Қоғам • 04 Ақпан, 2020

Қамбар ата қамқорлыққа зәру

58 рет көрсетілді

Соңғы кезде мал тұқымын асылдандыруға мейлінше мән беріле бастады. Қазір облыста 430 мыңға жуық ірі қара болса, соның 75 мыңы ғана асыл тұқымды. Бар-жоғы 17 пайызды құрайды. Осы асыл тұқымды малдың 70 пайызы етті бағыттағы ақбас, ангус, герефорд. Әлемдік тәжірибеде бағымдағы малдың 30-35 пайызы асыл тұқымдыға айналды. Қара малдың қарасы көбейгенімен, Қамбар ата түлігінің жайы қамқорлыққа зәру болып тұр.

Жылқы деген сөздің өзі жүре­гіңді уылжытып жібереді. «Тегіміз – түркі, түлегіміз – жылқы» деп өскен елміз. Ықылым заманнан бері жылқы малы ұлтымыздың тұр­мыс-салты, әдет-ғұрпы, мәде­ниеті мен өміршең өнерінің бір бөлігіне айналып кеткені қашан? Ертеректе атам қазақ байлығын жылқысының санымен бағалаған. Күнделікті тұрмыста дүниенің өлшемі де осы жылқыға байланысты болған. Айталық, қалың малдан бастап адамның құнына дейін.

Бүгінде сан ғасыр бойы игі­лі­­гін көріп келген жылқы бала­сы­ның тұқымы азып бара жатса да селт етер емеспіз. Мәсе­лен, облыста қазір 180 мыңға жуық жылқы бар. Бірақ тұқымы жұқа­лап айтқанда, азып барады. Құ­нан­­ның тұрқы тайдай, тайың жа­ба­ғыдай. Себеп, үйірге түсер айғыр жоқ.

– Қазір жеке шаруа айғыр ұс­тағысы келмейді, – дейді Бұлан­ды ауданының тұрғыны Мамыр­бек Есілтай, – өзіңіз есептеп қараңыз, менің екі-үш бием бар екен дейік. Екі-үш биеге арқы­ратып айғыр ұстамаймын ғой. Одан бие ұстаған әлдеқайда тиімді. Айғыр құлындамайды, биеден жыл сайын төлін аласың, қысы-жазы жегіп, көлік ретінде пайдалануға болады. Ал, ортақ табынға қосу үшін тұрқы келіскен, тұқымы жақсы айғырды таба алмайсың. Тапқан күннің өзінде бір айғырдың құны миллион теңгеден асып жығылады. Сатып алуға бір үйдің шамасы жетпейді. Демек, ауыл болып ортақ ақша жинап қосылу керек. Оның өзінде де жалғыз айғыр аздық етеді.

Қазір жүзге жуық үй түтін тү­тетіп отырған біздің ауылдың жылқы үйірінде 200-ден астам бие бар. Бұрын жылқы үйірінде шамамен он екі-ақ бас бие болған. Енді 300 бас биеге қанша айғырдың керек екенін өзіңіз шамалай беріңіз. Мемлекет тарапынан қара мал­дың тұқымын жақсартуға қаншалық­ты қаре­кет жасалып жатқаны­мен, жылқы малының тұқы­мын жақсар­та­йық­шы деп тұрған кісіні көрмеппін.

Осы тақырыпты індете зерт­тедік. Шынымен асыл тұқым­ды айғырды табу қиямет екен. Ерейментау ауданында «Жай­тапов» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ғана үйірге салар айғыр сатылады екен. Кез келген малсақ жанға шылбырынан ұстатпайтын мұғалжар тұқымы. Шаруашылық  сіңіре будандас­тыру арқылы Арқа даласында өсіру­ге әбден қолайлы жаңа тұқым шығарған. Жылына 300 басқа жуық үйірге салатын айғыр сатады. Жақсы бастама. Тек облыстағы 180 мың жыл­қыға аздық етеді. Бұдан басқа асыл тұқымды айғыр сататын шаруашылықты таба алмадық.

Тығырықтан шығар ендігі амал, біздіңше, мұғалжар, жабы, көшім жылқыларынан іріктеп, табиғи климаттық жағдайға байланысты айрықша ерекшелігі бар мал тұқымының қорын жасау. Бұл үшін біздің тараптан бір ұсыныс бар. Жылқы шаруа­шылығымен айналысатын шаруа­шылықтардың, оған қоса, мал сүмесімен күн көріп отырған ауылдағы малсақ қауымның сұ­ранысын қанағаттандыру үшін жылқы зауытын ашу. Бұрынғы Көкшетау облысында заманында атақ-даңқы күллі одаққа тараған №47 жылқы зауыты болып еді. Өтпелі кезеңде «байтал түгіл бас қайғы» болып, жабылып қал­ды. Қазір мемлекет тарапынан Қамбар атаға қамқорлық жа­сау­дың жалғыз-ақ талпынысы бар. Мәселен, үйірге салатын асыл тұ­қымды жылқы сатып алған шаруа­шылыққа мемлекет тарапынан 100 мың теңге бөлінеді. Бұл тым аз. Өйткені жоғарыда асыл тұқымды айғыр­дың орташа құны мил­лион теңгеден асып жығылатынын айттық.

Онда да етті тұқымды кө­бе­йту­ге көңіл аударылса. Жыл он екі ай бойы далада еркін жа­­йы­ла­тын жылқы еті өте сапалы. Пай­да­сы шаш-етектен. Ен­дігі арада жыл­қы малының бар қасие­тін, тиім­ділігін, табыс­тылығын түп­кілікті зерттейтін арнайы ғы­лыми-зерттеу инсти­тутын ашса да артықтық етпейді. Міне, сол кезде ет, қы­мыз өндіру тәрізді өзекті мә­се­­ле­лердің шешімі табылар еді. Қ­азір қазы-қартаны француздар, қы­мыз­ды неміс, көкпарды қыр­ғыз­дар ием­де­ніп жүргенін көр­генде, қазақ төл ма­лынан толайым айы­рылып қал­ғандай өкініш өзегіңді өртейді.     

Асылында, өзіндік құны ең арзан түлік осы жылқы. Мү­йізді ірі  қара тәрізді солтүстік өңір­де алты ай бойы қолға қа­рап тұрмайды. Қаңтар-ақ­пан­да тай-жабағы бір-екі ай ұстал­ғанымен, қысы жұмсақ жыл­дары тебіндеп шығады. Қазір жылқы еті қымбаттады. Бұл қаладағы тұтынушыларға қолай­сыз болғанымен, ауылда мал сү­ме­сімен күн көріп отырған аға­йынға өте тиімді. Биылғы со­ғым маусымында Көкшетауда семіз биенің құны 600 мыңға жуық­тады. Екі елі қазы байлаған құнан-байталдарыңыз 500 мың теңге төңірегінде. Елі ғана қазы­сы бар тай 330-340 мың теңге көле­мінде. Ауылдық жерде жұ­мыс көзі жоқ дегенімізбен, кез кел­ген отбасы он бие ұстаса, аузынан ақ май ағатыны шындық.

Таяуда облыстық прокуратура 1 миллион 500 мың гектар жердің игерілмей жатқанын анықтады. Әр малға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсовтың айтуына қарағанда, бар-жоғы сегіз-ақ гектар жер керек екен. Рас, жер құнарына байланыс­ты әр өңірде әртүрлі болуы әбден мүмкін. Бірақ негізінен осы. Сонда игерілмей жатқан жа­ңа­ғы жерде қанша жылқы өсі­ру­ге болар еді? Егер мал басы өссе, ет өнімдері де бүгінгіден әлде­қайда арзандайды ғой.

– Жылқы тұқымын асылдан­ды­ру, шынын айтқанда, көте­ріл­мей жүрген тақырып, – дей­ді Қа­сым Итқұсов, – бағаны сұ­раныс қалып­тастыратыны шын­дық қой. Егер жылқы малы­ның тұқымы жақ­сарып, басы өссе, мал баққан­ға да, тұ­тынушыға да өте пайдалы. Біздің облыстың малсақ қауы­­мы үшін мал өнімдерін сату онша­лықты қиынға соқпайды. Өйт­кені біз Нұр-Сұлтан қала­сын азық-түлікпен қамту бел­деуіндеміз ғой.

Төрт түліктің төресін бағып, етті молайтудан басқа бү­гін­де үлкен сұранысқа ие болып отыр­ған тұлпарлардың тағ­дыры да асыл тұқымды жылқы зауытына тәуелді. Спорт­тық жыл­қылардың генетика­сын жақ­сартса, қазақтың қазана­ты­ның да бағы жанар еді. Құлагердің шабысын көрген елде Қамбар атаның тұқымына қамқорлық жасалып жатса, жарасымды емес пе?!

 

Ақмола облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Шымкентте Сүгір Әліұлының ескерткіші ашылды

Оңтүстік Қазақстан • Бүгін, 14:25

Ақмола облысы "қызыл" аймақта

Аймақтар • Бүгін, 09:07

Торт пісіруші жігіт

Қоғам • Бүгін, 08:46

Үшінші күннің нәтижелері

Спорт • Бүгін, 08:44

Үздік голдың иесі атанды

Футбол • Бүгін, 08:43

Сhallenger жарысын сәтті бастады

Теннис • Бүгін, 08:41

Газды пайдалану талаптары

Қоғам • Бүгін, 08:16

Дағдарыс орталығы ашылды

Оқиға • Бүгін, 08:09

Жастар жылу сыйлап жүр

Қоғам • Бүгін, 08:03

Керегіңді ал, мұқтаж жан

Руханият • Бүгін, 08:01

Ұқсас жаңалықтар