Абай • 29 Қазан, 2020

Тегеранда Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

66 рет көрсетілді

Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында осы ұлы ақынның Тегерандағы Иранның Ұлттық кітапханасында орналасқан ескерткішіне салтанатты түрде гүл қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Салтанатты рәсімге Иран үкіметі тарапынан Президенттің кеңесшісі, ИИР мұрағат және ұлттық кітапхана ұйымының басшысы Әшрәф Боруджерди қатысты. 

Ә.Боруджерди Иран ақыны Фердоусидің өз шығармашылығы арқылы ұлттың тілі мен рухына жан бітіргенін, сол сияқты Абайдың өз халқына өлшеусіз еңбек сіңіргенін тарқатып айтты. Ә.Боруджерди қазақ және парсы ойшылдарын қос ел халықтарына жақын таныстырып, екіжақты мәдени ықпалдастықты арттыруды құптайтынын мәлімдеді.

Елші Асхат Оразбай рәсімде сөйлеген сөзінде Абайдың философ, ақын, ұстаз, ұлттық жаңа әдебиеттің негізін қалаушы, композитор ретінде жарқын мұралар қалдырғанын егжей-тегжейлі баяндады. Бұл ойшылдың өз халқын білім-ғылым іздеуге, қоғамды өркендетуге шақырған тарихи рөліне, еңбектерінің әдеби, философиялық тұрғыдан құндылығына кеңінен тоқталды.

Қазақстан елшісі биыл ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда және шет елдерде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы, Шығыстың көрнекті философы әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы мерекеленіп жатқанын, осы орайда Қазақстан мен Иран көптеген халықаралық іс-шараларды бірлесіп өткізіп келе жатқанын атап өтті.

Салтанатты рәсім барысында тараптар ҚР және ИИР арасындағы мәдени байланыстарды, екі елдің ұлттық кітапханалары арасындағы қатынастарды екіжақты және көпжақты ынтымақтастық аясында одан әрі өркендетуге әзір екендерін білдірді.

Елші Президентінің кеңесшісі Ә.Боруджердиге парсы тіліне аударылған қазақстандық тақырыптағы кітаптарды, соның ішінде Абай қара сөздері мен өлеңдерін және өзге де материалдарды табыстады.

Соңғы жаңалықтар

Қап тауындағы тұтқын

Қазақстан • Кеше

Қолды болған гараж

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар