Аймақтар • 23 Қазан, 2020

Ауыз судың адал болғанына не жетсін!

15 рет көрсетілді

Шоқ жұлдыздай шағын Терісаққан ауылының тұрғындары ауыз судың азабын тартқалы не заман. Енді бұрын-соңды өңірде қолға алынбаған жақсы жаңалықтың арқасында ернімізге таза су тиеді деп үміттеніп отыр.

Ауыл алғашқы қазығын қаққаннан бері құдық суын ішіп келеді. Бұл өңірде жерасты суы тапшы. Қанша қазсаңыз да тұзды су шығады. Мейірің қанып іше алмайсың. Бұған дейін қазылған қос құдықтың дәмі осындай. Оның үстіне сапасы да күмәнді. Әйтсе де ауыл тұрғындары көндігіп келген. Енді міне, үміт оты жанғалы тұр. Елді мекенде ауыз суды тасымалдайтын және тазартатын біріктірілген блок-модуль іске қосылмақ. Бұрынғы құдықтарға қарағанда, әлдеқайда қуатты. Сондықтан сәтін салса таза суға қарық қылмақ. Бұрынғы құдықтар қауғаны бірер рет салған соң тайыздалып, суы сарқылып, түбі көрініп қала­тын. Мамандардың айтуына қарағанда, жаңа модуль ауыз суды молынан беретін көрінеді. Ең бастысы, осы тә­жіри­бе оң нәтиже берсе, төңіректегі су тапшылығын тартып отырған елді ме­кен­­дерге де орнатылмақ.

Ауыл тұрғындарының айтуына қара­ғанда, таза сумен қамтудың екі жолы болған көрінеді. Біріншісі, тағы да тереңірек құдық қазу, екіншісі, су таза­лайтын сүзгі қою. Ауыл­дық кеңес оты­рысында ел ақса­қалдары егжей-тег­жейлі ақыл­да­са келе, сүзгі қоятын болып шешіпті. Өйткені дәл осы өңір­­де тап басып таза су көзін тап­қан ешкім жоқ. Бейнеттеніп құдық қазып, оның суы тағы да ащы болып шықса, қаншама қаражат желге ұшады. Одан да бар суды сүзгіден өткізіп, тазалаған дұрыс.

Нысанды елордалық мерді­гер ком­пания қолға алған. Құры­лы­сы­на аудан­дық бюджеттен 12 млн теңге қа­ражат бөлінген. Қазір артезиан құдықтар да­йын. Новокиенка ауы­лын­дағы орталықтандырылған сумен жабдықтау техникаларын орнату жұ­мы­сы аяқталуға таяу. Сәтін салса бұл бастама төңіректегі қаншама халықтың қажетін өтеуге септігін тигізетін түрі бар.

 

Ақмола облысы,

Жақсы ауданы

 

Соңғы жаңалықтар

Саңлақтар сыр бермеді

Спорт • 27 Қараша, 2020

Тұрғын үй алаяғы қолға түсті

Қоғам • 27 Қараша, 2020

Алматы облысында жер сілкінді

Оқиға • 27 Қараша, 2020

Ұқсас жаңалықтар