Руханият • 23 Қазан, 2020

Жетімін жылатпаған ел едік...

16 рет көрсетілді

Тағдырдың салған ісіне қайран бар ма, тұрмыс тауқыметін тартқан облыстағы балалар үйінің түлектері мемлекеттік бағдарлама бойынша кезектің өте баяу жылжитындығына алаңдаулы. Баспана алу үшін жылдап кезекке тұрса да, үміттерін үзгілері келмейді.

Облыс орталығындағы құры­лыс қарқыны өткен жыл­дармен салыстырғанда әлде­қайда жақсы. Жаңа тұрғын үйлер жауыннан кейінгі са­ңырау­құлақтай бірінен соң бірі қаптап бой көтеруде. Әйтсе де, жетім балалардың несібесі көбеймей-ақ тұр. Қазіргі күні облыста ата-аналарының қам­қорлығынсыз қалған 2 мың­нан астам бала бар. Олар да кәмелеттік жасқа толған кезде баспана кезегіне тұрады. Бүгінгі тізімнің үстемеленіп, ұлғая түсетіндігі сөзсіз. Амал жоқ, жетім балалар қалалық әкімдіктің табалдырығын тоздырып, уақытша болса да бас­па­наға қол жеткізгісі келеді.

Жаутаңдаған балалар өзім­дікі деген баспанадан дәме­лі. Солардың бірі – Динара Тасбо­латова. Қазір өзі де екі бала­ның анасы. Пәтер жалдап тұрады. Динараға қалалық әкімдік уақытша паналай тұруға жатақханадан бір бөлме ұсынған екен. Бірақ әбден тозығы жеткен жатақханада тұру тіпті де мүмкін емес. Бөлменің тарлығы былай тұр­сын, қабырғаларының бәрі дымқыл. Сол себепті азын-аулақ киім-кешегі де, төсек-орны да аз уақыттың ішінде көк иісі шығып, шіріп, жарамсыз болып қалады.

– Әкімдік ұсынған айна­лым­ға келмейтін тар бөлмеде екі баламен тұру мүлде мүмкін емес, – дейді Динара Тасболатова, – бірер жыл болса бір сәрі, осы бөлмеде он жыл тұрып қалуым да ғажап емес қой. Өйткені, ке­зек­тің жылжуы солай болып тұр.

Динара тәрізді баспана тақ­сы­ретін тартып жүрген балалар үйінің түлектері аз емес. Бір ғана облыс орталығында мыңға жуық екен. Кезекте ерте тұрғандардың өзі алты-жеті жыл тосып жүр. Әйтеуір бір үміт алға жетелеп, күдерлерін үзбей келеді. Пәтер жалдап тұрғанда да көсегелері көгере қоймайтындығы әлмисақтан белгілі. Өйткені, облыс орталы­ғын­да соңғы уақытта пәтер жалдап тұру бағасы тым өсіп кетті.

– Айына 75 мың теңгеге пәтер жалдап отырмын. Тұрғын үй жинақ банкі немесе басқа да бағдарламалар арқылы үй алу үшін бастапқы жарна қажет, – дейді балалар үйінің түлегі Татьяна Данилова, – өзің жартымсыз жалақы тауып, тұрғын үй жалдап жүрсең, қор қайдан жиналмақ?! Әрине, тегін алғымыз келіп отырған жоқ, ақшасын төлеуіміз керек. Осы арада біз үшін бәлкім тиімді жолдар қарастырылса деп ойлаймыз. Өзім үй кезегінде осыдан алты жыл бұрын 778-ші болып тұр едім, қазір 539-шы болдым. Сонда мен кезегім жетіп, үй алғанша қанша жыл өтуі мүмкін?..

Қазір облыста 21 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Олардың 4,5 мыңға жуығы жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынан айырылғандар. Әр жыл сайын орташа есеппен балалар үйлерінің түлектерінің 90-ы ғана баспаналы болуда.

– Соңғы төрт жыл мен биылғы 9 айды қоса есептегенде, облыс бойынша жетім­дер мен ата-аналарының қам­қор­лығынан айырылғандар санаты бойынша 288 адамға пәтер берілді. Баспана бөлуді жер­гілікті жердегі әкімдіктер жүзеге асырады, – дейді облыс­тық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шар­уа­шы­лы­ғы басқармасы бөлімінің бас маманы Елена Ерина, – қолданыстағы заңға сәйкес пайдалануға берілген жалдамалы пәтерлердің 20 пайызы осы санатқа бөлінуі қажет. Бұл талап бұзылып тұрған жоқ.

Талаптың бұзылмағаны әрине дұрыс. Дегенмен осы қарқында баспана берілетін болса, үміт үзілмесе де, әбден жіңішкеретін шығар. Мәселен, биылғы 9 айда облыста 300 арендалық пәтер пайдалануға берілді, оның ішінде же­тім­дер­ге бұйырғаны 27 ғана бас­пана. Осы бір мәселені түбе­гей­лі зерттеп, жаңа бір жолын таппасақ, онсыз да өмірге өкпелі балалардың көз жасы құр­ғамайтын шығар. Жетімін жылатпаған ел едік қой, бір жөні болар ма екен?!

 

Ақмола облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Саңлақтар сыр бермеді

Спорт • 27 Қараша, 2020

Тұрғын үй алаяғы қолға түсті

Қоғам • 27 Қараша, 2020

Алматы облысында жер сілкінді

Оқиға • 27 Қараша, 2020

Ұқсас жаңалықтар