Аймақтар • 28 Қазан, 2020

Қажығали Мұханбетқалиұлы атындағы оқу кабинеті ашылды

101 рет көрсетілді

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы атындағы оқу кабинеті ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz

Университет қабырғасында жаңадан жасақталған кабинетте  жазушы өмірінің әр жылдарынан сыр шертетін фотосуреттер, еңбектері мен кітаптары, ол туралы  баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар топтастырылған. Жиналғандар алдында  Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармашылығы туралы естеліктермен бөлісті.

Өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен таныла бастаған Қажығали Мұханбетқалиұлының "Жұлдызды түндер", "Тоғай сыбдыры", "Жаңғырық", "Қайдасың, сен махаббат" кітаптары жарық көрген. Сондай-ақ оқырман 2016 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына  ие болған,  Сырым батыр бейнесі мен сол дәуірдің қайшылықты оқиғалары туралы  жазылған "Тар кезең" тарихи романын  жақсы біледі.  

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков қабырғалы қаламгер, университеттің құрметті профессоры Қажығали Мұханбетқалиұлының кезінде оқу ордасында өткізілген айтулы шараларға қатысып, салмақты ойларымен,  зерделі естеліктерімен жас ұрпақ санасына руханият уызын сіңіре білгенін жеткізді.

Ақтөбе ай­мағындағы  тарихи тұлғалардың есімдерін қайта жаң­ғырту мақсатында соңғы жылдары осы университетте "Ақтөбе ақтаңгерлері" ауқымды жобасы қолға алынып, оқу ғимараттарына халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің, ғалым Бекежан Сүлейменовтің, қоғам қайраткері Мұхтар Арынның есімдері  берілді. Бұл ретте Құдайберген Жұбанов, Тахауи Ахтанов, Әбіш Кекілбаев, Өтежан Нұрғалиев атындағы конференц-залдар, Нұрсұлу Тапалова атындағы хореография залы, Роза Жаманова атындағы музыка кабинеті, Дербісәлі Бер­кімбаев, Әлім Алмат, Досжан хазірет, Бекежан Сүлейменов, Рабиға Сыздық, Есет Жұбанов, Әлия Молдағұлова, Бәкір Тәжібаев, Елтоқ Ділмұхамедов, Амантай Өтегенов сын­ды тұлғалар мен Ауған соғысы ардагерлері атындағы дәрісханалар ашылды. Қ.Мұханбетқалиұлын еске алу шарасына  жазушының жұбайы Сұлуханым Ілиясова  қатысып, жиналғандарға  ризашылығын білдірді.

Соңғы жаңалықтар

Адасқан балықшы аман табылды

Аймақтар • Бүгін, 17:06

«Каспий» ҚПЛ-да қалды

Футбол • Бүгін, 08:19

«Алаш» – нағыз ұлттық идея

Оқиға • Бүгін, 08:12

Сайлаушыларға үндеу жолдады

Саясат • Бүгін, 08:11

Ұқсас жаңалықтар