. Ғылыми-өндірістік тәжірибеге Социалистік Еңбек Ері, академик Н.Рос­тов­цев, профессор И.Черкащенко, Ы.Мусин сияқты ғалымдар жетекшілік етті. Осылайша, Мәскелеу кеңшарында бүкіл­одақтық институттың тірек пункті жасақ­талып, кеңшар асыл тұқымды мал зауы­ты болып қайта құрылды. Алайда ұзақ уақытты қажет ететін ғылыми-өнді­ріс­тік тәжірибені мал шаруашылығын жете меңгерген жергілікті мамандардың қа­тысуынсыз толыққанды жүзеге асыру мүмкін емес еді. Бұл іске сол кездегі шар­уашылық басшысы Михаил Карпов бастап, Зейнолла Жаңбыршинов қоштаған кең­шар ұжымы білек сыбана кірісті.

– Михаил Григорьевичтің ең басты еңбегі Мәскеудің атақты ғалымдарының жетек­шілігімен Солтүстік Қазақстанның қа­таң климатына төзімді жаңа тұқым шығаруға ат салысуы. Бұл жұ­мыс 1962 жылы басталып ұзақ уақыт қажыр­лы еңбектің арқасында 1992 жылы 26 қазанда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруа­шы­лы­ғы министрлігінің бұй­ры­ғы­мен етті ірі қараның жаңа Әулие­көл тұқымы болып апробацияланды. Жаңа тұқым суыққа төзімді. Тұқымдық бұқалардың тірідей салмағы 850 килодан 1 тонна 110 келіге дейін тартады. Ал сиырларының салмағы 560-700 килоға дейін барады. Тәжірибе басталған жылы мен көбіне зертхана жұ­мыс­тарымен айналыстым. Аналық малды жергілікті ауа райына төзімді қазақтың ақ бас сиырынан алдық. Одан кейін сол кезде мәрмәр етті ірі қараның ішінде көш бас­тап тұрған ағылшынның абердин-ангусы мен француздың ірі салмақты шароле тұқымының екі айлық және одан үлкен бұқаларын алдырдық. Абердин-ангус өсімталдығымен, еттілігімен, ал шаро­ле дене тұрқының ірілігімен ерек­ше­ле­неді. Шаруашылықта қазақтың ақ бас сиырын бағудың қыр-сырын әбден меңгерген кәнігі мамандар жеткілікті еді. Әулиекөл тұқымы – қырық шақты ғалым-селек­ционерлер мен мал шаруашылығы маман­да­рының ұзақ жылдық табанды еңбегінің же­місі, – дейді Зейнолла Абайұлы.

Ол кез еңбек майданына жаңа ғана ара­ласқан Зейнолла ағаның нағыз жанып тұр­ған шағы. Көп кешікпей ғылыми-өн­діріс­тік тәжірибе өз нәтижесін бере бас­та­ды. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары өткен Бүкілодақтық халық шаруашылығы же­тістіктері көрмесінде 12 бұқашықтың оны І дәрежелі диплом алды. Бұлардың ішінде мәскелеулік мамандар «Пилот» деп атап кеткен 15 айлық бұқашық 520 кило салмақ тартып, одақ жұртшылығын қай­ран қалдырған еді.

Мәскелеу кеңшарында 1962 жылы бас­талған күрделі ғылыми селекциялық тә­жірибе 30 жыл бойы үздіксіз жүргізіліп, 1992 жылы Әулиекөлдің асыл тұқымды етті ірі қарасы деп аталатын жаңа отандық тұ­қым түбегейлі қалыптасты. Кейін Зей­нол­ла аға Қазақ мал шаруашылығы инс­титуты ғалымдарының жаңа тұқым­ның сапасын арттыру жұмыстарын жал­ғас­ты­руына мүмкіндік жасап, қолдау білдірді. Осы­лайша, белгілі ғалым зоотехник, профессор В.Крючковтың басқаруымен мал­дың генеологиялық құрылымы жасақ­та­лып, алты бұқаның арғы тегі анықталып, олардан тараған ұрпақтары іріктеліп алын­ды. Крючковтың жетекшілік етуімен алғаш рет «Москалевте» құрылған тірек пунктінің жетекшісі болған, ауыл шаруа­шы­лығы ғылымдарының кандидаты Ы.Мусин, ғалым Ә.Жұманбай және Зейнолла ағаның тікелей қатысуымен бас­қа да ғалымдардың, шаруашылық ма­ман­дарының қажырлы еңбегінің арқа­сын­да 2007 жылы осы бұқалардың екі аталық із тобы апробацияланды. Бұл кезде алынған «Табакур» атты бұқаның сал­мағы 1350 кило, «Зенит-Шұбат» атты бұқаның салмағы 1165 кило тартқан еді. Одан кейін ғалымдар асыл тұқымның әлеуеті жоғары төрт туыстық тобын анықтайды. Бұл жолғы ғылыми өндірістік тәжірибе жөнінде ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты Әбсаттар Жұманбай: «Әулиекөл тұқымы өсімтал келеді. Оған нақты дәлел 2002 жылы Женева қаласында өткен көрмеде сапалы мал өнімі үшін бас жүлдені жеңіп алды. Ал  2004 жылы «Москалев» шаруашылығы тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет осы Әулиекөл тұқымының авторы ретінде №1 патентті алды. Қазір Әулиекөлдің үстінен өтетін күре жолдың бойында әулие­көл бұқасына биіктігі 3 метр бола­тын ескерткіш орнатылды. Бұл мүсін Зей­нолла ағаның еңбегіне көрсетілген құр­мет екені айтпаса да түсінікті», дейді.

