Елорда • 20 Қараша, 2020

Карантин білім алуға кедергі емес

23 рет көрсетілді

Елордада карантин шаралары күшейтілді. Осы ретте ата-аналардың бала­ла­ры­ның денсаулығы үшін алаңдаушылық білдіретіні түсінікті. Сон­дық­тан білім беру ұйымдарындағы қазіргі жағдайға тоқталғанды жөн көрдік. Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының мәліметінше, барлық білім беру ұйымдары қашықтан оқыту және кезекші сынып режімінде жұмыстарын жалғастыруда.

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

 

Ерекше білімді қажет ететін балалар үшін 15 ұйым жұмыс істейді

«Үздіксіз білім беру үдерісін қам­та­масыз ету мақсатында мектеп қоры­нан оқушыларға 9 700 компьютерлік тех­ника бөлінді. Жергілікті бюджеттен қо­сымша 8 000 техника сатып алынды. Бұған қоса республикалық бюджеттен 4 087,1 млн теңге сомасына 26 472 ком­пьютерлік техника сатып алынуда. Қазір­гі уақытта оның 6 772-сі жеткізілді, 19 700 техника қазан айының соңында жеткізілді. Ең бастысы, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, жетім және мүгедек балалар ком­пьютермен қамтамасыз етілді. Осы рет­те ата-аналардың назарына айта ке­те­йін, егер де компьютерлік техникаға қа­тысты сұрақтарыңыз болса, мектеп әкім­ш­ілігімен хабарласыңыздар. Қазіргі уа­қытта 1-4 сыныптарда барлығы 3 246 сынып, онда 46 557 бала білім алуда», деді Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқар­ма­сының басшысы Шолпан Қадырова.

Қаланың бас санитарлық дәрігерінің ақ­параты бойынша, білім беру ұйым­да­рында COVID-19 жұқтырудың 35 жағдайы тіркелген, оның ішінде 31-і – балалар арасында (қашықтан – 24, офлайн – 7) және 4 жағдай – педагогтер арасында (қашықтан – 2, офлайн – 2). Нұр-Сұлтан қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қа­уіпсіздігін бақылау департаментінің қыз­меткерлері сыныптарда дезинфекция жүргізді. Карантин режімінің мерзімі өткеннен кейін, яғни 14 күннен соң сыныптар бұрынғы режімге көшеді. Бұл мәселе – білім басқармасының ерекше бақылауында.

«Арнайы білім беру ұйымдарының жұ­мысына ерекше тоқталғым келеді. Ерек­ше білімді қажет ететін балалар үшін қаламызда 15 ұйым жұмыс іс­тейді. Арнайы ұйымдардың бесеуі – пси­хологиялық-медициналық-педагоги­ка­лық консультация (ПМПК), бесеуі – пси­хологиялық-педагогикалық түзету ка­бинеті (3 филиал), екеуі – оңалту орта­лы­ғы, үшеуі – арнайы мектеп. Ар­найы білім беру ұйымдарында 1-ден 18 жасқа дейінгі ерекше білім беруді қажет ететін 10 мыңнан аса бала тіркелген. Ең алдымен, ПМПК қорытындысы арнау­лы ұйымдарға қабылдау үшін негіз болады. Қабылдауға алдын ала жазылу ата-аналар үшін ыңғайлы форматта, яғни тікелей жүгінген кезде, телефон арқылы, сонымен қатар осы жылдың тамыз айынан бастап egov.kz электронды үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады», деді басқарма басшысы.

Бүгінгі таңда ПМПК штаттық режім­де жұмыс істейді, сонымен қатар ата-ана­л­ардың өтініші бойынша онлайн-тексеру мүмкін. Даму ерекшеліктеріне байланысты эмоционалды-еріктік сала­сы мен мінез-құлқы, сондай-ақ есту және көру қабілеті бұзылған балалар штат­тық режімде қабылданады. Тірек-қимыл қозғалысы бұзылған және пси­хи­калық дамуы кешеуілдеген балалар онлайн режімде тексеруден өте алады. Қашықтан жұмыс істеу форматы кезе­ңін­де 1 767 бала онлайн тексеруден өтті, оның нәтижелері бойынша әрбір ба­ла­ның жеке білім беру маршруты әзір­лен­ді.

