Руханият • 01 Қазан, 2020

«Бетперделі» пенделер

65 рет көрсетілді

Күнделікті өмірде неше түрлі адаммен жолымыз тоғысып қалып жатады. Жан-жағындағыларға жанашырлық танытып, мейірім нұрын себелеп жүретін қарапайым, кішіпейіл, адамгершілігі мол тұлғаларға көпшіліктің сүйіспеншілігі мен сый-құрметі әрине, қай кезде де жоғары болып қала бермек. Алайда жан дүниеңіз тек шуақты күннің шұғыласына нұрланып, өмір көшінде алдыңыздан үнемі осылай жайсаң жандар ғана ұшыраса ма? Адамдар туралы жақсы ойлау, жақсылық жасауға құштарлық барлық адамның қолынан келе бере ме?

Өкінішке қарай, кейде осыған керағар әрекеттерді, сырттай тым әдепті, сыпайы, білікті, мәдениетті көрінгенмен, іштей өз мақсат-мүддесі үшін кез келген опасыздыққа ойланбай бара алатын, аяр-сұмдығы алға озып тұрған екіжүзді жандарды байқап қалып жататынымыз тағы шындық. Екіжүзділікті Уикипедияда: «...ықылассыздықты, жаман ниеттерді өтірік шын­жүректілікпен, жақсылықпен жасыратын қылық», Ислам дінінде бұл анықтамаға қоса, айрық­ша «діни екіжүзділік» бар, ол – «жүректегі күпі­рді жасырып, тілмен имандылықты көрсету» деп тым-тым жұпыны жазылыпты. Бірақ бұған қарап екіжүзділік пен өтірік сөйлейтін жандар­дан ада, «бетпердесіз» қоғамға айналып келе­ді екенбіз деген ой тумаса керек. Күнәсіз періш­тедей күліп тұрып, сырыңды жұртқа жаяр, көзің­ше көпірте мақтап, былай шыға бере даттап отыратын екі аяқты, екіжүзді пенделер қатары аз деу – ақиқатты алақанмен көлегейлеумен бірдей.

«Жантану атауларының түсіндірме сөздігі» өтірік, әдетте, нақты бір жағдаяттарда жекелей не әлеуметтік артықшылықтарға ие болуға тырысудан туындайтынын жазады. Ал діни қағидат бойынша, екіжүзділік, берген уәдеде тұрмай тайқып кету, сенім артқан кісіні қиын жағдайда оңай сата салу, өтірік сөйлеп, адамдардың арасын шағыстыру әрекеті «қорқатын нәрселердің ішіндегі ең қорқыныштысы» деп саналған. Осы және осыған ұқсас басқа да жат қылықтарға қарсы үнемі қатаң шара қолдануды ескерткен. Абайға иек артсақ:

«Құйрығы – шаян, беті – адам

Байқамай сенбе құрбыға.

Жылмаңы сыртта, іші – арам

Кез келер қайда сорлыға», дейді. Осылар­дан ұққанымыз, «бетпердесіз» адамды кездес­тіру қай қоғамда да қиын болған. Өзінің жайлы орнын сақтап қалу үшін өтірік сөйлеу, халықты ертегімен алдап-сулау, орындалуы күмәнді жобалармен алдарқату, елдік мүдде жолында уәдені үйіп-төгіп, егеулі найза қолға алғансып, кейін соңынан басқа бейнеге айналып шыға келу бұрын да, қазір де бар. Лауазымы жоғары адамның алдында құрдай жорғалап, ал қызметінен түскен күні оны ұмытып кете баратын жалпылдақ жағымпаздың бейнесін жұрт құптамағанмен, мұндай екіжүзді пенделердің әрекетіне түбегейлі тойтарыс беруге қоғам әлі дәрменсіз. Қарсы тұрған бөгет-құрсауды бұза-жарып, ойлаған жоспарын жүзеге асыру ондайларға түк емес...

Журналист ретінде кейде түрлі іс-шараларға қатысуға тура келеді. Сонда лауазымды бір тұлға­лар мінбеге көтеріліп, сөз сөйлей баста­ғаннан шыбындаған атша бас изей беретін адамдарды байқап қаласың. Әлгі кісінің айтқандары адамды лезде еліктіріп, қызықтырып әкетіп жатса, мейлі-ау, өңкей цифр мен ресми мәліметтер оқылады. Соған қарамастан мұғалімнің саба­ғын қалт жібермей мұқият тыңдап отырған ұқыпты оқушының кейпіне еніп, ұйып қалған сыңай танытатын олардың жасанды, жалған қылығы көңілге қаяу түсірмей қоймайды. Қай кезде де адам бойындағы адамгершілік қасиеттерге бас иген атам қазақ екіжүзділік пен жағымпаздықты, өтірік пен көлгірсуді ұлттық бітім-болмысымызға нұқсан тигізетін, әдет-әдебімізбен сыйыспас қауіп-қатер деп есептеген. Өсіп келе жатқан ұрпағын содан сақтандырған. Тәлім-тәрбиенің қуат-күшін сондай сорақылықтар орын алып кетпеу үшін ұтымды пайдаланған. Осы мақсатта сана-салтқа «Алдау бар жерде ақиқат жоқ», «Жағымпаз надан – жаудан жаман», «Көргені жаман көпті алдар», «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген қанатты қағидаларды шырақ ете білген.

Бүгінде бір-бірімен жақын бауырдай араласып жүрген кей достардың өзі жеке басының мүддесіне, ақша мен қызмет мәселесіне келгенде, алдымен, өзін ойлайды. Достық, шынайылық екінші планға ысырылады. Мұны ешкім өрескелдікке жатқызбайды. Қайта дұрыс істеді дейді. Керісінше, қолындағы нанын бөліп беріп жүрген адамды ақымақ деуі мүмкін. Бұл да адамның ниеті мен іс-әрекетінің өзгеріп, ата-бабалық салт-дәстүрге негізделген болмысымыздың байырғы түп-тамырдан, төл мәдениеттен тым алшақ кете бастауының салдары саналады. Мұндай қоғамда ақиқат пен әділеттілік жолынан ауытқушылыққа оңай жол беріледі. Адамдар сенім-серігінен ажырайды. Сенімін жоғалта бастаған қауымда өтірік айту басталады. Сайып келгенде, «бетперделі» пенделердің айы оңынан туады, шындықтың жолы жабылады. Екіжүзді адам бүгін біреудің сойылын соқса, ертең басқа біреудің аяғына жығылып, түрлі рөлде ойнап жүре береді. Осы қауіпті.

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар