Руханият • 31 Қазан, 2020

Мәлік Ғабдуллин: Заман, тұлға, жад

143 рет көрсетілді

ҚР Президенті Архивінде "Мәлік Ғабдуллин: заман, тұлға, жад" атты халықаралық дөңгелек үстел болып өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

2020 жылғы 29 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві  мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті бірлесіп ұйымдастырған "Мәлік Ғабдуллин: заман, тұлға, жад" атты Халықаралық дөңгелек үстел болып өтті.

Дөңгелек үстел Кеңес Одағының Батыры, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің 105 жылдығына арналған. Іс-шара 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылды. Шақырылған спикерлер арасында Қазақстан, Ресей, Израиль, Германия және Эстонияның белгілі ғалымдары болды.

2005 жылғы тамыз айында Көкшетау қаласында М. Ғабдуллин мұражайын қайта құрудан кейінгі ашылу салтанатында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев: "ХХ ғасырдың ең қанды соғыстарының бірінде жеңіске жеткен халқымыздың батыр өкілдерін еске алу − біздің қасиетті парызымыз. Солардың бірі солдат, жазушы, ғалым Мәлік Ғабдуллин. Оның батырлық өмірі әскери тұрақтылық пен ерліктің жарқын мысалы. Жазушы бола отырып, Мәлік Ғабдуллин өзінің барлық шығармашылығын бейбітшілік пен ізгіліктің мәңгілік құндылықтарын бекітуге арнады", деп атап өтті.

ҚР Президенті Архивінің директоры Ж.Әбдіқадырова өз сөзінде Архив пен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жемісті ынтымақтастығына тоқталды. "Университет студенттері архивте өндірістік тәжірибеден өтеді, онда тарихи құжаттармен жұмыс істеуге, сондай-ақ, архивтік жұмысты егжей-тегжейлі білуге мол мүмкіндік бар. Дөңгелек үстелдер, конференциялар, кәсіби кездесулер түріндегі бірлескен іс-шаралар біздің мекемелеріміздің жақсы дәстүріне айналып отыр. Ұлы Отан соғысы мен оның батырларының тарихы, жастарды тәрбиелеуде үлкен патриоттық мәнге ие. Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Мәлік Ғабдуллин және басқа да көптеген батырлар үлгісінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу керек", деп атап өтті Архив директоры.

Ғалымдардың халықаралық басқосуына арнайы шақырылған  М.Ғабдуллиннің қызы Майдан Мәлікқызы Үсенова әкесінің ерекше мейірімі туралы, өзіне жиі кітаптар сатып әперіп, кітапқа, білімге қызығушылығын оятқан әке қамқорлығы туралы баяндады. Майдан Мәлікқызының айтуынша, әкесі майданға анасының құрсағында жатқан кезінде аттанған екен. Әкесі дүние есігін ашатын тұңғышының ұл болатынына сенімді болғаны болуы керек, атын Майдан деп қоюды айтып кетеді. Алайда өмірге қыз бала келеді, ерінің аманатына қиянат жасамауды ойлаған жары қызына Майдан деп ер баланың есімін қояды.

ҚазҰУ-дің профессоры Лейла Ахметованың қызықты естелігі Ғабдуллинді панфиловшы ретінде сипаттауымен әсерге бөледі. Профессор "1942 жылдың басында ол басқарған автоматшылар ротасы қандай болды?" деген сауалдың жауабын тарқатты.

Соғыстың алғашқы жылдарында автомат пен тәжірибелі жауынгерлердің аз болуына байланысты ротаға ең епті жауынгерлер қабылданады. Панфиловшылар дивизиясындағы автоматшылар ротасы солай құрылады, М.Ғабдуллиннің өзін қосқанда рота бар болғаны 13 адамнан ғана құрылады. Бұл 1942 жылдың бас кезіндегі жағдай, әрине кейін рота жауынгерлермен толықтырылады, қазақтың ержүрек ұлы басқарған рота әрқашан майданның алғы шебінде жүреді.

Ресей Ғылым академиясының Ресей тарихы институтының қызметкері Дина Аманжолова "Ұлы Отан соғысы тарихы бойынша Комиссия материалдарындағы Мәлік Ғаблуллин" атты баяндамасында И.И Минцтың Кеңес Одағы батырымен болған әңгімесінің сценографиялық жазбасы 1943 жылдың ақпан айында жасалғанын айтты. Жазбада М.Ғабдуллиннің балалық шағы мен білім жолындағы естеліктері баяндалады. Сондай-ақ Ғабдуллин қаламгер болып қалыптасуы, қазақ әдебиетінің дамуы, бірқатар қазақ жазушыларымен қарым-қатынасы, соғыстағы қазақ жауынгерлерінің әскери тұрмысындағы қиындықтар, Панфилов дивизиясындағы жауынгерлердің интернационализмі  туралы сұрақтарға жауап береді. М.Ғабдуллинмен болған әңгіменің стенограммасы мен оның күнделіктері РҒА Ресей тарихы институтының ғылыми архивінде сақталған және 2017 жылы "Тарихи архив" журналында жарияланған. Ұлы отан соғысы тарихы бойынша Комиссия 1941 жылдың 10 желтоқсанында құрылып, 1945 жылдың желтоқсанына дейін жұмыс істеген.

Іс-шара аясында ҚР Президентінің Архиві қазақстандық және ресейлік архивтер қорларының құжаттары пайдаланылған "Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин" тарихи-құжаттық көрмесін таныстырды. Ұсынылған 55 архивтік құжат Мәлік Ғабдуллиннің майдан, ғылыми және қоғамдық қызметінің негізгі кезеңдерін ашып көрсетеді. Көрме экспозициясының негізін Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің құжаттары құрайды. Аталған көрмемен Архивтің сайтындағы виртуалды көрмелер бөлімінде толығымен танысуға болады.

Соңғы жаңалықтар

Келер жылы тариф көтерілмейді

Экономика • Бүгін, 08:19

Комиссия отырысын өткізді

Саясат • Бүгін, 08:04

Жасанды интеллект жәрдемі

Технология • Бүгін, 07:58

Аң-құсқа да қамқорлық қажет

Оқиға • Бүгін, 07:55

Ұқсас жаңалықтар