Экономика • 20 Қараша, 2020

Темір өндірудегі тектоникалық тербеліс

21 рет көрсетілді

Биылғы үшінші тоқсанның қорытындысына сәйкес, отандық кен байыту секторындағы кәсіпорындардың табысы тұрақты. Алайда карантиндік шаралар өндіріске ықпалын тигізбей қоймады. Соған қарамастан, өндіріс алыптары жыл соңына дейін жоғары көрсеткішке жетуді мақсат етіп отыр.

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Пандемия өндірісті тоқтатқан жоқ

Айталық, Kaz Minerals тобына қа­расты кәсіпорындарда жоғары өнді­рістік көрсеткіштер тіркелді. Мәсе­лен, тоғыз айда 230 мың тонна мыс өн­діріліп (2019 жылғы көрсеткіш 230,5 мың тонна), COVID-19-ға байланысты қиындықтарға қарамастан, компания мыс пен алтын өндірісінде жоспарлы диапазонның жоғарғы межесіне же­туді көздеуде. Болжам бойынша күміс пен мырыш өнді­рісінің көлемі де жоғарыламақ. Десе де компания қызметкерлер мен мерді­гер­лердің қауіпсіздігіне, сондай-ақ денсау­лығы мен әл-ауқатына жіті көңіл бөлуді бірінші кезекке қойып отыр. Тұтас персоналды қорғауға және өндірістік іркіліс тәуекелдерін төмендетуге жан-жақты шаралар қарастырылған.

Шығыс Қазақстанның Ақтоғай кені­шіндегі кен өндіру көлемі 27%-ға немесе 9,06 млн тоннаға дейін ұлғайды. Тоғыз айда өндірілген шикізат 28,7 млн тоннаға жетіп, бұл былтырғы  кезең­мен салыстырғанда 27%-ға аз. Бұған негізінен оксидті кен өндірудің көлемін қысқарту ықпал етті. Өйткені жылдың басында өндіріс жұмыстары бұдан бұрын өндірілген шикізатты қайта тазартуға бағытталған еді.

Сульфидті кеннен мыс өндіру үшін­ші тоқсанда өңдеу көлемінің 9%-ға қысқару есебінен 8%-ға, яғни 26,5 мың тоннаға дейін төмендеп, мыс құ­ра­мының орташа мөлшерінің 0,56%-ға дейін ұлғаюымен жартылай өтелді.

Техникалық қызмет көрсету мерзімдері мен кендегі металдың аздығы, сондай-ақ 2020 жылдың бірінші тоқсанында өңдеу коэффициентінің уақытша төмен болуы салдарынан тоғыз айда сульфидті кен 82,6 мың тонна өндіріліп, былтырғы тоғыз аймен салыстырғанда 11%-ға аз көрсеткіш тіркелді.

Үшінші тоқсанда оксидті кеннен катодты мыс өндіру көлемі 5,2 мың тоннаны құрады, 2019 жылдағы тоқсанмен салыстырғанда бұл 4%-ға төмен. Жыл соңына қарай Ақтоғайда катодты мыс өндірісінің жоспарланған бағдарына жету көзделмек. Ол шамамен 20 мың тоннаны құрайды. 

Аталған тоқсандағы мыс өндірісінің жалпы көлемі – 31,7 мың тонна. Осы көрсеткіш негізінен сульфид фабрикасына техникалық қызмет көрсету мерзімі мен ұзақтығына байланысты өндіріс индексінің 8%-ға төмендегенін көрсетті. Төртінші тоқсанда сульфидті кендегі мыстың орташа мөлшерінің төмендеуі мен COVID-19-ға қатысты шектеулердің салдарынан бірінші жартыжылдықта кейінге қалдырылған техникалық қызмет көрсетуге байланысты өндіріс көлемі төмендейді деп болжануда.

Павлодар облысындағы «Бозша­көлде» кен өндіру динамикасы байыту фабрикалардың қажеттіліктерін 22%-ға өтеп, 8 млн тоннаға дейін жетті. Атап айтқанда, сульфидті және  као­линді фаб­рикалар тоқсан бойы то­лық қуатында жұмыс істеді. Десе де биыл­ғы тоғыз айда кен өндіру бірінші жар­ты­жыл­дықтағы қоймадағы каолинді кенді қайта өңдеу есебінен 16%-ға немесе 22,3 млн тоннаға дейін қысқарды.

Тоқсандық бөліністе алтын өндіру көлемі 37 мың унцияға дейін төмендеді. Бірақ тоғыз айдың ішінде «Бозшакөлде» бағалы металды өндіру 120,3 мың унцияға дейін ұлғайып, жылдық жос­парлы диапазонның жоғарғы шегіне, атап айтқанда, 140-150 мың унцияға жету межесі қойылған.

«Востокцветмет» (Шығыс Қазақ­стан) шахталарында және «Бозымшақ» (Қырғызстан) кенішінде кен өндіру үшінші тоқсанда 6%-ға немесе 997 мың тоннаға дейін қысқарды. Тоғыз айда 3,06 млн тонна кен өндірілді, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5%-ға жоғары. Шығыстағы кен өндірудің төмен көрсеткіші жерасты өндіріс жұмыс­тарына көшуге байланысты «Бозым­шақтағы» өндіру көлемінің ұлғаюымен өтелді.

Операциялық ақша ағындарының артуы мен шикізат бағасының жоғары­лауына байланысты Kaz Minerals тобының таза қарызы маусым­дағы 2 797 млн доллардан қыркүйектегі жағдайға сәйкес, 2 654 млн долларға дейін азайды. Қарызды азайту күрделі шығындармен, нақты айтқанда «Ақтоғай» және «Баимская» мыс жобасын кеңейтумен, сондай-ақ топтың Қытай­дың мем­лекеттік даму банкі алдындағы бо­рыш­тық міндеттеме­лері бойынша жар­ты­жылдық сыйақы төлемдерімен және кәсіпкерлік-жеке тұлғаларға арналған ай сайынғы пайыздық төлемдермен, жер бетіндегі орындардың биіктік айырмасын белгілеумен жартылай өтелді. Төлемдердің жалпы сомасы 71 млн долларды құрады. Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық, роялти (лицензиялық сыйақының түрі) және табыс салығы бойынша төлемдер үшінші тоқсанда 28 млн долларды құрап, ол бүгінге дейін ҚҚС өтеумен ынталандырылып келеді.

«COVID-19-бен байланысты қиын­дықтарға қарамастан, Kaz Minerals үшінші тоқсанда да жоғары өндірістік нәтижелерге қол жеткізді. Мыс өндірісі биыл үздіксіз жалғасып, қазір өндіріс көлемі 2019 жылғы деңгейде сақталуда. Ал ілеспе өнім өндірісі бұрынғы көрсеткіштерден айтарлықтай асып түсті. Мыс пен алтын өндірісінің жоспарлы диапазондарының жоғарғы шегіне жетуге жақын тұрмыз, сондай-ақ күміс пен мырыш өндірісінің жылдық жоспарлы көрсеткіштері жақсарды», деді Kaz Minerals тобының басқарма төрағасы Эндрю Саузам.

 

«Бақыршықтағы» алтын қоры 25%-ға ұлғайды

Еліміздегі алтынның тағы бір ірі мол қоры Шығыс Қазақстандағы «Бақыр­шық» кен орнына тиесілі. Бұл аймақта жер қойнауын игеріп жатқан ресейлік «Полиметалл» компаниясы «Қызыл» жобасы аясында кен қоры 25%-ға ұлғай­ғанын, атап айтқанда, алтын көлемі 10,3 млн унцияға дейін өскенін хабарлады. Компаниялар тобының бас атқарушы директоры Виталий Несис­тің айтуынша, «Шығыс Бақыршық­тағы» шикізаттың айтарлықтай қоры «Қызылдың» өндірістік циклын 30 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Бұл ретте ашық өндіру жұмыстары 2036 жылға дейін жалғасатынын айта кеткен орынды.

JORC кодексіне сәйкес «Шығыс Бақыр­­шықтағы» (Қызылдың 2-ші ай­мағы) кен қорының бастапқы бағалауы сәуірдегі жағдай бойынша 3,7 г/т өлшем­дегі орташа құрамдағы алтынның жалпы көлемі 2,2 млн унцияны немесе 18,8 млн тоннаны құрады. Оның 80%-ы жерасты тәсілімен өндірілмек. Тиісінше «Қызылдағы» жалпы кен қоры 5,4 г/т орташа құрам­дағы алтынның тұтастай көлемі 10,3 млн унцияға, демек 59,3 млн тон­наға дейін ұлғайды. Осылайша ал­тын­ның мөлшері 2019 жылдағы есеппен салыстырғанда 25%-ға өсті.

Ашық кен байыту жұмыстарына арналған шикізат қоры 9%-ға немесе 4,9 г/т орташа құрамды алтынның көлемі 4,3 млн унцияға дейін өсіп, сәйкесін­ше жерасты тау-кен жұмыстарына бағыт­талған қордың көлемі 40%-ға ұлғай­ды және 5,8 г/т орташа құрамды бағалы металдың унциясы 6,0 млн-ға дейін артты. Жаңартылған күнтізбе байыту фабрикасындағы өндіріс қуатының артуымен ескеріліп дайындалса керек. Соған сәйкес кәсіп­орын 2022 жылға қарай өндірілген өнім көлемін жылына 2,2 млн тоннаға дейін жеткізбек ниетте. Аталған кен орнындағы бағалау жұмыс­тары 2015-2020 жылдарға арнал­ған жалпы көлемі 29,9 шақырымды құрайтын (168 ұңғыма) геологиялық барлаудың деректері негізінде іске асырылғанын айта кеткен орынды.

 

Кәсіпорындардың тілегі ескерілуі тиіс

Қазақстан табиғи ресурстардың жиынтық көлемі бойынша әлемдік рейтингте алтыншы орында тұр. Жуырда өткен Қазақстан-Канада іскерлік кеңесі­нің IV отырысында осылай деген «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқар­ма төрағасының кеңесшісі Жандос Темірғали елімізде әлі де зерттелмеген кен орындары аз емес екенін айтты.

«Қазақстан табиғи ресурс­тардың жиынтық көлемі бойынша әлемде алтыншы орын алады. Зерттеушілердің бағалауына сенсек, елімізде жалпы сомасы 46 трлн доллардан асатын 5 мыңнан артық барлау жүргізілмеген кен орны бар. Бүгінде Қазақстан литий, никель, кобальт, марганец және басқа да сирек кездесетін элементтерге байланысты инновациялық өндірістерді дамытуды көздеп отыр», деді Ж.Темірғали.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Руслан Баймишев­тің айтуынша, 2017 жылы елімізде Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс қабылданып, сол арқылы мемлекеттік реттеудің ашық және түсінікті әдістерін қамтама­сыз етуде озық халықаралық тәжірибе ес­керілді. Бұл заңда қарастырылған негіз­гі қағидаттың бірі – «Бірінші келген – бірінші игереді». Сонымен қоса мем­ле­кеттік қолдау тетігі инвести­ция­лық субсидиялар, салық преференция­лары және басқа да жеңілдік түрінде қамтылған деді ведомство өкілі.

«Әлемдегі өзгерістерді ескеріп, Қазақ­­­стан халықаралық талаптарға сай кен байыту саласында инвестициялық және инновациялық әлеуетті жақсартуға бағыт­талған маңызды бастамаларды қа­былдады. Әсіресе өндіруші сал­алар­­­дың ашықтығы бастамасына ерек­ше көңіл бөлінеді. Еліміз бұл бағыт­та айтар­лықтай нәтижеге қол жет­кізді. Шикізат пен металдардың ірі тұтыну­шысы – Қы­тай­дың географиялық жақын­дығы, ел­дің транзиттік әлеуеті, энергия шы­ғын­дарының төмен тарифі, арнайы эко­номикалық және индустриялық аймақтар еліміздің осы саладағы артық­шылығын көрсетіп отыр», деді вице-министр.

Тау-кен өндіруші және тау-кен ме­тал­­лургия кәсіпорындарының рес­пуб­­ликалық қауымдастығының (ТМКҚ) ат­қарушы директоры Ни­­колай Радо­сто­вец­тің пікіріне сүйенсек, салалық ведом­ствоға роял­ти (ли­цензиялық сыйақы­ның түрі) мәсе­лесінде Канаданың тәжі­ри­бесіне сүйенген артық болмайды. Ол пайдалы қазбаларды өндіруге салы­на­тын салықпен жұмыс істейтін ком­па­нияларға қолданыстағы мөл­шер­лемені сақтай отырып, кәсіп­орындарға роялтиге ерікті түрде көшу­ге мүмкіндік берілу керектігін жет­кіз­ді. Қауымдастық жаңа кен орындары бойынша роялти мөл­шер­лемесі рес­­публиканың теңіз­ден қашықта ор­наласқандығы, сондай-ақ көлік аспектісі ескеріліп, тартымды болу­ға тиіс деген ұстанымда.

Соңғы жаңалықтар

Жаяуға да жаза бар

Қоғам • Кеше

Ұқсас жаңалықтар