1

 

Арнайы білім беру ұйымдарының арнасы кеңіді

Нұр-Сұлтан қаласы Білім бас­қар­ма­сының мәліметінше, психо­ло­гиялық-пе­­да­­гогикалық түзету каби­нет­те­рі (ППТК) мен оңалту орталықтары да­му­ы­нда ауытқуы бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу үшін кешенді қолдау көрсетеді.

«Қазіргі уақытта 1 413 бала психо­ло­гиялық-педагогикалық көмек алуда. Қашықтан оқытуға көшуге байланысты балаларды түзету-дамыту қызметімен қамту 10%-ға артқаны байқалады. Со­ны­мен бірге визуалды және эмоционалды байланыстың болмауынан, аути­зм секторы бұзылған балалар мен көру қабілеті бұзылған балалар үшін қашықтан оқыту қиындықтар туғызды. Сондықтан олар штаттық ре­жімге ауыстырылып, жеке сабақ кес­тесі жасалды. Ата-аналарға кеңес беру онлайн режімде өтуде. Биыл арнайы білім беру ұйымдарының желісі ұл­ғай­ды. Шілдеде №5 «Асыл Мирас» психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды, онда халықаралық сертификаты бар мамандар жұмыс істейді. Жаңа 2 мектептің (№8, 89) базасында әрқайсысы 30 орындық инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды. №3 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес және №2 психо­ло­гиялық-педагогикалық түзету ка­би­нет­тері үшін Шыңғыс Айтматов көшесі 41/А мекенжайынан кең ғимарат қарас­ты­рылған. Бұл өз кезегінде балаларды қам­туды 50%-ға арттыруға мүмкіндік берді», делінген басқарма ақпаратында.

Бүгінде қалада зерде бұзылыстары бар (интеллект) балаларға арналған арнайы мектептер жұмыс істейді, онда 876 оқушы қамтылған. Сонымен қатар сыныптардағы оқушы саны 12-ден аспайды. Биыл №3 арнайы мектеп интернат ашылды, ал №1 мектеп-интернат базасында үйде оқитын балаларды түзету үшін ресурстық орталық жұмыс істей бас­тады. Орталықта балалар түзету-дамыту және жеке сабақтарға, емдеу-сауықтыру шара­ларына (бассейн, ЕДШ, массаж, физио­терапия) қатысады. Сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қам­қор­лығынсыз қалған балаларға арналған екі интернат мекемелерінің жұмысын атап өткен жөн. Бұл – өмірлік қиын жағ­дайда жүрген «Балаларды қолдау ор­та­лығы» және «SOS Астана балалар ауы­лы». Аталған ұйымдарда 129 бала тәр­бие­ленуде, оның 107-сі – мектеп оқу­шылары. Интернаттық мекемелерге бару COVID-19 анықтамасын ұсынған кезде жүзеге асырылады.

«Қазір карантин шараларының қатаң­датылуына байланысты жалпы білім беретін мектептерде орналасқан қосым­ша білім беру ұйымдары филиалдарының жұмысы тоқтатылды, бірақ қосымша білім беру ұйымдары өз жұмысын жал­ғас­тыруда. Топтағы оқушы саны 10-нан аспайды. Президенттің Жолдауында көрсетілген балалар үйірмелері мен сек­ция­ларының қызметін жандандыру ба­ғы­­ты бойынша қараша айынан бастап 2 орталық жұмысын бастайды. Атап айтсақ, «Арқа ALAN» ұлттық спорт түрлері орталығында балалар қазақ кү­ре­сі, асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ және шахмат спорт секцияларында тегін айналыса алады. Орталық 600-ге жуық баланы қамтиды. Екіншісі – «Art Tumar» сәндік-қолданбалы өнер орталығы. Онда көркем тоқуды, ағаш­ты көркем өңдеуді, зергерлік өнер, шығар­машылық құрақ тігуді, ілмектеп кес­те тігуді және тері мен сазды көркем өң­деу­ді үйренуге мүмкіндік беріледі. Ор­та­­лық 300-ге жуық баланы қамтиды. Екі орталықтың да сол жағалауда, Қайым Мұқамедханов пен Шыңғыс Айтматов көшелерінің қиылысында орна­ласқанын атап өткім келеді. Сондай-ақ Е-496 көшесі, 10/1 және 10/2 мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үй­лер­дің бірінші қабаттарында Балалар көркемөнер мектебі мен Әл-Фараби атын­дағы Оқушылар сарайының филиалдары ашылды», деді Ш.Қадырова.

Айта кететін жайт, 250-ден аса баланы қамтитын Техникалық шығармашылық ор­талығында ашылатын техникалық ба­ғыттағы үйірмелер өскелең ұрпақ ара­сында үлкен қызығушылық тудыруда. Орталықтың бұл филиалының жеке тұрған ғимаратта орналасуы маңызды. Филиал Железнодорожный тұрғын ауда­ны, Жамбыл Жабаев көшесі №27 мекен­­­жайында орналасады. Қаланың бар­­лық төрт ауданында балалар мен жас­өс­пірімдердің денешынықтыру клуб­тары жұмыс істейді. Футбол, волейбол, бас­­­кетбол, көпсайыс және ұлттық спорт түрлері спорт секцияларында 576 бала шұғылданады. Осы жылдың соңына дейін тағы да Техникалық шығар­ма­шы­лық орталығының 2 филиалы мен № 90 мек­тептің жанынан бір Community center ашу жоспарлануда.

 

Кәсіптік білім беру жанданып жатыр

Қазіргі таңда қала бойынша 33 колледж (10 мемлекеттік, 23 жекеменшік) техникалық және кәсіптік білім беру жүйе­сінде қызмет көрсетіп, 26 мың студентті қамтып отыр. Оның ішінде 14 мыңнан аса студент мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқиды. 77 маман­дық және 122 біліктілік бойынша кадр­ларды даярлау жүзеге асырылады.

«2017 жылдан бері «Баршаға арнал­ған тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасы екі бағыт бойын­ша жү­зеге асырылуда. Біріншісі жергі­лікті бюд­жет есебінен жұмысшы маман­дық­тарын және орта буын бойынша кадрлар даярлау болса, екіншісі Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған. Жоба бойынша осы оқу жылында мем­лекет­тік білім беру тапсырысы мен­шік нысанына қарамастан 21 колледжде 4 652 орынға орналастырылды, оның ішінде «Еңбек» мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­сы бойынша – 1 050 орын. Жо­ба­ға оқу орындарына түспеген 9-11 сынып түлектері, жұмыс іздеп жүрген тұлғалар, аз қамтылған отбасылардың және көпба­лалы отбасылардың балалары, сон­дай-ақ өзге де санаттағы азаматтар кіре­ді», деді Нұр-Сұлтан қаласы Білім бас­қар­ма­сы­ның басшысы.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша оқитын студенттерге ыстық тамақпен қамтамасыз ету, шәкіртақы және жылына екі реттік тегін жолақы, яғни қысқы және жазғы каникулдар кезе­ңінде қалааралық теміржол және ав­томобиль көлігінде жол жүру құны сияқ­ты әлеуметтік көмек көрсетілетінін атап өту маңызды.

Тағы бір маңызды іс-шараның бірі – WorldSkills қозғалысының дамуына ерекше көңіл бөлу. Аталған чемпионатқа 2015 жылы 5 құзыреттілік бойынша 6 студент қатысқан болса, ал 2020 жылы 37 құзыреттілік бойынша 167 қатысушы болған.

«2019 жылы ұлттық чемпионатта командалық есеп бойынша 8-орын ал­дық, енді алдымызға көшбасшылардың алғашқы үштігінің қатарына кіруге мін­дет­­тер қойып отырмыз. Осыған бай­ла­ныс­­ты кәсіби білім беру сапасын арттыру бойынша тәжірибе алмасуға және WSK қозғалысын дамытуға бағытталған. WSK қатысушылары мен сарапшыларын даярлауда бірлесе жұмыс жасау мақсатында Қазан қаласына колледж басшыларынан құралған топ жіберілді. Мамандарды даярлау сапасын жақсарту үшін қала колледждері Татарстан, Ресей, Беларусь, Украина, Италия, Франция, Чехия, Ұлыбритания, Корея, Түркия, Гер­мания және тағы басқа елдердің техникалық және кәсіптік білім беру ұйым­дарымен ынтымақтаса отырып, Worldskills халықаралық стандарттарын енгізуде. Биыл демонстрациялық ем­тихан­дар алғаш рет өткізілді. Емтихан тап­­сыр­­малары білім алушылардың кә­сі­би деңгейін растайтын WorldSkills чем­пио­на­тының тапсырмаларына ұқсас», деді Білім басқармасының басшысы.

 

«Жас маман» жобасы жаңғыртуды көздейді

Қазіргі уақытта колледждерді не­ғұр­лым сұранысқа ие 100 кәсіп бо­йын­ша жаңғырту және білікті маман­дар даярлаудың халықаралық тәжіри­бе­сін енгізу мақсатында «Жас маман» рес­публикалық жобасы іске асырылуда. Мақсатқа қол жеткізу үшін ше­тел­­дік әріптестермен бірлесіп, білім бе­ру бағдарламалары, оның ішінде халық­аралық салалық стандарттар мен WorldSkills стандарттарын ескере отырып жаңар­тылады.

Осы жоба аясында политехникалық колледж, қоғамдық тамақтану және сер­вис колледжі, сондай-ақ кәсіптік-тех­ни­­калық колледжді жаңа форматтағы шеберханалармен және зертханалармен жабдықтау жүргізіліп жатыр. Рес­пуб­­ликалық бюджеттен 969,9 млн теңге бөлінді, жергілікті бюджеттен жаб­дық­тар­ды сатып алуға 5% (48,5 млн теңге) көлемінде қоса қаржыландыру жасалды. Бүгінде 79 оқытушы мен өндірістік оқыту шеберлері жаңа жабдықтар бо­йынша оқудан өтіп, сертификаттар алды. Нәтижесінде аталған колледждердің база­сында халықаралық стандарттарға сәй­кес заманауи қондырғылармен, жаб­­дықтармен құзыреттілік орталық­тары құрылды. Олар өз студенттерін ғана емес, IT, сервис және қызмет көрсету, тұрғын үй-тұрмыстық және ком­му­нал­дық шаруашылық бағыт­тары бо­йынша білім беретін басқа кол­ледж­дер­дің сту­дент­­терін, өндірістік оқыту ше­бер­лерін даярлауға бейімделген алаң болады.

«Жас маман» бағдарламасын іске асыру еңбек нарығы үшін білікті кадр­лар­ды даярлау процесіне жаңа серпін бе­реді. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқу процесі қа­шық­­тан жүргізіледі. Осыған байланыс­ты қажетті әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Интернет ресурстарда жалпы білім беретін пәндер бойынша 7 014 бейнесабақ, арнайы пәндер бойынша 6 177 бейнесабақ, 19 415 әдістемелік ұсы­ным­дар, 40 763-тен аса тәжірибелік тапсырмалар жүктелді. 1 000-нан аса педагог IT құзыреттілік бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

Білім беруді жаңғырту орталығы колледж педагогтерінің оқу процесін жетілдіру мақсатында апта сайын, әр бейсенбіде вебинарлар мен кеңестер өткізеді. Бүгінгі таңда қаланың барлық колледжінде директордың виртуалды қабылдау бөлмесі және оқытушыларға, сту­дент­терге және ата-аналарға онлайн-кеңес беру штабы құрылды. Колледж­дер­дің 100%-ы Platonus, Google Classroom, Edu page, сонымен бірге Moodle, Sova ақпараттық білім ресурстарында жұмыс істеуде. Санитарлық нор­ма­­ларды сақтау бойынша колледждер мен жатақ­ханаларда санитайзерлер, тоннельдер орнатылған. Бүгінде дезинфек­ция­лық құралдардың қоры жеткілікті.

Компьютерлері жоқ оқытушылар мен сту­денттер колледждер тарапынан уа­қытша пайдалануға берілген ком­пью­тер­лермен қамтамасыз етілген. Басқа қа­ладан келген студенттер колледж жатақханалары мен хостелдерге орна­л­астырылды, онда оларға оқу үшін қо­лайлы жағдайлар жасалған.

 

Соңғы жаңалықтар

Саңлақтар сыр бермеді

Спорт • 27 Қараша, 2020

Тұрғын үй алаяғы қолға түсті

Қоғам • 27 Қараша, 2020

Алматы облысында жер сілкінді

Оқиға • 27 Қараша, 2020

Ұқсас жаңалықтар