Қоғам • 24 Қараша, 2020

Түбітсіз терек

8 рет көрсетілді

Бұл күндері Алатау етегіндегі шаһардың бір кездегі «Жасыл желекті қала» даңқын қайтару үшін бірқатар ілкімді бастама кезегімен жүзеге асырылып отыр. Алматы желексіз емес десек те, қаланы көгалдандыру, абаттандыру ісін тиімді, лайықты жүргізу – уақыт талабы.

Алматының жасыл экономика бас­қармасы «Алматыда не өседі?» айдарын бастады. Апта сайын биологтар, орманшылар, экологтар, ландшафты дизайнерлері мен басқа да мамандар ме­гаполисте өсіп жатқан өсімдіктер тақырыбын тереңірек баяндайды. Осы танымдық айдардың арқасында тұр­ғындар қалада өсіп жатқан немесе болашақта отырғызылатын ағаштарға қалай күтім жасау қажет екені жайлы тыңғылықты біле алады.

Сонымен қатар бір ағашты екінші ағаштан қалай ажыратуға болатыны жөнінде, өсімдіктердің экологияға әке­летін пайдасы туралы да айтып отырады. Аталған айдар шеңберінде алма­тылықтар өздерін қызықтырып, мүдделілік танытқан сауалдарына жауап алады.

Алғашқы жарияланымның кейіп­кері – Қазақстанда өсетін терек. Ақпа­ратты оқи отырып, қалалық жасыл экономика басқармасы не себепті дәл осы ағаш жайлы бастағанын түсінесіз.

Қазақстандық теректің сортын XX ғасырда аграрлық университетінің профессоры селекционер-орманшы Петр Бессчетнов тапқан екен. Ғалым көп­теген жыл бойы зерттеу жұмыс­тарын жүргізіп, нәтижесінде теректің жаңа сортын ойлап табады да, оны «Қазақстандық» деп атайды.

«Қазақстандық» теректің ең бас­ты қасиеті – түбіті жоқ. Себебі ға­лымдар теректің аталық түрін таңдап алды. Үлпіл­дексіз теректің пайдасы неде?

Қазақстандық терек – көмір­қыш­қыл газын жұту мен оттегі бөлу жа­ғынан алдыңғы қатарда. Бір ағаш­тың өзі тәулігіне 180 кг дейін көмір қышқыл газын жұтып, 30 кг жуық оттегі бөледі. 25 жастағы терек ағашы шырша ағашынан 7 есе артық, себебі ауаны 10 есе ылғалдандырады.

Терек фитонцидтік қасиетке ие болғандықтан, ауру тудыратын микробтарды жояды. Терек өз бойында ауыр металы бар шаң-тозаңды жақсы ұстайды. Жапырағы түсіп қалған теректің өзі газды бойына сіңіру қасиетін де сақтап қалады.

Теректер ауадан, судан жапырақ­тары, сабақтары мен тамырларында әртүрлі метал оксидтерін және адамға зиянды заттарды сіңіріп, сақ­тайды. Мысалы, теректер күкірт қосы­лыстарын ұстап қалуда өте тиімді. Ауаны жақсарту мақсатында 7 шыр­ша, 3 әк немесе 4 қарағайдың орнына 1 терек отырғызуға болады.

Терек өте берік. Бұл аязға төзімді, қарапайым, тіпті нашар экологияға бейім­деле алады. Егілгеннен кейін бі­рінші жылы мол суару жеткілікті.

Биіктігі жылына 3-4 метрге дейін өседі. Кемінде 80-100 жыл жасайды.

«Алматы Верный қаласы атанып тұрған кезде бізге шетел ғалымдары келген еді. Олар Верный қаласына міндетті түрде тек теректер егу қажет деген қорытынды жасаған. Себебі қала сайда орналасқан. Ал ауа ағыны таудан келетіндіктен, тек қана жоға­рыдан өтеді.

Ал теректердің аэродинамикалық әсері бар, яғни ағаш көмірқышқыл газын воронка түрінде айналдырып, оны төмендетеді. Егер теректер қаланың айналасында шам сияқты тұрса, ауа ағыны тазартылады. Мұны қарағай да, шырша да, катальпа да, қарағаш та жасай алмайды», дейді Ж.Жиембаев атындағы Қазақстан өсімдіктерді қор­ғау және карантин ғылыми-зерттеу инс­титутының ормандар мен ағаш екпелерін қорғау тобының жетекшісі Нұржан Мұхамадиев.

Алматыда қазір де терек көп. Мы­салы, Сейфуллин даңғылының бойында «Алматы-1» темір жол вок­залының жанында қазақстандық теректердің аллеясы бар. Түбіті жоқ ағаштар әрі көлеңке, әрі әдемі.

 

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар