Руханият • 30 Қазан, 2020

Ақжайықтың Абайы

44 рет көрсетілді

Биыл Батыс Қазақстан облысы карантин қысымына қарамастан ұлтымыздың ұлы тұлғаларын ұлықтаудың әдемі үлгісін көрсетті. Өңірде Жұбан ақынның ғасырлық тойы, Қадыр Мырза Әлидің 85 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Ақын атында мәдениет пен өнер орта­лығы ашылды, еңселі ескерткіш бой көтерді, республикалық айтыс ұйымдастырылды. Бүгін Ақжайықтағы Абай тойы туралы сөз қоз­ғамақпыз.

Тарихқа көз салсақ, хакім Абайды алғаш танығандардың қатарында бөкейліктер, дәлірек айтсақ, Шәң­герей Бөкеев пен Ғұмар Қараш бас­таған озық топ та болған екен.

«1916 жылдың шілде айында Шәңгерейдікінде Ғұмармен кез­дескенімде Абай әңгіме болды. Бұл Абай өлеңдерінің жинағы кітапша болып басылып шыққан кезі еді. Өзіміз ол кезде Абайдың кім еке­нін, оның поэ­зиясының мәнісін біл­мейміз. Ғұмар Абайдың өлеңдерін оқып, талдап түсіндірді. Абайдың поэзия­сына үлкен баға беріп, «ұлы ақын» деді. Тыңдаушының ішінде Шәңгерей де отыр еді. Ол: «Мен Абай өлеңдеріне түсінбеймін, оның өлең, сөз құрылысы, тіпті сөздерінің бір­қатары маған түсініксіз» дегенді айтты. «Шыныңды айтшы, Абай өлеңдері сенің өз өлеңдеріңнен қалай?» деп Ғұмарға сұрау қойды. Ғұмардың өле­ңін мақтаған болды.

Ғұмар сонда Абай өлеңінің сөз құрылысын, өлең ұйқастарын қай­талап, толықтау етіп айтты. «Бұрын-соңды қазақ ақындарының ішінде Абайға тең келетіні жоқ» деген сөз­дерді айтты. Шәңгерей Ғұмардың сөзіне еріп кетіп, Абайды тіпті Ғұ­мар­­дан гөрі асыра мақтап жібер­генін өзі де сезбей қалғандай болды...

...Өзіне ұнаған бір жазушының идеялық пікірлерін келтіріп, оған өзі қарсы кісі болып сөйлейтін, әңгі­ме­­лесіп отырған кісісін осылайша сы­най­тын Шәңгерейдің бір мінезі еді».

Шафхат Бекмұхамедовтің бұл естелігінен сонау ХХ ғасырдың ба­сында-ақ шығыстағы шайырдың есі­міне қиыр батыстағы қыр қазақ­тары қанық болғанын көреміз.

Әлбетте, бүгінде қазақ жерінің қай пұшпағына барсақ та Абай хакім­нің есімі дәлелдеуді қажет ет­пей­тін аксиомаға айналған. Мұн­дай жағдайда ұлы ақынның мерей­тойы қандай форматта өтуі керек? Оның үстіне адымға тұсау, көңіл­ге күдік салып тұрған індет кезін­де ат шаптырып, ас берудің де жө­ні жоқ. Яғни, бұл жолы өзгеше көз­қарас, тың шешім керек еді. Батыс Қазақстан басшылары, өнер мере­ке­сін ұйымдастырушылар Абай Құ­нан­байұлының 175 жылдық мерейтойын лайықты атап өтудің жолын тап­ты.

1

Карантин кезінде көпшілік жиналатын шаралардың бәріне де тыйым салынғаны белгілі. Бірақ 2020 жылы қаңтар айында-ақ Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен басталып кеткен бір шараға панде­мияның еш кедергісі болмады. Бұл әлеуметтік желіде ұлы ақынның шығармашылығын насихаттауға арналған челлендж болатын. Осы челлендж қала тұрғындары мен меймандар арасында өте сәтті өтті. Әлеуметтік желілерде 8 500 қаралым жинады. Челлендж жеңімпаздарын қыркүйек айында Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапаттады.

Ақын мерейтойы алдымен кітап­ханада өтуі – ең әділ шешім сияқты. Карантин талаптары сәл жеңілдеп, мәдениет мекемелерінің ашық жұмыс істеуіне мұрсат берілген сәт­те-ақ биылғы жылдың басты тақы­рыптары алға шыққаны анық. Орал қалалық кітапханасында да ақын, ағартушы Абай Құнанбай­ұлының 175 жылдығына орай Абай залы салтанатты ашылды. Оқырманды ақынның өнегелі өмірімен таныс­тырып, рухани асыл мұрасын насихаттау мақсатында ашылған залда аймақтық «Ұлы дала сазы» этно-фольклорлық ансамбльдер бай­қауының бас жүлдегері «Алаш» этно-фольклорлық ансамб­лінің орындауында Абайдың «Тор­жор­ға» шығармасы шалқып тұрды. Қазақ­стан Жазушылар одағының мү­шесі, ақын Айтқали Нәріков жинал­ғандарды мерекемен құттық­тап, тіле­гін білдірді.

«Абай – дана, Абай – дара қазақ­та» атты кітап көрмесі өңірдегі қай кітап­хананың табалдырығын атта­саңыз да алдыңыздан шығады.

Ақсай қаласында, Чапаев кентін­де биік ғимаратқа, көпқабатты үйдің қабырғасына ақынның түрлі-түсті су­реті бейнеленген мурал пайда болды.

Ақжайықтағы Абай тойының шыр­қау шегі Орал қаласының ең басты көшелерінің бірі Абай есімін иеленгені болды.

– Биылғы Абай жылы ұлы ақын­ға арнап республикалық, облыс­тық, қалалық деңгейде көптеген игі­лікті шара өтіп жатыр. Данышпан Абай­ға арналған шаралар ешқашан көптік етпейді. Күн санап көркейіп келе жатқан қаламызда биыл Абай алаңы абаттандырылып, ақын­ның қарасөздері жазылған тақтатастар орнатылды. Облыс орталығындағы Абай даңғылының ашылуына күллі қазақ танитын тұлғалар – Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жазушы, журналист Мереке Құлкенов, ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Жұбан Молдағалиевтің отбасы, ақын, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ақын, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева келіп қатысқаны бүгінгі салтанаттың мәртебесін одан әрі биіктетті, – деді өз сөзінде Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков.

Айта кетейік, осы жылдың ақпан айында Қазақстан Жазушылар ода­ғы Батыс Қазақстан облыстық фи­лиалының сол кездегі басшысы Ақұштап Бақтыгереева Орал қала­сындағы негізгі көшелердің біріне Абай есімін беру туралы ұсыныс айтқан болатын. Бұл ұсыныс­ты республикалық ономастикалық комиссия қолдады. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен облыстық мәслихат Орал қаласындағы Еуразия даңғылын Абай даңғылы деп қайта атау туралы бірлескен қаулы қабыл­дады.

– Абай атамыз – ұлтымыздың ұстазы, халқымыздың темірқазығы. Біздің мемлекетімізге бағыт сілтеп тұрған, әлемнің көгінде жарқырап тұрған жарық жұлдызымыз. Оралдағы Абай көшесінің бойында ақынның «Ақыл, қайрат, жү­ректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек» деген сөзі жа­зылыпты. «Толық» деген – кемел адам деген сөз. Толықтықты Абай атамыз «Адамдыққа толық адам», «надандыққа толық адам» деп екіге бөледі. Біз соның адамдыққа толық адам деген жолын ұстанамыз. Бүгін міне, Жайық бойындағы ғажайып жасыл қала Абай жырымен нұрланғандай болып тұр. Еуразия деген жаттанды атау, соған бүгін Абай жырының нұры түсті. Осы көшенің сәулесі бүкіл Оралды жар­қыратты. Маған осы көшеде тұ­ратын тұрғындар басқаларға қа­рағанда бақыттырақ секілді көрінеді. Көшелеріңіз құтты болсын. Абайдай өмір сүрейік, абайлап өмір сүрейік, – деді Қазақстан Жазушылар ода­ғының төрағасы, ақын Ұлықбек Ес­дәулет.

...Осы күні Орал көшелерімен жүріп өтсеңіз, көшедегі әр аялдамада хакімнің өлмейтін сөздері, жыр шумақтары көзге түседі. Жол жие­гіндегі жақпар тас та, көше қиы­лысына керілген керме кенептер де Абай сөзін «сөйлеп» тұр. Бұл хакім­нің өзі айтқандай, жан азығы, жан құмарын қандыратын рухани қазына. Ұлы ақынның өсиеті көзден кіріп, көңілге сіңе берсін дейміз.

Соңғы жаңалықтар

Бір аптада 221 қылмыс

Аймақтар • Бүгін, 20:30

Ауылда амбулатория ашылды

Аймақтар • Бүгін, 19:11

Шымкентте Сүгір Әліұлының ескерткіші ашылды

Оңтүстік Қазақстан • Бүгін, 14:25

Ұқсас жаңалықтар