Медицина • 27 Қараша, 2020

COVID-19: Бейжің тәжірибесінен қандай сабақ алуға болады?

12 рет көрсетілді

Ошағы Қытайда тұтанған індеттің арыны күшейіп жер-жаһанды жайлады, адамзаттың басына орасан қауіп төндірді. Осынау кесапат кеселмен қалай күресу керек екенін аталған мемлекеттің өзі көрсетіп берді. Бұл ел карантин талабын барынша қатаң ұстанып, темірдей тәртіптің арқасында төтеннен келген тажалға төтеп берді.

Ал қазір бүкіл әлемде індет қайта қарқын алып, екінші толқынының қаупі төніп тұрғанда дүниежүзілік қауымдастық Қытайдың тыныс-тір­ші­лігіне назар аударары сөзсіз. Осы орайда біз Белорусь зерттеу орта­лығының директоры, Екінші Бей­жің мемлекеттік шетел тілдері универ­си­тетінің мәдени байланыс зерттеу институты директорының орынбасары Чжан Хуэйцинь ханымды сөзге тартқан едік. Ол өз елінде COVID-19 індетімен екінші толқынына қарсы қандай іс-шаралар жүріп жатқанынан біршама хабардар етті.

Чжан Хуэйцинь індеттің алғашқы толқыны туралы сөз қозғағанда өзі тұратын Бейжің қаласының муни­ци­палдық басқармасының жоғары дең­гейдегі қызметін ерекше атап өті. Қытай астанасы төтенше жағдайды бір ай көлемінде тоқтатқан. Қаптаған қа­лың елі бола тұра індет жұқтырудың жаңа салдарлары 6 шілдеде пайда бола бастаған. Ал 20 шілдеде қатер деңгейі қайтадан 2-ден 3-деңгейге дейін төмендеді. Содан кейін барып 20 млн тұрғыны бар қаланың тұрмыс-тіршілігі бір қалыпқа келген.

«Халық дүрбелеңге бой алдырмас үшін қала әкімшілігі ақпараттың ашықтығына баса мән берді. Билік БАҚ-пен тығыз байланыста болды. 24 қаңтар мен 23 шілде аралығында Бейжіңде 160 баспасөз конферен­циясы өтті. Тұрғындар астананың хал-ахуалынан хабардар. Сонымен қатар ақпараттар әлеуметтік желілер арқылы тарады. Бүгінде бұл билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастағы басты ақпарат көпірі тәріздес. Баспасөз конференцияларында науқастардың ауру жұқтырып алу үдерісі, тұрғындарды қауіптен сақтандыру үшін індеттің алдын алу бағытында қабылданған іс-шаралар мен оның жай-жапсары егжей-тегжейлі баяндалып отырды. Ал аурудың екінші рет пайда болу кезеңінде Бейжіңде шектеулер қай­та­дан күшейді: метро, тұрғын үй ке­шен­дерінің кіреберісінде дене қы­зуы тексерілді, бастауыш және орта мек­теп оқушыларының оқулары тоқ­­та­тылды, кейбір қоғамдық орындар жа­­былды. Алайда астана халқы еш­қандай дүрбелеңге салынбады. Олар үкіметтің ұсыныстарына құлақ түрді: тығыз байланыс жасау кезінде кем дегенде арақашықтық бір метр және адамдар шоғырланған жерлерде бәрі қайтадан бетперде тақты, тіпті үйден жиі шықпауға тырысты. Адамдар топтасып, жақын таныстар, достар бірге түстенуді доғарды, сауық кештерді тоқтатты», дейді Чжан Хуэйцинь.

Оның айтуынша, індетті ірі қалада тежеу үшін Бейжің тәжірбиесі үлгі бола алады. Біріншіден, Бейжіңде аурудың екінші рет таралуына муниципалдық басқарманың қаншалықты дайын екенін айқындады. Билік әрдайым індеттің жаңадан таралуына ең жоғары деңгейдегі дайындық сатысында болды, ешбір жағдайда босаңсымады.

Екіншіден, індетті тежеуде қабыл­дан­ған алдын алу шаралары мен тетік­тер ғылыми зерттеулер нәтижесіне не­гізделді. Аурудың қайталанғаны ту­ралы ақпарат пайда болысымен, көпшілік ТЖ деңгейі қаланың барлық аумағында орнайды деген ойда болды. Алайда билік бұл жолы асықпады әрі басқа жолдарды қарастырды. Шұғыл эпидемиялық тексеріс 22 сағат ішінде нақты жұқтыру орындарды анықтау мүмкіндігін туғызды. Әсіресе көпте­ген мәлімет көмегімен жұқтыру ық­тималды жағдайлар анықталды. Нә­тижесінде, тиісті әрекет ету шаралары қаңтар айындағы жағдай тәрізді жаппай қала бойынша емес, тек жұқтыру жағдайлары анықталған аудандарға ғана қолданылды.

Үшіншіден, кең ауқымды тестілеу жүргізілді. 3 шілдеге дейін он млн-нан аса тұрғын нуклеин қышқылдары ­амплификация тестісінен ақысыз те­гін өтті. Бұл жұқтырған науқастар­ды жылдам анықтаумен қатар, төтен­ше жағдайда дүрбелеңге салынбауына көптеп көмегін тигізді.

Төртіншіден, жедел телефон же­лі­сі мекеме басшылары мен қала тұр­ғындарын жақындатты. Адамдар ін­детке байланысты кез келген мәсе­лелері мен қиындықтары, қандай да бір тұрмыстық жағдайлар бойынша да қоңырау шалды. Тек қана 15-21 маусым аралығында 70 400 қоңырау, ал 22-28 маусым аралығында қоңырау саны 101 161 есеге өсті. Барлық сұрақ­қа жауап берілді, бұл астана өмірінің тұрақталуын қамтамасыз етті.

Індетті тежеуде қабылданған ал­дын алу шаралары мен тетіктер Бей­жіңде өз нәтижесін берді. Дәл қазір қала өмірі арнасына түсті. Үкімет эко­но­миканы қалыпқа келтіру үшін ма­ңызды іс-шаралар қабылдады. Бұл қала ін­деттің жаңадан таралуын жеңді, әрі COVID-19 күресуде салмақты тәжірибе жинақтады.

 

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар