Өнер • 30 Қазан, 2020

Бояуы қанық, қоспасыз көріністер

14 рет көрсетілді

Шетелде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың арасында талантты қыз-жігіттер баршылық. Бұлар өздері тұрып жатқан мемлекеттің әдебиеті мен өнеріне, мәдениеті мен спортына атсалысып, жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Соның бірі – Бай-өлке аймағының тұрғыны Ризабек Жазидолдаұлы.

 

Бұл азамат бұған дейін темір­ден түйін түйіп, алтынды аптап, күмісті қаптап кісе-белдік, әшекейі әдемі сырға-жүзік, болатты балқытып қанжар-пышақ жасайтын өнерімен әйгілі-тін.

Енді міне, оның бәрін жинап қойып көркем картина жазуды бастапты. Өзінің айтуына қарағанда, ХІХ ғасырдың со­ңында Франция топырағында пайда болып, кейін күллі әлемге тарап, кескіндеме өнерінің бір жеке саласына айналған реалист импрессионизм бағытындағы суретші екен. Оқыған мамандығы да дәл осы.

Бұл жігіт 1979 жылы дү­ниеге келген. Қазір қырықтың қыр­қасына ілініп, қай жағынан да толысқан шағы. 1997 жылы орта мек­тепті бітірген ол ел астанасы Ұланбатыр қаласына барып, пе­дагогикалық университеттің көркем сурет факультетінде білім алған.

 – Сурет сала бастағаныма үш жылдың жүзі болды, – дей­ді талантты азамат: «Бұған дейін де туған жер табиғаты мен көшпенділік өмірдің саф мәдениетін сақтаған тұрмысын, әсіресе құсбегіліктің болмысы бұ­зылмаған тұнық көрінісін бейнелеу арманым еді. Қазір осы арманымды ұштау үстіндемін», дейді Ризабек ініміз.

1

Қылқалам шебері тынымсыз еңбектенудің арқасында соң­ғы үш жылдың ішінде 30-ға тарта картина салып шы­ғыпты. Суреттерінің бояуы қа­­нық, еш­қандай қос­пасыз көш­­­пенді өмір­дің этно­гра­фия­лық бейнесін сом­даған. Яғни хал­қы­мыздың ежел­гі құн­дылығын кес­кіндеме ар­қылы танытуға талпынған. Басты ерек­шелігі де осы.

Суретшінің қолынан шыққан жұмыстары қазір халықаралық деңгейде өз бағасын алып жүр. Айтар болсақ, 2017 жылы Бай-өлкеде ұйымдастырылған АҚШ, Ресей, Моңғолия суретшілерінің біріккен көрмесінен «Этнотаным ерекшелігі үшін» атты но­ми­­­нацияның үздігі атанса, 2018 жылы Таулы Алтай қа­ла­­сында өткен суретшілердің ха­лық­ара­лық көрмесінен де жүл­де алыпты. Мұның сыртын­да өт­кен жылы Оңтүстік Корея­ның Пу­сан қаласында ұйым­дас­ты­рылған достастық елде­рінің қылқалам шеберлері бас қос­қан ірі шараға қатысқан екен. Жу­ықта ғана Кореяда ұйымдастырылған «Atomic pease» көрмесiне онлайн қатысып, сертификатқа ие бо­лыпты.

1

Соңғы жаңалықтар

Келер жылы тариф көтерілмейді

Экономика • Бүгін, 08:19

Ұқсас жаңалықтар