Руханият • 09 Қаңтар, 2020

Абайдың өсиет-өнегесі Қазақстанды биіктерге жетелейді - Президент

170 рет көрсетілді

Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ғұламаның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай мұрасының зерделенуі, ұлы ойшыл аманаты, алған бағасы мен жас ұрпаққа айтқан өсиет-өнегесі төңірегінде толғанады. 

«Біз Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп отырмыз. Бұл тойдың тұсындағы басты мақсатымыз бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуға тиіс деп білемін. Абай сыны – ауыр сын, сындарлы сын.

Елбасы бастап, ел қостап, биік белестерді бағындырдық. Озық елулікке кіреміз деп мақсат қойдық, ол мақсатқа мерзімінен бұрын жеттік. Озық отыздыққа қосылуды межеледік. Ол межеге де жетеміз. Сол межеге жетуге де бізге Абай мұрасы көмек бере алады. Ендігі мәселе – біз Абайдың көмегін түсіне алдық па, зерделей аламыз ба?» деп жазды Мемлекет басшысы.  

Мақалада автор бұдан өзге де сұрақтардың жауабын іздейді және сол сұрақтарды әр адам өзіне қоюы тиіс екенін алға тартады.  

«Ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдыруға тиіс. Әр азамат осы тойдың алдында еліміз, елдігіміз жөнінде терең ойланса дейміз. Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйініп еді? Сол сүйінген ісінен үйрене алдық па? Абай қазақтың қай ісіне күйініп еді? Сол күйінген ісінен жирене алдық па? Басқасын былай қойғанда, ақын айтқан бес асыл істі жүзеге асырып, бес дұшпанды бойдан қашырып жатырмыз ба деген ойдың төңірегінде толғансақ та талай жайға қаныға аламыз» делінген мақалада. 

«Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді» деп қорытындылады Мемлекет басшысы мақаласын.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар