Руханият • 28 Қазан, 2020

Алматының Орталық мешіті оттегі концентраторларын тапсырды

18 рет көрсетілді

Бүгін Алматының Орталық мешіті қала әкімдігінің қолдауымен жақында ашылған модульді стационар – қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының филиалына 14 оттегі концентраторын тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz

Рекордты 2 ай ішінде салынған бұл медициналық мекеме коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарға арналған. Шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай және Алматы қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин қатысты.

Қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай қайырымды азаматтардың атынан оттегі концентраторларын тапсыра отырып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен "Өмірге үміт сыйла" қайырымдылық акциясы жарияланғанын атап өтті.

"Біз Алматы қаласының тұрғындарынан төрт миллион теңгеден астам қаражат жинадық және жақында ашылған балалар жұқпалы аурулар ауруханасының филиалына 14 оттегі концентраторын алдырдық. Бұл біздің бір екендігімізді, елдің ауызбіршілігінің, ынтымағының бір екендігін білдіретін бастамалардың бірі деп есептейміз", деді Еркінбек Шоқай.

Өз кезегінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров алдыңғы шепте жүрген барлық дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді, сондай-ақ ҚМДБ Алматы филиалының мегаполистің коронавирус пандемиясымен жалпы күресіне қосқан үлесін атап өтті.

Бүгінгі таңда Алматыда медициналық ұйымдардың коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындығы қамтамасыз етілді. 32 ковидті стационар әзірленді, олардың қуаттылығы – 7226 төсек-орынға арналған, соның ішінде 250-і реанимациялық. Соңғы айда төрт жаңа емхананың құрылысы аяқталды, оның ішінде 300 орынға есептелген жаңа модульді стационар – қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы бар. Қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында 48 ӨЖЖ аппараты, 98 оттегі концентраторы бар. Қаланың медициналық мекемелерінде барлығы 1050 оттегі концентраторы бар. Қосымша концентраторлар пациенттерді оттегі нүктелерімен қамтуды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар

Саңлақтар сыр бермеді

Спорт • 27 Қараша, 2020

Тұрғын үй алаяғы қолға түсті

Қоғам • 27 Қараша, 2020

Алматы облысында жер сілкінді

Оқиға • 27 Қараша, 2020

Ұқсас жаңалықтар