Бүгінде отандық брендке айналған Әулиекөл асыл тұқымын шығаруға ті­ке­лей қатысып, авторлық құқыққа ие болған селекционер-мамандардың ішінде әулие қонып, бақ дарыған Әулиекөл өңірінің бүгінгі абыз ақсақалы Әкімбек қажы Қабденұлы да бар. Еңбек ардагерінің ай­туын­­ша, ширек ғасырдан астам уақыт бойы жүр­гізілген ғылыми-өндірістік тә­жі­рибе не­гізінде алынған жаңа тұқым­ның түбе­гей­лі үлгісі тоқсаныншы жыл­дар­дың бас кезіндегі өтпелі кезеңмен тұспа-тұс келген. Бұрынғы кеңшарлар жап­пай ыдырап, ауыл халқы қалаға ауып кетіп жатқан шақта іргелі шаруашылықты сол күйінде ұстап қалып, отыз жылдық еңбектің жемісі – отандық асыл тұқымды ірі қараны сақтап қалған Зейнолла Жаң­быр­­шинов ерлікпен парапар еңбек сіңірді деп біледі.

– Тоқсаныншы жылдардың басында облыс орталығына жақын болғанымен, күре жолдан шалғай тұйықта жатқан Мәскелеу ауылы үшін күнкөріс қиындады. Мал бағасы құнсызданып кетті. Қант, шай, ұн қатқа айналып, тұрмыстық тауарлар қымбаттады. Бір кездері өрісте малы шұр­қы­рап, ошақта қазаны бұрқырап жататын біраз ауылдың қалқиып қаңқасы ғана қалды. Осы тұста ақыл-парасаты мол санаулы ғана сұңғыла азаматтар туған жерге тұтқа, елге ес бола біліп, шаруашылықты аман сақтап, елдің босып кетуіне жол бермей қалды. Осылайша, шатқаяқтап тұрған шағын елді мекендердің еңсесін қайта тік­теп, халықтың ауылға тұрақтап қалуына ықпал етті. Мәскелеудің мақтанышы да, бар байлығы да – Әулиекөлдің асыл тұ­қымды сиыры ғой. Сол тұста осы тұ­қым­ның Ресейден ағылып келіп, малдан мал, техникадан техника қоймай тауарға айырбастап, тиынға сатып алып кетіп жатқан көлденең көк аттыға жем болып, жойылып кетуіне жол бермей қалған бірден бір азамат – осы Зейнолла. 2012 жылы Зекеңнің тікелей араласуымен Әулие­көл­дің асыл тұқымды ірі қарасын республика көлемінде насихаттап, көбейту мақ­са­тын­да арнайы республикалық палата құ­рылды. Палата мәліметі бойынша, қазір экспортқа кеткен мал басын есептемегенде, елімізде 30087 Әулиекөл етті тұқымы өсі­ріледі, – деді Әкімбек Қабденұлы.

1

 

Жауапкершілігі шексіз серіктестік

Әрине, тоқсаныншы жылдары мал басын сол күйінде сақтап қалу мүмкін бол­мады. Өйткені жұмысшы, малшы, ме­ханизаторлардың жалақысын төлеу, мек­теп, балабақша, аурухана сияқты әлеу­меттік нысандарды ұстап қалу аса қиынға соқты. Ауылды қысқы отынмен қам­тамасыз етуге қаржы табылмады. Бұл тығырықтан шығу үшін сол тұста Мәс­ке­леу сиырларының біразы етке өтіп кетті.

– Кеңес тұсында кеңшар Мәскеуге бағынды. 12 мың ірі қара болды. Кейін нарық келгенде халық аңтарылып қалды. Ауылда электр жарығы болмады. Отын жоқ. Қаржы жоқ, амалсыз көмір алу үшін ақша орнына арзан бағамен мал беруге мәжбүр болдық. Қазір содан қалғаны 3 жарым мың бас ірі қара. Осыған да шүкір деп отырмыз. Халыққа шөбін шауып, үйіне әкеп үйіп береміз. Жемін де осы шаруашылықтың есебінен алады. Қа­зір­гі мақсатымыз – асыл тұқымды мал ба­сын көбейту болып отыр. Үкіметке рахмет, қазір мемлекет сиыр басына 20 мың теңгеден дотация беріп отыр. Мем­ле­кет біздің асыл тұқымды сатып алған адамға да үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Мысалы, біздің шаруашылықтан 300 мың теңгеге бір бұқа сатып алсаң, оның 150 мыңын мемлекет қайтарып береді. Осыған қарағанда, қазір біздің малға сұраныс өте жоғары. Биыл 7 мың тоннадай шөп жинап алдық. 2 мың тоннадай қысқы пішен да­йындап қойдық. Арпа, сұлы, бидайымызды да қамдап қойдық. Қысқасы, мал азығы биылғы қысқа жетеді, – дейді Зейнолла Абайұлы.

Өтпелі кезеңдегі қысталаң шақта ауыл халқын, шаруашылықты ұстап қалу үшін көп күш-қайрат жұмсалды. Бұл кезеңдегі ең басты қиындық – қайткен күнде де ауыл халқын көшірмей ұстап қалу мәселесі бол­ды. Бірақ соған қарамастан өзге ұлт өкіл­дерінің көбі тарихи отандарына қо­ныс аударды. Енді олар тастап кеткен бос үйлерді сақтап қалу керек. Білікті бас­шы осы тұста облыстың шалғай аудан­да­рынан қалаға қарай толассыз көшіп жатқан қазақтардың біразын осы ауылға қоныстандырудың қамына кіріседі. Осы­лай­ша, Торғай, Науырзым өңірлеріне техника жіберіп, 50-ден астам отбасыны көшіріп әкеліп, Мәскелеуге орнықтырды. Ауыл мектебінен қазақ сыныптарын ашу туралы бастама көтеріп, ауылға келген қазақ тілді пән мұғалімдерін тегін баспанамен қамтамасыз етеді. 2000 жылы мешіт салып, халықты имандылыққа шақыратын діни мекеменің жұмысын жандандырады.

– Қыста отын-су керек, кейде бір қажет дүниелер жетпей қалып жатады, сондай кезде Зейнолла ағаға барып айтамын. Сөзге келмей, бірден көмектеседі. Қазір карантинге байланысты, бұйрықты орындап намазды тоқтатып тұрмыз. Жыл сайын осы мешітте әр ауылдан екі-үштен алдырып, балаларға сабақ ұйымдастырамыз. Жазғы лагерь сияқты ғой, екінші қабатта жатып оқиды. Көрші Целинныйдан, Тимофейден, Сосновтан, Құсмұрыннан, Аманқарағай, Әулиекөлден балалар келеді. Сол кезде Зейнолла ағамыз екі мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырып береді. Өзім мұнда Амангелді ауданынан көшіп келдім. 2018 жылы Зейнолла ағаның демеушілігімен қажылыққа барып келдім. Осы ауылдың өсіп-өркендеп, гүлденуі үшін барын салатын ағамыздың үйіне барсаңыз, өте қарапайым, қазіргінің байлары сияқты жылтыр дүниеге құмартпайды. Осы ауылдың қарапайым тұрғындарымен қатар тіршілік кешіп жатыр, – деді мешіт имамы Ораз Қалмағанбетов.

Өзге ауылдарда әлеуметтік нысандар жап­пай жабылып жатқанда, Мәскелеуде мил­лиондаған қаржыға мәдениет ошақ­та­ры мен мектеп, емхана, халыққа тұр­мыс­тық қызмет көрсету мекемелеріне авто­номды жылу жүйесі өткізіліп, ауыл­ды абаттандыру жұмыстары жүріп жатты. Таза ауыз су, газ мәселесі де дәл осы жол­мен шешілді. Зейнолла Абайұлы 1992 жылы өз қаржысына ауылда спорт залы, асхана, кітапханасы бар мектеп ашты. Бүгінде жергілікті шаруашылық есе­бінен ауыл мектебінің оқушылары бір мезгіл ыс­тық тамақпен қамтамасыз етіл­ген. Се­рік­тестік көпбалалы аналар мен зей­нет­керлерді, мүмкіндігі шектеулі жандар мен ауылдың дарынды жастарын өз қам­қорлығына алып, жүйелі түрде демеу­ші­лік жасап отырады.

Тоқсаныншы жылдары жергілікті се­рік­тестік ауылдың мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп, сапалы музыкалық құрылғылармен жабдықтап берді. Еңселі ғимарат бүгінде ауыл тұрғындарының игі­лі­гіне қызмет етуде.

– Қазір мәдениет үйінде 11 шығар­ма­шылық үйірме жұмыс істейді: 3 домбыра үйірмесі, балалар және ересектер хоры, ауылдың кішкентай балғындары мен жасөспірімдерге арналған екі би тобы, отбасылық дуэт және жеке вокал үйір­месі бар. Осының бәрін «Мәскелеу» серіктестігінің арқасында ұстап отырмыз. Сұраған нәрсеміздің бәрін бір сөзге кел­мей алып беріп отырады. Облыс дең­гейін­де өтетін мәдени шараларға барып-келу шығынын да осы серіктестік көтереді. Жалпы, Зейнолла аға бізден көмегін аямайды. Керек кезінде өнерпаз балаларды Қос­танайға апарып, ең қымбат шеберха­на­лар­­дан концерттік костюмдер мен ұлттық киім­дерді сатып алып беріп отырады, – деді мәдениет үйінің басшысы Бақытгүл Жа­махина.

Зейнолла Абайұлы еңбек жолын қа­тар­дағы малшы, меха­ни­за­тор­лықтан бас­талды. Кейін зоотех­ник, бас зоотехник болып қызмет атқарды. Ғылым мен тәжірибені тиімді ұштастырып, Мәс­­­кеудің Тимирязев атындағы Ауыл шаруа­­­шылығы академиясында «Әулие­көл тұқымының шығу тегі және оның параметрлері» тақырыбына ғы­лыми диссертация қорғап, ауыл шаруашылығы ғы­лым­дарының кандидаты атағын ие­лен­­ді. Әулиекөл тұқымы туралы бірне­ше ғылыми-танымдық еңбектер жаз­ды. Ұстазы М.Карпов дүниеден өткен­нен соң, көпшіліктің қалауымен кең­шар бас­шысы болып тағайындалды. Тәуел­сіз­­дік таңы атқан жылдары бүтін бір ауылдың ауыртпалығын көтеріп, өңірдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан білікті маман кісілік пен кішілік қасиетінен бір сәт айныған емес. Тоқсан ауыз сөзді Зей­нолла ағаның өз ойымен түйіндесек, «аза­маттың бағасы оның ел алдындағы еңбегі мен жауапкершілігіне байланысты. Атақ­ты сатып алуға болады, бірақ абыройды сатып ала алмайсың, оны халық береді. Ал осы халық жүрегіндегі абырой-бедел тек адал еңбекпен ғана келеді».

 

Қостанай облысы,

Әулиекөл ауданы,

Москалев ауылы

 

Соңғы жаңалықтар

«Каспий» ҚПЛ-да қалды

Футбол • Бүгін, 08:19

«Алаш» – нағыз ұлттық идея

Оқиға • Бүгін, 08:12

Сайлаушыларға үндеу жолдады

Саясат • Бүгін, 08:11

Қайырымдылық дүкені бар қала

Руханият • Бүгін, 08:03

9 жасар баланың өмірін жалмады

Коронавирус • Бүгін, 07:59

Көптен күткен жекпе-жек

Кәсіпқой бокс • Бүгін, 07:53

Плей-офф кезеңіне шықты

Футбол • Бүгін, 07:51

Көрмедегі көркем кітаптар

Аймақтар • Бүгін, 07:45

Алып ағаш

Оқиға • Бүгін, 07:42

Торғай тарихының тағылымы

Таным • Бүгін, 07:39

Қапастағы қарсылық

Руханият • Бүгін, 07:35

Бақбақ тістеген тарих

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 07:31

«Теңізшевройлдан» – 825 көшет

Аймақтар • Бүгін, 07:25

Елбасы дәрісханасы ашылды

Аймақтар • Бүгін, 07:22

Дәуірден озған дара тұлға

Елбасы • Бүгін, 07:20

Ұқсас жаңалықтар