Экономика • 24 Қараша, 2020

Машина жасау саласы мүлгіген жоқ

117 рет көрсетілді

Қазақстанның машина жасау саласы пандемия жағдайында қалай дамуда? Тауар өндірушілер нендей проблемалармен бетпе-бет келуде? Салаға мемлекет тарапынан қандай қолдау қажет? Осы сұрақтардың төңірегінде аз-кем әңгіме өрбіткенді жөн көрдік.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Шетелдік автоөнеркәсіпті шектей алмадық

Жоба-жоспарлар мен болжамдардың күл-талқанын шығарған биылғы пандемия машина жасау саласына да салқынын тигізбей қоймады. Бірақ өзге салалармен салыстырғанда анау айт­қандай тығырыққа тірелмеді де. Мұның себе­бін Қазақстан Машина жасаушылар одағының басқарма мүшесі Павел Бек­лемишев түсіндіріп берді.

– Біріншіден, машина жасау – серпінді сала. Екіншіден, саланың өнімдеріне әрдайым сұраныс бар. Әлбетте, биылғы жағдай бізді де айналып өткен жоқ. Пан­демия орын алса да, сұраныс сақталды. Оның үстіне салаға мемлекет тарапынан айтарлықтай көңіл бөлінеді. Әсіресе экономикада дағдарыс басталғанда мұндай қолдаудың көмегі зор, – дейді ол.

Деректерге сүйенсек, 2020 жылдың қаңтар-тамыз аралығында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі 3,3 пайыз өсім көр­сет­кен. Соның ішінде машина жасау сала­сындағы өсім 16,3 пайызды құраған. Бұл ретте, автомобиль жасау көрсеткіші 51,8 пайыздық өсімге тең. Алайда біздің елдегі ресми статистика көп жағдайда шынайы ахуалмен сәйкес келе бермейді. Мұны биылғы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ескерткен еді. Мемлекет басшысының Статистика коми­тетін Президент Әкімшілігіне бағы­нысты ведомство ету туралы тапсырма бергені де сондықтан.

Жоғарыдағы статистикада кел­ті­рілгендей, автомобиль жасау бағытының өсімі көңілге қуаныш ұялатады. Соған қарап-ақ машина жасау саласындағы табыстардың дәл осы бағытқа тиесілі деп бірден аңғаруға болады. Алайда Павел Беклемишев бұл пікірмен келіспейді.

– Дәл қазіргі жағдайда автомобиль құрастыруды машина жасау сала­сы­ның негізгі бағытына айналды деп айта алмаймын. Себебі биылғы өсім – ком­мер­циялық белсенділіктің жемісі. Аталған бағыттың пандемия жағдайында жақсы өсім көрсеткені түсінікті. Себебі шекара жабылды. Сырттан көлік сатып әке­лу тыйылды. Демек, тұрғындар үшін көлік алудың бір ғана жолы қалды. Ол – Қазақстанда құрастырылған көліктерді сатып алу. Сондықтан мұны шынайы өндіріс деп атауға асықпайық. Оның үстіне бұл бар болғаны құрастыру ғана. Біз мұндай көліктерді қазақстандық компа­ниялардан сатып алсақ та, түптеп кел­генде шетелдік автоөнеркәсіпті қаржы­лан­дырып отырмыз. Әрине, сырттан келе­тін өнімді шектегіміз келеді. Жос­пар бар. Ынта зор. Бірақ мұның бәрі­не ұзақ уақыт керек, – дейді Павел Бекле­мишев.

 

Шикізат мәселесін қалай шешеміз?

Қазақстанның машина жасау нары­ғын­дағы белді ойыншылардың бірі – «Қайнар-АБК» ЖШС. Компанияның даму жөніндегі директоры Тұрар Жол­ма­­ғам­бетовтің айтуынша, пандемия наурыз және сәуір айларында аккумулятор шығаратын зауыттың жұмысына айтарлықтай әсер еткен. Өйткені наурыз-сәуірде, яғни төтенше жағдай кезінде кәсіпорын жұмыс істеген жоқ. 

– Төтенше жағдай аяқталған соң өндіріс көлемін ұлғайта бастадық. Жоқ деген­де өткен жылғы өндірістік межені ба­ғындырамыз деп жоспар құрдық. Былтыр 2,5 млн аккумулятор шыға­рылған болатын. Әзірше жос­пардан аз-кем артта келе жатырмыз. Төтен­ше жағдай, карантинге байланысты өнім­дерді шетелдік нарықтарға өткізу тұрғы­сынан шекарада проблема туында­ды. Өйткені серіктестер тауарды қабыл­дай алмады. Шикізатқа қатысты мәселе де алдан шықты. Компания оны Қытай­дан әкелетін еді. Біздің негізгі шикіза­тымыз – бастапқы қорғасын, қорғасын сынықтары. Соңғы алты айда бастапқы қор­ғасынның құны әлсіреген теңге жағдайында тоннасына 2 мың долларға дейін көтерілді. Бұл біздің өнімнің өзін­дік құнына, сыртқы нарықтардағы бәсе­кеге қабілеттілікке әсер етеді, – дейді ол.

Осы орайда, Мемлекет басшысы кәсіпорындарды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ететін реттеуші тетік болуы керектігін айтқан болатын. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстар әлі тиісті нәтиже берген жоқ. Он жылдай жұмыс істеп келе жатқан Индустрияландыру бағдарламасының негізгі мақсаты да шикізатты мүмкіндігінше дайын өнімге дейін өңдеуге қол жеткізу еді. Алайда кейбір өндіріс орындары үшін шикізатты шетелден сатып алған тиімді болып тұр. Өйткені құны арзан. Ал отандық шикізаттың бағасы бас айналдырады.

– Біздің кәсіпорын қорғасын өңдейді. Егер шикізатты сырттан сатып алуға мәжбүр болсақ, қосылған құ­ны жоғары өнімді қалай шығарамыз? Сон­дықтан Үкімет жыл соңына дейін маши­на жасаушылардың шикізатқа қол жет­кізу тетігін әзірлеуі керек. Мәселен, Ресей Федерациясында өндірушілерге бас­тапқы металды шетелге арзан бағаға сатуға ты­йым салынған. Керісінше, ішкі нарыққа әлдеқайда арзанға сатуы керек. Дәл осы принципті Қазақстанда да қол­дануға болады. Ресейдің алюминий шыға­ратын «РУСАЛ» компаниясы сыртқы на­рықпен салыстырғанда, ішкі нарық­тағы өңдеушілерге шикізатты 10-15 па­йызға арзанға береді. Соның нәтиже­сінде арзан шикізатқа қол жеткіз­ген ресейлік өндірушілер ішкі-сыртқы нарықтың бәрінде бәсекеге қабілетті болып отыр, – дейді Тұрар Жолмағамбетов.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті машина жасау басқармасының бас сарапшысы Руслан Хисамутдиновтің айтуынша, министрлік отандық өндірушілерге шикізат беру мәселесін қарастырып, тиісті тетіктерді пысықтауда. Бұдан бөлек, шикізатқа квота бөлу мәселесі де қарастырылып жатқан көрінеді.

 

Салықтық, кедендік жүктемені кеміту керек

Павел Беклемишевтің айтуынша, түрлі өнімдер шығарылатын мате­риал­дар мен жинақтауыштардың құны өнер­кәсіптің кез келген саласы үшін өзекті. Оның ішінде машина жасау саласы үшін өзектілігі әлдеқайда жоғары.

– Таңғаларлығы, отандық тауар өн­дірушілер пайдаланып отырған қорға­сынның құны Лондон металл биржасында көрсетілген бағадан қымбат. Лон­дон биржасындағы қорғасынның бағасы нарықтық құнға және материал­ды еуропалық порттарға жеткізу шығын­дарына байланысты қалыптасады. Егер қорғасын Қазақстанның өз ішінде жет­кілікті түрде тұтынылатын болса, оны  сыртқа шығарудың қажеті жоқ. Шетелге тасымалдауға онсыз да шығын шығарып отыр. Осының есебінен қазақстандық тауар өндірушілер үшін қорғасын баға­сын төмендетуге болады. Бұл бір. Екін­шіден, шикізат бағасын төмендетуге мүм­кіндік бар. Себебі материал ел аумағында қайта өңделіп, қосылған құны жоғары өнім алынған жағдайда республика бюд­жетіне түсетін салықтық түсімдер әлде­қайда жоғары болады, – деді Павел Бекле­мишев.

Оның айтуынша, машина жасау саласына қолдау көрсету үшін шетелден материалдар мен жинақтауыштарды им­порт­таған кезде салықтық және кеден­­дік жүктемені төмендету керек. Сон­­дай-ақ Қазақстан аумағында жинақ­тауыш­тар мен дайындамаларды шы­ғару үшін өндіріс базаларын құру ма­ңыз­ды. Өз кезегінде бұл салаға қосымша бәсе­келестік береді.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­­тасы өңдеу өнеркәсібі депар­та­мен­­тінің директоры Зифа Якупованың айт­уынша, машина жасау саласындағы кәсіп­орындардың дені жинақтауыштарды шетелден тасымалдайды. Сондықтан карантин жағдайында кедендік әкімші­лен­діру бойынша тиісті шаралар қабылдау керек.

– Саладағы компаниялар өз өнімдерін шетелдің нарығына таныстырып, сапасын дәлелдеу үшін үлкен шығынға батады. Бірақ онсыз өнімді экспорттау тағы мүмкін емес. Сертификат алу үшін алдымен үлгіні жіберу керек. Бұл да оңай шаруа емес. Әсіресе машина жасау саласы үшін қымбатқа түседі. Ережеге өзгерістер енгізіледі. Бұрын сертификат алу шығындары өтелетін. Енді мұндай қолдау сертификат алу үшін шетелге шығарылатын үлгіге де қатысты болмақ. Яғни үлгінің де шығындары өтелетін болады. Бұл саладағы кәсіпорындар үшін қаржылық тұрғыдан үлкен қолдау екені анық, –  дейді кәсіпкерлер палатасының өкілі.

Биыл Индустрияландыру картасы аясында 996 млрд теңгеге 206 жоба іске қосылуы керек. Бұл өз кезегінде өнді­ріс көлемін 1,3 трлн теңгеге, экспорт көле­мін 325 млрд теңгеге ұлғайтады деп күті­луде. Сондай-ақ 19 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деген болжам бар. Бұл ретте машина жасау саласында 170 млрд теңгеге 19 жоба жүзеге асырылуда.

Соңғы жаңалықтар

Соққан жел нысандарды қиратқан

Аймақтар • Бүгін, 17:16

Атырауда қанша қайыршы бар?

Аймақтар • Бүгін, 14:35

Сочиде сайысқа түседі

Спорт • Бүгін, 13:28

Ұқсас жаңалықтар