Оқиға • 02 Қазан, 2020

Қазақтар ғарыш есігін ашқан күн

215 рет көрсетілді

2 қазан – қазақтардың ғарыш есігін ашқан күні саналады. Тарихта солай жазылған. Тарихи деректердің бұл күннің маңыздылығын бір ұлттың саяси-қоғамдық формациялық сатыдағы басынан кешкен құбылыс, қимыл-қозғалыстарымен астас­тыруы да тектен-тек емес.

Танымал тарихшы, профессор Мәмбет Қойгелдінің дәлдікпен жасаған мына бір тұжырымына зер салып көрелік: «Гагариннің қазақ жерінен қалай ұшқаны бәріміздің есімізде әрі көз алдымызда, – дейді көрнекті ғалым. – Ғарышқа ұшып-қону өз елінде болып жатқандықтан да қазақ халқы «Апыр-ай, бізден бір ұл тумады ма?» деп ұзақ уақыт толғатып жүрді. Міне, тағдыр сол рөлді, сол тарихи міндетті орындауды қазақтың ішінен ер туған Тоқтар Әубәкіровтің маңдайына жазыпты. Жалпы, біз, қазақ халқы, ХХ ғасырда талай жеңіліс тапқан халықпыз. Не көрмеді қазақ халқы? Соның ақырғысынан, яғни 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін халықтың рухы мүлдем түсіп қалған. Сонда қазақ халқының басын көтерткен оқиға – Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуы болды».

Тәуелсіздік алудың төте жолына түскен Қазақ елінің Нұрсұлтан Назарбаев бастаған жаңа өкіметі 1990 жылдың 25 қазанында Жоғарғы Кеңесте «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік Егемендігі туралы» Декларациясын қабыл­дады. Сонымен қатар нағыз тойланатын ел егемендігі мерекесінің қарсаңында халыққа тосынсый ретінде қазақты ғарышқа ұшырудың жедел қамы жасалынды. Бәрі де дәл бүгінгідей көз алдымызда!.. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың сондағы қуанышында шынында да шек болмады! Кеңес Одағы атты «жабық мемлекеттің» жабық мекемесінде дыбыстан жылдам әскери ұшақтардың тұсауын кесіп жүрген бірегей сынақшы-ұшқыш қазақ азаматы да тез табылды. Әйгілі тарихшы Мәмбет Қойгелдінің меңзегені, міне, осы...

Бұл тұста Кеңес Одағының Батыры, ең­бегі сіңген сынақшы-ұшқыш Тоқтар Әубәкіров Солтүстік полюсті игеру, әскери те­ңіз лай­неріне ұшақты қондырып-ұшыру (Гин­­нес­тің рекордтар кітабына кірген) сияқты бас­қа да мемқұпиялық ұшу бағдарламаларын ой­да­ғыдай орындап шыққан. Енді «МИГ» конс­трукторлық бюросының шеф-пилоты Валерий Меницкийдің орынбасары ретінде әскери маңызы ерекше «Теңіз жобасын» бас­тап кеткен екен. «...Ол ғарышқа ұшса, тарихта тұңғыш қазақ ғарышкері атанады. Демек, біздің фирмадағы бекітілген ұшу жоспарымыз ол үшін екінші сатыға жылжиды. Мұндай ерекше мықты орынбасардан айырылу маған өте ауыр соғатыны сөзсіз. Әубәкіров кетсе, мен ең басты резервімді жоғалтамын, ұшу кестесіндегі сағаттар сирейді. Жастардың жаңа легін даярлау керек. Ал ондай сәттер күтпеген қайғылы оқиғаларға ұрындырары даусыз. Осының барлығына қарамастан, Тоқтардың жолын бөгемедім...» Бұл жүрекжарды, жан тебірентерлік үзінділер – Батыр, екі мәрте лауреат, басшы В.Меницкийдің (МИГ) «Аспан­дағы ағайындар» кітабынан алынды.

Кеңес Одағы үшін «Теңіз жобасының» қаншалықты қымбат екендігін мына төменгі жолдардан да байқаймыз. «Бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңінен-ақ көп тәжірибе жинадық. Біздің теңіз машинасы туралы бастапқы пікіріміз бірден өзгерді. Тоқтармен бірге бұл жобаны қаузау барысында теңіз ұшқыштарын даярлаудың өте бір нәзік кілтипандарына көз жеткіздік. Екеуміз ұшы-қиыры жоқ теңіз үстінде МиГ-21, МиГ-23, МиГ-29 ұшақтарымен жұптасып та, жеке-жеке де өте көп ұштық. Осы кезеңде Тоқтар өзін ең жақсы қырынан танытты. Аса күрделі ұшу мәселелері бойынша, ол өзінің теңіздегі авиация саласы бойынша өмірлік кәсіби бағдарламасын жасақтап үлгерген.» Адамзат өкілінің ғарышты игеруді қазақ жерінен бастағанын жақсы білетін бас маман мен күллі конструкторлық бюроның қас шеберлері бәрін де көре-біле тұра, қимай-қимай... өз ортасында айрықша беделді қазақ қыранына «Ақ жол!» айтыпты сонда.

Осыдан 9 жыл бұрынғы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Тоқтар Әубәкіров 2 қазан туралы «Бұл – қазақтың намысы екенімді ұққан күнім» депті. Тарихи шындық, бүкпесі жоқ ақиқат.

2015 жылдың 14 қазанында Ақордадан жасаған мәлімдемесінде Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың былай дегені бар: «Біздің тұң­ғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтің 24 жыл бұрынғы ғарышқа сапары Қазақстан Тәуел­сіздігінің алтын бастауы болды. Осы ұшуды жүзеге асыру үшін қаншама қиындықты ең­серуге тура келгені есімізде.»

2 қазанның – қазақ тарихында тұңғыш қазақ ғарышқа ұшқан күн деп айшықты әріп­термен жазылуы да сондықтан. Ендеше, бүгін – иісі қазақ бөркін аспанға атқан күн, қазақ – ғарышқа есік ашқан күн! Құтты болсын!

Соңғы жаңалықтар

Бір түнде бес мас жүргізуші анықталды

Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2020

Қазақстан Туын қайдан сатып алуға болады?

Қазақстан • 04 Желтоқсан, 2020

Ұқсас жаңалықтар