Экономика • 23 Қазан, 2020

ҚТЖ-ның жаңа вагондары: экологиялык, технологиялар және ыңғайлылық туралы

96 рет көрсетілді

ҚТЖ ұлттық компаниясы жаңа вагондар сатып алу арқылы Қазақстандағы пойыздарда жол жүруді мейлінше ыңғайлы, қауіпсіз және экологиялық таза етпек.

Экологиялық бағдар

Жалпы, темір жол тасымалы эко­логиялық көлік құралы болып есеп­теледі. Әуе көлігінің рейс­те­рі климатқа өте зиянды болған­дық­тан, ұшақтан гөрі пойызды оңтай­лы көретін белгілі швед эко-бел­сендісі Грета Тунберг те бұл мәселеге назар аударып отыр. Десе де, шығарындылары қаншалықты аз болғанымен, пойыздардың онсыз жұмыс істеуі әлі мүмкін болмай отыр.

Қазақстан 2016 жылдан бастап елдерді атмосфераға көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтуға міндеттейтін негізгі халықаралық экологиялық құжаттардың бірі – Париж келісімінің қатысушысы бол­ғаны мәлім. Осылайша, 2030 жылға қарай Қазақстанда шығарын­ды­­лардың деңгейі 15%-ға, ал қо­сымша халықаралық қолдау бол­ған жағдайда тіпті 25%-ға дейін тө­мендеуі керек. Бұған отандық темір жолдың ұлттық операторы да үлес қосуда. Яғни компания экологиялық таза пойыздар үшін жолаушылардың жыл­жымалы құрамын жаңартуға кірісті.

ҚТЖ-да қоршаған ортаны қор­ғау бойынша қабылданып отыр­ған шаралардың қатарында ва­гон­ға биодәретхана орнату, қо­қыс­­­­ты сұрыптау мен қайта өңдеу әдістерін жақсарту және жылытудың экологиялық таза нұсқаларына көшу қарастырылған. Қазақстан стратегиялық зерттеу­лер институтының әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлі­мінің аға ғылыми қызметкері Бекжан Садықовтың айтуынша, бұл уақыт талабынан туындаған қадам.

«Жолаушылар жылжымалы құ­ра­мының жаңаруы елімізде соңғы жылдары жолаушылар ғана емес, сонымен қатар жүк вагондары мен локомотивтердің азайып бара жатқанына байланысты туған жаңа міндет. Бұл жаңаруды жалпы көлік-логистикалық жүйені дамытудың тетігі деп санаймын», деді Б.Садықов.

Сарапшы пікірін машина жасау саласының маманы Марат Ыдырысов та қолдайды.

«Жақында Deutsche Bahn (Гер­ма­нияның негізгі темір жол опе­­ра­торы) ком­паниясының өкіл­де­­рі­мен сөйлестім, олар жалпы жолаушылар тасымалы саласындағы қызмет көрсетуді жақсартудың қажет­тілігіне сенімді. Жолаушылар теміржол қызметін екі жағдайда пайдаланады: егер пойызда жүру ыңғай­лы болса және автомобильге қарағанда жылдам болса. Біздің елде, негізінен, тальгодан басқа барлық вагондар ескірген технология бойынша құрастырылған. Зама­науи вагондарға көшу – эволю­ция­лық жол. Қалай бол­ған­да да өте қажетті шара», дейді М.Ыдырысов.

 

Көмірден дизельге

Вагондар паркін жаңарту мақ­сат­тарының бірі – көмірмен жы­лы­ты­латын вагондардан бас тарту. Бар­шаға мәлім, көмір жаққан кезде атмосфераға және адам денсау­лы­ғы­на қауіпті улы заттар түзіледі. Сондықтан көптеген дамыған елдерде пойыздар зияндылығы аз жылыту әдістеріне әлдеқашан ауыс­­­тырылды. Отандық оператор ескі вагондарды біртіндеп энергияны аз тұтынатын, дизельді қондырғылармен жабдықталған жаңаларына ауыстырады, бұл сенімді және автоматтандырылған жоғары тиімділікті қамтамасыз етеді. Жаңа вагондарды сатып алу пойыздардың экологиялық таза­лығын жақсартып қана қой­май, жолсеріктерінің жұмысын айтар­лықтай жеңілдетеді. Әзірге оларға вагондарды қолмен жылыту жұ­мыстарын өздері атқаруға тура келеді.

 

Ресейлік технология – қазақстандық құрастыру

ҚТЖ жылжымалы құрамы жаңа үлгідегі вагондармен 2019 жылы толықтырылды. Сол кезде ком­пания «Тұлпар» зауытынан бірден 91 заманауи жолаушылар вагонын сатып алды, тағы 46-сы 2020 жылы келді. Бұлар Тверь вагон жасау зауыты (Ресейдің «Трансмашхолдинг» машина жасау компаниясының құрамына кіреді) технологиясының көме­гі­мен құрастырылған және қазірдің өзінде ел ішінде жолаушыларды тасып жүр.

«Бүгін­гі таңда басты назар ұсы­­нылатын қызметтердің сапа­­сын арттыруға аударылған. Жаңа машиналар белгілі бір стандарттарға сәйкес келуі керек. Біз жылыту жүйелері, ауаны тазалау, ауа­ны дезинфекциялау, орындар саны, жайлылық туралы айтып отырмыз. Оның үстіне олар біздің климаттық жағдайларға төтеп беруі керек. Әйтпесе тез тозады. Бұл тұрғыда «Трансмашхолдингтің» вагондары осы талаптарға сай келеді», дейді ҚСЗИ сарапшысы Б.Садықов.

Жаңа вагондар жолаушыға жайлы

Ресейлік вагон өндірушісі жо­лау­­шылардың жайлылығын ойластырды. Климатты бақылау, ауа мен суды зарарсыздандыру жү­йе­лері, USB коннекторлары, Wi-Fi, биодәретханалар және т.б. қа­рас­ты­рылған.

Жайлылықтың бұл ерек­ше­лік­те­рі 54 жатын орынға есеп­телген купе вагондарда да бар. Бұл вагондар кондиционерлермен, жеке қуат көздерімен, өрт сөндіру жүйе­­сімен және бейнебақылау жүйе­сімен жабдықталған. Инно­ва­ция­лардың бірі электронды тақта болды, онда пойыздардың жүру бағыты, вагон ішінің және даланың ауа температурасы, жуынатын бөлменің бос екендігі көрсетіледі.

2029 жылға қарай ҚТЖ барлық жыл­жымалы құрамы осы үлгідегі вагон­дармен жаңартылады деп кү­тілуде. Биыл жыл соңына дейін Тверь вагон жасау зауыты Қазақ­­­стан­­ға «Тұлпар» зауытында жина­ла­тын 100 вагон кешенін жет­кі­зе­ді.

 

Соңғы жаңалықтар

Саңлақтар сыр бермеді

Спорт • 27 Қараша, 2020

Тұрғын үй алаяғы қолға түсті

Қоғам • 27 Қараша, 2020

Алматы облысында жер сілкінді

Оқиға • 27 Қараша, 2020

Ұқсас жаңалықтар